ТҮРІК ПРОЗАСЫ
Халдун ТАНЕР
ОН ЕКІГЕ БІР
МИНУТ БАР
әңгіме
Халдун ТАНЕР (1915-1986) Ыстамбұлда дүниеге келген. Германияда саясаттану факультетінде оқыған. Елге оралғаннан кейін Ыстамбұлда «Өнер тарихы және Түркітану» бөлімдерін тәмамдаған. Университетте оқытушы болып жүргенде театрмен жұмыс істеді. Әңгімелерінде үлкен қалалардың тұрғындарын және олардың қасиетсіздіктерін терең зерттей отырып, сықақ және сыни тұрғыда суреттейді. Халдун Танер саяси-сыни тақырыптарда пьесалар да жазды.
Қалай басталды, қай уақытта басталды білмей қалдым. Алғашқы белгілерін тоғыз жастағы кезімде берген еді. Қонақтармен бақшада отырған едік. Бір қарт адам уақытты сұрады. Өкінішке орай, ешқайсысымызда сағат жоқ еді. Жездем жүгіре басып уақытты біліп келуге кетті. Сол-ақ екен, мен де сол арада: «Үштен жиырма кетті!» деп қалдым. Бастапқыда бұған ешкім мән бере қоймады. Бұғазда өтіп жатқан пароходтарға қарап отырып, кейде уақытты дәлме-дәл айта салушы едім. Бұл орайда пароход дегеннің жоқ екенін аңғарғанда, бәрінің көздері шайдай ашылып: «Қалайша білдің?» деп таңдана сұрады. Мен де:
– Білмеймін, әйтеуір тілімнің ұшына келіп қалды да, айта салдым, – дедім. Марқұм әпкем:
– Кездейсоқ қой, жаным. Шыққан сөзді қағып алды. Мұндай сәттер болып тұрады, – деді. Басқалар да:
– Иә. Кездейсоқ қой. Бірақ дәл осындай болар ма еді?.. – деп аң-таң болды да қалды. Бірақ адамдар ақылға қонымсыз жағдайларды қалайша осы үш буынды сөзбен жай ғана жаба салады екен. Осылайша отырғандардың барлығы бірауыздан менің бұл қасиетімді кездейсоқ жағдай деп қабылдады. Тіпті өзім де бұған сеніп қалдым.