СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Рюноскэ АКУТАГАВА

МҰРЫН
әңгіме
Акутагава РЮНОСКЭ (1892-1927) – Жапонияның классик жазушысы. Нағашысының қолында ержетіп, тегін иеленген. Оның шығармашылығы 1915 жылдан басталады. Осы жылдары жазған оның «Расемон қақпасы» және «Мұрын» атты әңгімелері оқырман қауымды дүр сілкіндірді. Шығармаларындағы көнеге деген аңсарды түсіндірген қаламгер: «Ескіліктегі және қазіргі заманғы адамның рухында ортақ нәрселер көп. Маңыздылық та осында», – деген. Жапон сыншыларының пікірінше, шағын әңгіме жанрының хас шебері болған Рюноске вернолдан (ұйқы шақыратын дәрі) уланып көз жұмған.
Икэноо монахы Дзэнтидің мұрны туралы осы елде естімеген кім бар дейсің?! Бұл мұрынның ұзындығы бес-алты сун, еріндерінің үстін баса салбырап, астыңғы иегіне дейін жетеді және бір қызығы жалпақтығы түбірінде қандай болса, ұш жағы да дәл сондай. Қысқасы, бетінің қақ ортасында шұжыққа ұқсаған ұп-ұзын бірдеңе салбырайды да жүреді.
Монахтың жасы елудің үстінде, баяғы Жаратқанға құл болуға бас ұрған күннен бастап найдодзегубу атанып, жоғарғы санатқа жеткен бүгініне дейінгі аралықта мұрнын ойлап, қабырғасы қайыспаған жері жоқ. Соған қарамастан «ол маған кедергі емес» дегендей өтірік көлгірсіп, сырт көзге өзінше сыр бермеуге тырысқанын да қоймайды. Әрине, будда Амиданың қасында отырып Жаратқанға құлшылық етуші ретінде мұндай адами күпірліктен бойын аулақ ұстап, тек бақилық өмір жайлы ғана ойлау керегін білмейді емес, біледі. Сондықтан ол, негізінде, мұрным үшін қатты қайғыратынымды қатардағы біреу-міреу сезіп қоймаса екен деп қана қиналады. Сосын да әңгіме-дүкен кезінде мұрын туралы сөз шығып кетуінен зәре-құты қалмай қорқушы еді.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 15-02-2013
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Ясунари КАВАБАТА
АЛАҚАНДАҒЫ ӘҢГІМЕЛЕР
Ясунари КАВАБАТА (1899-1972) – жапон халқының көнеден келе жатқан ұлттық дәстүрін өз заманының әдеби әдісімен ұштастырып, жаңа биікке көтерген әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты(1968). Оқырман қауымның көзайымына айналған «Мың қанатты тырналар», «Қарлы мекен», «Ескі астана» атты романдарымен қатар, Кавабата өзінің қолтаңбасы айқын ең негізгі шығармасы «Мейдзин» романы деп есептеген. Шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған
ӨЛІКТІҢ БЕТІ ЖӘНЕ АЛАҚАН
– Бишараның жүзін көргенше шыдамың таусылып, асығып тұрсың ба, түсінемін, – деген енесі оны өлген әйелінің мүрдесі жатқан бөлмеге қарай бастаған. – Ажалдың оған не істеп қойғанын, міне көріңіз. – Мүрденің бетін жапқан ақ жамылғыға қол соза берген еді, кенет күйеу бала тоқтатты:
– Бір минут. Сырт біреусіз өзім оңаша көрсем деп едім. Мені жалғыз қалдырсаңыздар?
Оның сөзі бөлме ішінде толып тұрған ағайынға біртүрлілеу әсер еткені байқалды. Бәрі үн-түнсіз шығып кетті де, арттарынан есік жабылды.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 15-02-2013
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Марк ТВЕН
АДАМ АТАНЫҢ КҮНДЕЛІГІ
Марк ТВЕН (1835-1910) – реализм, романтизм, юмор, сатира, философиялық фантастика жанрларында қалам тербеген танымал америкалық жазушы, журналист, қоғам қайраткері. Шын аты Сэмюэл Ленгхорн Клеменс.
Уильям Фолкнер өз естелігінде: «Америка бойынша ең алғаш жазушылық даңғыл жолды бізге Марк Твен салып берді. Біз тек оның ізбасарымыз» десе, Эрнест Хемингуейдің: «Нағыз америкалық әдебиет Твеннің «Гекльберри Финнің басынан кешкендері» атты шығармасынан бастау алады» деген лебіздері жазушының шыққан биігінің заңғарлығын паш етсе керек.
Дүйсенбі
Осы бір ұзын шашты пәлекет басыма әбден пәле болып жабысты. Ол үнемі көз алдымда көлбеңдеп, қыр соңымнан қалмай, тіптен ығырымды шығарып бітті. Бұнысы, әрине, маған мүлдем ұнамайды. Мен шындығында қоғамға еш үйренбеген пендемін. Ол мені ырың-жырың қылғанша өз бетімен өзге жануарларға кетпей ме… Бүгін күн бұлыңғыр, жел батыстан соғып тұр, біздіңше, күн түбі тесіліп құйып беретін сияқты… Біз? Менің осы сөз шақша басыма қайдан келіп отыр?.. Е, есіме түсті – жаңа тіршілік иесі осы сөздерді жиі қолданады.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 15-02-2013
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Мишель де МОНТЕНЬ
АҚТЫҚ СӘТ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
Мишель де МОНТЕНЬ (1533-1592) – француз философы, жазушы, қайта өркендеу дәуірінің көрнекті ойшылы. Негізгі еңбегі – «Тәжірибелер» (1580). Сократтың ізімен адамгершілік ұстаным заңдылықтарын ақиқатпен, өмірдің даму жүйесімен ұштастыруға ұмтылды. Ежелгі дәуір философиясының іс-тәжірибелік жағына басым назар аударды. Монтень философиясында негізгі принцип – скептицизм. Оның пікірі бойынша, адам күмәндануға құқылы. Оның скептицизмі теологиялық және метафизикалық көзқарастарды, ортағасырлық схоластика мен католик дінінің қасаң қағидаларын сынауға бағытталған. Монтень өзінің скептицизмін адамгершілік ұстанымдарға негіздеді. Ол «адамдар өзгеріп-жаңарып отырады, сонымен бірге оның сана-сезімі де, ой-пікірі де жаңарады. Себебі ол адамның жеке басына тән қасиет» дейді. Монтень жанның өлмейтіндігі туралы діни ілімді жоққа шығарып, сананы материяның ерекше қасиеті деп білді. Монтеньнің ой-пікірлері француздық қайта өркендеу философиясына, жаңа заманның тәжірибелі әдіснамасының қалыптасуына әсер етті.
«Ақыл-ойыңды жетілдірумен айналысу, былайша айтқанда, өзіңді ажалға дайындау» деген екен Цицерон. Өте дұрыс айтқан, өйткені зерттеу мен ойлану біздің жанымызды біздің жалған «меніміздің» шекарасынан алып шығады, ал мұның өзі қандай да бір алдын ала сезінушілік пен өлімге ұқсас құбылыс, қысқасы біздің мына фәнидегі бүкіл даналығымыз бен ақыл парасатымыз түптің түбінде біздің ажалға деген қорқынышымызды жеңуге бағытталған. Расында да, біздің ақыл-ойымыз не біздің үстімізден күледі де, олай болмаған жағдайда тек жалғыз ғана мақсатқа, дәлірек айтсақ, біздің тілектерімізді қанағаттандыруға бағытталады. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 15-02-2013
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Орхан ПАМУК
ТЕРЕЗЕДЕН КӨЗ САЛУ
әңгіме
Орхан ПАМУК 1952 жылы Ыстамбұлда арғы тегі черкестерден шыққан, бай отбасында дүниеге келген түрік жазушысы. Әкесі білікті инженер болған. Памук американ колледжінде дәріс алған, кейін ата-анасының бағыттауымен Ыстамбұлдағы техникалық университетте оқыған (әке-шешесі оның инженер-құрылысшы болғанын қалаған), бірақ ол үш жылдан кейін кәсіби жазушы болу үшін бұл оқу орынын тастап кетті.
Орхан Памук 1977 жылы Ыстамбұл университетінің журналистика институтын тәмамдайды. 1985-1988 жылдар аралығында ол АҚШ-та тұрып, Колумбия университетінде (Нью-Йорк) еңбек еткен, бірақ кейін Түркияға оралған. 1982-2001 жылдар өрісінде отбасылы болған, қызы бар. 2007 жылға дейін Ыстамбұлда тұрған, одан кейін тағы да Нью-Йоркке эмиграцияға кетеді.
Памук бірнеше ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері, оның ішінде 2006 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған.
Бұл күнде Гоа аралында үнділік әйел жазушы Киран Десаимен тұрып жатыр. Қаламы қолынан түскен жоқ.
Жазушы шығармашылығының негізгі тақырыптары – Шығыс пен Батыс, ислам мен христиандық, дәстүрлілік пен осы заман арасындағы қақтығыс пен қарама-қарсы тұрушылық болып табылады.
Жазушының даулы мәселелер бойынша өзіндік бағыт-бағдары оны отандастары арасында қарама-қайшы тұлғаға айналдырған. Біреулер оның азаматтық қаһармандығына ырзашылық білдірсе, енді басқалары оны отанының сатқыны деп есептейді.
І
Тіршілік әдетте егер ештеңесіне қарарлығы жоқ болса және тыңдарлық әңгімесі болмаса, зеріктіреді. Менің балалық шағымда адамдар зерігушіліктен құтылу үшін не радио тыңдайтын, әйтпесе терезеден көшеге, жүргіншілерге, қарсы жақтағы үйлер пәтерлерінің терезелеріне қарап отыратын. Ол кездері, 1958 жылы Түркияға теледидар әлі келе қоймаған-ды. Рас, онда «теледидар жоқ» демей, үмітпен «әлі келген жоқ» дейтін және Ыстамбұлда тек төрт-бес жылдан кейін ғана көрсетіле бастаған атышулы голливудтық фильмдер жайлы да солай десетін.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 15-02-2013
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Дмитрий УРНОВ
О. ГЕНРИ
Дмитрий Михайлович УРНОВ 1936 жылы Мәскеуде дүниеге келген орыс әдебиеттанушысы. Шекспиртанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, ағылшын және Америка әдебиетінің сан-салалы жанрын зерттеуші. Әдеби, ғылыми ізденісін 1958 жылы бастаған. Урновтың елеулі еңбегінің санатына 1960 жылы «Пушкин және Шекспир» атты тырнақалды ғылыми туындысымен бастаған шекспиртану саласындағы елеулі еңбектерін қосуға болады.
«Нью-Йорктің әдеби өмірі» деп аталатын кітап бар.
Егер оны оқып шықсаңыз, Нью-Йоркте, шынын айтқанда, ешқандай әдеби өмірдің болмағанына көзіңіз жетеді. Жазушылар көбіне бұл қалаға өздерінің әлдеқайдағы провинцияда жатып жазған дайын шығармаларын әкелетін болған. Ішінара, әрине, бұл санатқа қосылмайтындар да кездесіп қалатын-ды.
Солардың бірі – О. Генри (1862-1910) еді. Рас, ол оңтүстікте туған болатын және Нью-Йоркке барып, тұрақтап қоныс тепкенінше өз еркімен де, еріксіз де талай жердің дәмін татуына тура келген-ді. Мәселен, Оңтүстік Америка мен Гондурасқа оны қыдырып барды деуден гөрі «қашып барды» дегеніміз дұрысырақ сияқты. Ал Орталық Батыстағы Огайо штатына ол күзетпен әкелінген-ді. Жасы қырыққа толғанда ғана О. Генри тұңғыш рет Нью-Йоркті көрді. Алайда содан кейін басқа ешқайда аттап шыққан жоқ. Ол мұнда небәрі сегіз-ақ жыл өмір сүрді, бірақ осы аз ғана мерзім ішінде бұл қаланы әдебиетке мықтап енгізіп үлгерді, олай ету оған дейін бірде-бір америкалық жазушысының қолынан келмеген еді.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 15-02-2013
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Эл ДЖЕННИНГС
О. ГЕНРИ ШЫҢЫРАУДА
Алонсо Эл ДЖЕННИНГС (1863-1961) – Американың Вирджиния штатында дүниеге келген жазушы, саясаткер. Өмір жолын адвокат болып бастаған. Штаттағы адвокаттар бәсекесі қызған тұста Эл Дженнингс атыс кезінде бауырларынан айырылып, өзі қатты жараланады. Осы кезден бастап оның аты бүкіл Америкада атақты поезд тонаушы ретінде жайыла бастады. Ұзаққа бармай Эл Дженнингс құрықталып, сот шешімі бойынша мәңгілікке түрмеге тоғытылады. Алайда інісі Иоанның көмегімен оның жазасы бес жылға дейін қысқартылып, бостандыққа шығады.
Эл Дженнингс Синг-Синг қаласындағы түрмеден 1902 жылы босады. 1911 жылы Охлахома Сити округына көшіп, белді саясаткерлердің біріне айналды. 1912 жылы Охлахома округының прокуроры қызметін атқарды. Ол бірнеше сайлауға қатысқан және өзінің өткен өмірін жасқанбай ашық айтып, адалдығы үшін көпшіліктің қолдауына ие болып отырған.
Эл Дженнингс Синг-Синг қаласында түрмеде отырғанда Американың атақты жазушысы О. Генримен танысқан. Тағдырлары тауқыметке толы, тар қапаста тарыққан осы екі тұлға кейін араларынан қыл өтпейтін адал достарға айналды. Жазушының О. Генри өмірден өткеннен кейінгі «О. Генри шыңырауда» атты естелігін назарларыңызға ұсынамыз.
Америка консулдығы орналасқан1 аласа ағаш үйдің үсті қалқаланған кіре берісінде зор денелі, көз ұялтатындай аппақ костюм киген, тәкаппар пішінді еркек отырды. Сарғыш шашы дудыраған қазандай үлкен басы иығына жарасымдылықпен қона қалыпты; қуаныш-күлкінің ізі де білінбейтін қой көздері адамға тіке қарайды екен. Консул үйінің алдында осы төңіректегінің бәрінің бірден-бір қожайыны өзі сияқтанып маңғаз кейіпте отырған оны лауазымы зор төре деп шамалауға болатындай еді. Міне, дәл осы адам Америка консулы болуға әбден лайықты деп ойладым.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 15-02-2013
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Стивен КИНГ
ТІРІ ҚАЛУ
Стивен КИНГ 1947 жылы дүниеге келген американдық көрнекті жазушы. Әдебиеттің триллер, фантастика, мистика, драма жанрларында кең танылған.
Ерте ме, кеш пе кез-келген студент-дәрігердің басында: «Жарақатты соққыдан болатын зардаптың ауыртпалығына пациент қанша уақыт шыдай алуы мүмкін?» деген сұрақ тумай қоймайды. Оған әр оқытушы әрқалай жауап берсе де, айналып келгенде бәрінің де: «Пациент өмір үшін қаншалықты күресе алады?» деген басқа бір сұраққа кеп тірелері сөзсіз.
26 қаңтар
Толқын айдап жағалауға шығып қалғаныма екі күн болды. Бүгін таңертең аралды қарап шықтым. Арал дегенім артықтау ма, білмеймін, әйтеуір ені жүз тоқсан қадам, ең жалпақ жерінен өлшегенде де ұзындығы бір басынан екінші басына дейін бар болғаны екі жүз алпыс жеті қадам екен. Сосын тағы бір байқағаным – мұнда тамақ боларлықтай ешқандай талғажау жоқ.
Менің атым Ричард Пайн. Мынау менің күнделігім. Егер мені тауып алғандай болса (қашан?), мен оны оп-оңай құртып жібере саламын. Сіріңкеден тапшылық жоқ. Сіріңке мен героин, шүкір, баршылық. Осының анауы мен мынауы үшін де бұл жерге тап болудың, әсілі, керегі жоқ еді, ха-ха… Сонымен, жазуға кіріспекпін. Қалай да уақыт өткізуге ермек қой.
Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 07-12-2012
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Джером Дэвид СЭЛИНДЖЕР
ЭСКИМОСТАРМЕН СОҒЫСТЫҢ
ДӘЛ ҚАРСАҢЫ
БОЛАТЫН
әңгіме
Джером Дэвид СЭЛИНДЖЕР (1919-2010) – американдық жазушы. Балалық шағы Манхэттенда өткен. Мектепте оқып жүрген кезінде әңгімелер жаза бастаған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатыспай тұрып, 1940 жылдың басында бірнеше әңгімелері жарияланып үлгерген. Сэлинджерге едәуір атақ алып келген «Банан – балық жақсы ауланады», «Қара бидай арасындағы құрдым» романдары оқырмандардың ерекше ықыласына бөленді. Бүгінгі күнде де Сэлинджердің көпшіліктің сұранысына ие болған аталмыш романдары жыл сайын 250 мың данамен оқырмандарына жол тартуда.
Джинни Мэннокс өзінің мисс Бейсхор мектебіндегі сыныптасы Селин Графпен сенбі күні Ист-Сайд кортында қатарынан бес рет теннис ойнады. Ол Селинді мектептегі можантопайлардың ішіндегі ең төмені деп есептейтінін жасырмайтын, жалпы, мисс Бейсхордың қарамағында ұсқынсыз шөпжелкелер жетіп артылады, дегенмен Джиннидің толып жатқан таныстары ішінде тек Селин ғана кортқа әлі басталмаған бір қорап теннис добын алып келер еді. Ол доптарды Селиннің әкесі жасай ма, сондай бірдемесі бар. (Бірде Джинни түскі ас үстінде Мэннокс отбасының «Граффтар» үйінде қалай қонақ болғанын әңгімелеген; қиялында үстіндегі киімдері инеден жаңа шыққандай боп қақшиған лакей де бар. Ол қонақтардың сол жағынан келіп, қызанақ шырыны орнына теннис добы салынған бір-бірден қаңылтыр қорап таратып беріп жүреді.) Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 07-12-2012
СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
Кришан ЧАНДАР
А Н Г И
әңгіме
Кришан ЧАНДАР (1914-1977) – үнді жазушысы. Шығармаларын көбінесе урда тілінде жазғанымен, ағылшын және хинди тілінде де қалам тербеген.
Чандар 1934 жылы Лахор қаласындағы Фарман колледжін тәмамдаған. Сол жылдары ең алғаш жарық көрген «Жеңіліс» романында жазушы романтикалық сарынға ерекше ден қойған. Чандардың кейінгі шығармаларынан ойының тереңдігі мен сыншылық реализмді анық көруге болады. Жазушы «Біз жабайылармыз» новелласы мен «Сатқын» повесінде 1947 жылы екіге бөлінген Үндістандағы тарихи оқиғаларды арқау еткен. Кришан Чандар қандай жанрға қалам тартса да, үнді қоғамының ішкі қайшылықтарын, қала халқының кедейшіліктен тартқан бейнетін шебер суреттеу арқылы қоғамдық проблемаларды көтере білген.
Жолаушы аспанға қарады. Оның теңіздегі ашық көк кеңістігінде аппақ-аппақ, тап бір дәу күртік қар іспеттес бұлттардан құралған аралдар шашылып тасталған еді.
– Қарақұстар ма? – Жолаушы терең күрсінді де, маңдайының терін сүртті. – Қарақұстар – жақын маңайда адамдар тұратындығының белгісі. Толығырақ »
Авторы: Duman | Айдары: Проза | Жарияланған күні: 07-12-2012