СҰЛК САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ
ҚҰСТАР
поэма
Сен-Жон ПЕРС (1887-1975) Вест Индияның Гваделупа шағын аралында дүниеге келген ХХ ғасырдағы Францияның аса көрнекті ақыны. Шын аты Мари Рене Алекси Сен-Леже. Өлеңдерін Сен-Жон Перс лақап атымен өлеңдерін жариялаған.
Сен-Жон Перстың алғашқы тырнақалды жинағы 1914 жылы жарыққа шықты. Поэзия айдынына тың леппен келген жас ақынның өлеңдері сол тұстағы француз әдебиетіндегі беделді Андре Жид пен Жак Ривьер сынды жазушылардың назарын өзіне аударды. Кәсіби дипломат Сен-Жон Перс бес жыл Қытайда француз елшісі болып қызмет атқарған. Оңтүстік Қытай теңізінде жүзіп, Гоби шөлін аралаған ақын «Анабасис» поэмасын осы кезде жазған. Әдеби сыншылардың тарапынан жоғары бағаланған аталмыш поэма туралы Артур Нолд: «Бұл поэма қаталдыққа толы, сонымен қатар өз заманының ең жұмбаққа толы поэмаларының бірі» деген ой айтқан.
1960 жылы Сен-Жон Перс «поэзия арқылы заман бейнесін, асқақ рухтың көркемдігін» бере алғандығы үшін Нобель әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Нобельдік лекция кезінде ақын поэзия мен ғылымның байланысы туралы сөз қозғаған. «Поэзия дегеніміз тек қана өзімізді өзіміз тану емес, поэзия деген – нақ өмірдің өзі», – дейді Сен-Жон Перс.
Қанша ұшқанмен лашында жетпес шегіне…
Авл Персий Флакк
Қандастарға жататын тіршілік иесінен
Бізге жақыны құс білем.
Олар ғажап болмысымен
Көктеп өтіп мына күндер үстінен
Кезбелердей көзі ашық
Келер күннің жұмбақ сырын сезеді.