Әлем әдебиеті

Луций Анней СЕНЕКА. ӨЗІҢМЕН КӨБІРЕК СӨЙЛЕС

0

ӘЛЕМДІК АҚЫЛ-ОЙ ҚАЗЫНАСЫНАН

 

Луций Анней СЕНЕКА

 

ӨЗІҢМЕН КӨБІРЕК СӨЙЛЕС

 

          Луций Анней СЕНЕКА– әрі ақын, әрі көсемсөзші, әрі философ ретінде аты тарихта қалған белгілі тұлға.

          Сенеканың тағдыры өте  күрделі болған. Ол сенатор болып, онан соң қуғындалып жер аударылған, одан император мұрагерінің – зұлымдығы мен залымдығынан атағы шыққан Неронның тәрбиешісі, сол арқылы елдің нақты билеушісі болған, артынан ұмытылған шонжар, отставкадағы оппозиционер болып, ақыр соңында император жауыздығының құрбаны болып, өзіне-өзі қол жұмсаған, яғни өз дәуірінің барлық маңызды оқиғаларының куәгері ғана емес, қатысушысы да болған адам. Ол осылай бірде биікке самғап, бірде биіктен оңбай құлап өмір кешкен.

 

* * *

 

          Сенека «өмірінің соңында дүние жалған екен, барлығы бекер, тек қана философиямен айналыссам, ешкімді көрмесем, араласпасам, байланысымды үзсем, уақытымды олар үшін босқа кетірмесем» деп ойлаған. Корсикада айдауда жүргенде әуелі ұнжырғасы түсіп, өмірге нала болған, кейіннен оңалып, философиямен айналысқан, «Өмірдің қысқалығы туралы» деген трактат жазған.

            48 жылы Клавдийдің әйелі Мессалина өлтіріліп, оған Агриппина әйел боп келгенде оның ұлы Нерон он бір жаста ғана болған. Агриппина Сенеканы айдаудан алдырып, жоғары қызметке қойып, баласына ұстаз болуды ұсынған. Әйелдің әріден жоспарланған ойын Сенека түсінбеген, өйткені ол император сарайының айлаларын әлі білмейтін. Сарайдың ішкі оқиғаларына қаныға бастағанда, бес жылдан кейін Агриппина күйеуіне у беріп өлтіріп, он алты жасар Неронды император еткен. Сөйтіп әуелден тұтқынға түскендей болған Сенека жас императордың ең жақын кеңесшісіне айналған. Толығырақ »

Габриель Гарсиа МАРКЕС. ПОЛКОВНИККЕ ЖАЗАТЫН ЖАН ҚАЛМАДЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Габриель Гарсиа МАРКЕС

 

 ПОЛКОВНИККЕ ЖАЗАТЫН ЖАН ҚАЛМАДЫ 

 

 

 

 

ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, Нобель сыйлығының лауреаты колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Полковникке жазатын жан қалмады» повесі – сыншылар тарапынан да, оқырмандар тарапынан да өте жоғары баға алған шығарма. Бұл хиқаятты атақты «Жүз жылдық жалғыздық» романынан да жоғары қоятындар бар. Маркестің өзі де: «Полковникке жазатын жан қалмады» повесін мен ешқандай шүбәсіз өзімнің ең үздік шығармам деп білемін. Ағымнан жарылып, қандай да бір әзіл-қалжыңсыз айтатын болсам, мен «Жүз жылдық жалғыздықты» былайғы жұртқа «Полковникке жазатын жан қалмадыны» оқыту үшін жазған едім. Өйткені бұл повестің әуелден жолы болыңқырамады»  деп толғанған екен.

 

Шынында да романдағы бір оқиға хикаяттың өзінен арна тартатынын аңдатып тұрған тәрізді. Сол оқиға мынау:

 

«Полковник Аурелиано Буэндиа селт еткен жоқ, актінің бірінші данасына қол қойып жіберді. Шатырдың аузына екі сандық артқан қашыр жетелеген көтерілісшілер әскерлерінің офицері келіп тұра қалған кезде ол соңғы көшірмеге қол қойып жатқан. Қылшылдаған жастығына қарамастан, жаңа келген офицердің көп сөзі жоқ, ұстамды адам екені көрініп тұр. Бұл Макондо округі көтерілісшілерінің қазынашысы болатын. Уақытында жетіп үлгеру үшін ол аштан өлуге жақын қашырды сүйрелеп, алты күн ауыр сапар шеккен. Ол айрықша сақтықпен қашырдың арқасынан сандықтарды түсіріп алды да ішін ашып, бір-бірлеп санап, тура жетпіс екі алтын кірпіш шығарып қойды. Бұл бар-жоғын барша жұрт ұмытып кеткен өз алдына жатқан тұтас бір қазына еді. Соңғы жылы орталық командование тарап, революция жеке қолбасшылардың өзара қанды бәсекесіне айналған, ешкім ешнәрсеге жауап бермейтін болып, бәрі бет-бетімен кеткен. Сөйтіп бөлек-бөлек кесектерге құйылып, қышпен жабылған көтерілісшілердің алтыны еш бақылаусыз қала берген-ді. Полковник Аурелиано Буэндиа жетпіс екі алтын кесегін де қояр да-қоймай тізе бүгу актісіне енгіздіріп, бұл мәселені талқыға салуға дегбір бермей, қолын қойып берді. Алдында қалшиып тұрған шаршап-шалдыққан жас жігіт өзінің қайнатылған шекер шырынындай алтын түсті мөлдір жанарларымен оның көзіне шаншыла қарады. Толығырақ »

Алехо КАРЕНТЬЕР. ӨЗ АТАУЫМЕН АТАСАҚ

0

УАҚЫТ. ЗАМАНА. АДАМ.

Алехо КАРЕНТЬЕР

 

 ӨЗ АТАУЫМЕН АТАСАҚ    

 

            Кубалық ұлы жазушы Алехо Карпентьердің есімі “Жер патшалығы”, “Жоғалған іздер”, “Әдістің құбылмалылығы”, “Қасиетті көктем”, “Барокко концерті” сияқты роман-повестерімен оқырмандарға жақсы танымал. 1921-1922 жылдары шығармашылық жолын журналистикадан бастаған ол, өмірінің соңына дейін бұл кәсібінен қол үзген жоқ, қарымды журналист әрі публицист ретінде көпшілікке мәлім болды. Жасы ұлғайған шағында өткен өміріне байыппен қарай отырып, (“Журналист – уақыт жылнамашысы” деген мақаласында) жазушылық пен журналистік қызметтің арасына қатал шек қоюшылықты ешуақытта түсінбегенін айтады.

«Күн сайынғы тіршіліктің бәрін зерттеп, болып жатқан оқиғаның ізінен қалмайтын, қауырт ақпаратпен жұмыс жасаушы журналист…»

Романист… керісінше, бәрін тұтастай қарастырғанда, мәнбіні толық меңгере алатын, философиялық түйін түйетін, пайымдауды жоққа шығармайтын,“ талдау стиліне” жүйрік қасиетке ие болуы керек”. “Журналист, публицист – өзгелерден бөлектеу тарихшы, ол өз уақытының жылнамашысы”, жазғандары кейін жазушының шығармашылығына негіз болып қаланатын болғандықтан, оған барлық жағынан болашақ жазушы ретінде қарауымызға болады”.

Карпентьер журналистиканың мән-мағынасын осылай терең түсінді, өйткені бұл оның көркем шығармашылығымен ғана емес, басқа салалардағы қайраткерлігімен де тығыз байланысты, ол – тек жазушы болып қана қалған жоқ, өнертанушы, музыка және әдебиет сыншысы, әдебиет пен музыка өнерінің теоретигі болды. Журналист және өнер зерттеуші ретіндегі оның жалпы еңбектерін, кітаптарын, ірі очерктері мен шағын мақала, рецензияларын есептемегенде, Латын Америкасы мен Еуропаның газет-журналдарында жарық көргенінің өзі бірнеше мыңға жетеді. Әңгіме көлемінде ғана емес, тіпті көркемдік ізденісін терең түсінуге шығармашылық мұрасының бұл бөлігі де жетіп артылар еді, өйткені Карпентьер – ойшыл, теоретик, публицист ретінде Латын Америкасының қазіргі заманғы әдеби-теориясына, мәдени-философиялық ой-санасына тигізген ықпалы ересен зор болды. Толығырақ »

2066 ЖЫЛҒЫ ТІРШІЛІК…

0

ХХІ ҒАСЫР ФАНТАСТИКАСЫ

 

2066 ЖЫЛҒЫ ТІРШІЛІК…

 

Фантастикалық Америка әфсанасы

 

 

“Модерн электрик” атты ғылыми-көпшiлiк журналды шығарушы жас жiгiт келешекте өмiрге енетiн ғылым мен техника хақында әңгiме қозғайтын жазбаларын 1911 жылы өзiнiң журналына нөмір сайын жариялай бастады. “Ральф 124С41+” деп аталатын 2660 жылдағы тiрлiк туралы романы оқушы жұртшылық арасына кең тарап кеттi. Ал, романның авторы Хьюго Гернсбек “Америка фантастикасының атасы” деп саналды.

Бiрақ та Америка континентiнде фантастика одан көш бұрын туған болатын. Олардың iшiнен “әп” деп ауызға Эдгар По түссе керек. По – ғылым мен техниканың келешегi жөнiнде ұтымды-ұтымды пiкiр айтқан жазушы. “Ганс Пфалль деген бiреудiң өте таңғажайып уақиғалары” есiмдi повестiң авторын Жюль Верн “адам құбылыстарының дана ақыны” атаған.

Хьюго Гернсбектен көп бұрын қазiрде ұмытылып бара жатқан америка жазушысы Эдвар Хейл де қалам тартқан. Оның 1869 жылы жарыққа шыққан “Кiрпiштен қаланған Ай” деген әфсанасында өте қуатты катапультаның көмегiмен орбитаға шығарылған Жердiң жасанды серiгi хикаяланады. Одан кейiнiрек, 1894 жылы Фламмарион әсерiмен Джон Джекоб Эстор “Басқа әлемдерге саяхат” деген дүниесiн жазып шықты. Мұндағы бiр қызық нәрсе – Герберт Уэллстың “Айдағы алғашқы адамдар” романындағы ғылыми-фантастикалық идеядан көп бұрын антигравитацияның күшiн әңгiмелеген. Эстордың планетааралық энергетикалық кемесiнiң қозғалысы планеталардан тебiлiп ұшуға негiзделген. Юпитер мен Сатурнда роман қаһармандарының бастарынан кешкен таңғажайып уақиғаларын айтумен қатар, автор 2000-шы жылғы Жердiң келбетiн бередi. Инженерлер Жердiң осiн зор гидротехникалық аспаптармен “түзеткенге” ұқсайды. Толығырақ »

Бранислав НУШИЧ. СІЗГЕ ӨТІРІК, МАҒАН ШЫН…

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Бранислав НУШИЧ

 

СІЗГЕ ӨТІРІК, МАҒАН ШЫН…

 

АЛҒЫСӨЗ

 

Әлемдік әдебиеттің көгінде жарқырап тұрар жұлдыздардың бірі – серб әдебиетінің классигі, әзіл-сықақшы Бранислав Нушич. Дүниеге 1864 жылғы қазан айының 8-і күні келіп, 1938 жылғы қаңтардың 19-ында көз жұмған қаламгердің қалдырған мұрасы: әзіл-сықақ әңгімесі, пьесасы, фельетоны, мақаласы өте мол.

Бізге әдебиет тарихынан мәлім бір жәйт – әзіл-сықақшылардың қай елде, қай ғасырда болсын билікқұмарлардан қуғын-сүргін көргені. Бранислав Нушич те «дүниенің тұтқасын ұстағандармен» алысып, көп тауқымет тартып өтті. Халықтың мұң-мұқтажын түсіне білген, күйттеген «көсем» аз да, халықтың үні, қаруы болған, тек сол үшін «көсем-көсеулерден» түрткі көрген, әдеби ортасынан күштеп шеттетілген, сотты болған, түрмеге жабылған, атып-асылған, елден қуылған сатирик көп.

Сербияның Ғылым мен өнер академиясында 1924 жыл туа кезекті сайлау өткізілді. Академиктікке ұсынылғандардың бірі, жай ғана бірі емес, елдің ең атақты жазушысы Бранислав Нушич сайланбай қалды. Қуақы қаламгер әке сол жайында баласына жазған хатында: «Кеңес мүшелері мені «академикке ұқсамайды» деп өткізбей тастады… оларға керегі – көзі тірісінде-ақ өлі болатын, өлген соң ұмытылатын «ғұлама» екенін білдім», – деді. Академияның одан аулақ болуды көздеген себебі: Сербияда ресми билік иелері әзіл-сықақшыларға үрке қарап, өкімет пен үкіметтің іс-шараларындағы кемшілік атаулыны уытты тілмен іреп-сойған фельетоннан, әжуәлаған әңгіме-өлеңдерден шошиды екен. Ал биліктің қас-қабағын үнемі бағып отыратын ресми мекемелер шөміштен қағылмауды қатты қадағалап, жоғарыдағылардың «тілін алмайтындардың» бейресми тізімін жасап қоятын көрінеді. Сондай «тізім» Академияда да бар болғаны ғой.

«Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, Академияның ақ сөйлей алмағаны Б. Нушичті жаңа шығарма жазуға «мәжбүр етті». Ол: «Серб тарихын қырық-елу жыл зерттеп, жеті бет брошюра беретін академиктердің» кәсібіне күлмеске лажы қалмағандықтан жазған туындысын «Өмірбаян» деп атады. Бұл туынды іле-шала көптеген шетел тілдеріне аударылып, оқыған жанның айызын қандырған атақты кітапқа айналып кетті. Осы ретте, мысалы, орыс жұрналшысы, аудармашы Д. Николаев былай депті: Толығырақ »

О.ГЕНРИ. КЕБІС

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

О.ГЕНРИ

 

 КЕБІС

 

            Американ жазушысы – О.ГЕНРИ (шын аты Уильям Сидней Портер) Каролина штатының Гринсборо қаласында (1862-1910) туып өскен. Қаламгер 280-нен астам қысқа, бірақ әйгілі әңгімелерімен әлемге танымал болған. Алғашқы әңгімелері Нью-Йорк журналдарында жариялана бастайды. «Төрт миллион», «Сәуле шашқан шырағдан», «Ізгі жанды алаяқ», «Батыстың жүрегі» әңгімелер жинағы мен «Маржан және керем» романында американ қоғамының шындығы қаз-қалпында шеберлікпен суреттеледі, сөйтіп автор халықтың әлеуметтік тұрмысының нағыз бақылаушысына айналады. Көптеген әңгімелерінде оқиғаның түйіні күтпеген жерден шешім тауып, әрі шым-шытырық шиеленіске толы болып келсе, бірқатары ащы ажуа, жеңіл әзіл-оспақпен әдемі көмкеріледі. Жазушы әңгімелеріндегі шынайы кейіпкерлер арқылы көрініс табатын түпкі ой — «қарапайым американдықтың да бақытты болуға құқы бар» дегенге саяды.

 

***

Джон Де Граффенрид Атвут лотос* гүлін жапырағына дейін қарбытуға әзір. Тропиканың ми қайнатар аптабы табанына сап шыжғырып жатқанда да, ол алған бетінен қайтпай сүйікті Розинасын ойлаумен ғана болды.

Кеш батысымен Билли Коф екеуі шағын елшілік үйінің самалдығына шығып алып, жергілікті халық бұлардан қашан теріс айналып, «жын соққыр америкалықтарды» сілейте сөге, иықтарын қопаң еткізгенше өңештерін жырта ән салумен болады.

Бір күні Джоннидың көмекшісі бір құшақ поштаны әкеп үстелге төге салды. Аспалы төсегінде жатқан Джонни құлықсыз, саусақтарының ұшымен хаттың төрт-бесеуін өзіне қарай алды. Коф үстелдің бір жақ бұрышына отырып алып, жазу қағаздарының арасында зытып жүрген қырықаяқты жұқа бәкісімен еріне шаншылап отыр. Әдепкідей, дүниенің қызық сайраны кермек, сор боп татығанда адам нені ойласа, Джонни да сары уайымның әлегінде отырған. Толығырақ »

АЛЕКСАНДР КУПРИН. ӘҢГІМЕЛЕР

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

АЛЕКСАНДР КУПРИН

 

ӘҢГІМЕЛЕР

 

XX ғасырдың аса дарынды жазушыларының бірі – Александр Иванович Куприн (1870-1938) «Олеся», «Жекпе-жек», «Шұңқыр», «Тажал» повестері, «Циркте», «Піл», «Листригондар», «Батпақта», «Орман түкпірінде», «Ғажайып доктор», «Ральф», «Құр аулау», «Өмір өзені» сияқты және тағы да басқа көптеген тамаша әңгімелердің авторы. Куприннің «Гауһар білезік» және “Жекпе-жек” сынды хикаяларының көтеретін қоғамдық-әлеуметтік проблемалары аса ауқымды.

Л. Н. Толстой Куприн шығармашылығы жайында:

– Өнердегі ең бастысы – өлшемді сезіне білу. Кескіндемеде тоғыз көркем сызымды бір ғана бұрыс сызым бүлдіріп тұрады. Куприннің артықшылығы да сонда, онда басы артық ештеңе жоқ, бәрі де өз орнында тұрады. Куприн – нағыз суреткер, орасан зор дарын…” – деген екен.

 

***

ҒАЖАП ДОКТОР

 

Бұл әңгімем де ойдан шығара салған нәрсе емес. Мұнда баяндалған уақиға шамасы осыдан отыз жыл бұрын шынымен Киевте өткен еді. Бір отбасының майда-шүйдесіне шейін қалдырмай тамсана аңыз етіп айтып отыратын оқиғасы. Мен өз тарапымнан бар болғаны осы қызықты уақиғаға қатысы бар адамдардың аттарын ғана өзгертіп қағазға түсірдім.

– Гриша, ау Гриша! Қарашы, торай күліп тұр… Иә, иә. Аузындағы шөпті қара! Қарашы, қарашы… шөпті айтам, құдай біледі, шөп!… Міне, қызық!

Екі кішкене бала терезесі аса үлкен гастрономның алдында тұрып, бірін-бірі бүйірден соққылай, қатты аяздан аяқтарын бір-біріне қаққылап, ішек-сілесі қатқанша күліп тұр. Бұлар адамның ақылын да, асқазанын да бірдей бірден баурап әкететін осы ғажайып көрменің алдында тұрғанына бес минөттен артық уақыт өткен тәрізд. Мұнда шамдардың самаладай жарығы таудай-таудай болып үйілген, жақсы сақталған қызыл алмалар мен апельсиндерге аямай төгіліп тұр; жұқа қағазбен оралған, алтынша жайнаған мандариндердің түзу пирамидалары көрінеді; табақтарда ауыздарын ашып, көздерін адырайтқан балық жатыр; төменде қалың қызғылт майлы сөлі кетпей ілініп қойылған сан еті; шұжықтар тізбегімен әдемі қоршала келгенде көздің жауын алады. Толығырақ »

ИСМАИЛ ҒАСПЫРАЛЫ. АРЫСТАН ҚЫЗ

0

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ

 

ИСМАИЛ ҒАСПЫРАЛЫ

(1851-1914)

 

Исмаил Ғаспыралы 1851 жылы 8 наурызда Қырымда Авжикөй деген жерде дүниеге келді. Әйгілі «Зинжирли» медресесінде білім алғаннан кейін он жасында Ақмешіттегі орыс мектебіне қабылданды. Онда екі жыл оқып, Воронеждегі әскери академияда, сосын 1865-1867 жылдары арасында Мәскеудегі Милютин гимназиясында білім алды. 1868 жылдан бастап өзі білім алған Зинжирли медресесінде орыс тілінен сабақ берді.

Исмаил Ғаспыралы 1872 жылы Вена және Штутгарт арқылы Парижге барды. Ол Парижде И.С. Тургеневпен танысып, оның көмекшісі болды. Екі жыл Еуропада тұрған Исмаил мырза Стамбул арқылы еліне қайтып, әкімшілік және баспагерлік жұмыстармен айналысты. Ол 1878-1882 жылдар аралығында Бахшасарай қаласының басшысы болды. Алайда армандаған азаттыққа тек ағарту арқылы қол жеткізудің мүмкін екенін аңғарған Ғаспыралы әкімшілік жұмысты тастап, біржола ағартушылық жолға түсті. Ол осы мақсатпен 1884 жылы Бахшасарайда алғашқы жәдит мектебін ашты. Жаңаша білім беретін жәдит мектебі қысқа мерзім ішінде халықтан қолдау тауып, саны бірте-бірте арта түсті. Алғаш Қырымда тұсауы кесілген жаңа үлгідегі мектептер Қазанда, Уфада, Орынборда, Бұхарада, Ташкентте, Семейде және тағы басқа қалалар мен елді мекендерде ашылып, білім бере бастады. Ғалия, Хұсайния, Расулия медреселерінде татар, башқұрт, өзбек, әзербайжан балаларымен бірге жүздеген қазақ балалары оқыды. Сондай-ақ, қыздар үшін де арнайы мектеп, медреселер ашылды. Кейінірек Польша, Мысыр, Үндістан және Қытай сияқты шет мемлекеттерде де ашылған жәдит мектептерінің саны 1905 жылы тек Ресейдің өзінде ғана бес мыңнан асып кетті. Толығырақ »

НИБЕЛУНГТЕР ТУРАЛЫ ХИКАЯ

0

МЫҢЖЫЛДЫҚТАР МАҚАМЫ

 

НИБЕЛУНГТЕР ТУРАЛЫ ХИКАЯ

 

Алғы сөз

 

“Нибелунгтер туралы хикаяның” жан-жақты зерттелгеніне қарамастан, оның әртүрлі ауызша және жазбаша нұсқаларының 13-ғасырдың басында қалайша бір туындыға жинақталғаны туралы сұрақ ашық түрінде қалып отыр. Жыр бір-біріне ұқсамайтын, үйлеспейтін өлеңдерден құралған. Мүмкін олар бізге дейін келіп жеткен “Нибелунгтер туралы хикаядан” бірнеше жүз жыл бұрын шыққан болар. Ұрпақтан-ұрпаққа қысқартылған түрінде ауызша жетіп отыруы да ықтимал. Сөйлем құрылымы мен айтылу мәнеріне қарап, зерттеушілер дастанның жазылған уақытын болжаммен 1200 жылға жатқызады. Оған дәлел ретінде кейбір ғалымдар жырда атаулары аталатын заттардың сол заманда пайда болып, қолданылғанын алға тартады.

“Нибелунгтер туралы хикая” 2 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі “Зигфридтің өлімі”, тағы бір нұсқада “Зигфрид пен Брюнхильданың іс-әрекеті” деп аталынады. Екінші бөлімінің атауы – “Бургундияның күйреуі”, дегенмен сонымен қоса “Кримхильданың кегі” нұсқасы да әдебиетте жиі ұшырасады. Бірінші бөлім бірінші авентюрадан* он тоғызыншы авентюраны толығымен (1–1142 шумақ), екінші бөлім жиырмасыншы авентюрадан отыз тоғызыншы авентюраның аяғына дейін (1143 – 2379 шумақ) қамтиды. Толығырақ »

Ло ГУАНЖҮҢ. ҮШПАТШАЛЫҚ ҚИССАСЫ

0

 

МЫҢЖЫЛДЫҚТАР  МАҚАМЫ

 

Ло ГУАНЖҮҢ

 

ҮШПАТШАЛЫҚ ҚИССАСЫ

 

Әзімхан Тышанұлының аудармасы арқылы беріліп отыр

Журналдық нұсқасын әзірлеген Иманғазы Нұрахмет

 

 

 

Кән Зының жалған бағыну хаты,

 

Паң Тұңның «шынжырқосақ» айласы

 

Әлқисса, Кән Зының жанама аты – Дырұн болатын. Хұйжидағы Шаниын деген жердің адамы еді. Кедей болса да, білімге жаны құмар, біреуге жалданып жүріп, елдің кітабын қарызға алып оқитын, бір көргенін ұмытпайтын. Асқан жүректі, желіп тұрған шешен еді, сондықтан Сүн Чуан оны ақылшылыққа алған. Хуаң Гаймен көңілдері өте жақын еді. Оның шешендігін де, жүректілігін де білетін Хуаң Гай осы жолғы жалған тізе бүгу хатын апаруға оған әдейі қолқа салды. Кән Зы әрі-сәрі болмай, қуана құп алды да:

 

– Еңіреп туған ер жігіт, елі үшін еселі еңбек етпей, шірік түбір, қураған шөптей өмір өткізсе, оның дүниеге келгенінен не пайда. Иесінің үмітін ақтау үшін қолбасымыз өз жанын азаптап отырғанда, пақырыңыз қораш басын қорғап, отыра берсе не болмақ,– деді. Қатты тебіренген Хуаң Гай, төсегінен домалап түсіп, бас ұрып, алғысын білдірді. Іс кешігуді күтпейді, барар болған соң, бүгін жүруім керек, – деді Кән Зы.

 

– Хат жазулы дайын, – деді Хуаң Гай.

 

Хатты денесіне жасырып алып, балықшы бейнесінде жасанған Кән Зы, сол күні түнде бір кішкене желқайықпен солтүстікті бетке алып жүріп кетті. Түн шытқыл болғанмен ашық еді, жұлдыздар жаудырап сайрап тұрған. Түннің үшінші дабылында Сау Саудың су бекінісіне жетіп те барды. Оны дарияны күзеткен қарауылдар ұстап алып, Сау Сауға алып келіп мәлімдеді. Толығырақ »