СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
О. ГЕНРИ
Дмитрий Михайлович УРНОВ 1936 жылы Мәскеуде дүниеге келген орыс әдебиеттанушысы. Шекспиртанушы, филология ғылымының докторы, профессор, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, ағылшын және Америка әдебиетінің сан-салалы жанрын зерттеуші. Әдеби, ғылыми ізденісін 1958 жылы бастаған. Урновтың елеулі еңбегінің санатына 1960 жылы «Пушкин және Шекспир» атты тырнақалды ғылыми туындысымен бастаған шекспиртану саласындағы елеулі еңбектерін қосуға болады.
«Нью-Йорктің әдеби өмірі» деп аталатын кітап бар.
Егер оны оқып шықсаңыз, Нью-Йоркте, шынын айтқанда, ешқандай әдеби өмірдің болмағанына көзіңіз жетеді. Жазушылар көбіне бұл қалаға өздерінің әлдеқайдағы провинцияда жатып жазған дайын шығармаларын әкелетін болған. Ішінара, әрине, бұл санатқа қосылмайтындар да кездесіп қалатын-ды.
Солардың бірі – О. Генри (1862-1910) еді. Рас, ол оңтүстікте туған болатын және Нью-Йоркке барып, тұрақтап қоныс тепкенінше өз еркімен де, еріксіз де талай жердің дәмін татуына тура келген-ді. Мәселен, Оңтүстік Америка мен Гондурасқа оны қыдырып барды деуден гөрі «қашып барды» дегеніміз дұрысырақ сияқты. Ал Орталық Батыстағы Огайо штатына ол күзетпен әкелінген-ді. Жасы қырыққа толғанда ғана О. Генри тұңғыш рет Нью-Йоркті көрді. Алайда содан кейін басқа ешқайда аттап шыққан жоқ. Ол мұнда небәрі сегіз-ақ жыл өмір сүрді, бірақ осы аз ғана мерзім ішінде бұл қаланы әдебиетке мықтап енгізіп үлгерді, олай ету оған дейін бірде-бір америкалық жазушысының қолынан келмеген еді.