Әлем әдебиеті

Думан РАМАЗАН. «ГАМЛЕТ» – АCТАНА САХНАСЫНДА

0

ЖАН ЖАДЫРАТАР ҚОЙЫЛЫМ

                  Думан РАМАЗАН

                                                «ГАМЛЕТ» –  АСТАНА САХНАСЫНДА

 

 

         Сәуірдің 12-13 күндері Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік ака­демиялық қазақ музыкалық драма театрында ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясы қойылды. Қоюшы режиссері –  ҚР ең­бек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Спектакльге бармас бұрын Гамлет туралы жадымыздағы жайттарды жаңғырта түсу мақсатында  ғаламторды да біраз сүзіп шыққанымызды айта кеткен жөн шығар. Сонда көзіміздің жеткені соңғы жылдары әлем экрандары мен сахнала­рында Гамлеттің неше түрлі нұсқасы жасалып, қойылыпты. Тіпті комедия, фарс жанрында сахналанған қойылымдарды көріп, таң-тамаша қалғанымыз да рас. Әр­кімнің өз шындығы, өз Гамлеті бар демекші, әр қойылым өзінше тыңға түрен салған екен. Әр режиссер өзінше қойып, өзінше шешім жасаған. Солай болуы керек те. Өнерде қатып қалған ештеңе жоқ, болуы да мүмкін емес. Заманның талабы ма, әлемге әйгілі трагедияның көп жері қырқылып, қысқартылғанын байқадық. Мұ­ның бәрін тізіп отырғандағы себебіміз, спектальге барарда, біріншіден, іштей дайындалып барғанды жөн көрдік, екіншіден, енді біздің қазақтар қай бағытқа тартар екен, ескі сарынға сала ма, әлде осы күнге дейінге қойылған көп Гамлеттің бі­рін қайталар ма екен деген күдік-күмәннің де болғаны рас.
Екі күнгі тұсаукесерге де бардық, көрдік, көп нәрсені көңілге түйдік. Екі құ­рамның да өнерін тамашаладық. Сонда барып күдігіміздің орынсыз екеніне кө­зіміз жетті. Режиссер өзінше бағыт-бағдар ұстап, өзінше шешім тапқан екен. Бы­лайша айтқанда, талантты режиссер Болат Ұзақов өз Гамлетін жасапты. Оның бұл қойылымға көп ізденіспен, үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Бұдан төрт ғасыр бұрын жазылған әлемге әйгілі бес актілі шығарманы, бүгінгі күнге лайықтап ықшамдау, шығармадағы кейбір кейіпкерлерді қысқарту мәселелері өте жауапкершілікті қажет етері сөзсіз. Әрине, режиссердің шығармашылық ер­кіндігіне шектеу қойылмайтынын тағы білеміз. Қандай шығармаға қай жағынан келсе де, өз еркі, өз қалауы. Кейде кейбір режиссерлердің «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деп, тым асыра сілтеп жіберетінін де көріп-біліп жүрміз. Шы­ғарманың негізгі өзегі болып саналатын автордың ойынан мүлде ажырап, ақыр аяғы не айтқысы келгені түсініксіз болып қалатын жайларды да кездестіріп қаламыз. Бұл жағынан алғанда, Б. Ұзақовтың шығарманы қысқартпас бұрын, ай­татын ойын анықтап алғанын сездік. Батыл қадам деуге болады. Бірақ айтатын ойды қағазға түсіру бір бөлек нәрсе де, ал енді сол ойды, яғни режиссерлік шешім­ді жүзеге асыру бар ғой. Ең бастысы, негізгі жұмыс сол болуға тиіс. Сахнаға спек­такль қоймасақ та, театр өнеріне азды-көпті жақындығымыз болғандықтан, режис­сер мамандығы туралы осылай топшылауға хұқылымыз ғой деп ойлаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, бұл қойылымда режиссер мен актерлер арасындағы түсі­ністікке толық қол жеткен деуге болады. Бұған дәлел актерлердің ойыны, жа­рықтың түсуі, музыкамен көркемделуі бір-бірімен қабысып, спектакльдің бір деммен жүруі. Көзге ұрып тұрған әттеген-айларын байқамадық.  Бұл режиссердің қолтаңбасы қалыптасқан кәсіби маман, яғни өз ісінің майталман шебері екенін анық көрсетсе керек.
Енді спектакльден түйген ойымызға келейік. Дат елінің ханзадасы Гамлет – сөз жоқ, күрделі тұлға. Әкесінің өлімінен кейін көз алдында дүние төңкеріліп түс­кендей болады. Сатқындық пен жағымпаздық жайлаған қоғам мен екі жүзді билік қос өкпесінен кезек қысып, жаны мен тәнін бірдей жаралаған жауыздықпен бетпе-бет келеді.  Міне, тура осы кезде ар-намысты бәрінен жоғары қоюға дағ­дыланған ханзаданың алдына «Өмір ме, өлім бе?» деген сұрақ кесе көлденең тар­тылады. Осы тұста ең алдымен спектакль басталмас бұрын екеуара әңгімеде айт­қан қоюшы-режиссердің мына бір сөзін келтіре кеткенді жөн көрдік.
– Мен пьесадағы мәңгілік тақырыптарға акцент бергім келді. Гамлет үшін, әке­сін өлтірген қанішерден кек алу басты мақсат емес. Оның ерте ме, кеш пе, әке рухына берген антын орындайтыны сөзсіз. Сондықтан спектакльдің оқи­ғасы біз үшін екінші планда, ендеше ең бастысы Гамлеттің ішкі жан дүниесі. Шынтуайтына келгенде, билік үшін болған қатігез қанды қылмыстар қай елдің болсын тарихынан табылады. Ал Шекспир Гамлетінің ұлылығы – ғасырлар өткен сайын заманауи бола беруі, оның пәлсапасында. Бұл пәлсапа Гамлеттің жеке мо­нологтарында, оның басқа кейіпкерлермен болған диалогтарында беріліп оты­рады. Мысалы, «Зат өздігінен жақсы, не жаман бола алмайды, ол әркімнің сол зат­қа берер бағасына байланысты» дейді Гамлет. Немесе «Егер әркімнің еңбегіне қарай еп қылатын болсақ, бұл дүниеде дүреден құтылар кім бар?» дейді, –  деген еді Болат Ұзақов
Біздің ойымызша да режиссердің ұтқан жері – пьесаның осындай тұстарын саз аспаптарының пернесіндей дәл басып, сөйлете білуінде. Иә, негізгі күрес Гам­леттің басында, жүрегінде.  Адами құндылықтар аяқ асты болған осындай қоғамда, ар-ұятына сатқындық жасап, әлгілердің бірі болып, ары қарай өмір сүру керек пе, жоқ әлде, бұл өмірден баз кешу керек пе?!. Қайтпек керек?..
Бас аяғы екі сағатқа созылған қойылымда осы негізгі ой актерлердің шеберлігі арқылы еш бәсеңсімей көрермендерді жетелеп отырады. Әсіресе, Гамлеттің бей­несін сомдаған Н. Өтеуловтің шеберлігі бәрімізді тәнті етті. Дат ханзадасының жан-күйзелістерін, ішкі қарама-қайшылықтағы сәттерін өте сенімді жеткізе біл­ді. Сахнадағы биіктігі 2-3 метрлік темір құрсаудан жеп-жеңіл түсіп-шығуы оның физикалық дайындығының жоғары дәрежеде екенін анық көрсетті. Бұрын да басты рөлдерді сомдап жүрген актер осы жолы тағы бір шығармашылық белес­ке көтерілді деп айтуымызға әбден болады. Сөз жоқ, Нұркен – қазіргі қазақ сахна­сындағы орта буын актерлердің ішіндегі кемеліне келген сахнагер. Жалпы, спектакльге қатысқан актерлер жандарын сала ойнады. Трагедиядағы Гамлеттің негізгі қарсыласы корольдің бейнесін Ерлан Малаев пен Ержан Нұрымбет сом­дады. Ерланның ойнаған королі – атаққұмар, нәпсіқұмар, өркөкірек, билік жол­ында кімді болса да баса-көктеп өтіп кетуге дайын тұрған екіжүзді жан. Актердің ойы­нынан осыны ұқтық. Ал Ержанның королі – жылпос, ішінідегісін сыртқа шы­ғара бермейтін өте сақ, қулық-сұмдықты білдірмей жасайтын зымиян жан. Ол үшін билік бәрінен де жоғары тұр. Екі Полоний де ұнады. Болат Ибраевтың Поло­нийі өзінен жоғары тұрған адамға құлдық ұрып үйренген. Ал танымал актер Ке­ңес Нұрлановтың ойынында Полоний әр қадамын байқап басатын әккі адам бо­лып шығыпты. Гамлеттің шешесі Гертруданың образын сомдаған Алтынай Нө­гербектің ойыны нанымды шыққан. Екінші құрамдағы Сая Тоқманғалиеваға образ сомдауда әлі де іздену керек сияқты. Розенкранц, Гильденстерн, Лаэрттің бейнелерін сомдаған актерлар бүгінгі күнгі жас мансапқор шенеуніктердің мінез-құлықтары мен қимыл-әрекеттерін көз алдымызға айнытпай әкелді. Спектакльдегі Офелия образы өз сезімі мен ой-пікірін қорғауға шамасы жетпейтін әлсіз жанның бейнесінде беріліпті. Жалпы жас актерлерге образ сомдауда шеберлікті шыңдай тү­су керек деген тілек айтамыз.
Спектакльде ең ұтымды шыққан көріністердің бірі – негізгі ойды түйіндейтін қабіршінің сахнасы. Көрерменді терең ойға жетелейді.
Қойлымның декорациясы шартты түрде шешілгенін айта кеткен жөн шығар. Бірде орта ғасырлық қамалдардың сұлбасын елестетеді. Кей көріністерде сол қа­малдың қалтарыс-бұлтарыстары көп құпия бөлмелеріне ұқсайды. Ал Гамлеттің «Даттың елі түрме ғой» деген тұсында ызғарлы темір тор көз алдымызға келгендей болды. Әртістердің физикалық мүмкіндіктерін көрсетуге қолайлы болған сияқты. Көпшілік сахналары мен Гамлеттің монологтары айтылатын көріністер еш кедер­гісіз декарацияның алдында ойналды. Бұл шешім режиссер мен суретшінің ортақ келісімінен туған болар деген ой түйдік. Өте сәтті шешім.
Спектакльдің костюмі заманауи үлгіде шешіліпті. Шынын айтқанда, мұны жа­ңалық деп айта алмаймыз. Ең бастысы, киім  ортақ шешімге, актерлардың ойы­нына сәйкес келіп тұр.
Жалпы алғанда, әлем драматургиясының асқар шыңдарының бірі болып есеп­телетін Шеспирдің «Гамлетін» Қ. Қуанышбаев театры бағындырды деуге толық негіз бар.  Біз театр сыншысы емеспіз, сондықтан тырнақ астынан кір іздегеннен гөрі, көзімізге көрінген, көкейімізге қонған қойылымның жетістіктерін шамамыз жеткенше атап өтуге тырыстық. Мақсатымыз – белгілі театртанушы, дарынды драматург, білікті басшы Еркін Жуасбек мырза басқарып отырған театр ұжымының академиялық атақ алғаннан кейінгі алғашқы қойылымының сәтті шығуымен құт­тықтап, қуаныштарын бөлісу еді. Бұл спектакль ойнала келе, көркемдік деңгейі жо­ға­рылап, шыңдала береді деген сенімдеміз.
Спектакльден кейінгі шағын сұхбатта режиссерға «Гамлетті» қандай оймен қойдыңыз?» деп сұрақ қойған едік. Ол:
– Біз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы», «өлімнен ұят күшті» деп өскен халықтың ұрпағымыз ғой. Спектаклге келген адам «Осы мен не істеп жүрмін?» деп ойланып кетсе екен деймін, – деді бір ауыз сөзбен ойын тү­йіндеп.
Ал қойылымнан кейін ұлы Мағжан ақынның «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деген сөздері ойымызға орала берді.

Пікір қалдыру

*