Әлем әдебиеті

КҮТУДЕН ШАРШАҒАНДАР. Реваз МИШВЕЛАДЗЕ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Реваз МИШВЕЛАДЗЕ,
грузин жазушысы, Шота Руставели
атындағы сыйлықтың лауреаты

КҮТУДЕН ШАРШАҒАНДАР

Әңгімелер

Адам махаббаттан жалықты, классиктер ойлап тапқан махаббат жиырмасыншы ғасырда күшінен айрылды дегенді сен айттың ба? Ромео мен Джулеттаның махаббатындай махаббатқа тек қалалық бозбала мен бойжеткенді лайық санайсың ба? Ядролық ғасырда жалғыз махаббатпен күн көруге болмайды дегенге қосыласың ба? Біздің махаббат дегеніміз, сеніңше, уақытша ермек пе? Тек көбейудің амалы, басқа ештеңе? Сенімен сағыласпаймын. Сендер данышпансыңдар, бұрысты дұрыс дегенге сендіре аласыңдар. Данышпан сөйлегенде мен секілділер жақ ашсын ба? Сенің сасық «теорияңа» болған оқиғаны жауап ретінде баяндаймын. Үш баламның атымен ант етемін, артық бір ауыз сөз қоспаймын, ойдан шығармаймын (ойдан бұдан да қызық оқиғаны құрастыра алам). Айтамын, қорытындысын өзің шығар. Кеудеңде соғып тұрған адамның жүрегі болса, өзің-ақ бәрін түсінесің, тү­сіне алмасаң – бұл оқиға саған жай қызық әңгіме. Мен үшін, мойындаймын, осы махаббат жүнімді жықты, өмірімді екі есе қысқартты.
Менімен мектепте бір қыз қатар оқыды, есімі Шорена еді. Тегін жария етпей­мін, меніңше, ол қыздың есімін ауызға алу мен үшін – күнә, солай санаймын. Сенің «теорияң» арқамды қоздырды, әйтпесе бұл әңгімені осы уақытқа дейін ешкімге жария қылмадым. Адамның жүрегінің түкпірінде құпия сақталғаны жақ­сы, оны ешкім білмегені дұрыс, сонда пәктігін сақтайды. Қыз арық, көзілдірік киген, шыны керек сол себепті көзінің түсі қандай болғанын көре алмай арманда қал­дым. Көңіл бөлмейтін сыныпта қаншама қыз бар. Біз жетінші сыныптан бірге оқыдық, есіңде ме ұлдар мен қыздардың мектебін қосқан кез? Шорена сонда екінші қыздар тобынан ауысты бізге. Әкесіз өскен, шешесі иірілген жіп өндіретін комбинатта инженер болып жұмыс істеген. Шоренаның ағасы өзінен екі жас үлкен (ол қазір дәрігер), қарындасының соңынан бір елі ажырамай жүретін. Бізде алты пән онда бес пән болғанда, ол мектептің текпешегінде қарындасын тосатын. Есімде, сыныптағылар мазаққа айналдыратын: «күзететін қордың қызы табылды, ұрлап кетпесе нетті». Әлбетте, ақымақ болдық, сөйтсе де қарындасы мен ағасы қол ұстасып жүргенді көргенің бар ма? Толығырақ »

ПИНОККИО ҚЫЗЫҚТАРЫ. Карло КОЛЛОДИ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Карло КОЛЛОДИ

ПИНОККИО

ҚЫЗЫҚТАРЫ

Карло КОЛЛОДИ (1826-1880) Флоренцияда дүниеге келген италияндық жазушы. Жазушылықпен қатар саясатпен де айналысқан. 1880 жылы жарық көрген «Пиноккио қызықтары» ертегісі Коллодидің атын әлемге әйгілі етті. Аталмыш шығарма әлемнің 260 тіліне аударылған.

Пиноккионың басынан кешкендері

Әдетте  барлық ертегілер басталарында баяғы бір замандағы  кейіпкерінің пайда болғанынан басталады. Сол сияқты біздің ертегіміз де бір нәрсенің   болғанынан басталмақ.
«Мүмкін, ол хан болған шығар» деп менің кішкентай оқырмандарымның ойлайтыны анық. Жоқ, балалар, ол – патша емес!
Баяғы бір заманда бір ағаштың бөлшегі болыпты. Оны тапқан қарт адамның ағашты қайдан алғаны белгісіз. Алайда біздің әңгімеміз оның шеберханасынан басталмақ. Қарияның аты Антонио еді. Оны барлығы «Антонио  шебер» деп атай­тын. Сонымен, қарт өзінің орындығына жаңа аяқ   жасағысы келді. Қолына бал­ғасын алған күйі ағаш бөлшегін шапқылап, қызу іске кіріседі. Кенет:
– Мені қатты ұрма, – деген оқыс дыбыстан селк ете түсті. Шошынған шебер айналасына көз тастады. Алайда өзінен басқа ешкім жоқ. Орындықтың, кереуеттің астын, тіпті бөлмесінің есігін ашып көрді – ешкім көзіне ілінетін емес. Құралын қолына қайта алып, жұмысын жалғастыра  береді.
– Мені ұруыңды тоқтатсаңшы, – дейді әлгі дауыс тағы да. Арада не болғанын түсіне алмаған Антонио шебердің аузы ашылып қалыпты. Ал керек болса?..

  Толығырақ »

КОКАИН. Алистер КРОУЛИ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Алистер КРОУЛИ

КОКАИН

Алистер КРОУЛИ  (1875 – 1947) – ағылшынның көрнекті жазушысы. Толық есімі – Эдвард Александр Кроули. ХІХ-ХХ ғасырдағы атақты оккулист-каббалистердің бірі, телема ілімінің негізін салушы.

 

«Қайда, қайда, бір жерде жерұйық бар»
Әнұран.

І. НЬЮ-ЙОРК СИТИ. Махаббат Құдайы тағының алдында топырлап тұратын сүйкімді сылқымдардың ең ұялшағы және нәзігі Бақыт деп аталатын бикеш. Және ол  іштеріндегі қол жеткізбейтін биігі, соған қарамастан ажалды пенделер тек соның ғана артынан түсіп жалбаңдап бір қалмайды. Әлбетте, оны қолға қондыратындар өте сирек, ондай бақ қорлық пен азап шеккендер мен әулие-әмбиелердің арасынан тек бірен-саранына ғана бұйыруы мүмкін. Өз іштерінен шыға келген мұндай бірен-саранға қара тобыр басында түсінбей қалса да, әлгілер «Сана» деп аталатын көбік шашқан бұлыңғыр теңізде қорықпай еркін жүзіп, тыңдағанның аузын аштырар қиял-ғажайыптарын паш етіп, өздерінің «менін» малға ен салғандай ыстық темірмен күйдіріп жазған соң барып  мойындап, бастарын иеді.
Толығырақ »

ЖАНАРЫҢА ЖАЛЫН ІЗДЕП ҮҢІЛЕМ. ОРЫС ПОЭЗИЯСЫНАН

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Михаил ЛЕРМОНТОВ

ЖАНАРЫҢА ЖАЛЫН  ІЗДЕП ҮҢІЛЕМ

Қош бол, Ресей, кірлеген,
Байдың елі құл менен.
Қош бол,
көкшіл шендер де,
Шенқұмар жұрт,
сендер де!

Кавказ асып, жырақ мен,
Қашам қаңқу сөздерден,
Бәрін естір құлақ пен
Бәрін көрер көздерден.

Толығырақ »

ТОСҚАУЫЛ. Павел ВЕЖИНОВ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Павел ВЕЖИНОВ

ТОСҚАУЫЛ

хикаят

Павел ВЕЖИНОВ 1914 жылы 9 қарашада Софияда дүниеге келген болгар жазушысы. 1938-1944 жылдар аралығында София университетінің филология және философия факультетін тәмамдаған. 1944 жылдан бастап «Фронтовик» газетінің редакторы қызметін атқарды. 1947-1954 жылдары «Стъершел» газетінің, «Септември» журналының бас редакторы болып, 1954 жылы кинематография саласына ауысты.
Болгар жазушысы Павел Вежиновтың «Тосқауыл» атты хикаяты әлемдегі көп­теген халықтардың тіліне аударылған тамаша туынды. Ақиқат пен арман, шындық пен қиял қаз-қатар өрілген бұл фантасмагориялық шығарманың тосын оқиғасы ғана емес, кейіпкерлерінің ой-санасы, дүниетанымы, фәни жалғанға деген көзқарасы да қызықты. Оқырман қауымға таныс әрі бейтаныс жандардың басынан өткен қиял-ғажайып ертегіге ұқсас хикая бірден өзіне баурап алады.
Павел Вежинов 1983 жылы 20 желтоқсанда өмірден озды.

Жалғыздық жанымды жиі торуылдайтын болып жүр. Бұрын мұндай сезім маған жат әрі түсініксіздеу көрінуші еді. Әдетте ол түн ортасына таяу, тіршілік ағыны саябырсып, у-шу басылып, панель үйлердің қабырғалары құдды бір о дүниедегі аруақтардың қурап қалған сүйектері сияқты сықырлай бастаған шақта басталады. Ондай сәттерде аса жайсыз күй кешемін; тұп-тура жыртқыш аңның аузына түсіп қалып, ысылдаған демі мен тынысын тым жақыннан сезіп жатқандай боламын. Содан соң орнымнан ыршып тұрамын да, өзім кабинет есебінде пайдаланып жүрген  кең холлдың ішін арлы-берлі тағатсыздана кезіп кетемін. Алайда бәрібір одан құтыла алмаймын. Бұл жалғыздық – тұмандай қалың, саз балшықтай жабысқақ емес. Тұп-тура  алмас қанжардың жүзіндей жалаңдаған өткір сезім. Ол мені ойда жоқта бас салып, үй тазалаушы әйел бұрышқа қарай ысырып қойған кескінсіз көгілжім амфора мен фикус тұрған жерге қарай тықсыра түседі. Толығырақ »

ЖҮРЕГІМДЕ – МҰҢДЫ ҮНІМ. Агостиньо НЕТО

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Агостиньо НЕТО

ЖҮРЕГІМДЕ – МҰҢДЫ  ҮНІМ

Агостиньо НЕТО 1922 жылы дүниеге келген. Ақын, мемлекет қайраткері, Анголаның тұңғыш президенті. 1947 жылдан бастап Португалияда өмір сүрген. Луанда қаласының Сан-Сальвадор лицейінде оқып, кейін Лиссабон университетінде білімін жалғастырған.
1950 жылдардың басында Нетоның ұйымдастыруымен Анголада тәуелсіздік үшін күрес басталды. Алайда толқу тобықтан шалынып, Нето 1955-1957 жылдар аралығында абақтыда отыруға мәжбүр болды.
Бостандыққа шыққаннан кейін Коимбра қаласындағы университеттің меди­циналық колледжін тәмамдады және осы жылы біржола Анголаға оралды. Елі­нің еркіндігі үшін азаттық туын көтерген Нето жылдар бойы жалғасқан үздік­сіз күрестің, талмас талпыныстың, қайтпас қайсарлықтың арқасында 1975 жы­лы Анго­ланың тұңғыш президенті болып сайланды. Ол билікке келген тұста ел ішін берекесіздік жайлаған болатын. Экономикалық қиыншылықтармен қатар, пор­тугалдықтардың отаршылдық әрекеттері, Заир мен Оңтүстік Африка Республикасы әскерінің шекараға еніп кетуі елдің болашағына қауіп төндірген еді. Нето осындай қиын-қыстау шақта КСРО мен Кубадан көмек сұрады. Екі жақты  әскери көмектің арқасында Ангола шетелдік басқыншылардан азат етілді.
Агостиньо Нето ақын ретінде де, мемлекет іргесін қалаушы есебінде де халқы үшін қан мен терін қатар төккен тұлға болып тарихта аты қалды. Отты өлеңдерімен елдің рухын оятқан ақын, азаттық үшін арпалысқан қайраткер Нето 1979 жылы Мәскеуде өмірден озды.

ШАБЫТ

Менің үнім қасіретті тағы да,
Менің мұңым қайғы құйып жаныма
Джорджия, Конго аспанын шарлады,
Амазонка толқынына самғады.
Жүрегімде – мұңды үнім,
Айлы түнгі батукедей сиқыр би
Көз алдымда тұр бүгін.

Толығырақ »

ҚЫЗЫҚ-АУ ӨМІР ДЕГЕН. Роберто Фернандес РЕТАМАР

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Роберто Фернандес РЕТАМАР

ҚЫЗЫҚ-АУ ӨМІР ДЕГЕН

Роберто Фернандес РЕТАМАР – кубалық ақын, прозаик, әдебиеттанушы. Сөз құдіретін санасына түйген сарабдал ақын бірде философиялық сарында қалам тербесе, бірде нәзік лирикада өмір жайлы ой қозғаған. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде «Америка үйі» атты халықаралық мәдени орталыққа басшылық еткен. «Сол баяғы өлеңдер», «Саяси құбылыстар», «Стилистика жайлы бірер ой» атты бірнеше кітабы жарық көрген.

МЕН СІЗДІ СҮЙЕМ

Мен сізді сүйемін,
Себебі тал бойыңда,
Ұқсастық барын білем терекпенен,
Жайылған жапырақтай саялысың,
Ал жанға иілмейсің керекпеген.
Бар айнала кеткенде күңгірттеніп,
Толығырақ »

ЖАМАН ЫРЫМ. Мемдух Шевкет ЕСЕНДАЛ

0

ТҮРІК ПРОЗАСЫ

Мемдух Шевкет ЕСЕНДАЛ

ЖАМАН ЫРЫМ

әңгіме

Мемдух Шевкет ЕСЕНДАЛ 1883 жылы 29 наурызда Чорлуда дүниеге келген. Сол жылдары өткен соғыстардың кесірінен жоғарғы дәрежелі білім ала алмады. Өз бетінше оқып-үйреніп, білімін дамытты. 1920 жылы Бакуге Түркияның елшісі болып, барды. Отанына оралғаннан кейін Ыстамбұл лицейлерінде ұстаздық етті. «Меслек» газетін шығарды. Тегеран мен Кабулдағы Түркияның елшісі болды. Елазы мен Біледжіктен мәжіліске депутат болып сайланды. Өмірінің соңын қысқа әңгімелер мен очерктер жазуға арнады.

Бесінші бөлімшеден Хайри келді. Хайри отыз бес жасар, бойдақ, реңді, келісті, біраз ақ көңілдеу, тамаша сыпайы бір қызметкер, қолында қол қойылуға тиіс құжаттар бар, түймелерін қадай түсіп, орынбасардың есігіне жақындады.
– Мырзаның алдында кім бар? – деп кезекшіден сұрады. Кезекші сыртта екен, жаңа келіпті, ол да жолдасынан сұрады.
– Кім бар Хасан?
– Мен білмеймін, көрген жоқпын, Әлиден сұра…
Әли де бұл жерде жоқ. Іште кімнің бар екендігі белгісіз. Хайри біраз қобалжыды, сосын есікке барынша жақындап, бір-екі рет естілер-естілмес дәрежеде тақылдытып, жауап күтпестен абайлап тұтқаны бұрады.
Бөлмеде екі қонақпен бір «Азық-түлік төрағасы» бар екен. Қонақтар бір бұрышта ақырын сұхбаттасып отыр. Азық-түлік төрағасы да орынбасардың алдында тұр, бір қағаз оқытып жатыр.
Хайри мырза отырмастан күтті, кеңесші қағазды оқыды. Азық-түлік төраға­сымен сөйлесті. Бір шығу протоколын жазатын болды, бірақ оған да шешім қабыл­дай алмады. Соңында қағазды қасына тастап, Азық-түлік төрағасы шыққаннан кейін Хайри мырзаға қарады. Толығырақ »

ГАМСЫЗДЫҢ ӨЛІМІ. Решат Нури ГҮНТЕКИН

1

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Решат Нури ГҮНТЕКИН

ГАМСЫЗДЫҢ ӨЛІМІ

әңгіме

Решат Нури Гүнтекин (1889-1956) Ыстамбұлда өмірге келген. Әдебиет фа­куль­тетін бітіріп, оқытушы болып жұмыс істеген. Біраз уақыт депутат та болды.
Бірінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында жазушылықпен айналыса бастады. 1922 жы­лы Решат Нуридің «Бозторғай» романы жарияланды. Анадолы өмірінің маңызды мәселелерін түрлі типтер арқылы қызуқанды, табиғи таза тілмен баяндайды. «Боз­торғай» түрік әдебиетінің ең таңдаулы шығармаларының қатарынан орын алды. Әңгімелерінде де Анадолы өмірін сатиралық мәнерде суреттеген.

Ол күні таңертең бастауыш мектептің ауласы көңілді шуға толы еді. Оқушылар мейрамы болатын. Бастауыш пен орта мектеп оқушылары топ-топ болып сап түзеген қалпы марштар шырқап, көшелерден өтіп жатты. Халық қаладағы демалыс аймақтарына ағылып жатыр. Ең үлкен оқушысы алты жаста болғандықтан, бұл мектептің оқушылары ұзаққа кете алмайтын еді. Олар мейрамдарын қысқа қадамдарымен жиырма минутта жете алатын өзен жағасында тойлайтын болды.
Мектепте күшті дайындық жүріп жатыр. Түрлі-түсті киінген балақайлар мектеп ауласын гүл бақшасына айналдырып жіберді. Ер балалар судай жаңа аяқкиімдерін сүрткіштеп, қыздар бір-бірінің шаштарын түзетіп, босап кеткен белдіктерін тартып байлап, түймелерін қадап, мәре-сәре болып жатыр. Алты жасар бір қыз тас баспалдақтың үстінде төрт жасар жетім досының сөгіліп кеткен тігісін тігіп отыр. Толығырақ »

ОШАҚ. Расим ӨЗДЕНӨРЕН

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Расим ӨЗДЕНӨРЕН

ОШАҚ

Расим ӨЗДЕНӨРЕН 1940 жылы Марашта дүниеге келген. Ыстамбұл университе­тінің құқық факультеті және журналистика бөлімдерін бітірді. Түрік әдебиетіндегі  белді қаламгерлердің бірі.
Кейбір әңгімелері теледидарда экрандалып, Прагадағы халықаралық теледидар фильмдері жарысында қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды.
Расим Өзденөреннің «Аурулар мен жарық», «Табалдырықта тұрған адам» атты әңгі­мелер жинағы, «Гүл өсірген кісі» романы, «Екі әлем» сынды очерктер жинағы тү­рік прозасының алтын қорына енген.

Жаңбыр жауған екен.
Жердің беті дымқыл.
Теректер.
Топырақ түсті жапырақтар. Дөңгелектің сықыры үні естіліп тұр. Күз.
Осындай бір күні ме еді? Азайып, кеміп, жоғалып кеткен не еді? Менің мазамды алған не еді?
Қызыл бұрыштың жиналғанына көп болыпты. Кеш түскен бір мезгілдей. Бұрын қып-қызыл болып түрленетін алаңдар болатын етекте қазір солтүстіктен ескен салқын жел ғана гуілдеп тұр. Құнарсыз жерлер тазаланыпты. Қиық тастар жылтырап жатыр.
Үйде мені не күткенін білмеймін. Бір нәрсе кеміп, азайып қалғандай. Бұл жақта бар, бірақ өзі жоқ бір нәрседей… Мен білетін, яғни сол бұрынғы тас, төбешік, сол бүкірлік, тасқа ұқсамайтын тас, тазалық, салқын жел, қалаларда кездесетін қиялар, болмаған сол нәрселер… Не еді кеміп қалған?..
Не еді? Толығырақ »