Әлем әдебиеті

ГАМЛЕТ ЕРТЕГІСІ. Уильям ШЕКСПИР

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

Уильям ШЕКСПИР

  ГАМЛЕТ ЕРТЕГІСІ

Әйгілі ағылшын драматургі Уильям Шекспир 1564 жылы 23 сәуірде Эйвон өзе­нінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келген. Оның әкесі Джон айтарлықтай ауқатты  саудагер, қала мэрі болған. Уильям отбасындағы  сегіз баланың үшіншісі болды.
 XVI ғасырдың аяғында ағылшын халқының ең сүйікті өнері театр еді. Бұл кезде Лондонда онға жуық театр болған. 1585-1612 жылдары Шекспир Лондонда тұрған кезінде өзі жақсы көрген театрды төңіректейді. Алғашында театрға келу­шілердің атын бағушы, соңынан актер, режиссер, драматург дәрежесіне көтеріледі.
Шекспир пьесалары алғаш рет студент-жастардың күшімен қойылды. Сөйтіп Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болды. 1612 жылы Шекс­пир туған қаласына қайтып оралды. Айналасында туған-туысқандары болға­нымен, театр болмады. Төрт жыл өткен соң, 52 жасында әйгілі драматург, ерекше өнер иесі дүние салды. Ол Стратфорд шіркеуінде жерленген.
Шекспир шығармаларының өзегі – адамның ұлылығы еді. Әйгілі трагедия­сының кейіпкері Гамлеттің «Адам қалай сұлу жаралған?! Оның ақыл-ойы қандай ізгі?! Іс-әрекеті қандай тамаша. Әлемнің сұлуы» деген сөзі осы адамзат баласының қасиетін паш еткендей.
Шекспир қаламынан отыз жеті пьеса (трагедия, комедия, тарихи драма), көп­теген сонеттер, антикалық мифология сюжеті негізінде «Венера мен Адонис», «Лукреция» атты екі поэма туды. «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» тәрізді трагедияларында ұлы драматург ізгілік, қайырымдылық сияқ­ты қасиеттерді тұтынған ер жүрек кейіпкерлерді  мадақтады.
Шекспир шығармашылығын  оның мұрасын зерттеушілер үш кезеңге бөледі. Бірінші кезеңі 1590-1600 жылдарды қамтыса, екінші кезеңге 1602-1608 жылдар, үшінші кезеңіне 1610-1612 жылдар аралығы кіреді.
Шекспир шығармашылығының екінші кезеңі Англиядағы қоғамдық-саяси өз­герістермен тұстас келді. Корольдік үкіметтің реакцияшыл күштердің тірегіне айналуы, халықтың тұрмыс-жағдайының әлсіреуі Шекспир шығармаларында тра­гедиялық сарының молаюына бірден-бір себеп болды. Осы кезеңде жазылған «Гамлет» (1602), «Отелло» (1604), «Король Лир» (1606), «Макбет» (1606), «Антоний мен Клеопатра» (1607), «Афиналық Тимон» (1608), «Кориолан» (1608) сынды әлеуметтік-философиялық сарындағы пьесаларының басты желісі – қоғамның жаңаруын көрсету, зұлымдықты әшкерелеу.   
Драматургтің «Гамлет» трагедиясын эпик ақын Хамит Ерғалиев өлең түрінде аударған. Төменде  ұсынылып отырған – бұл шығарманың жаңа аударма нұсқасы. Ақын Есенғали Раушанов ағылшын тілінен тікелей қазақшалап, батырлар жыры стилінде еркін аударма жасаған. ХІХ ғасырда шығыстық сюжеттердің ұлттық әде­биетімізде нәзира дәстүрімен көп жырланғаны белгілі. Алайда, мына аударма жаңа тәжірибе, ұлттық поэтикалық зор мүмкіндігімізді танытуға жасалған тың эксперимент деуге болады. Ұлы драмтург шығармасының оқиғасын, идеясын сол қалпында сақтай отырып, адамзат баласына ортақ күресті, жақсылық пен жаман­дықтың, ізгілік пен зұлымдықтың бітіспес майданын ұлттық көркемдік ойлау жүйе­мізге барынша жақындатып тәржімелеген. Бейнелеу тәжірибесі өте сәтті шыққан.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.