Әлем әдебиеті

КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ ҰЛУЫ

0

МОҢҒОЛ ӘДЕБИЕТІ

Донровын НАМДАГ

КӘРІ ҚАСҚЫРДЫҢ ҰЛУЫ


Донровын НАМДАГ 1911 жылы Завхан аймағының Алдархан мекенінде дүниеге келген. 1926-1927 жылдары Германия еліне аттанып, неміс тілінің дайындық курсына түскен. 1927-1929 жылдары аталмыш елдің Вихерсдоф университетін оқып бітірді. 1932, 1941-1947 жылдары «Жапония және Германияның тыңшысы» деген жалған жаламен абақтыға қамалып, 1958 жылы ақталған. «Уақыт арпалысы» романы үшін 1962 жылы мемлекеттік сыйлық алды. 1971 жылы еңбек сіңірген өнер қайраткері атанса, 1983 жылы екінші мәрте мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған.

* * *

Жаздың орта кезінің иен даладағы ай толған сол түнін бүгінгі күнмен салыс­тыруға еш келмес еді. Күн баяғыда батып кеткен, екінті ақшам да өткен іңірде төбеңнен аспан емес, биік тас-құз төніп тұрар еді. Айдың сүттей жарық сәулесінде өсімдік атаулы жапырақ, гүл, тіпті тау төбешіктер де қаралтым көлеңкелерін батыс жаққа тастап, тыныш қана ұйқы құшағына бөленбек. Дәл осындай бір сәттен әңгімені бастайық.

Аталмыш жердің жайы: ой мен қырдың ортасы, терең сайдың түбі. Дұлан-хайрхын атты үш бөлек тік қырлы тастардан тұратын шыңдары бар тау қарсы алдындағы Тарғыт даласына байсалды түрде көз салғандай мүлгіп тұр. Жалпы бұл аса бір үлкен тау болмаса да, қыс, көктем мезгіліндегі жұтта жылқы малына аса жайлы болғандықтан, жұрт «дұлан» (жылы) деп атаған әрі «хайрхын» (тәңір) деген атақты сыйлаған. Дұлан-хайрхынның орта тұсындағы шыңның батыс өңірінде сансыз жылдар бойы күннің өткір сәулесіне қақталып, қошқыл күрең түске енген тастардан тұратын аңғар бар. Жергілікті жұрт үшін ол етене таныс әрі бала кезінде қозы-лақ жайған бала-шаға атаулыдан сол тастарға өрмелеп, секіріп ойнамағандары некен-саяқ шығар? Алайда осынау тастардың астындағы қараңғы қуыстардың бірінде бір қасқырдың орнығып алғанына бірнеше жылдың жүзі болғанын ешкім білмейтін еді.

Рұқсат алу

Берілген мақалаға пікір жазылмайды.