Әлем әдебиеті

МАЖАР ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӨНІНДЕ

0

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ӘЛЕМ АЙНАСЫНДА

 

МАЖАР ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӨНІНДЕ

 

(XIX ғасыр)

1. Шамуель Брашшаи

 

Қазақ әдебиеті туралы алғашқы пікірлер XIX ғасырда қазақ жеріне аяқ басқан мажар саяxатшыларынан табылады. Әзірге белгілі ең алғашқы мажар ғалымының пікірі XIX ғасырдың бірінші жартысында 1835 жылы “Vasarnapi Ujsag” (Вашарнапи Уйшаг- Жексенбілік газет) газетінде басылған. Шамуель Брашшаи “Қырғыз-қазақтар” атты еңбегінде қазақтардың ақындық дарындылығы туралы былай дейді: “Қырғыздардың сан ғасырлық мәдениетінің бір көрінісі – ой тірлігі, қиялының күштілігі. Өлең-жыр және музыка – олардың сүйікті кәсібі. Бұған бір мысал мына өлең:

 

Қарды көрдің бе?

Сүйіктім еті одан ақ,

Қарға тамған қойдың қанын көрдің бе?

Сүйіктімнің беті одан қызыл. Толығырақ »

Мұхтар ӘУЕЗОВ. КӨРКЕМ АУДАРМА ЖАЙЫНДАҒЫ ОЙЛАР

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

    Мұхтар ӘУЕЗОВ

 

Көркем аударма  жайындағы ойлар

 

“Әуезовтың үніндей үнмен, Әуезов жырлаған ұлылықпен, керемет махаббатпен жырланған бақытты халықтың, шіркін не арманы бар екен”.

Бежерон.

“Дворян ұясы” романының аудармасы туралы

 

Орыс халқының ұлы классиктерінің бірі Иван Сергеевич Тургеневтің “Дворян ұясы” атты романын қазақшалап, біздің оқушыға ұсынуды көптен мақсат еткен едім. Қазір осы аударманы бастырумен қатар, роман туралы және өзімнің осы романды аудару жөніндегі іздену мақсат, талаптарым туралы кейбір пікірлер айтуды қажет деп білдім. Біздің әдебиетімізді қай салада болса да байытып өсіруге көмекші болып келе жатқан істің бірі аудармалар екені мәлім. Біз поэзиялық, көркем прозалық және драматургиялық үлгілердің талайын орыс тілінен қазақшалап аударып алып жүрміз. Бірақ әлі күнге “көркем аударма қалай істелсе ойдағыдай шығады” деген әрі ғылымдық, әрі творчестволық жауапты сұрақтарға нақтылы шешу сөз айтылмай келеді. Әрбір аударушылық әрекеттеріміз табыстарымен, кемшіліктерімен де ескеріліп, тексерілмей жүр. Неғұрлым аудармалық еңбектеріміз көбейе түссе, солғұрлым аудармалық тәжірибеге қорытынды, тиянақты жетекшілік пікірлер айту қажет бола түседі.

Бірақ сондай байлаулы ойларды түю үшін жеке тәжірибелердің әрқайсысы өздерінің табыс жаңалығымен ортаға түсіп талқыға алынуы керек.

Орыс әдебиетінің классикалық үлгілері мен совет әдебиет мұраларының да біраздарын аударған менің де тәжірибем болушы еді. Тургеневтің осы романын аударуда сол бұрынғы тәжірибелеріме, өзімше жаңалық ретінде қостым ба деген ізденулерім бар. “Дворян ұясы” романын бастырумен қатар сол жаңағы, соңғы жай туралы оқушы көпшіліктің сынына салмақ болған ойларым болғандықтан осы кіріспені әдейілеп жазып отырмын. Толығырақ »

НИБЕЛУНГТЕР ТУРАЛЫ ХИКАЯ

0

МЫҢЖЫЛДЫҚТАР МАҚАМЫ

 

НИБЕЛУНГТЕР ТУРАЛЫ ХИКАЯ

 

Алғы сөз

 

“Нибелунгтер туралы хикаяның” жан-жақты зерттелгеніне қарамастан, оның әртүрлі ауызша және жазбаша нұсқаларының 13-ғасырдың басында қалайша бір туындыға жинақталғаны туралы сұрақ ашық түрінде қалып отыр. Жыр бір-біріне ұқсамайтын, үйлеспейтін өлеңдерден құралған. Мүмкін олар бізге дейін келіп жеткен “Нибелунгтер туралы хикаядан” бірнеше жүз жыл бұрын шыққан болар. Ұрпақтан-ұрпаққа қысқартылған түрінде ауызша жетіп отыруы да ықтимал. Сөйлем құрылымы мен айтылу мәнеріне қарап, зерттеушілер дастанның жазылған уақытын болжаммен 1200 жылға жатқызады. Оған дәлел ретінде кейбір ғалымдар жырда атаулары аталатын заттардың сол заманда пайда болып, қолданылғанын алға тартады.

“Нибелунгтер туралы хикая” 2 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі “Зигфридтің өлімі”, тағы бір нұсқада “Зигфрид пен Брюнхильданың іс-әрекеті” деп аталынады. Екінші бөлімінің атауы – “Бургундияның күйреуі”, дегенмен сонымен қоса “Кримхильданың кегі” нұсқасы да әдебиетте жиі ұшырасады. Бірінші бөлім бірінші авентюрадан* он тоғызыншы авентюраны толығымен (1–1142 шумақ), екінші бөлім жиырмасыншы авентюрадан отыз тоғызыншы авентюраның аяғына дейін (1143 – 2379 шумақ) қамтиды. Толығырақ »

Сәйділ ТАЛЖАНОВ. АУДАРМАНЫҢ АРНАУЛЫ ТАРИХЫНАН

0

 ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ   

 

Сәйділ Талжанов

 

Аударманың арнаулы тарихынан

 

           Сәйділ Омарұлы Талжанов (1906 – 1972) — әдебиет тарихын, әсіресе оның ішінде әдеби алмасулар мен ықпалдасулар тарихын ізерлей зерттеген зерделі ғалым. Тегінде Сәйділ ағамыздың зерттеулерінің көкжиегі барынша кең. Аударма тарихын тереңнен тарта зерделеген ғалым тілдік байланыстарды да барынша байыпты ой елегінен өткізеді. Сонымен қатар қазақ әдебиетінің даму, жетілу мен өркендеу үдерісін оның көрнекті өкілдерінің шығармашылық ізденістерімен, түйсіну, пайымдау мен бейнелеу тәсілдерімен, мұндағы жаңашылдық көріністерімен тығыз байланыста қарастырады. Әрі әдебиеттердің өзара байланыстары, бір-біріне тигізген әсері мен ықпалы арнасында қарастырады.

            Ғалымның көрнекті шығармасы «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» еңбегінің жарық көргеніне де қырық жылға тарта уақыт өткен екен. Демек бүгінгі отыз бен қырықтың арасындағы азаматтардың, әдейі зерттеу нысаны ретінде іздестірген адам болмаса, бұл еңбекпен танысу мүмкіндігінің бола бермегені де шын. Сондықтан аударма тарихынан жүйелі мағлұматтар беретінін, әрі біздің басылымның бағыты мен бағдарына сәйкес келетінін ескеріп, осы кітаптан қысқа үзінді беруді жөн көрдік.

  (Мәтін ешбір өзгеріссіз, кітаптағы нұсқасына сәйкес жарияланып отыр) Толығырақ »

Ардақ ЮСУПОВА. Неміс Дәуірлеу дәуірінің кескіндемешілері

0

 

 

 Ардақ ЮСУПОВА

 

Неміс Дәуірлеу дәуірінің кескіндемешілері

 

 

Германиядағы 15-16 ғасырлардағы Дәуірлеу кезеңінің өнері — қала мәдениеті дамуының төл жемісі, осы уақытта реализм қағидаттары, жаңа мұраттар орныға бастайды. Солтүстіктегі Дәуірлеу дәуірінің басталуы, әдетте Мартин Лютер Кингтің Тәуретті неміс тіліне аударуымен байланыста қарастырылады, мұның өзі неміс әдеби тілінің дамуына жол ашады, әрі оның басқа тілдерге аударылуына да себепші болады. Сол уақыттағы Германияның қалыптасуында терең әлеуметтік сілкіністер – Реформация, теңдікті және адам табиғатының біртұтастығын уағыздайтын лютерандықтың енуі мен Шаруалар соғысы шешуші рөл атқарады.

 

Антика мәдениетінің ықпалы жанама ғана, тіпті елеусіз дерлік, ал ортағасырлық дәстүрлер ұзақ сақталып келеді, сондықтан да сол уақыттағы Германия өнері негізінен діни сарында болады, оған заттың тұрпатын өз қалпында бейнелеу тән, сонымен бірге майбояулы кескіндемемен қатар көркемдеу өнерінің басқа саласы – гравюра дами бастайды.

 

Немістің Дәуірлеу заманы бірқатар көрнекті кескіндемешілер мен графиктерді дүниеге әкелді, олар – Альбрехт Дюрер, Үлкен Ханс Гольбейн, Үлкен және Кіші Карнахтар, Альбрехт Альтдорфер және басқалары. Толығырақ »

Ло ГУАНЖҮҢ. ҮШПАТШАЛЫҚ ҚИССАСЫ

0

 

МЫҢЖЫЛДЫҚТАР  МАҚАМЫ

 

Ло ГУАНЖҮҢ

 

ҮШПАТШАЛЫҚ ҚИССАСЫ

 

Әзімхан Тышанұлының аудармасы арқылы беріліп отыр

Журналдық нұсқасын әзірлеген Иманғазы Нұрахмет

 

 

 

Кән Зының жалған бағыну хаты,

 

Паң Тұңның «шынжырқосақ» айласы

 

Әлқисса, Кән Зының жанама аты – Дырұн болатын. Хұйжидағы Шаниын деген жердің адамы еді. Кедей болса да, білімге жаны құмар, біреуге жалданып жүріп, елдің кітабын қарызға алып оқитын, бір көргенін ұмытпайтын. Асқан жүректі, желіп тұрған шешен еді, сондықтан Сүн Чуан оны ақылшылыққа алған. Хуаң Гаймен көңілдері өте жақын еді. Оның шешендігін де, жүректілігін де білетін Хуаң Гай осы жолғы жалған тізе бүгу хатын апаруға оған әдейі қолқа салды. Кән Зы әрі-сәрі болмай, қуана құп алды да:

 

– Еңіреп туған ер жігіт, елі үшін еселі еңбек етпей, шірік түбір, қураған шөптей өмір өткізсе, оның дүниеге келгенінен не пайда. Иесінің үмітін ақтау үшін қолбасымыз өз жанын азаптап отырғанда, пақырыңыз қораш басын қорғап, отыра берсе не болмақ,– деді. Қатты тебіренген Хуаң Гай, төсегінен домалап түсіп, бас ұрып, алғысын білдірді. Іс кешігуді күтпейді, барар болған соң, бүгін жүруім керек, – деді Кән Зы.

 

– Хат жазулы дайын, – деді Хуаң Гай.

 

Хатты денесіне жасырып алып, балықшы бейнесінде жасанған Кән Зы, сол күні түнде бір кішкене желқайықпен солтүстікті бетке алып жүріп кетті. Түн шытқыл болғанмен ашық еді, жұлдыздар жаудырап сайрап тұрған. Түннің үшінші дабылында Сау Саудың су бекінісіне жетіп те барды. Оны дарияны күзеткен қарауылдар ұстап алып, Сау Сауға алып келіп мәлімдеді. Толығырақ »

Михаил ЗОЩЕНКО. МЕЙЛІҢ ЖЫЛА, МЕЙЛІҢ КҮЛ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Михаил ЗОЩЕНКО

 

МЕЙЛІҢ ЖЫЛА, МЕЙЛІҢ КҮЛ

 

           Орыстың тамаша сатирик жазушысы Михаил Михайлович ЗОЩЕНКОНЫҢ (1894-1958 жж.) шығармашылығымен алғаш танысуымның өзі қызық. 80-ші жылдардың аяғына қарай Алматыдағы кітап дүкендерінің біріне бас сұғып, жаңа түскен әдебиеттерді қарап жүргенмін. Қолыма М.Зощенконың орыс тілінде жарық көрген әңгімелер жинағы ілікті. Парақтап көріп едім, қып-қысқа әңгімелері уытты тілімен, қызықты оқиғаларымен, онысының өз өмірімізге жақындығымен баурап барады.

 

– Сіз, немене, бүкіл кітапты осында оқып шықпақшымысыз? Тіпті, сатып алу үшін қалтаңызға қол салатын түріңіз көрінбейді ғой өзі? – деген әйел дауысын естігенде ғана барып басымды көтеріппін.

 

Сатушы әйел жымия қарап тұр.

 

– Қызық кітап екен! – дедім мен.

 

– Иә, ол – тамаша жазушы!

 

Мен кітап дүкенінде тұрып төрт-бес әңгімені оқып тастағанымды сонда ғана аңғардым. Әрине, кітапты жалма-жан сатып алдым. Оның аяғы, міне, өздеріңізге ұсынылып отырған осы жинаққа енген әңгімелерді аударуға алып келді. Толығырақ »

Уильям ФОЛКНЕР. АЮ

0

 Уильям ФОЛКНЕР

 

АЮ

 

            ХХ ғасырдың аса көрнекті жазушыларының бірі Уильям ФОЛКНЕР   (1897-1962) АҚШ-тың түстігінде туып өскен, өмірінің көп уақытын сонда өткізген, сонда дүниеден озған. Ондаған романдардың авторы Уильям Фолкнер Американың түстігіндегі құл иеленушіліктің құлдырауын, бірақ оның адам санасында қалдырған іздерін суреттеуде, сыншылардың айтуынша, ерекше қалам қарымын танытады. Сонымен қатар американ үлгісіндегі буржуазиялық өркениеттің шынайы кейпін ашуда да оған тең келер суреткер табу қиын. Ол 1949 жылы Нобель сыйлығын алардағы сөзінде: «Адамның ақыры дегенге мен сенбеймін. Ажалдың келгенін әйгілеген тағдыр сағаты соңғы рет соғып, оның жаңғырығы мәңгі жоқтың қиыр шетіне барып тұншыққан сәттің өзінде, адамның әлсіз, бірақ үзіліп бітпейтін дауысы естілмек, ол сөйлей беретін болады. Мен адамның шыдап қана қоймай, жеңіп шығарына да кәміл сенемін»  деген екен.

***

I

               Ендігі жерде ит те, адам да аюдың жолын қууға айналды. Әккі аю – Кәрі Бенді қоса есептегенде аң екеу болды, бірақ алпыс екі тамырында Сэм секілді көсемнің қаны болмағанмен, үндістің қаны бар Бун Хоггенбекті қоса есептегенде адам да екеу болатын, – тек Сэм Фазерс, Кәрі Бен және Лев атты дүрегей тұқымдас төбеттің ғана тал бойында бір міні жоқ еді.

Бала он алтыда болатын. Ересектермен бірге аңға шыға бастағанына жетінші жыл. Жеті жылдан бері аңшылық туралы қызығы мол таусылмас әңгімелерді тыңдаумен келеді. Дүниеде одан қызықты әңгіме болмас сірә. Орманның қағаздатып алған бір бөлігін өз иелігімде деп пайымдайтын ақ плантатордың ба, әлде оған иелік құқығын қолдан жасап сол жерді опасыздықпен оп-оңай сата салған үндістің бе, әйтеуір қайырымсыздықпен салынған көне қорғандардан шетсіз-шексіз бұл меңіреу орман туралы әңгімелер әлдеқайда мәнді әрі қызғылықты көрінетін еді (орманның тауар бола алмайтындығын жақсы білетін үшеу: Сатпеннен бір жапырақ жерді сатып алған майор Де Спейн де, кәрі Толас Сатпен де немесе сол бір жапырақ жерді Сатпенге сата салған чикесо тайпасының көсемі Иккематуббе қарттың да ит тұмсығы өтпейтін ғасырлар бойы жасап келе жатқан бұл орманның қасында түкке тұрғысыз пенделер болатын). Бұл әңгімелер адамдар туралы болатын, ақ нәсілді, қара нәсілді немесе қызғылт өңді адамдар туралы емес, неге болса да қайыспай қарсы тұра алатын, қиындықтан шыға білетін төзімді де ержүрек аңшылар туралы, орманға үйір иттер, аюлар, бұғылар туралы, олардың рақымшылдық пен аяушылықты білмейтін әлімсақтан бергі қасарыса қарсыласуы – еш нәрсемен салыстыруға болмайтын орман заңына тәуелді арпалыс ойынының ең тәуірі туралы: аң терілері мен мүйіздерінің ортасында немесе қабырғаларға құндақтаулы мылтықтар ілінген қаладағы үйлердің кабинеттерінде немесе плантациялардың кеңселерінде, ал бәрінен әдемісі – жаңа ғана атып алған, әлі терісі де сыпырылмаған, еті суып үлгермеген мол олжаның ортасында, тасошақта шытырлай жанған алауды айнала отырған аңшылар қосында, ал тасошақтар мен үйшіктер болмаған жерде брезент шатырларда, айнала түтіні будақтаған алау қасында өткен-кеткенді онша өрекпімей баяу үнмен ғана баяндайтын әңгімелер еді бұл. Толығырақ »

ШЫҒЫС ШАЙЫРЛАРЫНЫҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ

0

 

ШЫҒЫС ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ШЫНАРЫ

 

 

Шығыс шайырларының шығармалары

 

            Әлемдік мәдениет тарихында ерекше орын алатын парсы тіліндегі әдебиет Х-ХV ғасырлардың өзінде дамудың шыңына көтерілді. Фирдоуси, Рудаки, Омар Һаям, Сағди, Хафиз, Жәми сияқты күллі әлемді таң қалдырған парсы-тәжік ақындарының туындылары аса құнды рухани игілікке айналды. Төменде парсы тілінен аударылған үлгілерден үзінділер беріліп отыр. Тікелей аударма жасаған – шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаев.

Фирдоуси «Шаһнамасынан» алынған шымып шумақтар

 

* * *

 

Патшалардың тәжісі – ақыл,

 

Атақтылардың нақышы – ақыл.

 

Ақылды таны айдары сәнді,

 

Ақыл – өмірдің қайнары мәңгі. Толығырақ »

Стефан ЦВЕЙГ. ШАХМАТТЫҚ ХИКАЯ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Стефан ЦВЕЙГ

 

ШАХМАТТЫҚ ХИКАЯ

 

Әйгілі австриялық жазушы Стефан Цвейг “Кешқұрым”, “Керемет құпия”, “Бейтаныс айымның хаты”, “Ай жарығындағы көше”, “Губернантка” сынды новеллалары арқылы әңгіме,хикая жазудың шебері ретінде танылса, “Адамзаттың жұлдызды сәті” циклындағы эсселері арқылы адамзат тарихының, жұлдызды сәттердегі тарихи тұлғалар өмірінің тамаша білгірі деп мойындалды. Ал оның “Бальзак” романында әйгілі француз жазушысы Оноре де Бальзак өмірі мен тағдыры, ой-толғаныстары мен күйініш-сүйініштері жеріне жеткізе суреттеледі. Әлем жұртшылығы С.Цвейгті адам жанының қалтарыс-қатпарларын ішек қырындысына дейін аша білетін хас суреткер ретінде таниды.

 

***

Түн жарымында Нью-Йорктен Буэнос-Айреске аттануға тиiс алып кемеде әдеттегiдей жүрер алдындағы қарбалас сәт басталды. Қалың нөпiрдi киiп-жарып, iлгерiндi-кейiндi қайшыласқан шығарып салушылар; боқшасын қапталдата ұстап, жолаушылардың фамилиясын атап, айқайлаған телеграф тасушылар; гүл шоғы мен жүк көтергендер; әуестiк жеңiп, баспалдақпен жүгiрген балалар, ал жоғарғы палубада кеме оркестрi үздiксiз күй ойнап тұр.

Мен палубада серiгiммен бiрге осынау ырың-жырыңнан алыстау тұрғам. Кенет бiзге тақау жерден екi-үш рет фотоаппарат жарқ-жұрқ еттi. Шамасы, бiзбен бiрге танымал бiреу аттанбақшы, содан соңғы сәтте сұхбат алынып, суретке түсiрiп жатса керек. Досым сол жаққа көз салып:

— Сендермен бiрге табиғаттың кереметi — Чентович кетiп барады, — дедi.

Аталған есiмнiң менi селт еткiзбегенiн сезген ол сөзiн тарата түстi:

— Мирко Чентович — шахматтан әлем чемпионы. Ол жаңа ғана Американың барлық шахматшыларын талқандап, ендi Аргентинаны табындыруға бара жатыр.

Осы кезде жас әлем чемпионының есiмi ғана емес, оның өмiрiнiң кейбiр қырлары да бiрден есiме түстi, әлемдiк ақпаратты менен гөрi мұқият қадағалайтын досым да ол туралы бiрнеше әзiл әңгiме айтып, менiң мәлiметтерiмдi толықтыра түстi. Толығырақ »