Ромен РОЛЛАН
ТОЛСТОЙДЫҢ ӨМІРІ
Ромен РОЛЛАН – Францияның ұлы жазушысы. Қаламгердің атағын әлемге әйгілі еткен шығармасы он кітаптан тұратын «ЖанКристоф» романы еді. Ромен Ролланға «Жан-Кристоф» романы үшін 1915 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы берілді.
Ромен Роллан тек шығарма жазумен ғана емес, сонымен қатар әлемге әйгілі тұлғалардың өмірін зерттеумен де айналысты. Жазушының «Бетховеннің өмірі», «Толстойдың өмірі», «Микеланджелоның өмірі», «Рамакришнаның өмірі» секілді кітаптары кемеңгер тұлғалардың ғұмырын жан-жақты терең зерттеуімен айрықшаланады. Атақты суреткер шығармашылық жолын драматургиядан бастап үлкен табыстарға жетті. Жазушының «Сенім трагедиясы», «Әулие Людовик» секілді тырнақалды пьесалары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
* * *
Толстой – орыстың ұлы жаны – осыдан жүз жыл бұрын жарқыраған сәулесі менің ұрпағымның жастығын арайландырып жіберді. Сөніп бара жатқан жүзжылдықтың қапырық ымыртында Темірқазық жұлдызымызға айналды; жас жүрегіміз оған талпынып саусағын жайды; ол біздің тірегіміз-тұғын. Біреулердің сүйікті суреткерден гөрі сырласы болған немесе оны еуропалық өнер шеберлерінің ішіндегі ең жақын, тіпті жалғыз, нағыз досы санағандармен қатар, мұндайлар Францияда өте көп, мен де оның қасиетті есімінің лайықты бағасын беріп, махаббатым мен ризашылығымның құрметін білдіргім келеді.
Мен ешқашан да оны түсіну үшін шығармаларын оқыған күндерімді ұмыта алмаймын. Бұл 1886 жылы болды. Бірнеше жыл бойы үнсіз көктеген орыс өнерінің ғажайып гүлдері кенеттен француз топырағында да бүршік атты.
Орыс тілінен тәржімалаған Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Амангелді Кеңшілікұлы МЫРЗАБЕК – әдебиет сыншысы. 1968 жылы дүниеге келген. ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған. «Ақ жауын», «Қарлығаш – дәурен», «Сөз патшасы», «Қазақты сүю» атты кітаптары жарық көрген.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.