Әлем әдебиеті

КҮТУДЕН ШАРШАҒАНДАР. Реваз МИШВЕЛАДЗЕ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Реваз МИШВЕЛАДЗЕ,
грузин жазушысы, Шота Руставели
атындағы сыйлықтың лауреаты

КҮТУДЕН ШАРШАҒАНДАР

Әңгімелер

Адам махаббаттан жалықты, классиктер ойлап тапқан махаббат жиырмасыншы ғасырда күшінен айрылды дегенді сен айттың ба? Ромео мен Джулеттаның махаббатындай махаббатқа тек қалалық бозбала мен бойжеткенді лайық санайсың ба? Ядролық ғасырда жалғыз махаббатпен күн көруге болмайды дегенге қосыласың ба? Біздің махаббат дегеніміз, сеніңше, уақытша ермек пе? Тек көбейудің амалы, басқа ештеңе? Сенімен сағыласпаймын. Сендер данышпансыңдар, бұрысты дұрыс дегенге сендіре аласыңдар. Данышпан сөйлегенде мен секілділер жақ ашсын ба? Сенің сасық «теорияңа» болған оқиғаны жауап ретінде баяндаймын. Үш баламның атымен ант етемін, артық бір ауыз сөз қоспаймын, ойдан шығармаймын (ойдан бұдан да қызық оқиғаны құрастыра алам). Айтамын, қорытындысын өзің шығар. Кеудеңде соғып тұрған адамның жүрегі болса, өзің-ақ бәрін түсінесің, тү­сіне алмасаң – бұл оқиға саған жай қызық әңгіме. Мен үшін, мойындаймын, осы махаббат жүнімді жықты, өмірімді екі есе қысқартты.
Менімен мектепте бір қыз қатар оқыды, есімі Шорена еді. Тегін жария етпей­мін, меніңше, ол қыздың есімін ауызға алу мен үшін – күнә, солай санаймын. Сенің «теорияң» арқамды қоздырды, әйтпесе бұл әңгімені осы уақытқа дейін ешкімге жария қылмадым. Адамның жүрегінің түкпірінде құпия сақталғаны жақ­сы, оны ешкім білмегені дұрыс, сонда пәктігін сақтайды. Қыз арық, көзілдірік киген, шыны керек сол себепті көзінің түсі қандай болғанын көре алмай арманда қал­дым. Көңіл бөлмейтін сыныпта қаншама қыз бар. Біз жетінші сыныптан бірге оқыдық, есіңде ме ұлдар мен қыздардың мектебін қосқан кез? Шорена сонда екінші қыздар тобынан ауысты бізге. Әкесіз өскен, шешесі иірілген жіп өндіретін комбинатта инженер болып жұмыс істеген. Шоренаның ағасы өзінен екі жас үлкен (ол қазір дәрігер), қарындасының соңынан бір елі ажырамай жүретін. Бізде алты пән онда бес пән болғанда, ол мектептің текпешегінде қарындасын тосатын. Есімде, сыныптағылар мазаққа айналдыратын: «күзететін қордың қызы табылды, ұрлап кетпесе нетті». Әлбетте, ақымақ болдық, сөйтсе де қарындасы мен ағасы қол ұстасып жүргенді көргенің бар ма?

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

*