Көне қытай жазбаларындағы түркі тектес ақындардың әдеби мұралары
(біздің дәуірімізге дейінгі Х ғасыр мен ХҮІІІ ғасыр аралығы)
Көне қытай жазбаларындағы түркі тектес ақындардың әдеби мұралары
(біздің дәуірімізге дейінгі Х ғасыр мен ХҮІІІ ғасыр аралығы)
КӨНЕДЕГІ КӨРКЕМ ОЙДЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
I
Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін тарихи тұрғыдан баянды етуде жазба мұралардың маңызы ерекше. Ол мұраларда елдік идеямыздың қалыптасуының тарихи даму жолы көрініс береді. Көне түркіден бастап бүгінгі күнге дейінгі өзінің рухани әлемінде 16 жазу үлгісінде жазба мұра қалдырған қазақ ұлтының тарихи, әдеби-мәдени жәдігерлері осы уақытқа дейін ғылыми тұрғыдан жинастырылып, жүйеленіп, сипаттама берілген жоқ, қазақ тіліне де тұтастай аударылмай келді.
Көркем ойдың түйсігі тек қуалайды деген мойындалып, мойындалмай жүрген тәмсіл бар. Мұның өзі – таусылмайтын, дәлелдеуі оңай әрі мүмкін емес пікірталастардың еншісі. Оны өзге орайға қалдыра отырып, тікелей діттеген тақырыпқа ауысамыз. Бір шындық бар, ол – кез келген мәдени үдерістің жеті атаға дейін үзілмейтіндігі. Қазақтың: «Елу жылда – ел жаңа», яғни, ұрпақ ауысады, «Жүз жылда – қазан», яғни, дәстүр ауысады, «Ақыл ауыс» деген мәтелдері бар. Алайда тектік түйсік аңсары жеті атаға дейін тек қуалайтынынын нейролингвистика ілімі дәлелдеп шықанына да бес-алты жылдың жүзі болды. Яғни, жаңа туған баланың ми жүйкесіндегі талшықтар тура жетінші атасының «көшірмесі» ретінде қалыптасып, сол жетінші атасы қай тілде сөйлесе, сәбидің де тілдік жүйкелері сол тілде шүйкеленіп туады екен. Ол өте қиыншылықпен жаңа тілге бейімделіп алған соң, оның жетінші тұқымының ана тіліне айналатын көрінеді. Мұны неге суыртпақтап отырмыз?
Мәселе мынада, көшпелілер үнемі қозғалыста болды, олар Арғы Алтайдан бастап Альпіге дейінгі ұлан-ғайыр кеңістікте тоқтаусыз көшіп жүрді. Отырықшы жұртқа жылқыларды жүгендеуден бастап үзеңгі, шалбарға дейінгі мәдени жетістіктерін енші етті. Өздері де олардың мәдениетінің дала жағдайына үйлесімділерін сіңірді, сіңіп те кетті. «Қазан жаңарды, ақыл ауысты» дегеніміз осы. Жыл қайыруымызға дейінгі дәуірдің өзінде, батыста – Анақарыс (б.д.д. 620 жыл) пен Лаушаң Қызайдан (б.д.д. 174 жыл) бастаған «ақыл алмасу» үрдісі, батыста – Еділ патшаға, құба қыпшық ханы Қоншаққа ұласқан, шығыста – көк түріктер қағанаты тұсындағы Тоныкөк абызға, Шыңғыс хан кезеңіндегі жалайыр Мұқылайға ұласып, ақыры сол елге сіңіп тынды. Шыңғыс ханның әскерінің денін түркі текті тайпалар жасақтағаны белгілі. Ал ол ұлыстардың құрамы негізінен керей, найман, қаңлы, қарлұқ, арғын, қыпшақ, оңғыт (уақ) тайпалары екені тарихи шындық. Сонау Алтайдан қотарылған көш те, әскерге алынған жасауыл да: «Балқан, Балқан, Балқан тау, О да біздің барған тау» деп, шығыстағысы – ішкі Қытайда, батыстағысы – Балқанда қалып қойды. Олар үш ұрпаққа, яғни немереге дейін өздерінің әдет-ғұрпын, тілін, дінін сақтады. Одан кейін сол елдің тілін, ілімін, дәстүрін меңгеріп, будандасып кетті. Толығырақ »