ОЙ-ТОЛҒАУ
ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИДІҢ ЖҰМБАҚТАР ӘЛЕМІ
эссе
Жұмбақтар жанрының ғылыми
негізі мен әдеби үндестігі хақында
Әлем халықтарының жұмбақтар жанрын мейлінше зерттеп, жинап, ана тілімізге өлеңмен аударып жариялаған біртуар қазақ ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Жұмбақтар» атты кітабы ерекше құндылығымен баурайды.
Бұл – энциклопедиялық сипаттағы дүние болғандықтан оның көркемдік табиғаты туралы бірінші эссе «Абай» журналында жарық көрді. (А. Кемелбаева, «Жүз жұрттың жұмбағы», «Абай», №3. 2005).
Жұмбақ – фольклордың өшпес, соны жанры. Ол тұрмыстағы үйреншікті, ең бір қарапайым, болмашы дерлік заттардың, қоршаған ортадағы құбылыстардың біртұтас қалпын, оның бөлшектері мен ұсақ-түйегіне шейін поэтикалық кейіпте көре білуге мәжбүр етеді.