Әлем әдебиеті

СИГА ШІРКЕУІНДЕГІ ӘУЛИЕ ҚАРТТЫҢ МАХАББАТЫ

0

СЫНЫН  БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

Юкио МИСИМА

СИГА ШІРКЕУІНДЕГІ
ӘУЛИЕ ҚАРТТЫҢ
МАХАББАТЫ

 

 

Юкио МИСИМА (нағыз есімі Кимитакэ Хираока, 1925-1970) – әлемдегі ең танымал және көп оқылатын жапон жазушысы, қырық роман, он сегіз пьеса, көптеген әңгімелер, эссе, публицистикалық шығармалардың авторы. Жалпы алғанда оның әдеби мұрасы шамамен жүз томды құрайды, бірақ жазушылықтан басқа Мисима қысқа ғұмырында спортшы, режиссер, театр және кино актері, симфониялық оркестрдің дирижері, ұшқыш, саяхатшы және фотограф ретінде танылып үлгерді. Мисима өмірінің соңғы жылдарында монархизм және самурайлық дәстүр идеясына жан-тәнімен берілді; 1970 жылы 25 қарашада монархиялық төңкерісті басқарып, жеңіліс тапқаннан кейін өзіне-өзі қол жұмсап (харакири) көз жұмған. 

 

I

Бәлкім, бұл уақиға көне кітаптарды тиісінше ақтарып, тер төкпестен баян­дал­ған деп көпшілік мені сөгетін де шығар. Шын мәнінде де, менің жалғыз дерек­көзім – «Ұлы дүние жайлы хикаяның»1 отыз жетінші орамында келтірілген аңыз ғана. Естеріңізде болса, онда қозғалған сөз әлдебір үнділік тақуа туралы, ал Сига шіркеуіндегі әулие қарттың махаббаты жайлы әңгімеге аз ғана орын беріліп, салыс­тыру үшін келтірілген.
Мұндағы мені қызықтырғаны – осы уақиғадағы махаббат өткелектері емес, оның психологиялық мағынасы, солай дегенмен де, бұл – нағыз қарапайым: ынты­ғу мен дін арасындағы арпалыс жайлы тәмсіл еді.
Батыс әдебиетінде осы тәрізді қайшылықтар сан рет суреттелген, бірақ жапон­дар үшін ескі замандарда мұндай айқас шын мәнінде де тосын саналған. Махаб­бат мәселесі бізде о дүниедегі өмір машақатымен астастырылады. Тек қана әулие қарт үшін ғана емес, ол ғашық болған ару үшін де осы өрбіген істің түп мәні – қазіргі дүние мен болашақ дүние арасындағы күрес екендігіне саяды. Бұдан да гөрі мәнерлей жеткізер болсақ: біз әңгімелеп отырған кейіпкерлеріміз махаббат жолында аса қатерлі ойын бастап, әлем құрылысы туралы қалыптасқан көзқарастарының өзін бұзуға тәуекел еткен. Өйткені буддалық Таза Жер сектасы, Жапонияда Хэйан2  дәуірінен тараған Дзедо сектасының ілімі, діннен де гөрі, өте құдіреті күшті әрі баршасын тегіс қамтыған – дүние тану, дүниеге көзқарас бола­тын.

Рұқсат алу

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.