Әлем әдебиеті

ЕСКЕРТКІШ ОРНАТУДЫҢ ҚАЖЕТІ БАР МА?

0

ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР

Тамара КАЛЯКИНА

ЕСКЕРТКІШ ОРНАТУДЫҢ ҚАЖЕТІ БАР МА?

Көркем әдебиетті КСРО халықтарының тілдерінен орыс тіліне тәржімелеу турасында айтылмаған сөз, жазылмаған жәйт қалмаған секілді. Жиналыстарда, симпозиумдарда, конференциялар мен пікірсайыстарда толассыз айтылады… Газеттерде журналдарда, кітаптарда тоқтаусыз жазылып жатады.

Осы орайда тосын жағдайға тап боласыз: жиналыстарда, жазбаша немесе ауызша пікірсайыстарда КСРО халықтарының тілдерінен тәржімелеу (мен прозалық тәржімелер туралы айтып тұрмын және сол жайында сөз етпекпін) – күні кеше қолға алынған сияқты, оның қалыптасқан әдістемесі де жоқ секілді, бәрін тәжірибелік жолмен танып, алғашқы қадамдарды енді ғана жасай бастағандай әсер туады. Бір қызығы, ұлттық әдебиеттерді тәржімелеу жөніндегі осы жиналыстар мен пікірсайыстарға белсене қатысып жүргендердің басым бөлегі кәсіпқой тәржімешілер емес.

Неге солай? Біздің елімізде әлемдегі ең үздік тәржіме мектебі бар, шетел әдебиетін тәржімелеу шеберлерінің толымды тобы бар, тәржіменің тамаша теориясы түзілген, енді міне, туысқан республикалардың прозасын тәржімелеу мәселесі туа қалған тұста, өзіміздің тәржіме мектебінің жетістіктерін пайдалану орнына қайтадан велосипед ойлап табуға кіріскен сыңайымыз бар. Толығырақ »

СЕН ӨТІП КЕЛШІ, СҮЙІКТІМ

0

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Робрет ФРОСТ

СЕН ӨТІП КЕЛШІ, СҮЙІКТІМ

Роберт Фрост (26 мамыр 1874, Сан-Франциско – 29 қаңтар 1963, Бостон) – АҚШ тарихындағы ірі ақындардың бірі, Пулитцер сыйлығының төрт дүркін иегері (1924, 1931, 1937, 1943).

Роберт Фросттың алғашқы өлеңі 1913 жылы жарияланды. Ақын поэзиясында ең әуелі Жаңа Англия ауылдарының тыныс-тіршілігі, шындығы терең философиялық астармен жырланғанын айта кету керек. Оның сүйікті лирикалық қаһарманы – Нью-Хэмпшир фермері болды. Фросттың 1923 жылы жарық көрген «Нью-Хэмпшир» атты төртінші кітабына Пулитцер сыйлығы берілді. Бұл – төрт рет ие болған сыйлығының алғашқысы еді. Аталмыш кітап шексіз кеңістікті жыр еткен сюжетті, сондай-ақ қысқа да тым биязы медитативті лирикасымен ерекшеленді. «Кей жерлер көгілдір», «От пен мұз» сынды жинақтарына енген өлеңдеріне негізінен нәзік психологизм, философиялық сарын тән болды. Сондай-ақ ежелгі грек трагиктерінің, атап айтқанда, Еврипидтің де әсер-ықпалы көрінді. Ақын өлеңдерінде адам жанының қат-қабат сырлары, кеңістіктегі орны, табиғатпен қарым-қатынасы да ерекше көрініс тапты.

ЖАҢБЫР ЖЫРЫ

Жыртылып жауған жаңбырдан

Жетім жол жатыр жарқырап.

Шашырап ұшқын тамшылар

Тұяқтың ізін малшылап.

Қауызын басқан қаяу-мұң

Жылайды гүлдер шетінен.

Сен өтіп келші, аяулым,

Жаңбыр мен желдің өтінен.

  Толығырақ »

ЖОЛМА-ЖОЛ ТӘРЖІМЕГЕ ЕСКЕРТКІШ

0

ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР

Генрих МИТИН

ЖОЛМА-ЖОЛ ТӘРЖІМЕГЕ ЕСКЕРТКІШ

Ғылыми техникалық революция дәуірінен көп уақыт бұрын қалам тартқан Пушкин былай деп жазған екен: «Ғасыр өздігінен алға жылжиды делік, ғылымдар, философия мен азаматшылық жетіле және өзгере береді делік, – ал поэзия болса, бір орнында қала береді, ескірмек те емес, өзгермек те емес. Мақсаты да баяғы, құралдары да сол баяғы. Ендеше ежелгі астрономия, физика, медицина мен философия өкілдерінің пайымдары, еңбектері, ашқан жаңалықтары көнеріп, күн сайын дерлік жаңғырып жатады, тек қана нағыз ақындардың шығармалары сол баяғы соны, мәңгі жас күйінде сақталып қалуда. Поэтикалық туынды әлсіз, сәтсіз, қате болуы ықтимал, әлбетте бұған алға озып кеткен уақыт емес, сірә, өлең шығарушының дарыны кінәлі болса керек».

Ұлы ақынның айтқанының бәрімен бүгінгі күні біз жеңіл әрі оңай келісе саламыз деген де ойым жоқ. Өйткені біз бәрі де өзгереді, бәрі де ілгері жылжиды дейтін пікірге дағдыланып кеттік. Алайда ақын кәперіне алмаған, ойлап та жатпаған бір ғана мәселе оның пікірінің орынды екені қуаттап тұрған тәрізді. Мен бұл жерде жолмажолдықты1 меңзеп тұрмын. Ол – поэзия құралының бірі. Әлбетте, мен осы орайда кәдімгі қарапайым кәсіптің жемісі жайында емес, сайып келгенде, нағыз поэзиялық құбылыс ретінде қарастыруға татырлық тәржіме туралы айтып тұрмын. Толығырақ »

ПОЭТИКАЛЫҚ КЕСКІНДЕУ ӨНЕРІ

0

ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР

Смауил МАРШАК

ПОЭТИКАЛЫҚ КЕСКІНДЕУ ӨНЕРІ

Самуил Яковлевич МАРШАК (1887-1964) – көрнекті орыс кеңес ақыны, сыншы, белгілі аудармашы. Шет тілдерінен, соның ішінде ағылшын әдебиетінің шоқтықты шығармаларын, сондай-ақ Кеңес Одағы халықтары әдебиетінің тұғырлы туындыларын орыс тіліне тәржімелеген. Ақынның балаларға арналған өлеңдері көп таралыммен қазақ тілінде талай мәрте жарық көрген.

 * * *

«Аударма», «аудару», «аудармашы» – жалпақ жұрт қабылдаған, дағды бойынша заңға айналып кеткен осынау сөздердің, сайып келгенде өзіміз көркем, ақындық тәржіме ретінде түйсінетін түсінікке сәйкестігі тіптен шамалы.

Біз сағат тілін аударамыз, бір көліктен екінші көлікке жүкті аударамыз, пошта немесе телеграф арқылы ақша аударамыз.

Сөйтіп, «аударма» сөзінен туындыгерлікке қатысы жоқ, әлдеқандай техникалық лепті сезінеміз. Тегінде, бір тілден келесі тілге құжатты, хатты немесе ауызекі сөзді аударған кезде бұдан пәлендей ағаттықтың аңғарылмайтыны да рас. Толығырақ »

ҚОШ БОЛ, МЕНІҢ ШАБЫТЫМ!..

0

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Уитмен УОЛТ

ҚОШ БОЛ МЕНІҢ ШАБЫТЫМ!..

Америка әдебиеті тарихындағы ұлы ақындардың бірі – Уитмен Уолт 1819 жылғы 31 мамырда Нью-Йорк штатындағы Хантингтон, Уэст-Хилсте қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әріп теруші, мұғалім болып жұмыс істеген. Азамат соғысы кезінде, яғни 1861-65 жылдары госпитальдарда санитар болған. 1846 жылы «Бруклин Игл» газетіне жетекшілік еткен. Жастайынан әңгіме, өлең жазумен айналысқан. 1855 жылы «Шөп жапырақтары» атты өлеңдер жинағы жарық көреді. Соғыс тақырыбына арналған «Барабан дабылы», «Осы көктемде үй ауласында жұпаргүл көктеген шақта» жинақтары 1865 жылы басылып шыққан. 1873 жылы сал ауруына шалдыққан Уитмен 1892 жылы Нью-Джерси штатындағы Камденде 73 жасында қайтыс болады.

Уолт Уитмен – әлем әдебиеті тарихындағы ерекше құбылыс. Бүкіл ғаламшар – оның өз үйі, өз Отаны, ал шығармаларының басты кейіпкері – сол ғаламшардың жалғыз билеушісі – еркін де азат, келешекке алшаңдай қадам басқан жасампаз Адам. Жаңашыл суреткер дәстүрлі поэтикалық өлшемдерді қабылдамай, шығармаларын негізінен ақ өлеңмен жазған, прозалық элементтерді де оңтайлы енгізген. Ол диалог жүйесін шебер қолданған, ал музыкалық ырғақтылық – жыр-толғауларының жаны, өзегі десек, артық болмас.

ЕГЕР МАҒАН БҰЙЫРТСА

 Егер маған бұйыртса, ең ұлы деген ақын-жыраулармен таласар ем,

Олар сияқты асқақ та, сарабдал тұлғаларды суреттер ем,

өз еркіммен Гекторды, Ахиллесті, Аяксты жырлаған ұрыс пен

жауынгерлік ақыны – Гомермен жарысар ем,

Немесе Шекспирге ұқсап, Гамлетті, Лирді, Отеллоны

дүниеге келтірер ем,

Теннисон сомдаған ару бейнелерін мен де сомдар ем,

Зерделігіммен, жыр жолдарыммен, ерекше сюжетіммен,

қаламгерлер ғанибеті –

ең үздік сортты ұйқастарыммен барша жұртты тамсандырар ем.

Осының бәрін, бәрін-бәрін, о, теңіз, саған қуана-қуана берер ем,

Маған тек бір ғана толқыныңның шолпылын берсең болды,

Өлеңімді деміңмен бір шарпып өтіп, өлеңімде сол иісті қалдырсаң.

Толығырақ »

«ЭНКИДИАДА»

1

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Мұрат ӘУЕЗОВ

«ЭНКИДИАДА»

 Шумердің «Гилгамен» эпосы жайлы

Басыңдағы баспанаң ба мәңгілік?

Қышқа басқан тас таңбаң ба мәңгілік?

Бірге өскен бауырың ба мәңгілік?

Адамдарды бір-біріне айдап сап,

Қырқыстырған күндестік пе мәңгілік?

 Бұл жолдар әлемді топан су қаптаған кезде өмір сүрген аккадтықтардың Нұх пайғамбары Утнапиштидің монологынан алынды. Негізгі мәтіннен оңаша осы оқшау тұрысында да бұл сөздердің сыны еш бұзылмайтыны аңғарылады.

Көне «қалыпты» кері ысырып тастаған жыр әуенінен адамдарды бауырластыққа, өзара түсіністікке шақыру іспетті ізгі тілектердің үні айқын естіліп тұр. Бұрынғы өмір сүру мазмұны тұтасымен топан судың аяусыз аранына жұтылып, пейілі адалдықтан аман қалған адам ретінде Құдайлар «қатарына» қабылданған Утнапиштидің өзі іспетті, сөздері де жаңа реңкке, мән мен мағынаға ие. Рас, өз қазанында, яғни, Гілгәмеш туралы эпоста, дәлірек айтқанда, Утнапиштидің монологына, олар біршама дәрменсіздеу, мұңлылау естіледі. Монолог «Сұм ажал ешкімді де аямайды» деп келетін жалпылама ой ауанымен басталады да, адамның қолында тұрған ештеңе жоқ екені, бәрі де Құдайлардың маңдайыңа не жазғанымен анықталатынына тоқталады. Ажал бәріне соңғы нүкте болмақ. Жауыздыққа да, мейірімге де, олардың өзара тартысына да. «Мәңгілік» ештеңе жоқ, өйткені, ештеңе мәңгілік болып жаратылмаған. Біз эпиграфқа таңдап алған сөздер Утнапишти монологының тұтқынында тұрғанда осы ойлардың дәлелі іспетті болып қала бермек. Толығырақ »

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАГОР

0

ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАЛАР

 ТАҢҒАЖАЙЫП ТАГОР

Дүниедегі ең талантты адамдардың бәрі жұмбақ. Шын талантты адам әрі биік, әрі терең, әрі кең, сондықтан ол бас алады әріден. Жұмбақ емес адам талантты да емес. Ұлы Абай: «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла», – деді ғой. Біз сөз еткелі отырған Үндістанның дарабоз дүлдүл данасы Рабиндранад Тагор да жұмбақ. Тагор – оңайлықпен жалынан сипатпайтын тарлан тұлпар. Көкке шапшып, Айға атылып тұр. Тагорға әбден өткелектен өтіп, дымың құрып зорға жетіп, ынтызар боп ынтығып, іңкәр боп үзіліп, дайындықпен келмесең оның көкжиегін көре алмайсың. Өйткені, Тагор тылсым тың жұмбақ, түпсіз терең тұңғиық. Ойлап көрші… дүниенің өзі де жұмбақ қой. Тагор – зор, өр, ер, табиғаттай тұтас, бітімі бөлек бірегей, зәулім заңғар, буырқанған бұла, мұқалмас мұра.

Міне, осындай, басқадан оқ бойы оқшау тұрған, жалаң басын ғарышқа ұрған, қыран көзін адамзатқа бұрған телегей теңіз тау тұлғаның текті тұрпатына қарай бет алайық. Толығырақ »

ҮНДІ ӘДЕБИЕТІ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ

0

ЗЕРТТЕУ. ЗЕРДЕЛЕУ. КӨЗҚАРАС

Әубәкір НІЛІБАЕВ

ҮНДІ ӘДЕБИЕТІ МЕН ФИЛОСОФИЯСЫ

Әубәкір НІЛІБАЕВ 1928 жылы 10 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданында дүниеге келген.

Жиырмаға жуық жыр жинақтары шыққан: «Таңғы тыныс», «Болашақ осылай басталған», «Жыр жалау», «Қоңыр жел», «Алаулаған армандар», «Іңкәр жүрек», «Жер жүрегі», «Жиһан жиһазы», «Асыл адам», «Мың сөз» және тағы басқалар.

Эсхилдің «Бұғауланған Прометейін», Азия және Африка ақындарының өлеңдерін, Пәкістан ақыны Мұхаммад Икбалдың таңдамалы өлеңдері мен поэмаларын, Э.Потьенің, М.Лермонтовтың, Р.Тагордың, В.Маяковскийдің, Н.Забловскийдің, М.Светловтың өлеңдерін және «Махабхарата», «Ригведа», «Бхагавадгита», «Рамаяна» атты үнді эпостарын аударған.

Үндістан Республикасының Падма Шри сыйлығының лауреаты, Пәкістан Республикасының Икбал Академиясының «Икбалдың Алтын ескерткіші» сыйлығының иегері.

 * * *

 Біз, бүгінгі ХХІ ғасырдың адамдары, мынау аласапыран алып-қашпа дүниеге жаңа көзбен қарауға тиістіміз. Өйткені, біз күрт өзгерістер, күтпеген эксперименттер дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Уақыт қанша жүйрік болса да адам ой-қиялының, білім-ғылымының, ақыл-арманының уақыттан озып кетіп отырған тұстары да бар. Бұған дәлел ретінде адамның ғарышты меңгеруін айтсақ та жеткілікті болар. Сөйтіп, адам техникалық прогресті қолда ойнатып, дүйім дүниені дүбірге бөлеп, таңқалдырып отыр. Мұның үстіне, әлемге жар салып, ғаламдану деген идея ту көтеріп, ду көтеріп, адамзатты алаңдату үстінде. Ал осы шақта адам от басы, ошақ қасында қалып қоймай, дүр сілкініп, биікке, алысқа ұмтылуға тиіс. Мен мұны өзім жазушы болғандықтан әдебиет әлеміне қарата айтып отырмын. Ал шын ақын немесе шын жазушы болсаң, ең алдымен, сен кең көлемде, әлемдік масштабта ойлануың керек. Басқа ел қандай? Біз қандаймыз? Міне, осыдан барып, өз әдебиетіңмен қоса басқа әдебиетке де қызығушылық туады. Менің халқымда «Жақсының сөзі ортақ» деген мақал бар ғой. Өз басым осы мақалды жасымнан басшылыққа алдым. Басқа елдің ақын, жазушыларын қызыға оқыдым. Бала күнімде Абайдың Пушкинді, Лермонтовты, Крыловты неге аударғаны жөнінде көп ойланатын едім… Абайды жаттаумен бірге Пушкиннің «Я помню чудное мгновение, передомной явилась ты» деген жолдарын жаттамау мүмкін болмады. Әлемдік философия классиктерінің бірі Әбунасыр Фараби жетпіс тілді жетік білген полиглот деген аңыз бар. Ол алдымен араб тілін, содан соң грек тілін меңгеріп, Платон мен Аристотельді араб тіліне аударғаны мені аса қызықтырды. Сөйтіп, менің ішкі дүнием аударма өнеріне қарай бұрылды да тұрды. Толығырақ »

МАХАБХАРАТА

0

КӨНЕ ЗАМАННАН ЖЕТКЕН ҚАЗЫНА

МАХАБХАРАТА

«Махабхарата» – үнді халқының дүниежүзінде теңдесі жоқ ұлы эпосы. Осы эпостың «Бхагавадгита – құдіретті жыр» деген тарауын журнал оқырмандарына ұсынып отырмыз. Терең ойлы философиялық орамда жазылған бұл тарауда эпостың негізгі идеясы анық аңғарылады.

БХАГАВАДГИТА – ҚҰДІРЕТТІ ЖЫР

 Туында маймыл суреті, ұстаған батыр қолына,

Каураваларға қарады, қарсы тұрған жолына.

Кетпестен бұрын оқ жауып, алдында қанды ұрыстың,

Сөз сөйледі Арджуна, көзінде жанып мың ұшқын:

«О, Кришна, қанеки, шығаршы мені ортаға,

Арбамды қане әкелші, қарайын тұрып баршаға.

  Толығырақ »

ФРЭНСИС МАКОБЕРДІҢ БАЯНСЫЗ БАҚЫТЫ

Комментарии к записи ФРЭНСИС МАКОБЕРДІҢ БАЯНСЫЗ БАҚЫТЫ отключены

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Эрнест ХЕМИНГУЭЙ

ФРЭНСИС МАКОБЕРДІҢ БАЯНСЫЗ БАҚЫТЫ

әңгіме

Эрнест Миллер ХЕМИНГУЭЙ (1899-1961) – американың көрнекті жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты.

Хемингуэй соғыстың қатігездігі мен ауыр зардаптары суреттелген «Қош бол, қару!» атты романы арқылы бүкіл әлемге танылды. 1954 жылы «Шал мен теңіз» повесті үшін Нобель сыйлығын иеленеді.

Оның «Фиеста», «Біздің уақытымызда», «Әйелсіз еркектер», «Түстен кейінгі өлім», «Африканың жасыл қыраттары» және басқа да көптеген еңбектері бар.

* * *

Түстік әлеті. Олар ас-су шатырының жасыл түсті астарлы шалғайының астында түк болмағандай жайбарақат отырған.

– Сендер апельсин шырынын ішесіңдер ме, әлде лимонад па? – деп сұрады Макомбер.

– Маған коктейль, – деді Роберт Вилсон.

– Маған да коктейль, аздап ішемін, – деді Макомбердің әйелі.

– Шамалы тартып алу керек шығар, – деп қосыла кетті Макомбер, – үш үлес коктейль жасаңдаршы, – деді.

Бақыршы арақ дайындауға кірісті. Брезент мұздатқыш қаптан шөлмектерді алып шығып жатыр. Ескек жел өпкен, көлеңкелі шатырдағы қаптар самал желде шып-шып тершіп тұрған болатын. Толығырақ »