Әлем әдебиеті

СОКРАТТЫҢ ӨЛІМІ. Юрий Михайлович МУШКЕТИК

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Юрий МУШКЕТИК

СОКРАТТЫҢ ӨЛІМІ
(Стратег пен Сократтың төрт кездесуі)

Юрий Михайлович МУШКЕТИК – аса көрнекті украин жазушысы, Украина Қаһарманы. 1929 жылы туған. Киев мемлекеттік университетінде оқыған. Жас жазушының алғаш әңгімелері 1952 жылы украиндық журналдарда жарық көре бастайды. 1954 жылы «Семен Палий» тарихи хикаятын жазып шығарады.
Жазушының «Қара нан» повесті, «Қан тамшысы», «Ақ кө­леңке», «Позиция», тәрізді романдары оқырман жүрегіне жылы жол тапты.
1986-2001 жылдары Украина Жазушылар одағының төрағасы болды.

Бірінші кездесу

СОКРАТ ӘЛІ ТІРІ

Қарқылдаған күлкі тағы естілді. Құлама еңістен құлдыраған үлкен тас майда тастарды соңынан ілестіріп бара жатқаны тәрізді. Анит тыжырына қабағын түйіп, теріс айналды. Расында жұрт кімге күліп жатыр? Феоген жұртқа тінте қарады, көзі арба маңына тоқтады.
Феоген бір кездерде жарақат алған самайындағы қан тамыры қалай соққанын сезінді. Сократ. Ол да күлмей тұр. Ашық маңдайлы басын еңкейтіп, басқа жаққа қарап тұрған тәрізді.
Философтың мұны көрмегені жақсы. Феогеннің Сократпен тілдесуге зауқы жоқ. Мұның өзінің де бір басына жетерлік шаруасы, мұң-зары, ойлары бар. Онын жүрегі енді ғана саябыр тапты, таза бұлақ суындай мөлдіреп қана тұрғысы келеді. Жексұрын сопы мұны сілкілеп, шымшылап алудан тайынбас. Феогенге мұндай жекпе-жек керек емес.
Феоген бір бүйірдегі көшеге бұрыла бере тоқтай қалды. Көшенің аяқ жағында ығы-жығы тобыр. Айқай-шу, қиқылдап, шиқылдаған шошқалар. Ысқырған қам­шы, құлдардың айқайы естіледі, шошқаларын сатуға келе жатқан жер иесі өз қатарынан адасып қалған тәрізді. Лас, сатпақ-сатпақ жануарлар естерінен айрылғандай бір орында айналып жатыр, құлдар қамшыларын сілтеп бір жерге топтауға тырысады. Шошқаның бірі борсаңдай бір шетке қашып, тап Феогеннің аяғының астынан өтті, бірақ бұл сандалын лақтырып, үйіріне қайырды. Алайда стратегтің аққудың қанатындай аппақ желбегейіне қара дақ түсіп қалды.
Стратег бұған рснжіген жоқ. Ол көзінің қиығымен әлгі көріністі Сократтың байқап тұрғанын аңдады. Философтың дүрдиген еріндерінде кекесін күлкі бар.
–    Иә, Феоген, – деді Сократ, стратег жақындап келген сәтте, – екі аяқтылар мен төрт аяқтылардың қайсысын қаладың?

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.