Әлем әдебиеті

ҚҰЙЫРШЫҚ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Цэндийн ДОРЖГОТОВ

ҚҰЙЫРШЫҚ

Цэндийн ДОРЖГОТОВ – 1970 жылдардың соңында Моңғол әдебиетінің сатира жанрында тың бетбұрыс жасаған аса дарынды қаламгер. Ұзақ жылдар бойы сатиралық әдеби журналды басқарған жазушы тоқырау кезінде жазған «Баба» атты әңгімесі үшін цензураның қырағы көзіне ілігіп, «саяси бюроны астарлап келемеждеді» деген айыппен туындыларын жарыққа шығару құқынан айырылған тұстары да болды. Ол бүкіләлемдік сықақшылардың халықаралық «Алеко» сыйлығының бас жүлдесін жеңіп алған.

* * *

Адамзат алғаш пайда болған сәтте-ақ мен туылыппын. Сонымен күні бүгінге дейін аман-сау жүріп жатқан жайым бар. Алғашқыда бәрімізде құйыршық болды. (Егер күмәндансаңыз, бөксе жағыңызды бір сипап көре салыңыз, орны білінеді.) Ес біліп, етек жапқан кезімнен бастап сол құйыршық маған пәле болып жабысты. Мен өзімнен төмен әлсіздерді басынғым келіп тұрады. Ең бастысы, ішкі ойымды басқаға сездірмеуім керек. Алайда менің көкірегімде астамшылдық туа қалған сәтте әлгі құйыршық құрғыр қақиып, тіктеле қалады. Құйыршықты көрген жұрт: «Ананы қарашы-ей, өзінен төменді басынып, сес көрсетіп тұр», – деп мазақтайды да, бәрі ду етіп күледі. Мен еріксіз райымнан қайтуға мәжбүр боламын.

Көне заманда да қазіргідей сұлу арулар көп болды. Оларды көргенде ішіме құрт түскендей жыбырлап, бір қызық күйге енемін де, құйыршығым ұятты ұмытып, бұлғаңдай қалады. Оны әлдеқашан байқап қойған халық тағы да шулап қоя береді: «Ой, ұятсыз! Әйелі бола тұра өзгеге көз салып…» – деп, тіпті күн көрсетпейді. Ақыры, адам үнемі ойын жасырғысы келгенімен, құйыршық оны әшкерелей беретін «алабайрақ» екендігіне көзім жетті. Толығырақ »

МАЙМЫЛДЫҢ АТЫ МАЙМЫЛ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Пүрэвжавын БАЯРСАЙХАН


МАЙМЫЛДЫҢ АТЫ МАЙМЫЛ

Пүрэвжавын БАЯРСАЙХАН 1959 жылы Завхан аймағының Жавхлант ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. Әңгіме, повесть, романнан тұратын алты кітабын жарыққа шығарған. Сонымен қатар бірнеше пьесасы сахналанып, кино шығармалары эфирге шығарылған. Моңғолия Жазушылар одағының төрағасы болған. Қазіргі таңда ұлттық радионың шолушысы.

 

* * *

Жарқын да жарық алысқа аңсарым ауады…

В. Шукшин

Әйелі бірнеше күн әжептәуір тыныш жүрді де, кештен бастап қайтадан сөйлеуді бастады. Ұрыс-керісін сағынып, іші пысқан шығар. Ашуы мен жылап-сықтауынан бір жалықпайтын неткен қызық адам еді, бұл бейбақ?!

Дэлэг әбден мезі болып, бөлмесінің есігін тарс жауып алды да, төсекке киімшең құлай кетті. Ас үйден әйелінің күйінген даусы анық естіледі. Қараңғылық қоюланып, терезеден ай сығалайды.

– Не деген бітпейтін тірлік бұл? Неткен… Толығырақ »

САРЫ СУ ТАСҚЫНЫ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

 

Дамбадаржаагийн НАМСРАЙ

 

САРЫ СУ ТАСҚЫНЫ

Дамбадаржаагийн НАМСРАЙ 1949 жылы Хөвсгөл (көпсукөл) аймағының Рашаант ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Мәскеуде А.М. Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. Ол театр, мәдениет ұйымдарында, Жазушылар одағында, Моңғол телевизиясында және радио саласында еңбек етті. 1971 жылдан шығармашылық жұмысын бастаған. Намсрайдың қаламынан «Хрусталь айна», «Балаңдықтан арылу», «Оралмас», «Асыл шолпан» атты драмалар мен «Тау мен судың ұрпағы», «Иман мен күнә», «Жин дунгуй», «Махаббат аңызы» киносценарийлер туған. Сонымен қатар «Зәулім қаладағы Хандарма сүйіктім», «Жаздың бастапқы айы», «Торай орманы», «Жамуханың уәжі», «Сайын даладағы ой», «Көгілдір Сэлэнгэ» романдары мен жинақтарын жарыққа шығарған. Моңғолия Жазушылар одағы сыйлығының иегері.

* * *

Жасы жетпісті желкелеген қушиған қара шал шабан жүрісті ақ боз атын тебініп қойып, тері тоқымын сықырлатып, бөк-бөк желдіртеді. Қолындағы қамшыны үйірмейтіндігіне әбден үйреніп алған ақ шабан да сәлден соң жүрісін баяулатып, ауыздығын шықырлатып, өгіз аяңға басады. Аттың желісі мен аяңын айыруға соншалықты құлқысыз шал ежелгі әдетімен сан сапалақ ойларға ерік беріп, көзі ашық пен жабықтың арасында, өзі ұйқылы-ояу кейіпте шылбыр мен тізгінді бір қолға уыстап, келесі қолдағы қамшысын салбыратып келеді. Жетер жол мен бағытты ат өзі табатындықтан, Ғонжо шал үшін оған бас қатырудың қажеті шамалы еді. «Қарасан, аусыл дейді… Оба, құтырма, ал адамға спид дей ме? Бұрынғылардың ақыр заман дейтіндері расында келіп қалды ма? Мал-жан демей бәрі жын-шайтанның пәлесіне ұрынып жатыр ма, сонда?.. Ал сонда әлгі жын-шайтанның өзі қайда тұратын неме? Адамның өз ішінен шығып жатқан жоқ па?! Дауыл, тасқын су, өрт, қуаңшылық, жұт атаулыны қойшы, дүниеде әлімсақтан бар нәрсе. Ал енді мына ұры-қарылық, тонаушылық, кек қайтару, қанды қырғынды жасайтындар екі аяқты, шақша басты пенденің ішіне кіріп кеткен сайтандардың әрекеті ме? Жоқ, мына әкім болып жүрген ана бір адамға не жабысты екен, аяқ астынан о дүниелік болып кетті. Миына қан шапты дей ме, жүрегі тоқтап қалды дей ме біліп болмайсың! Кенет аттанып кеткен екен. Ал енді қарашы, оның тағына таласқандар бүкіл ауылды дүрліктіріп жатқанын. Тегі мен тұқымына қарасаң да, кешегі жалаңбұт кезін еске түсірсең бе, қазіргі шулап жүргендердің өңшең көгенін сүйреткен лақ текешіктер! Оны жақтап, жағалап жүргендер құдды бір сойылған малдың тұлыбына мөңіреген сиырлар сияқты».

Ғонжо шал осылайша түс көріп отырған адамша өз ойымен оңаша тіссіз аузын бүлкілдетіп, сыбырлап келеді. Толығырақ »

ҚҰПИЯ СЫР

Комментарии отключены

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Балжиннямын ПYРЭВДОРЖ


ҚҰПИЯ СЫР


Балжиннямын ПYРЭВДОРЖ 1949 жылы Завхан аймағының Жаргалант ауылында дүниеге келген. 1976 жылы мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, оқытушы болған кезінен бастап көркем әдебиетпен айналысты. Алты романы жарыққа шыққан соң, 1988 жылы Моңғолия кәсіподағының арнайы сыйлығына ие болды. Оқырмандар арасында сыршыл жазушы ретінде танылған.

 

* * *

Сүйікті қарлығашым менің, өзіңе қатысы жоқ бірдемелерді несіне қызық­тайсың? Мен сен жайында ойлағанда, әлі тұрмысқа шықпаған, тіпті шыққан күннің өзінде жеке өмірін тығырық пен торшылдыққа тіремеген, ондай жағдайға жеткізбейтін ақылына көркі сай ару деп білемін. Салт бас, сабау қамшы еркек болған соң, осындай ойға әбден байланып қалғандаймын. Сен «күйеуім көңілдес тауып алса, не істеймін?» деуден қатты именгеніңе қарағанда, ондай тірліктен өлердей қорқатының көрініп тұр. Жарың немесе өзің құпия көңілдеспен ұшырасып қалсаңдар не істеу керек жайында екеуміз бір сырласайықшы. Толығырақ »

БАҚТЫҢ КӨГІЛДІР ТАУЛАРЫ

Комментарии отключены

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

 

Санжийн ПҮРЭВ

БАҚТЫҢ КӨГІЛДІР ТАУЛАРЫ

 

 Санжийн ПҮРЭВ 1941 оны жылы Говь-Алтай аймағының Дарви деген жерінде дүниеге келген. 1963 жылдан бері әдебиетпен айналысқан белгілі прозаик. 1980 жылы Мәскеуде А.М. Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Д. Нацагдорж атындағы сыйлықтың иегері, МХР мәдениет қайраткері. Көптеген таңдаулы әңгіме, повестер жинақтары мен романдарын жарыққа шығарған.

* * *

Таңғы салқында жол қысқартуға ұлы даладан ертелеп шыққан көш керуен тал түсте тау етегіне жетті. Көштің алдында жол бойын жағалаған бір табын сиыр ұзақ жүрістен шаршағандай бастарын алма-кезек шайқалақтап, баяу аяңдап келеді. Ал дала кезіп, тау асып көрмеген жас бұзаулары енелерінің көлеңкесінде суланған танауларын көтеріп еріп жүр. Оның соңынан екі шаңыраққа ортақ қойлары жердің шаңын көтеріп алға жылжиды. Гэрілма ердің қасына ілінген радиоқабылдағыштың дауысын тыңдап, терең ойға батқан. Цогтбайыр биыл он сегізге толып, өзінше балаң жігіттікке аяқ басса да, Гэрілмаға тіктеп қарай алмайды. Жастық шақ оған күш-жігер сыйлап, асқақ арманға жетелесе де, ұялу мен құпия мазасыз ойлары тағы бар. Толығырақ »

КӨМІРІК

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Лодонгийн ТҮДЭВ

 

КӨМІРІК

Лодонгийн ТҮДЭВ 1935 жылы Говь-Алтай аймағының Нарын ауылында дүниеге келген. Көрнекті ғалым әрі елдің бас газетін басқарған мемлекет қайраткері. Моңғолияның Еңбек Ері. Шығармаларының 25 томдығы 2002 жылы басылып шықты.

* * *

Даладағы құмды мекендейтін малшының үйіне таулы-нулы өлкеден қонақ келді.  Жаздың жайма шуақ кезі болғандықтан, арқа-жең кеңіп, бауыр жазылған бір тамаша кезең. Таудан келген қонақ шөл даланың аптап ыстығына шыдай алмай, киімдерін түгелге таяу дерлік шешіп тастап, тыр жалаңашқа жуық отыр.

– Сендер өзі бір жаны сірі адам екенсіңдер! Мынандай қапырық ыстықта мақталы шапаннан айырылмайды екенсіңдер. Ісіп-кеуіп кетпей, қалай шыдап жүресіңдер, ей? – деп таңдана сұрап қояды. Түйеші қария күліп қояды.

– Мақталы шапанның өзі жұқа болып тұр. Жүні сыртына қараған тері тон болса, мына ыстықта қатып кетеді. Салқындатып жібереді ғой.

Таулық қонақ оған сенбеді. Өзін мазақ етіп әдейі айтып отыр деп ойлап ызасы келсе де, жаңадан құда болған адаммен жүз шайысып қалудан сақтанып, шыдап бақты. Толығырақ »

КҮН СӘУЛЕЛІ ТЫРНА

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

 Сэнгийн ЭРДЭНЭ

 

КҮН СӘУЛЕЛІ ТЫРНА


Сэнгийн ЭРДЭНЭ – Хэнтий аймағының Биндэр елді мекенінде 1929 жылы дүниеге келген жазушы. 1949 жылы офицерлер мектебін, 1955 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірген. 1965 жылы МХР мемлекеттік сыйлығын, 1976 жылы Жазушылар одағының сыйлығын иеленіп, 1994 жылы халық жазушысы атанды.

* * *

Мен қиратылған ескі ғибадатхананың жұртындағы суалған құдықтың қор­шауына отырып алып, жазғы кештің батқан күнімен қоштастым. Адам болғалы бергі небәрі он бес-ақ жылдың ішінде таңғажайып оқиғаларды бастан кешіріппін. Мұнда ғибадатхана болған. Енді жоқ. Себебін онша түсінбеймін, бірақ өкінер жайым жоқ.

Кішкентай кезімде анамның жетегімен биік ағаш баспалдығымен өрлеп шығатынмын. Ішіне кіргенде көп ламалар дұға оқып, үрлемелі аспаптар безек қағып, арша иісі мұрынды жаратын. Тістері ырсиған қорқынышты жаналғыштар мен байсалды, мейірімді құдайларды бейнелеген мүсіндер шырақтың жарығымен көзге түсетін. Жаратушыға тағзым ет дегенде тізерлеп маңдайымды жер иіскететінмін. Соның бәрі жер жарылып астына түскендей жоқ болып, тек қана ғибадатхананың іргетасы ғана қалыпты. Сол төрт бұрышты таған тастардың арасын арам шөптер басыпты. Өкінетін несі бар? Құрдымға кетуге тиіс болған шығар? Құдығының суы тартылып қалыпты. Осы құдықты әкем де қазысқан дегенді естігенім бар. Енді әкемнің өзі де жоқ. Ғибадатхана, әкем, жалпы көп дүние көзден бұлбұл ұшты. Ал оның орнына бұрын болмаған жаңа көріністер ұшырасып жатыр. «Соғыс басталды!» – деп елдегі бас көтерер ер-азамат атаулының бәрі аттанып кетті. Ағам да солармен бірге кеткен. Қайта орала ма, жоқ па, беймәлім. «Майдан даласында жаулар өлтіріп тастайды» деседі. Толығырақ »

АЛТАЙДЫҢ КӨК ДӨНЕНІ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Бөхийн БААСТ

 

АЛТАЙДЫҢ КӨК ДӨНЕНІ

Жазушы Бөхийн БААСТ 1921 жылы Баян-Өлгий аймағының Алтанцөгц ауылында дүниеге келген. Марксизм-Ленинизм университетін және Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. 1936 жылдан бері жазушылық­пен айналысып, «Алтай жолымен», «Алтай гүлі», «Алтай желі» сынды он шақты әңгіме, повестер жинағын жарыққа шығарумен қатар, қазақ жазушыларының көптеген шығармаларын моңғол тіліне шебер аударып бастырған қазақжанды қария. Сонымен қатар «Ақтамақ», «Сүйгенім менің қалада», «Ақмаңдайлым» сынды қазақ әндерінің сөзін моңғол тіліне аударып, халық арасына кеңінен таратқан ақын. 1976 жылы таңдаулы шығармаларға берілетін Д. Нацагдорж атындағы сыйлықты жеңіп алған.

* * *

Аппақ қардай күміс түсті жүрдек ұшақ мәңгілік мұз жастанған, аты аңызға айналған Цамбагарав тауының сол жақ баурайына келгенде бірнеше мәрте солқ етті. Туған жердің көңілге медеу, жүрекке жақын сай саласы көз алдымда зулап өтіп жатты. Ақшиліктер деп аталатын бір қауым жұрт осы өлкеде мыңдаған малымен күзеп, қыстап-жайлаумен қатар, көктемде жер жыртып, егін салады, күзде пішен шауып, оның игілігін көреді. Ақши өңірі Қобда өзені бойындағы бір кең алқап. Туған топырағымның қоңыр күзінің ең бір тамаша кезеңінде мен онда ұшып жеттім. Сәлден соң, ауылдың шеткері жағындағы Читгай деген жердегі анамды қойған бейіт ұшақ терезесінен жылт етіп көрінді де, артта қалды.

Анамның қандай адам болғанын мен анық білмеймін. Қайтыс боларынан бірнеше күн бұрын бір рет көріп қалғаным арқылы ғана мен анамды елестете аламын. Соңғы демі үзілерде: «Мына ұлым ұшпаққа шығып кетпесе де, білімді болу маңдайына жазылған секілді. Есте сақтау қабілеті мықты екен. Есіңде болсын…» – деп әкеме аманаттаған екен. Кейін әкем хал үстінде жатқанда да, осы өсиетті қайталады. Бала кезімде бір ғажайып түс көргенім бар. Астымда көк атым бар көп жаудан қашып келеді екенмін. Анам алдымнан шығып: «Ұлым, тездет!» – деп жүгіріп келеді екен. Тағы бірде «Алтайдың көк дөнені» деген бір аңызды Гэцэлжав ағам айтып беріп, «білімді адамның бармайтын жері, көрмейтін ғажабы, мінбейтін көлігі болмайды» дегенін кезінде жақсы ырымға балағаным бар. Мен ұшақпен талай рет сапарға шықтым. Әр сапар сайын мен өзім отырған ұшақты бала кезімде түсімде көрген «Алтайдың көк дөнені» іспетті қабылдаймын.

Мен бала кезімде тентек ұл болсам керек. Алайда біреуге зиян келтірерліктей ештеңе жасаған емеспін. Шын мәнінде ел дүрліктірердей бірдеме жасайтындай ол заманның баласында қандай жағдай болсын? Мен көпбалалы отбасынан едім. Қазір де көппіз ғой. Ал бала кезімізде біз бақытсыз отбасы едік. Толығырақ »

ҰЙЫП ЖАНЫМ, ҚАЛҒЫМА ТЕК

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

 Далантайн ТАРВА

ҰЙЫП ЖАНЫМ, ҚАЛҒЫМА ТЕК

Далантайн ТАРВА – ақын, жазушы, журналист. 1923 жылы Моңғолияның Дорнод аймағының Халх гол ауданында дүниеге келген. Он үш жасынан әскерге алынып, 1940 жылы Халх гол соғысына қатысқан. Алдымен Моңғолия мемлекеттік университетінде, кейіннен Мәскеу қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. Көптеген жыр жинақтары басылып шыққан. «Туған жер үшін», «Әндер», «Мәскеу – Ұланбатыр», «Бейбітшілік үшін, Отан үшін» атты кітаптары жарық көрген.

ТОБЫЛҒЫ ҚАМШЫ

Тобылғыдан жолдас қып,
Жонып алған қамшы едің.
Даңқты біздің қолбасшы,
Қолына алған қамшы едің.

Моңғол адам қайыстан,
Өріп берген қамшы едің.
Сүхбаатарға алыстан,
Серік болған қамшы едің.

Ақ арманын адамның,
Тар кезінде ақтаған.
Бақыты үшін заманның,
Құпиясын сақтаған.

Толығырақ »

НАЙЗАҒАЙЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Чинагийн ГАЛСАН

НАЙЗАҒАЙЛЫ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

 

Чинагийн ГАЛСАН – шығармаларын неміс, моңғол тілдерінде жазатын жазушы. Ұлты тува азамат қазақ тілін де жетік біледі. Туған жері Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы. Қазақтардың ортасында өскендіктен әрі өз ана тілінің (түркі-тува) қазақшаға тым жақындығы Галсанмен жүздескен әр қазақтың оны өзінің қандас бауыры іспетті танып, жақын тартатындығына шүбәсіз сенуге болады.

* * *

Өзен, су, шілік тоғайлар артта қалып, мидай жазық дала басталды. Суы тартылып үлгермеген өзенді бойлап өткен аттардың үстін сансыз маса жамылғы жапқандай басып алған. Жануарлар құйрықтарымен, біз екі қолымызбен сабаласақ та, масаның селкеу тартар түрі жоқ. Осынау биттей қарақшылар аш жүріп өмір сүргенше, тойып алып өлуге бел байлаған сыңайлы.

Күннің шыжитын түрі бар. Аспанның сол жақ көкжиегіне енді ғана өрмелей бастаған күн арқаға оттай басылатындықтан, аттардың денесі тез кепкенімен, тірі қалған азын-аулақ маса қалмай еріп келеді. Енді олардың түсі бағанағыдай бозғылт сұр емес, қызара бөрткен күлгін өңге айналған.

«Өртенетен болды-ау!» – дегенімде үзеңгі жолдасым, шаруашылық түйешісі Жәнібек қария: «Жай ғой. Керісінше, нөсер төгіп, соңы қарға айналмаса игі», – деді. Мен таңдана тосырқап бұрылып қарағанымда күн мен аспан көкжиегі арасында бір үлкен шардың төбесі секілді сұрғылт бұлттың шеті қылтиып тұрғанын байқадым. Сол бір дақты ғана есепке алмасаң, аспан тұнық көгілдір сәуле шашқан мөлдір айнадай тап-таза. Түске қарай жаңбыр құюы мүмкін екен деген ойға келдім. Осы жай көңіліме бір үрей ұялатты да, одан арыла алмай, ақыры үзеңгі жолдасым жайындағы ойға беріліп кеткендей болдым. Жұрт неге осы кісіден іргесін аулақ сала береді? Осы кісімен бірге қасқыр аулауға шығатынымды естігенде: «Сол Жәнібекпен бірге мылтық асынтып, сені иен далаға жіберуім керек пе?» – деп анам азар да безер болған. «Тағы біреуді тауып, үшеуміз барамыз», – деген соң ғана зорға басылған. Алайда қасқырдан өзге аң аулауға тиым салынған маусым айында бізбен еретін жан табыла қоймады. Асылы, түйеші қартты түз тағысын аулайды дегенге менен өзге адам сенбесе керек. Толығырақ »