Әлем әдебиеті

Н.С. ГУМИЛЕВ. ЖУСАН ӘНІН ЖӨН КӨРЕМІН

1

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Н.С. ГУМИЛЕВ

 

ЖУСАН ӘНІН ЖӨН КӨРЕМІН

Н. С. Гумилев (1886-1921) – орыс сөз өнерінің Қазан төңкерісінен кейінгі көшбасшысының ролін атқарған, акмеизм ағымының негізін салушы ақын. Кронштадта, кеме дәрігерінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Степан Гумилев отставкаға шыққаннан кейін Царское Селоға көшіп келеді. Н.Гумилев өлең жазуды он екі жасынан бастайды. Алғашқы өлеңі 1900 жылы «Тифлис үнқағазында» жарияланады. 1903 жылы болашақ ақын Царское Село гимназиясына оқуға барады. Бұл гимназияның директоры белгілі ақын, педагог И. Анненский болатын. Ол Гумилевтың әдеби талғамының қалыптасуына ерекше ықпал етті. А. Ахматованың айтуынша, бұл кезде Н. Гумилев «символизмге Құдайға сенгендей сенді». Бұл елігу 1905 жылы жарық көрген «Конквистадор жолы» жинағынан ерекше көрінеді. Әкесі ұлының терең білім алуына ерекше көңіл бөледі, сөйтіп Н. Гумилев Парижге аттанады. Мұнда ол француз әдебиеті туралы дәріс тыңдап, кескіндеме өнері ілімін оқиды және өлең жазуын жалғастырады. Сонымен бірге «Сириус» журналының үш санын жарыққа шығарады. Бұл журналда ақынның өз өлеңдерімен бірге бұл кезде әлі ешкім білмейтін Анна Горенконың – болашақ Анна Ахматованың алғашқы өлеңдері жарияланған. 1908 жылы Парижде ақынның екінші жинағы – «Романтикалық гүлдер» жарық көреді. Петербургке оралған соң Н. Гумилев осындағы университеттің заң факультетіне оқуға түседі. Кейіннен тарих-филология факультетіне ауысады. Оқып жүрген кезінде Шығысқа деген ерекше сүйіспеншілігі оянған ақын әке-шешесінен жасырынып, Египетке аттанады. Бұдан кейін де осы бір таңғажайып елге бірнеше рет барып қайтады. Гумилев сапарлары тек “шабыт шақырумен” шектелген емес, ол сондай-ақ Ресей Ғылым Академиясы экспедициясының жетекшісі ретінде де барады. Ол аса бай этнографиялық коллекциялар жинады. Бұл сапарларында ол тек өлең мен әңгімелер ғана жазып қойған жоқ, танымдық мәні жоғары күнделіктер де жазды. Мысалы, «Африка күнделігі» жазбасында осынау жұрттардың аңыздары мен сенім дүниесі жергілікті тайпалардың тұрмыс-тіршілігі жайында құнды деректер көптеп келтіріледі. Бұл сапарлар ақынның жаңа поэтикалық ізденістеріне арқау болады. Ендігі жерде ол символизмнен басқа өзінің шығармашылық жолын іздеуге бет бұрды. Толығырақ »

Пабло НЕРУДА. ЖҮРЕГІНДЕ ЖҰМЫР ЖЕР ШЫР АЙНАЛЫП…

0

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Пабло НЕРУДА

 

 

ЖҮРЕГІНДЕ ЖҰМЫР ЖЕР ШЫР АЙНАЛЫП…

 

…Тынық мұхиттың жағалауында жатқан Чили атты елдің Парраль қаласында 1904 жылы 12 шілдеде теміржолшы Хосе дель Кармен мен оның жұбайы Роса Басуальтоның отбасында дүниеге келген Нефтали Рикардо Рейес Басуальтоны қазақ даласының қиырлы құмында туып өскен маған, менің халқыма жақын еткен тек ұлы мәртебелі поэзияның құдыреті…

…Мен алғаш рет ақынның «Махаббаттың жүз жыры және өкініш әнін» өзім үшін аударған жылдары жасынан өлең жазуға және сол туындыларын баспасөз бетіне жариялауға аса құштар болған чилилік бозбала Нефтали Рейестің, баласының ақындық өнер жолына түсуіне қарсы болған әкесінен жасқанып, журналдық бір мақала авторы Ян Неруданың фамилиясы мен өзі ойдан шығарған Пабло деген есімді қосып, «Пабло Неруда» атымен алғашқы өлеңін бастырғанда он төрт жаста болғанын, ал оны бүкіл Латын Америкасындағы елдерге даңқын кенеттен шығарған «Махаббат жайлы жиырма жыр және өкініш әні» атты кітабы жарық көргенде, Неруда бар жоғы жиырма жаста болғанын білген де емеспін. Сол жылдардан бастап-ақ поэзия мен саяси өмірдің қайнаған қазандай ортасында жүрген ақын өмірінің ең соңғы сәттеріне дейін қаруын қолдан түсірмей, үстемдік пен озбырлыққа, жала мен қиянатқа қарсы күрес туын көтеріп өткен. Ол «өлең жазам» деп, саялы бақ, сахарлы кештер мен жан тыныштығын іздеген жан емес. Латын Америкасы мен Испаниядағы аумалы-төкпелі үкімет басшыларының қасы мен қабағына қарап, қай тап, қай партияның түтіні тік көтерілсе, соған қарай аунай түсіп, әділет пен туған халқының мүддесін өз басының жайлы, қамсыз тіршілігіне айырбастаған жан емес. Толығырақ »

О.ГЕНРИ. КЕБІС

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

О.ГЕНРИ

 

 КЕБІС

 

            Американ жазушысы – О.ГЕНРИ (шын аты Уильям Сидней Портер) Каролина штатының Гринсборо қаласында (1862-1910) туып өскен. Қаламгер 280-нен астам қысқа, бірақ әйгілі әңгімелерімен әлемге танымал болған. Алғашқы әңгімелері Нью-Йорк журналдарында жариялана бастайды. «Төрт миллион», «Сәуле шашқан шырағдан», «Ізгі жанды алаяқ», «Батыстың жүрегі» әңгімелер жинағы мен «Маржан және керем» романында американ қоғамының шындығы қаз-қалпында шеберлікпен суреттеледі, сөйтіп автор халықтың әлеуметтік тұрмысының нағыз бақылаушысына айналады. Көптеген әңгімелерінде оқиғаның түйіні күтпеген жерден шешім тауып, әрі шым-шытырық шиеленіске толы болып келсе, бірқатары ащы ажуа, жеңіл әзіл-оспақпен әдемі көмкеріледі. Жазушы әңгімелеріндегі шынайы кейіпкерлер арқылы көрініс табатын түпкі ой – «қарапайым американдықтың да бақытты болуға құқы бар» дегенге саяды.

 

***

Джон Де Граффенрид Атвут лотос* гүлін жапырағына дейін қарбытуға әзір. Тропиканың ми қайнатар аптабы табанына сап шыжғырып жатқанда да, ол алған бетінен қайтпай сүйікті Розинасын ойлаумен ғана болды.

Кеш батысымен Билли Коф екеуі шағын елшілік үйінің самалдығына шығып алып, жергілікті халық бұлардан қашан теріс айналып, «жын соққыр америкалықтарды» сілейте сөге, иықтарын қопаң еткізгенше өңештерін жырта ән салумен болады.

Бір күні Джоннидың көмекшісі бір құшақ поштаны әкеп үстелге төге салды. Аспалы төсегінде жатқан Джонни құлықсыз, саусақтарының ұшымен хаттың төрт-бесеуін өзіне қарай алды. Коф үстелдің бір жақ бұрышына отырып алып, жазу қағаздарының арасында зытып жүрген қырықаяқты жұқа бәкісімен еріне шаншылап отыр. Әдепкідей, дүниенің қызық сайраны кермек, сор боп татығанда адам нені ойласа, Джонни да сары уайымның әлегінде отырған. Толығырақ »

АЛЕКСАНДР КУПРИН. ӘҢГІМЕЛЕР

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

АЛЕКСАНДР КУПРИН

 

ӘҢГІМЕЛЕР

 

XX ғасырдың аса дарынды жазушыларының бірі – Александр Иванович Куприн (1870-1938) «Олеся», «Жекпе-жек», «Шұңқыр», «Тажал» повестері, «Циркте», «Піл», «Листригондар», «Батпақта», «Орман түкпірінде», «Ғажайып доктор», «Ральф», «Құр аулау», «Өмір өзені» сияқты және тағы да басқа көптеген тамаша әңгімелердің авторы. Куприннің «Гауһар білезік» және “Жекпе-жек” сынды хикаяларының көтеретін қоғамдық-әлеуметтік проблемалары аса ауқымды.

Л. Н. Толстой Куприн шығармашылығы жайында:

– Өнердегі ең бастысы – өлшемді сезіне білу. Кескіндемеде тоғыз көркем сызымды бір ғана бұрыс сызым бүлдіріп тұрады. Куприннің артықшылығы да сонда, онда басы артық ештеңе жоқ, бәрі де өз орнында тұрады. Куприн – нағыз суреткер, орасан зор дарын…” – деген екен.

 

***

ҒАЖАП ДОКТОР

 

Бұл әңгімем де ойдан шығара салған нәрсе емес. Мұнда баяндалған уақиға шамасы осыдан отыз жыл бұрын шынымен Киевте өткен еді. Бір отбасының майда-шүйдесіне шейін қалдырмай тамсана аңыз етіп айтып отыратын оқиғасы. Мен өз тарапымнан бар болғаны осы қызықты уақиғаға қатысы бар адамдардың аттарын ғана өзгертіп қағазға түсірдім.

– Гриша, ау Гриша! Қарашы, торай күліп тұр… Иә, иә. Аузындағы шөпті қара! Қарашы, қарашы… шөпті айтам, құдай біледі, шөп!… Міне, қызық!

Екі кішкене бала терезесі аса үлкен гастрономның алдында тұрып, бірін-бірі бүйірден соққылай, қатты аяздан аяқтарын бір-біріне қаққылап, ішек-сілесі қатқанша күліп тұр. Бұлар адамның ақылын да, асқазанын да бірдей бірден баурап әкететін осы ғажайып көрменің алдында тұрғанына бес минөттен артық уақыт өткен тәрізд. Мұнда шамдардың самаладай жарығы таудай-таудай болып үйілген, жақсы сақталған қызыл алмалар мен апельсиндерге аямай төгіліп тұр; жұқа қағазбен оралған, алтынша жайнаған мандариндердің түзу пирамидалары көрінеді; табақтарда ауыздарын ашып, көздерін адырайтқан балық жатыр; төменде қалың қызғылт майлы сөлі кетпей ілініп қойылған сан еті; шұжықтар тізбегімен әдемі қоршала келгенде көздің жауын алады. Толығырақ »

ЗӘКИ УӘЛИДИ ТОҒАН. ЕСТЕЛІК

0

 

 ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ

 

 

 

ЗӘКИ УӘЛИДИ ТОҒАН

 

(1890-1970)

 

 

 

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал тарихшы-ғалым Ахмет Зәки Уәлиди Тоған 1890 жылы қазіргі Башқұртстан Республикасына қарасты Ишимбай ауданында дүниеге келді. Ауыл мектебінде сауат ашып, медреседе оқыды. Әйгілі Шехабеддин Маржанидің шәкірттерінен білім алды. Мұнда діни ілімдермен бірге тарих, әдебиет пәндерін оқып, түрік, араб, парсы және орыс тілдерін меңгеріп шықты. 1908 жылы Қазанға барып, Қасымия медресесінде оқытушы болды. Осы жылдан бастап алғашқы мақалалары жарық көре бастады. 1912 жылы «Түрік татар тарихы» атты кітабы жарияланып, Қазан университетінің жанындағы «Археология, тарих және этнология» қоғамына мүшелікке қабылданды. Осы қоғамның төрағасы, белгілі ғалым Н.Г. Катановпен және өзге де орыстың шығыстанушы ғалымдарымен бірігіп жұмыс істей бастады.

 

1916 жылдан бастап саясатпен айналыса бастады. Ресей мемлекеттік Думасының жанындағы «мұсылман» фракциясында хатшы болып қызмет атқарды. Ресейдің ішкі және сыртқы саясаттарының бағытын айқындауға үлкен септігін тигізетін Дума жұмыстарында белсенділік көрсетіп, көптеген саяси қайраткерлермен танысып, шыңдала түсті. 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері арасында Ресей мұсылмандары арасында ұйымдастырушылық қабілетімен, саяси қайраткерлігімен ерекше көзге түсті. 1917 жылы бүкіл Ресей Құрушылар мәжілісінің мүшесі болып сайланды. Мәскеу, Петербор, Орынбор және Ташкент қалаларында өткен құрылтайларға қатысты. Еділ-Орал, Башқұртсан және Түркістан автономияларының құрылуына қатысып, тарихи оқиғалардың куәсі болды. Әуелі Башқұртстан автономиясының Қорғаныс министрі, кейін Бас қолбасшысы және мемлекет басшысы болып сайланды. Уфа, Самара, Орынбордағы мәжілістерге қатысып, олардың өтуіне ұйытқы болды. Большевиктермен 18 ай істес болғаннан кейін Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысты.

 

1923 жылы Отанын тастап шығуға мәжбүр болған Зәки Уәлиди Ауғаныстан, Үндістан арқылы Парижге барды. 1925 жылы Түркияға келіп, Стамбул университетінде профессор әрі «Иені Түркістан» журналының бас редакторы болды. 1935-37 жылдары Бонн, 1938-39 Готтинген университеттерінде құрметті профессор ретінде жұмыс істеді. 1939 жылы Түркияға оралған Тоған, Стамбул университетіндегі қызметін одан әрі жалғастырды. Толығырақ »

ИСМАИЛ ҒАСПЫРАЛЫ. АРЫСТАН ҚЫЗ

0

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ

 

ИСМАИЛ ҒАСПЫРАЛЫ

(1851-1914)

 

Исмаил Ғаспыралы 1851 жылы 8 наурызда Қырымда Авжикөй деген жерде дүниеге келді. Әйгілі «Зинжирли» медресесінде білім алғаннан кейін он жасында Ақмешіттегі орыс мектебіне қабылданды. Онда екі жыл оқып, Воронеждегі әскери академияда, сосын 1865-1867 жылдары арасында Мәскеудегі Милютин гимназиясында білім алды. 1868 жылдан бастап өзі білім алған Зинжирли медресесінде орыс тілінен сабақ берді.

Исмаил Ғаспыралы 1872 жылы Вена және Штутгарт арқылы Парижге барды. Ол Парижде И.С. Тургеневпен танысып, оның көмекшісі болды. Екі жыл Еуропада тұрған Исмаил мырза Стамбул арқылы еліне қайтып, әкімшілік және баспагерлік жұмыстармен айналысты. Ол 1878-1882 жылдар аралығында Бахшасарай қаласының басшысы болды. Алайда армандаған азаттыққа тек ағарту арқылы қол жеткізудің мүмкін екенін аңғарған Ғаспыралы әкімшілік жұмысты тастап, біржола ағартушылық жолға түсті. Ол осы мақсатпен 1884 жылы Бахшасарайда алғашқы жәдит мектебін ашты. Жаңаша білім беретін жәдит мектебі қысқа мерзім ішінде халықтан қолдау тауып, саны бірте-бірте арта түсті. Алғаш Қырымда тұсауы кесілген жаңа үлгідегі мектептер Қазанда, Уфада, Орынборда, Бұхарада, Ташкентте, Семейде және тағы басқа қалалар мен елді мекендерде ашылып, білім бере бастады. Ғалия, Хұсайния, Расулия медреселерінде татар, башқұрт, өзбек, әзербайжан балаларымен бірге жүздеген қазақ балалары оқыды. Сондай-ақ, қыздар үшін де арнайы мектеп, медреселер ашылды. Кейінірек Польша, Мысыр, Үндістан және Қытай сияқты шет мемлекеттерде де ашылған жәдит мектептерінің саны 1905 жылы тек Ресейдің өзінде ғана бес мыңнан асып кетті. Толығырақ »

ТҮРІК ПОЭЗИЯСЫНАН

0

 

ТҮРІК ПОЭЗИЯСЫНАН

Орхан Уәли Қанық

 

(1914-1950)

 

 

 

Мехмет Әли Сель атты лақап ат ұстанған түрік ақыны Ыстамбұл университеті әдебиет факультетінің философия бөлімінде білім алған. Бірқатар мемлекеттік орындарда қызмет атқарған. Біраз уақыт “Жапырақ” атты әдеби журнал да шығарған. Оның Мелих Жевдет Андай мен Октай Рыфат Хорозчымен достығы кейіннен “Үштаған” атты әдеби бірлестіктің дүниеге келуіне себепші болған. Өлеңді қарапайым формамен жазып, кез келген адамға түсінікті болуын көздеген ақын өз оқырмандарына “Тәрк ете алман” (1945), “Дастан іспетті” (1946), “Жаңа атаулы” (1947) және “Қарсылық” (1949) сияқты өлең жинақтарын ұсынған.

 

 

 

 

 

Таңдаулы

 

 

 

Әйелдерді жақсы көрем шырайлы,

 

Әйелдерді жақсы көрем былайғы…

 

Бірақ, маған бәрінен де әдемі

 

Фабриканың әйелдері ұнайды! Толығырақ »

ТҮРІК ПОЭЗИЯСЫНАН

0

 

ТҮРІК ПОЭЗИЯСЫНАН

 

Ариф Ниһат Асуа

 

(1904-1967)

 

Стамбулдың Шаталка ауданында дүниеге келген. Оқытушылар семинариясын бітірген. Бірнеше жыл оқытушылық қызмет атқарған. Көптеген поэзиялық, прозалық шығармалардың авторы. Халық арасында «Байрақ ақыны» деген атқа ие болған. «Түрік жыры», «Түрік сазы» жинақтары бар.

 

 

 

 

 

Дастан

 

 

 

Жеңіс туын желбіреткен

 

Тұлпарлар бар.

 

Тағалары алтыннан.

 

Оғыз. Білге. Сүлейман

 

Алтындай бұл – нар тұлға.

 

Маңдайыма сыйған байлық

 

Бұл жерлер –

 

Бабалардан қалған мирас тартуға.

 

Сап алтындай қылыштардың

 

тот баспайды жүздерін. Толығырақ »

Сергей ЕСЕНИН. АННА СНЕГИНА

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Сергей ЕСЕНИН

 

АННА СНЕГИНА

 

             Сергей Александрович  ЕСЕНИН (1895-1925) – өзінің алғашқы жыр жинақтарымен-ақ сыршыл лирик, терең психологизмге толы пейзаждық өлеңдердің хас шебері ретінде танылған орыстың аса көрнекті ақыны. Туған жерге, Отанына деген жан жылылығы мен шексіз махаббатқа толы өлеңдері оның поэзиясына табынушыларды толқытуын толастатқан емес.

С. Есениннің алғашқы өлеңдері1914 жылдан бастап мәскеулік балалар журналында жариялана бастады.1915 жылы Петербургке келген ол А. Блок, С. М. Гордецкий, Ф. М. Ремизов, Н. С. Гумилев сияқты белгілі адамдармен танысады. Бұл таныстық ақын дүниетанымына үлкен өзгерістер әкелді.

Есениннің алғашқы жинағы – “Радуница”1916 жылы жарық көрді. Бұдан кейін 1918 жылы “Көгіс”, “Жаңғыру” жинақтары жарияланған. 1918 жылы ол Мәскеуге келеді. Төңкеріске байланысты “Иордандық кептер”, “Инония” атты шағын поэмаларын жазады. Өзінің ұстанған көркемдік тәсілі жағынан жақын А. Б. Мариенгоф, В. Г. Шершеневич, Р. Ивневтермен 1919 жылдың басында иманижистер тобына бірігеді. Кейіннен бұл топтан өз бағытын бөлектейді. Оның эстетикалық қызығушылығы патриархаттық деревня салтына, көркемөнердің халықтық түп негізіне ауған болатын.

Өз ортасына сыймай аласұрған ақынның көңіл-күйі “Бұзақының тәубесі” (1921), “Кабакты Мәскеу” (1924) жинақтарында анық көрінген. Ақын өмірінің елеулі оқиғасы – оның американдық биші Айседора Дунканмен кездесуі және некелесуі. Екеуі бірге Германия, Бельгия, Франция, Италияға сапар шегеді. 1922 жылдың мамыр айынан 1923 жылдың тамызына дейін Америкада болады. Ресейге оралған соң онымен ажырасады. Жаңа қоғамның жыршысы болу тілегімен Отанына келген соң көптеген өлеңдерін, әйгілі “Парсы әуендері” циклын және “Анна Снегина” поэмасын жазады. Толығырақ »

КЛОД ЛЕВИ-СТРОСС. ГУМАНИЗМ, ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

0

ӘЛЕМДІК АҚЫЛ-ОЙ ҚАЗЫНАСЫНАН

КЛОД ЛЕВИ-СТРОСС

 

ГУМАНИЗМ, ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

          Клод Леви-Стросс – аса көрнекті француз антропологі, мәдениет зерттеушісі, этнологі әрі социологі. Мәдениетті зерттеу саласындағы структуралистік (құрылымдық) бағыттың негізін салушы. 1908 жылы туған, Сорбонна университетінде білім алған. Жас шағында Руссо, Маркс ілімдерімен, социализм идеяларымен, Кант, Гегель философиясымен қатты әуестенген. Француз социалистік партиясының мүшесі болған.

1935-1938 жылдары Бразилияда тұрған, Сан-Паулу университетінің профессоры болған, Оңтүстік Америка үндістерінің өмірін зерттеп, этнографиялық, антропологиялық, ізденістер жолына түскен. Сол зерттеулерінің нәтижесінде “Туыстықтың қарапайым құрылымы” (1947 ж.), “Тропиктік аймақтың қасіретті тірлігі”(1953 ж.) атты танымдық маңызы зор этнографиялық еңбектер жазған.

1945-1947 жылдары АҚШ-тағы француз елшілігінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі, 1948-1958 жылдары Ғылыми зерттеулердің Француз Ұлттық орталығы жетекшілерінің бірі, Адам музейі директорының орынбасары, Жоғары зерттеулер Мектебінің жабайы халықтар діні кафедрасының меңгерушісі, ЮНЕСКО-ның әлеуметтік ғылымдар жөніндегі Халықаралық кеңесінің бас хатшысы міндетін атқарушы болып істеген. 1960-1984 жылдары Колледжде Франс деп аталатын әйгілі оқу орнының әлеуметтік антропология кафедрасының меңгерушісі, осы колледж жанынан құрылған әлеуметтік антропология Лабораториясының жетекшісі болған. 1973 жылдан бастап Француз академиясының мүшесі, одан кейін Ұлыбритания королдігі жанындағы антропология институтының мүшесі, бірнеше батыс елдері Ұлттық академияларының мүшесі болып сайланған.

Басты еңбектері: “Нәсіл және тарих” (1952 ж.), “Антропология құрылымы-1” (1958 ж.), “Мифология” (1961-1971 ж., 4 томдық), “Мифтердің құрылымы” (1970 ж.), “Антропология құрылымы-2” (1973 ж.).

ЮНЕСКО-ның тапсыруы бойынша жазылған “Нәсіл және тарих” атты еңбегінде Леви-Стросс адамзат мәдениетінің әралуандығы, олардың өзара байланыстылығы және ықпалдастығы жөнінде айта келіп, “Әлемдік өркениет дегеніміз әлемдік ауқымда алынған мәдениеттер бірлестігі, басқа ештеңе де емес және олардың қай-қайсысы да тек солардың өздеріне ғана тән өзіндік ерекшеліктерін сақтауға тырысады”, – деген тұжырымдама жасайды. Ғалым өз зерттеулерінде өзі негіздеп берген құрылымдық принципке сүйене отырып, мәдениет құбылыстарын олардың ішкі және сыртқы байланыстарының бірлігі және олардың көп деңгейлілігі тұрғысынан алып қарастырады.

Төменде беріліп отырған мақала да ЮНЕСКО-ның тапсыруы бойынша жазылып, дүние жүзінің баспасөздеріне таратылған.

***

Гуманизмнің үш түрі

 

Ғалымдарымыздың көпшілігіне антропология жаңа ғылым сияқты болып көрінеді және мұны олар қазіргі заман адамдарының дүниені танып-білуге деген құштарлығының тағы бір айғағы деп пайымдайды. Сырттай қарағанда шынында да солай сияқты болып көрінуі мүмкін. Мәселен, біздің эстетикамызда ерте дүние өнерінің орын ала бастағанына елу жыл да бола қойған жоқ. Ал одан да бұрынғы қоғамдар өмірін зерттеуге арналған тұңғыш еңбектердің өзі XIX ғасырдың алпысыншы жылдарына ғана барып тіреледі. Ол кезең Ч. Дарвиннің жалпы эволюция мәселесін биологияға байланыстыра отырып қарастырған дәуірі еді. Оның замандастарының пікірі бойынша ғалымның айтып отырған эволюциясы әлеуметтік және рухани тұрғыдан алғандағы адам эволюциясының көрінісі болды.

Этнология туралы бұлайша ойлау-алғашқы тайпалар мен халықтар туралы біздің білім-танымдарымыздың санамыздағы орны жөнінде көпе-көрнеу қателесу болып шығады. Этнология ешкімнің жеке ғылымы емес және ол ешқандай жаңа ғылым да емес: ол біздің гуманизм деп атап жүрген ұғымымыздың сонау ертеден келе жатқан ең жалпы түрі.

Орта ғасырлардың аяғы мен Қайта өрлеу дәуірі кезінде адамдар ертедегі грек-рим әлемін қайтадан жаңаша тани бастады. Ал иезуиттер латын тілі мен грек тілін білім берудің негізіне айналдырды. Міне, дәл осы кездерде этнологияның алғашқы түрі пайда болды. Қайта өрлеу дәуірі ерте дүние әдебиеті қайнарынан әлдеқашан ұмыт болып кеткен ұғымдар мен ойлау әдістерін ашып қойған жоқ, сонымен бірге ол өзінің төл мәдениетін уақыт көшіне ілестіру және төл ұғымдарын басқа дәуірлер мен халықтардың ұғымдарымен салыстыру жолдарын да тапты. Толығырақ »