Әлем әдебиеті

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ. АУДАРМАДАҒЫ АБАЙ ДӘСТҮРІ

0

ТӘРЖІМЕ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМДАР

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ

АУДАРМАДАҒЫ АБАЙ ДӘСТҮРІ

          Қазақ әдеби аудармасының бастау көзін Ыбырай Алтынсарин ашты. Оның 1879 жылы шыққан «Қырғыз хрестоматиясында» орыс әдебиетінен аударылған бірнеше шығармаларға, атап айтқанда, Л.Н. Толстойдың, И.А. Крыловтың, К.Д. Ушинскийдің, И.М. Паульсонның ағартушылық бағыттағы туындыларына орын берілді. Педагог Ыбырай орыс жазушыларының шығармаларының ішінен тек тәрбиелік маңызы барларын ғана аударған. Неге олай істеді? Сол кездегі қа­зақ қоғамының алға дамып, өсіп-өркендеуі үшін білім-ғылымның аса қажет екендігін түсінген қазақ зиялылары ағартушылық жолға бастады. Халқының мүш­кіл халін бар жан-тәнімен сезінген Ыбырай елдің көзін ашу мақсатымен ал­ғаш рет қазақ даласында мектеп ашып, білімнің дәнін шашты, «адамдықтың ди­қаншысы» болды. Алғашқы қазақ тіліндегі оқулыққа орыс жазушыларының білім алуға, адамгершілікке үндейтін, яғни «педагогтық», тәрбиелік сыпаттағы шы­ғар­маларының іріктеліп алынуының өзі де осы себептерден туған заңдылық еді.
Ы. Алтынсаринның орыс әдебиетінен жасаған аудармаларының көпшілігі тым еркін. Кей аудармаларының еркіндігі соншалық – оның қай бір шығармаларының қайсысы төл туынды, қайсысы тәржіме екендігін айырудың өзі қиынға түседі. Демек, Ы. Алтынсарин орыс әдебиетінен шығармалар аударды десек, онда оның барынша еркін жасалғандығын баса айтамыз. Ал шындығына келгенде, Ыбырай аудармаларының тақырыбын орыс жазушыларынан алды демесек, іс жүзінде түп­нұсқаға сәйкес келмейтін, тәржімеге қойылатын талаптарға жауап бере бер­мей­тін, мүлдем жаңадан, қайта жазылған көркем шығарманы көреміз.
Академик Қ. Жұмалиев «Ол әңгімелерді аударғанда, Алтынсарин барлық жер­де түпнұсқасын бұлжытпай, сол күйі аударуды принцип етіп қоймаған. Кейде та­қырыбын, кейде сюжетін кейде баяндау әдісін өзгертіп, қайткен күнде де қазақ өміріне жақындатып, қазақ балаларына түсінікті баяндауды негізгі нысанасы еткен» (Қ. Жұмалиев. Қазақ әдебиті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. 2 том, А., 1960, 53-бет) деп көрсетеді. Ыбырай аудармаларының осындай бас­ты ерекшелігін қазақ аудармасының тарихын зерттеуші С. Талжанов та атап өт­кен болатын: «Ол кезеңде қазақ азаматы Алтынсарин орысшадан аударғанда, қазақ оқырмандарына бейімдеді, жеке сөзін қуаламай, ойын беруге тырысты, өз халқының ұғымына сай етіп аударды» (С. Талжанов. Аударма және қазақ әде­биетінің мәселелері». А., 1975, 194-бет). Бұл жайында Ә. Сатыбалдиев «Ол түп­нұсқаның шеңберінде қысылып қалмайды, оның идеясын, сюжетін алады да, өз оқушыларының жағдайына қарай, тартымды да көркем әңгіме құрады. Мұның бәрінде, ең алдымен, оның ағартушылық мүддесі бой көрсетіп отырады. Және ол өзінің шәкірттері мен оқушыларының жағдайын ешуақытта естен шығармайды, жазғандарының қалай да соларға түсінікті болу жағын көздейді» (Ә. Сатыбалдиев. Ру­хани қазына, А., 1987, 17-бет) деп жазады.
Осы жерде тағы бір ескеретін жайт Ы. Алтынсаринның заманында балалар әдебиеті болмады. Рас, ауыз әдебиетінің балаларға арналған жаңылтпаш, ма­қал-мәтел, жұмбақ, өтірік өлең, ертегі сияқты түрлері ғасырлар бойы қазақ балалар­ының сана-сезімінің қалыптасып, тәрбиелі болып өсуіне қызмет етіп келді. Енді жазба әдебиетінің дамуына, білім беретін мектептердің ашыла бастауына байланысты жаңа үлгідегі жазба түрдегі балалар әдебиетін жасау міндеті алға қойылды. Осы мәселені шешуге алғаш кіріскен Ы. Алтынсарин осы салада бір­шама жетістіктері бар орыс әдебиетіне көз салды. Ыбырай орыс әдебиетінен ал­ғанда да балаларға арналған оқу құралдарынан, жинақтардан керегін тапты. Атап айтқанда, Ы. Алтынсарин К.Д. Ушинскийдің «Детский мир и хрестоматия», «Род­ной язык», Л. Толстойдың «Первая русская книга для чтения», «Вторая книга для чтения», «Четвертая книга для чтения», «Новая азбука», И.И. Паульсонның «Кни­га для чтения и практических упражнений в руском языке» оқу кітаптарына педагог ретінде көбірек назар салған. Ә. Дербісалинның анықтауынша, Ыбырай аудар­маларының жалпы саны – 35. Олардың ішінде И.И. Паульсоннан – 20, Толс­тойдан – 6, К.Д. Ушинскийден – 3, қалғандары И. Крыловтан, Шмидтен, В. Даль­дан 3-4 шығармадан аударған.
Біз жоғарыда айтып кеткеніміздей, Ы .Алтынсаринның қай шығармасы өзінікі, қайсысы аударма екенін ажыратудың өзі қиынға соғады. Академик Қ. Жұмалиев Ыбырайдың «Бай баласы мен жарлы баласы» (Асан мен Үсен) мен Салтыков-Щед­риннің «Бір шаруа екі генералды қалай асырады?» арасындағы идеялық, сю­жеттік құрылысы жағынан ұқсастықтарға назар аударады (Қ. Жұмалиев. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. 2 том, А., 1960, 55-бет).
«Бай баласы мен жарлы баласы» аударма ма, жоқ әлде Ыбырайдың өз шығар­масы ма? Ойланарлық-ақ мәселе. Төл туынды дейін десек, Салтыков-Щедриннің әңгімесіне негізінен тақырыбы, оқиғасы, идеясы жағынан ұқсап тұр. Ал аударма дейін десек, оған қойылатын талаптарға мүлдем келмейді; шығарманың тілдік, стильдік жағынан түпнұсқаға сәйкес келу керектігін айтпағанның өзінде кісі аттарынан бастап, оқиға желісіне дейін өзгеше. Қазақ әңгімесін зерттеушілер бұл әңгімені Ы. Алтынсаринның төл туындысы деп қарастырып жүр. Олай бол­са «Абайдың Евгений Онегині» неге аударма делінеді? Қазақ тіліндегі Абай­дың «Евгений Онегині» орыс тіліндегі түпнұсқадан оқиға желісі, сюжеті, композиция­лық құрылымы жағынан мүлдем басқаша. Демек,бұл жерде де ойланарлық мәселе бар екен.
Ы. Алтынсарин көркем шығарманы дәл аударуды мақсат етпейді. Ыбырай орыс тіліндегі туындыға ол қазақ оқырманына, онда да жастарға, мектеп оқушы­ларына тәрбиелік, дүнитанымдық жағынан қажет пе, түсінікті ме деген сауалдар тұрғысынан келіп, оның ағартушылық, педагогтық жақтарына үлкен мән беріп отырған. Шығарманың оқушыға тәрбиелік, дүниетанымдық жағынан пайдалы болу керектігін басты мақсат етіп алға қойған Ыбырай кей жағдайда түпнұсқаның жалпы нобайын сақтап отырса, көп реттерде оның тек идеясын ғана алып, сюжетін де, оқиғасын да кісі аттарын да өзгертіп жібереді; кей жерлерде түпнұсқаның бір ғана оқиғасын, немесе деталін ғана алып, содан бас-аяғы бөтен туынды жазып шығады. Ыбырайдың мұндай шығармаларын аударма деуден гөрі белгілі бір жазу­шының сарынымен жазылған өз туындысы деп қарастырған жөн.
Қаламгердің орыс әдебиетінен алғандарынаң дені прозалық шығармалар. Әрі прозашы, әрі ақын Ы. Алтынсарин орыс поэзиясынан И.А. Крыловтың бірнеше мысалын аударған. Олардың кейбіреулерінің кімдікі екендігі даулы. Даусызы – «Қарға мен түлкі». Ы. Алтынсаринның шығармашылығын зерттеушілердің бар­лығы дерлік бұл мысалдың Ыбырайдікі екендігіне күмән келтірмейді. «Қарға мен түлкі» қазақ әдебиетіндегі әдеби аударманың алғашқы адымы болуымен бірге «мы­сал жанрының да алғашқы жыл құсы» болды (Ә. Сатыбалдиев. Рухани қазына. А., 1987, 26-бет.). Енді осындай екі жақты маңызы бар туындының түпнұсқамен ара­қатынасына, яғни қаншалықты сәйкес келетіндігіне, аударма талаптарының қаншалықты орындалғанына назар аударайық.
Ең алдымен «Ворона и лисица» – «Қарға мен түлкі» болып дәл аударылған. Орыс­шасында 26 жол болса, қазақшасында – 28 жол. И.А. Крылов мысалы
«Уж сколько раз твердили миру,
Что лесть гнусна, вредна; но только все не впрок,
И в сердце льстец всегда отыщет уголок» (И.А. Крылов. Басни. Москва, «Про­свещение», 1985, 13-бет) деген негізгі идеяны аңғартар кіріспемен басталса, қазақшасында бұл жолдар түсіп қалған. Жалпы көркем әдебиетке қойылар негізгі та­лаптың бірі онда айтылар ой, идея жалаң берілмеуі керек; табиғи түрде көркем бейнеленіп, оқушысын ойландырып барып, көзін жеткізуі керек. Осы тұрғыдан кел­генде, аударманың кіріспесіз бірден басталуы ұтып тұр.
И.А. Крылов мысалы:

«Вороне где-то бог послал кусочек сыру;
На ель Ворона взгромоздясь,
Позавтракать было совсем уж собралась,
Да позадумалась, а сыр во рту держала.
На ту беду, Лиса близехонько бежала;
Вдруг сырный дух Лису остановил:
Лисица видит сыр, –
Лисицу сыр пленил,
Плутовка к дереву на цыпочках подходит;
Вертит хвостом, с Вороны глаз не сводит
И говорит так сладко, чуть дыша», –

деген жолдармен басталса, Ы. Алтынсарин осы жолдарды:

«Ашығып түлкі жүрді жапандарда,
Тамақ іздеп жол шекті сапарларға…
Ешнәрсені көре алмай келе жатса,
Көзіне түсті алыстан жалғыз қарға.
Жүгіріп түлкі соған жетіп келді,
Қарға ағаштың басында мұны көрді.
Тістегені аузында тәтті ірімшік,
Оны көріп, түлкі екең сөйлей берді», –

түрінде береді. (Ы. Алтынсарин. Екі томдық шығармалар жинағы. 1 том, А., 2003, 39-бет)
Түпнұсқа мен аударманы салыстыра қарағанда, ең алдымен, орысшасында қар­ға мен түлкі атауларының кісі есімі сияқты бас әріптермен жазылуы көзге тү­седі. Крыловта бірден құдай бере салған ірімшікті таңғы ас ретінде жеуге қам жасап, шырша басында маңғазданып отырған қарғаны, оның сорына жуық маңда жортып бара жатқан түлкінің оны байқап қалып, аузындағы ірімшігіне қызығып, арам ойын жүзеге асыру мақсатымен, аяғының ұшымен жақын келіп, қарғаны мақтай бастағанын көрсек, Ыбырайда сәл басқашалау. Крылов қарғадан бастаса, қазақшасында тамақ іздеп, жортып келе жатқан түлкіні көреміз. Түпнұсқада ірім­шік іздеген қарғаның көрінісі бір шумақта суреттелсе, қазақшасында «тістегені ауы­зында тәтті ірімшік» деген бір ғана жолмен берілген. Демек, Ыбырайды қарғаның ауызындағы ірімшік емес, «қай жерден тамақ кездеседі» деп, жортып жүрген түл­кінің бейнесі қызықтырады; оқырман назарын түлкіге қарай бұрады. Қазақ ұғы­мында түлкі – қулықтың символы. Крыловтың діттегені мақтаншақтықтың опа әпермейтінін ұғындыру болса, Ыбырай оны сәл бұрып, қулықтың құрығына түсіп қалмаңдар дегенді мегзеп тұр.
И.А. Крылов шығармасында оқиға желісі мұнан ары түлкінің қарғаны төмендегіше мақтауына ұласады:

«Голубушка, как хороша!
Ну что за шейка, что за глазки!
Рассказывать, так, право, сказки!
Какие перышки! Какой носок!
И, верно, ангельский быть должен голосок!
Спой, светик, не стыдись!
Что ежели, сестрица,
При красоте такой и петь ты мастерица,
Ведь ты б у нас была царь-птица!»
Ал Ыбырайдың түлкісі қарғаға:
« – Қарға батыр, әр сөзің күміс, алтын,
Сырттан тілеу тілейді барша халық.
Қарға-екеңдей дүниеде әуез жоқ деп,
Осылайша шығады сыртқа даңқың.
Сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім,
Жүзіңді бір көруге келіп едім.
Дауысыңды бір шығаршы шаттанайын,
Сырттан асық болғаннан өліп едім…
Қарға тақсыр көзім жасын көріңіз», –

деп, жылмыңдап, жыламсырайды. Мұнда да айырмашылықтар байқалып тұр. Түпнұсқадағы түлкі қарғаны «қарғашым» деп, оның мойнының, көзінің, қанатының, мұрнының «әдемілігінің» аузының суы құ­рып айтып, «құс патшасы сенің даусың періштенің дауысындай шығар, көрейікші бір шырқап жіберші» деп, елпек қағады. Иванның қарғасы ертегідегідей «сұлу», «нәзік» болса, Ыбырайдың қарғасының сыртқы сұлулығы көрінбейді; керісінше «батыр». Қазақшасында түлкінің қарғаны мақтауы «қарға батыр, әр сөзің күміс, алтын» деген жолмен ғана шектеліп, бар күш «қарға-екеңдей дүниеде әуез жоқ деп» оның дауысын мадақтауға жұмсалады; оның дауысын естуге асық болғаны сон­шалық – көзіне жас алады.
И.А. Крылов мысалы:

«Вещуньина с похвал вскружилась голова,
От радости в зобу дыханье сперло, –
И на приветливы Лисицыны слова
Ворона каркнула во все воронье горло:
Сыр выпал – с ним была плутовка такова»

деген жолдармен аяқталады. Ыбы­рай:

«Масаттанып бұл қарға сілкінеді,
Ішін тартып, миықтан бір күледі.
Арып-ашып алыстан келген шығар,
Көңілі тынып кетсінші, шіркін» деді.
Мақтау сөзге семіріп, судай тасып,
Пәрменінше «қарқ» етті аузын ашып.
Қарқ еткенде ірімшік жерге түсіп,
Оны кетті түлкі-екең ала қашып», –

деп аяқтайды. Бұл жерде де азын-аулақ айыр­машылықтар көрініп тұр. Крыловта бір шумақ болса, Ыбырайда екі шумақ. Мақтаудан Крыловтың қарғасының басы айналып, тынысы тарылса, Ыбырайдың қарғасы масаттанып, сілкініп, ішін тартып, миықтан күледі; түлкі мен үшін алыс­тан арып-ашып келіпті, көңілі бір тыншып кетсінші деп, өзіне-өзі риза болған бір сезіммен ойланады. Екеуінде де қарға «қарқ» еткенде, ірімшікті түлкі қағып ала­ды; тек Ыбырайдың түлкісі ірімшік ауызға түсісімен зыта жөнеледі.
Жоғарыдағы талдауымыздан көрініп тұрғандай, Ы. Алтынсаринның «Қарға мен түлкі» мысалы аударманың балама түріне жатады. Азын-аулақ өзгертулері болға­нымен де түпнұсқаның негізі сақталынған. Ал аз ғана өзгертулердің өзі түпнұсқаны сол күйінде аударуға шаманың келмегенінен емес, түрлі әлеуметтік тұрмыстық жағ­дайлардан туындаған обьективтік-субьективтік себептерге байланысты деп ұққан жөн. Бұл жерде аударма авторы ағартушы ретінде тәржімеге көркемдік прин­циппен емес, ұстаздық мақсатты ұстанып, тәрбиелік оқу құралы тұрғысынан кел­ген. Сондықтан да Ыбырайдың аудармасы жалпы жұртшылықтың, оның ішін­де мектеп оқушыларының ұғымына түсінікті қарапайым тілмен жазылған.
И.А. Крыловтың «Қарға мен түлкісін» Абай да аударған. Абайда бұл мысалдың екі түрлі нұсқасы бар. Оның бірі – «Жұрт біледі, күледі» де, екіншісі – «Боқтықта талтаңдап». М. Әуезов осының екіншісі Абайдікі екендігіне күмән келтіріп, Ыбы­райдікі деген пікір айтқан (М. Әуезов. Абай Құнанбаев. Алматы 1967,199-бет). Кейіннен Ы. Алтынсарин аударған «Ашығып түлкі жүрді жапандарда» деп бас­талатын мысал анықталды да, зерттеушілер Мүрсейіттің қолжазбасында бар екі нұсқаны да Абайдікі деп жүр. Абай «Қарға мен түлкінің» екі бірдей әде­би аудармасын жасаған. Мысалдың екі түрінің де мазмұны, айтар ойы – бір. Айыр­масы – бірі дәл аударылса, екіншісі – еркін. Түпнұсқадағы 26 жолдық мәтін дәл аудармада 47, екіншісінде – 55. Орысшасында буын саны әр түрлі: көбіне 12-13 те, қазақшасында 6, 7, 8, 10 буынды болып келеді. Еркін аударылған нұсқа 7-8 бу­ын­­­ды жыр үлгісімен жазылған. Орысшамен салыстырғанда, қазақшасының жол қатары көбірек көрінгенмен де жалпы көлемі шамалас.
Крылов мысалдарында ойдың түп қазығы басында:

«Уж сколько раз твердили миру,
Что лесть гнусна, вредна; но только все не впрок,
И в сердце льстец всегда отыщет уголок» деп берілген.
Осы жолдарды Абай:
«Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошеметшілердің амалын
Сонда солар қайда жоқ?
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ»

түрінде аударған. Айтылмақ ой негізінен, қазақ­ша сөйлеп тұр. Аудармадағы аздаған айырмашылықтардың бірі – түпнұсқадағы «күледі», «өкіну» туралы айтылмайды. Қошеметтің жексұрындылығы, зияндығы айдай әлемге аян бола тұра қошеметшілердің жүрекке жол тауып, кете алатындығы жайлы айтылса, тәржімеде да осы ой сәл ғана өзгерістермен айтылған. Үш жол ал­ты жол болып аударылғанмен де сөздерінің саны шамалас – екеуінде де жиырма шақтыдан. Ал мысалдың мазмұны асқан шеберлікпен дәл аударылған. «Вороне где-то бог послал кусечек сыру» деген жолды Абай:
«Ірімшікті құдайым
Кез қылды бір күн қарғаға» деп, бір сөзін шашау шығармай сөзбе-сөз берген. Мысалда ірімшікті болған қарға ертеңгі асын ішуге қамданады десе, аудармада қар­ғаның қарны аштыға айтылады.
«Бір жеп алып, шүкірлік
Қылайын деп Аллаға» деген діншіл қауымға ұғынықты жолдарды өз жанынан қос­қан. Ал түлкінің қарғаны алдап түсіру мақсатымен айтқан қошемет сөздері Абай аудармасында мүлдем құлпырып кеткен.
«Өзіне біткен өңешін
Аямастан қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті,
Қу кетті, іс бітті» түрінде берілуі шын шеберлікті танытады. Әсіресе түпнұсқада­ғы:

««Голубушка, как хороша!
Ну что за шейка, что за глазки!
Рассказывать, так, право, сказки!
Какие перышки! какой носок!
И, верно, ангельский быть должен голосок!»
деген жолдардың:
«Қарағым, неткен сұлу ең!» –
деп таңырқап таңданады.
«Неткен мойын, неткен көз!
Осыдан артық дейсің бе,
Ертегі қылып айтқан сөз
Қалайша біткен, япырмай,
Мұрныңыз бен жүніңіз!
Періштенің үніндей
Деп ойлаймын үніңіз»
түрінде дәлме-дәл аударылуы Абайды аударма өнерінің асқан шебері ретінде танытты. Сөйтіп Абай И.А. Крыловтың осы мысалын қазақ­шалау арқылы поэзиялық дәл аударма жасаудың асқан үлгісін көрсетті.

Аударманың екінші нұсқасы
«Боқтықта талтаңдап,
Жан-жаққа жалтаңдап,
Бір қарға жүр еді», –

деген түпнұсқада жоқ жолдармен басталған.
Сонымен Абайдың «боқтықта талтаңдап» жүрген қарғасы «бір жатқан ірімшік» тауып алып, «асықпай жемек болып», «бір ағашқа қонып», жан-жағына масаттана қа­райды. Сөйтіп отырғанда, «жем іздеген бір түлкінің» көзіне «ірімшікті тістеген қарға» түседі. Ал Крыловтың түлкісі «талтаңдап» жүрмейді, жақын маңда жүгіріп бара жатқанда, аузында ірімшігі бар шырша басында маңғазданып отырған қар­ғаны көріп қалады. Бұл жерде Крылов болған оқиғаны қысқа да нұсқа баяндап жеткізуге күш салса, Абай қазақ оқырманының ұғымына түсініктірек болуын көз­деп, талтаңдаған, масаттанған қарғаның, қай жерден олжа кездесіп қалар екен деп жүгірген, «жем іздеген» түлкінің бейнесін жасайды. Крыловтың мысалының со­ңындағы:

«Ворона каркнула во все воронье горло
Сыр выпал — с ним была плутовка такова»

деген жолдарын Абай «Қарға мен түлкінің» бірінші нұсқасында:

«Өзіне біткен өңешін
Аямастан қарқ етті.
Ірімшік жерге салп етті.
Іс бітті, қу кетті», –

деп, екі жол өлеңді төрт жолдан тұратын бір шумақпен аударса, осы мысалдың «Боқтықта талтаңдап» деп басталатын екінші нұсқасында:

«Мақтауға есіріп,
Барынша көсіліп,
Ырғалып қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті.
Тап етті, шап етті,
Ап кетті қу түлкі.
Антұрған, сол тұрған,
Жеріңде боп күлкі», –

деген сегіз жолдан тұратын екі шумақпен берілген. Екінші нұсқада ақын Абайдың түпнұсқа ауқымында қалып қоймай, одан шығып, кө­сіліңкірегені көрінеді. Екінші нұсқаның соңындағы екі шумақ қарға мен түлкінің бейнесін барынша ашып тұр.
Абай да Крыловтың кез келген мысалын аудара бермеген. Өзіне қажеттісін ғана таңдап, талғап аударған. Кезінде В.Г. Белинский Крыловтың мысалдарын үш топқа – еліктеу сарынындағы, моральдік бағыттағы, көркемдігі жоғары сатиралық мысалдарға жіктеген екен. Абай орыс мысалшысының шығармаларының ішінен біріншісіне тиіспей, соңғы екі түрінен көбірек аударған. Онда да қазақ тұрмысына, сана-сезіміне мазмұны жағынан үндес келетіндерін ғана іріктеген.
М. Әуезов «Мен өзімнің бала күнімнен білетін ескі қолжазбаларымды еске ал­ғанымда, Абайдың Крыловтан жасаған аудармаларын төрт-бестен артық деп айта алмаймын. Олары:
1. «Есек пен бұлбұл»
2. «Бүркіт пен қарға»
3. «Шегіртке мен құмырсқа»
4. «Түлкі мен қарға»
5. «Піл мен қанден» (М. Әуезов. Абай Құнанбаев. А.,1967, 20-бет) деп, бес мы­салдың атын атайды. С. Талжанов «…ұлы ақынымыз Абай «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлы бай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қой­лар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден» атты мысалдарын өз мүлкіміз етіп тастап кетті» (С. Талжанов. Аударма және қазақ әдебиетінің мәсе­лелері». А., 1975, 199-бет) деп жазады. Соңғы уақыттары зерттеушілер Абайдың И.А. Крыловтан он екі аударма жасағанын айтып жүр. Сонымен олар: «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Әншілер», «Ала қойлар», «Қарға мен түл­кі» (Жұрт біледі, күледі…) «Қарға мен түлкі» (Боқтықта талтаңдап…), «Бақа мен өгіз», «Піл мен қанден», «Есек».
«Шегіртке мен құмырсқа» – И.А. Крыловтың «Стрекоза и муравей» мысалы­ның дәл аудармасы. Түпнұсқасы – 30, қазақшасы – 36 жол. Абай мәтіндегі «стре­козаны» инелік деп емес, шегіртке (кузнечик) деп өзгерткен. Өйткені сирек ке­зедесетін инелікке қарағанда, жаздың күні далада қаптап жүретін шегірткенің тіршілігі қырда өскен қазақтың баласына етене таныс. Осы тұрғыдан келгенде, Абайдың сирек кездесетін инелікті шегіртке деп алуы ұтымды шыққан.
Мысалдың:

«Попрыгунья Стрекоза
Лето красное пропела,
Оглянуться не успела,
Как зима катит в глаза.
Помертвело чисто поле,
Нет уж дней тех светлых боле,
Как под каждым ей листком
Был готов и стол и дом.
Все прошло: с зимой холодной
Нужда, голод настает,
Стрекоза уж не поет,
И кому же в ум пойдет
На желудок петь голодный!
Злой тоской удручена,
К Муравью ползет она», –

деген жолдарын Абай былайша аударады:

«Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған,
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыкүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй.
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жыла жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып, дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады».

Аудармада 22 жолдық мәтін 20 жолмен берілген. Негізінен тәржіме түпнұсқаға сай келіп, мазмұнын ашып тұр. Десек те Абай жасаған аздаған өзгерістер, то­лықтырулар да бар. Мысалы, Абайдың шегірткесіндей, И.А. Крыловтың инелігі «көгалды қуып гөлайттамайды». Ал Абай асықпайды, алдымен жаз, күз келіп, со­дан соң барып қыс келеді, ал орысшасында бірден қыс түсіп, қыса бастайды.
Абайдың түпнұсқаны дәлме-дәл берген жерлері:

Орысшасы: «Попрыгунья Стрекоза
Лето красное пропела…»
Қазақшасы: «Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған…»
Орысшасы: «Как под каждым ей листком
Был готов и стол и дом…»
Қазақшасы: «Жаздыкүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй…»
Орысшасы «Стрекоза уж не поет,
И кому же в ум пойдет
На желудок петь голодный!»
Қазақшасы: «Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?»

Осындағы қазақша жолдар түпнұсқаның түрін, мазмұнын, айтар ойын сол кү­йінде жеткізіп тұр. И.А. Крыловтың инелігі құмырсқаға жайымен келіп, жалынса, Абайдың шегірткесі «селкілдеп келіп жығылады, Аяғына бас ұра». Түпнұсқада инеліктің құмырсқаға айтқан:

«Не оставь меня, кум милый!
Дай ты мне собраться с силой
И до вешних только дней
Прокорми и обогрей!»
деген сөзін Абай екі-ақ жолмен:
«Қарағым, жылыт, тамақ бер
Жаз шыққанша асыра!» –

деп, әрі қысқа, әрі нұсқа, әрі көркем береді.
Абайдың И.А. Крыловтан аударғандарының ішінде қазақ оқырмандарына кеңінен тарап, айтарлықтай тәрбиелік қызмет атқарған мысалы осы – «Шегіртке мен құмырсқа». Мұнда өмірін тек қызықпен өткізгісі келген жалқау, ертеңгі күнін ойлай бермейтін, еңбек етпей, сауық-сайранда қызық өмір сүргісі келетін әуейілер шегірткенің бейнесінде аяусыз сыналады. Бұл туралы С. Талжанов «…Абай ше­гіртке мен құмырсқа мысалын аударғанда, өзінің көшпелі елін отырықшылыққа баулуды үйретпек болды. Осы мысалдағы «құмырсқа» бейнесінде  поселка болып, қыстай-жаздай еңбек істеп жүрген орыс крестьяндары айтылады да «шегіртке» көшпелі қазақ халқының кейпінде көрініс береді» деген пікір айтқан (С. Тал­жанов. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. А., 1975, 200-бет).
«Стрекоза мен муравей» мен «Шегіртке мен құмырсқаның» буын сандары не­гізінен 7-8 буынды болып, бір-біріне сәйкес келеді. Орысшасында өлең шумағы сақталына бермесе, қазақшасында 7-8 буынды жыр үлгісімен жазылудың үстіне шу­мақ шарттары қатаң сақталынған.
Сонымен тәржімеші аударып отырған ақынымен шығармашылық бәсекеге тү­седі десек, «Шегіртке мен құмырсқаны» аудару барысында Абай да, мазмұны жа­ғынан да «Инелік пен құмырсқадан» бір де бір кем соқпайтын, қазақ оқырманы төл туындысындай оқып, ұғынатын, керек десеңіз, аударма екендігі біліне бер­мейтін мысалды өмірге әкеліп, биіктен көріне білді. Көркем аударма жүз пайыз түпнұсқаға сай келуі мүмкін емес, бірақ оқырманға берер эстетикалық, тәрбиелік әсері жалпы алғанда бір мысқалға да кем болмауы керек.
Абай И.А. Крыловтың «Музыканты» мысалының атауын өзгертіп, «Әншілер» деп аударыпты. Бұл жерде аудармашы мысалдың мазмұнына музыканттар деген­нен гөрі әншілер деп аталғанның неғұрлым жақынырақ келетінін аңғарған. Өйткені мысалда музыканттар музыкалық аспапта өнер көрсетпейді; әншілер ән айтады. «Музыканттар» 15 жолдан тұрады да; ал «Әншілер» – 22 жол. Екі жолдық ой түйіні екеуінде де соңында берілген.
«Музыканттардың» қысқаша мазмұны төмендегіше. Көрші әнші көршілерін та­маққа шақырады. Әнді сүйетін үй иесінің түпкі ойы көршілерін қонақ қылу емес, олардың әнін тыңдау болатын. Әншілер ән салғанда, дауыстары қосылмай, әр­қайсысының даусы әр жаққа кетіп, үйдегілердің берекесі қашады; құлақтары шыңылдап, бастары ауырады. Шыдай алмаған қонақтың бірі таңданыспен өңеш­терін жырта шуылдасқан хордың концертін тоқтатуды өтінеді. Сонда отағасы, рас, бұлардың өлең айтқанда, осындайы бар, есесіне бұлар ішкілікті аузына алмайды, тәртіпті дегенді айтып, отыра береді. Абайда да негізінен осы мазмұн берілген.

«Сосед соседа звал откушать;
Но умысел другой тут был:

Хозяин музыку любил
И заманил к себе соседа певчих слушать», –

деп басталуын Абай:

«Көршіні көрші шақырды.
Болды да сыйлап, ас бермек.
Қулығын іште жасырды;
Баланың әнін есіттірмек», –

деп шебер аударма жасай білген. Бұл жерде орыс тіліндегі «молодцы» «балалар» деп алынған. «Запели молодцы: кто в лес, кто по дрова» деген тіркеске «балалар шулап бақырды» деген сәтті балама берілген.
Мысалдың негізгі ой қорытындысы орысшасында:

«А я скажу: по мне уж лучше пей,
Да дело разумей» деп түйінделсе, қазақшасында:
«Есі шықпай мұнан да ішкен артық,
Қисыны жоқ қышқырған не еткен тантық!» –

деген жолдармен өрнектелген. Мұнда түпнұсқаға қарағанда, аудармадағы ой ба­рынша көркем келісім тапқандығы көрініп тұр.
Әдеби шығарма қоғамдық тұрмыстың көркем бейнесі болу керек. Көркем туын­дыда адам әдеттегі күнделікті тіршілікте назар аударып, мән бере бермейтін өмірдің кейбір түйткіл мәселелері өнердің құдіретімен лупамен қарағандай үл­кейтіліп, оқырманның ойланылуына ұсынылады. Абайдың жоғарыдағы талап­тарға жауап берерлік туындысының бірі – И.А. Крыловтан аударған «Бақа мен өгіз» мысалы.
«Бақа мен өгіздің» көлемі орысшасында – 47 жол. Түпнұсқада тым қысқа да, ал аудармасы екі еседен аса ұзартылған. Мұның басты себебі Абай мысалдың қазақ оқырманына ұғынықты болуын, негізгі идеясының неғұрлым толғырақ жетуін көз­дегендіктен деп түсінген жөн. Ал түпнұсқада ұсынылар ой оқиға суреттеліп бо­лып, оның мазмұны оқырманын ойлантар тұста:

«Пример такой на свете не один,
И диво ли, когда жить хочет мещанин,
А сошка мелкая, как знатный дворянин», –

деп соңында берілген. Оқырмандарының арасында жер мен көктей айырмашылық­тар бар екенін ескерген Абай мысалды:

«Қарасаң тым-ақ көп
Көре алмас іші тар.
Несі артық бізден деп,
Салыспақ жұртта бар», –

деп бастап:
«Таласпа, жаным-ай,
Қолыңнан келмеске.
Боларсың бақадай,
Көп түссең, егеске», –

деген жолдармен аяқтайды.
«Бақа мен өгіз» азын-аулақ айырмашылықтарына қарамастан, аударманың балама түріне жатады. Түпнұсқада шабындықта жайылып жүрген өгізді көріп қал­ған құрбақа мен де сондай дәу боламын деп, ісініп-кебініп, соңында қарны жа­рылып өледі. Осы бір ғана эпизодты орыс мысалшысы қысқа ғана 13 жолмен бейнелейді. Крылов сөзге сараң болса, Абай болған оқиғаны толықтырып, жан­дандыра түседі. Түпнұсқадағы «Лягушка, не лугу увидевши Вола» деген бір ғана жол қазақшасында:

«Су ішкелі бір өгіз
Барып еді бұлаққа,
Бақалар қорқып, тарбаңдап,
Қашып шықты әр жаққа.
Бақаға өгіз таумен тең,
Ұшып кетті зәресі.
Мақтаншақтық сен көрсең,
Бақада екен төресі», –

деп сегіз жолдан тұратын екі шумақпен беріліп, түрленіп кеткен. Орысшасында бақа шыбындықта не қуып жүргені белгісіз, әйтеуір, бір өгізді көрсе, қазақшасында бұлаққа су ішкелі келген өгізді көреміз. Мал бағып өскен қазақтың баласына су ішуге бұлаққа келген өгіздің бейнесі жақындау. Осы жерде түпнұсқада жоқ «бұ­лақтың» алынуының өзі де оқиғаны нақтылай түскен. Бақалар көбіне көлде бо­латынына қарамастан, Абайдың бұлақты алуы қазақтың даласында бұлақтың көп кездесетінін ескергендіктен де болса керек.
Аудармадағы:

«Бақаға өгіз таумен тең,
Ұшып кетті зәресі», –

деген жолдар түпнұсқада жоқ. Бұл жолдарды аудармашы оқиғаны жандандыру жә­не сол өгізге ұқсауға тырысудың себептерін аша түсу мақсатымен қосқан.
«Затеяла сама в дородстве с ним сравняться:

Она завистлива была.
И ну топорщиться, пыхтеть и надуваться»-
деген үш жол қазақшасында :
«Мақтаншақтың сен көрсең,
Бақада екен төресі.
Өз-өзінен бір бақа
Күшенді де бөртінді.
Қарны үлкейді қампайып,
Өгіздей болам деп ісінді», –

түрінде алты жолмен берілген. Өлеңнің жол саны қазақшасында екі есе көп болғанымен де жалпы сөз саны екеуінде де шамалас.
И.А. Крылов:

«Смотри-ка, квакушка, что, буду ль я с него?»
Подруге говорит. Нет, кумушка, далеко!
Гляди же, как теперь раздуюсь я широко.
Ну, каково?
Пополнилась ли я? – Почти что ничего. –
«Ну, как теперь?» – «Все то ж…»

Абай:

«Қасындағы жолдасқа:
– Қарашы! – деді, – сен бізге!
Қиын ба екен үлкею,
Жеткем жоқ па өгізге?»
«Ісіндің, кебіндің,
Сонда да не пайда?
Түрі жат өгіздің,
Сен қайда, ол қайда?»
Күшенді кеп күжініп,
Келгенінше шамасы,
Дейді: «Енді бір қарашы!»
Қарады да «Дәнеме
болған жоқ қой, қой!» – деді.
Қызып алған антұрған
Айтқан сөзге көнбеді».

Бұл жерде де Крыловтың барынша қысқа, Абайдың оқырманына барынша түсінікті болуы үшін сөзді аямай, көсілгені көрініп тұр. Орысшадағы «квакушка», «подруга» сөздері қазақшада жоқ, орнына басқашалау мағынадағы «жолдас» сөзі алынған. Бақаның жанындағымен диалогы екеуінде де бір-бірімен негізінен сәй­кес келеді. Тек, қазақшасында болған оқиға аздаған толықтырулармен, қара­па­йым тілмен түсінікті баяндалған.

«…Пыхтела да пыхтела
И кончила моя затейница на том,
Что, не сравнявшися с Волом,
С натуги лопнула и околела», –

деген жолдар аудармада төмендегіше өрнек тапқан:

«Қызып алған антұрған
Айтқан сөзге көнбеді.
Тырқыл қағып, тыпырлап,
Күшенді де бөртінді.
Іш жарылды сытырлап,
Мақтанам деп өзі өлді».

Мұнда тәржіменің жол саны түпнұсқадан көбірек көрінгенімен де жалпы кө­лемі бірдей (орысшасында 19 сөз болса, қазақшасы да – 19). Аудармадағы

«Қызып алған антұрған…
Тырқыл қағып, тыпырлап,
…Мақтанам деп өзі өлді», –

деген жолдар түпнұсқада жоқ. Есесіне «Пыхтела да пыхтела» дегенді «күшенді де, бөртінді» деген екі сөзбен дәл берген. Орысшасындағы «лопнула» деген сөзге де жан бітіріп, «іш жарылды сытырлап» деп, қалай жарылғанын бейнелейді.
Абай аудармаларының ішінде «Есек» мысалы жайында екі ұдайы пікір бар. Бір зерттеушілер мұны аудармаға жатқызса, енді біреулер ақынның төл туындысы дейді. Мысалы, Қ. Құттыбаев «Сонымен бірге, Абай өз жанынан «Есек» деген мы­сал жазған… Абайдың өз жанынан жазған «Есек пен шаруа» («Осел и мужик»), «Есек пен бұлбұл» («Осел и соловьей»), тағы басқа есек сияқты ақымақтарға арнап жазған мысалдарымен салыстырғанда, мазмұны жағынан ешбіріне ұқсамайды» (Қ. Құттыбаев. Крылов және Абай. «Социалистік Қазақстан», 27.ІҮ.1954) деп жаз­са, Г.Б. Асаубаева «Қазақ әдебиетіндегі мысал дәстүрі және И.А. Крыловтан аудармалар» (Басенные традиции в казахской литературе и переводы И.А. Кры­лова» А., 000) атты диссертациялық жұмысында «Есекті» И.А. Крыловтың «Ме­шок» мысалының аудармасы деп көрсетеді (67-бет).
И.А. Крыловтың «Қап» («Мешок») мысалының мазмұны төмендегіше: «Кіре­берісте, еденде елеусіз бір қап жататын. Үйге кіргендер оған аяғын сүртіп кіре­тін. Бір күні қожайын ақшаларын осы қапқа салып, оны дүңгіршекке апарып сақ­тайды. Іші ақшаға толы қапқа, келім-кетім жұрттың бәрі қызыға қарайды. Көп­шілік назарына, құрметіне бөленген қаптың көкірегі өсіп, дандайси бастайды. Анау олай емес, былай болуы керек деген сияқты жұртқа ақыл айтып, берекесін кетіреді. Бір күні қаптағы ақша таусылғанда, қожайын қапты лақтырып жібереді. Содан бері сол қаптан хабар жоқ».
Ал Крыловтың «Осел» мысалының мазмұны мынадай: «Бір шаруаның жуас есегі болады. Табуға оңай, жоғалып кетпесін деп мойнына қоңырау тағып қояды. Көптің назарына ілінген, даңғой есек бұған мәз болып көкірегі өсіп кетеді. Мақ­тан тұтқан қоңырауы керісінше, сорға айналады. Бұрын емін-еркін елеусіз жайылатын есекті енді үйдің, егіннің маңына жолап кетсе, қоңыраудың даусын естіп, жұрт қуатын болды. Соңында таяқтаудан, аштықтан көтерем болған есектің құр сүлдері қалды».
Абайдың «Есегінде» мал сатып, сауда жасап қайтқан керуеннің ішінде үстіне алтын артқан бір есек келеді. Алтыны бар есектің маңында өңшең байлар жү­ріп, оған қошеметпен қарайды. Оған жемді де көбірек беріп, сылап-сипайды, кей­біреулері құлағынан сүйіп те алады. Өзгенің бәрін менсінбейді. «Атты те­уіп, адамды тістесе де сөгіс жоқ». Жұрттың бәрі есектің амандығын тілейді, «Жап­парқұл мырза» атанады. Бір күні бай есектің үстіндегі алтынды алғанда, бұрынғы қошеметтің бәрі жоғалып, боқ тасуға жегіледі.
Абайдың мысалының мазмұны Крыловтың екі мысалынан да мүлдем өзгеше. Крыловта есек мойнына қоңырау таққанға мәз болса, Абайда үстіне алтын арт­қанға есіреді. Алғашында қоңырауына қуанған есек артынша-ақ одан опық жейді. Ал Абайдың есегі үсінде алтыны бар кезде құрмет көреді де, оны алып қойған соң, «боқ тасуға жегіледі». Крылов мысалын жылпостар әдетте қарапайым, белгісіздеу бо­лып келсе, қалай шені өседі – солай адам танымастай өзгеріп кетеді деген ой­мен аяқтайды.
«Осел» 25 жолдан тұрса, «Мешок» – 56, ал Абайда – 40 жол.
Ал «Мешоктың» оқиғасы мүлдем басқаша. Мұнда есек атымен жоқ. Аяқ астын­да жатқан жаман қап, іші ақшаға толғанда, менменсіп кетеді де ақшасы таусылған соң, далада қалады. «Мешоктың» идеясы:

«Велико дело –миллион!
Однака же, друзя, вы столко не гордитесь!
Сказать ли правду вам тишком?
Не дай бог, разоритесь:
И с вами точно так поступят, как с Мешком!» –

деген жолдарда жатыр. Яғни, орыс мысалшысы қалтамда бірдеңе бар деп көкірегін көтеретіндерді сақтандырады; бір­де олай, бірде бұлай болмай, барлық уақытта да адамдық қалпыңды сақта деген ой айтады.
Сонымен Абайдың «Есегін» аударма деуден гөрі, И.А. Крыловтың әсерімен жазылған Абайдың төл туындысы деген дұрыс. Әрине, Абай бұл мысалды да дәл аудара алатын еді. Бірақ бұл жолы олай етпеген; И.А. Крылов мысалдарының са­рынымен қазақ оқырманын ескере отырып, өздігінен жаңадан «Есек» мысалын жазған деп білеміз.
«Есек пен бұлбұл» – Крыловтың «Осел и соловей» атты мысалының аудармасы. Мұнда надандық пен ақымақтық аяусыз сыналады. Мүрсейіт қолжазбалары бойынша Абайдың негізгі басылымдарының барлығында жарияланып келеді. Түпнұсқаның мазмұны аудармада дәл берілген. Соған қарамастан, Абайдың мысалында тыңнан қосылған, алынып тасталынған жолдар бар. Крыловта есек бұлбұлды көріп «Достым, тыңдашы. Жұрттың бәрі сені керемет әнші деп мақтайды. Мен сенің әніңді тыңдап, сенің шын шебер әнші екендігіңе көз жеткізгім келеді» дейді. Абай есекті бірден бұлбұлға кезіктірмейді. Өздігінен

«Тойған есек шөпті оттап маңайдағы
Соңырқап шатқа кетті қай-қайдағы.
Тентіреп өлкені өрлеп келе жатып,
Жолықты бір бұлбұлға тоғайдағы», –

деген кіріспені қосып, есектің жай-күйінен хабар береді. Содан кейін барып бұлбұлға тіл қатады. Бұлбұлдың ән салғанын Крылов 12 жолда суреттесе, Абай екі шу­мақпен дәл жеткізе білген. Крыловтың:

«Защелкал, засвистал
На тысячу ладов, тянул, переливался;
То нежно он ослабевал
И томной вдалеке свирелью отдавался,
То мелкой дробью вдруг по роще рассыпался», –

деген жолдарын Абай:

«Өнерге салды бұлбұл сонда аңыратып,
Шыңғыртып, шымырлатып, сорғалатып.
Мың түрлі күйге шалып, толқынтады,
Маңайда жан біткенді таңырқатып» деп жырлайды.
«Затихли ветерки, замолкли птичек хоры,
И прилегли стада
Чуть-чуть дыша, пастух им любовался
И только иногда,
Внимая Соловью, пастушке улыбался».
Аудармада:
«Қой жатыр, қойшы тыңдап тұрды елбіреп,
Көзіне қып-қызыл боп жас мөлдіреп.
Жел соқпай, құс шуламай, бәрі жым-жырт,
Әнге көңіл жіберіп, тұрды елжіреп», –

деп, дәл де шебер аударылған. Тек түпнұсқада алдымен желдің тынып, құстың шуылының басылуын айтып, содан кейін барып малдың жатқаны, қойшының елітіп тыңдап тұрғаны суреттелсе, Абай әнді алдымен адамға тыңдатып, табиғатты соңынан елжіретеді. Сөз суретінің орны ауысқанымен, аударма ұтылмаған. Бұлбұл әнін тыңдап болған соң, есек оған «әнің жақсы екен, бірақ сен, біздің әтештің әнімен таныс емес екендігің өкінішті-ақ. Содан біразырақ үйренсең, бұдан да жақсы болар еді» деген ойларды айтқан алты жолды Абай төрт жолмен береді. Крыловтың мысалы «құдайым бізді де осындай сарапшылардан сақтасын» деген бір-ақ жол қорытындымен аяқталады.
Абай:

«Демеймін жұрт мақтасын,
Я жақсын, я жақпасын.
Сүйтсе де мұндай сыншыдан
Құдайым бізді сақтасын», –

деп, төрт жолмен түйіндейді. Нәтижесінде Крыловтың 29 жолдық мысалы Абай аудармасында 35 жол болып шыққан. Крыловтың мысалы 6, 8, 9, 12, 13 буынды бо­лып келсе, Абай 11, 12 буынды өлең түрін қолданып, соңғы қорытынды шумақты 7 буынды жыр үлгісімен жазған.
Абайдың «Жарлы байы» – «Бедный богач» атты мысалының еркін аудармасы. Бас кейіпкер жаман шал кедей кезінде өмірге ойлы көзбен қарайтын болса, баю­дың жолына түскеннен бастап, өзіне де өзгеге де сыни көзқарасын жоғалтып, қо­мағайлана түседі. Жарлы кезінде егер мен бай болсам, байлықпен алыс-жақынды жарылқар ем дейтін шал енді оған қолы жеткен соң, мүлдем өзгереді. «Кедей бай боламын дейді, бай құдай боламын дейді» дегендей, байлықтан басы айналған «жарлы бай» адамдық қалпынан айрылып, басқаша күйге түсуі ертегілік элементтерді қосу арқылы бейнелі беріледі.
Түпнұсқадағы 74 жолдық өлең қазақшасында 97 жолдан тұратын 24 шумақты құраған. Крыловтың мысалы тікелей жарлының байлық туралы ойынан басталса, Абай алдымен, жалғыз шалмен таныстырады:

«Жаман үйде жалғыз шал,
Өзі – кедей, күңіренді.
Өзі көрген байлардың
Мінезінен жиренді».

Түпнұсқада монологтан кейін жапырайған лашығында ойланып жатқан жар­лыны көреміз. Монолог орысшасында – 11, қазақшасында 23 жол. Түпнұсқада ақша жинап, баю айтылса, қазақшасында мал тауып, баю сөз болады. Сауда-саттығы әлі дамымаған сол кездегі қазақ даласы үшін ақшаның құлаққа тосындау болатындығын ескере отырып, «мал табу» баламасын өте дәл қолданған. Кры­ловтың мысалын аударып отырған Абай есіне қазақ байларының кейбір ұнамсыз қылықтары түскенде, қыза келіп, «ант атты», «тәңірі атқан» деген сияқты ауыр сөз­дерді де пайдаланады. «Ал мен бай болсам, адам сияқты өмір сүріп, байлығымды игілігіме жаратар едім, өзгелерге де көмектесер едім» деп ойланып жатқанында лашығына жын-сайтан ба, әлде сиқыршы ма, біреу кіріп келіп, тіл қатады. Абай «жәдігөй ме, шайтан ба?» бір адам кіріп келді деген. Ол «сенің бай болғьң келсе, мына әмиянды ал. Қанша алсаң да ішінен ақша шыға береді. Қажетіңше ал. Бі­рақ, ақшаны әмиянды өзенге тастаған соң барып жаратуға болатынын ұмытпа» дейді. «Червонец» – ділда», «алтын», «кошелок» – «дорба», «река» – «дария» деп аударылған. Сонымен ол күндіз-түні әмияннан ақша алумен болады. Тағы да, тағы да… ала береді. Тамақ ішуге де уақытты қимай, күннен- күнге аза береді. Осы жағ­дайды Абай әсірелеп:

«Үйіндегі бір нанды
Бір ай жеді аз-аздан», –

деп суреттейді. Әмиянды өзенге тастамақ болып, бірнеше рет келіп, «алтынды су­дай ағызып тұрғанда мұнан қалай ажыраймын» деп, қайта оралады. Абай оқи­ғаны нақтыландыра түседі: дорбаны суға тастауға жүз рет барып, тастай алмай кері қайтады; «дорбаны сауып, тыныштықсыз бір ай түгіл, жыл өтті» дейді. Соңында жарлының шашына ақ түсіп, азып кетеді; алтынындай сарғайып, құр сүлдері калады. Түпнұсқадағы

«И наконец, Бедняк мой поседел,
Бедняк мой похудел;
Как золото его, Бедняк мой пожелтел.
Уж и пышности он боле не смехает:
Он стол и слаб ихил; здоровье ипокой –
Утратил все: но все дрожашею рукой», –

деген жолдарды Абай:

«Алтындай жүзі сарғайды,
Қол дірілдеп, әл кетті.
Ассыз, сусыз, дерт жеңіл,
Өзі де әбден жүдепті», –

деп қысқа да нұсқа аудармасын жасаған. Крыловта жар­лы тоғызыншы миллионды санап жатқанда өз лашығында қайтыс болады да, мысал аяқталады. Абайда да со­лай. Бірақ аударманың соңына «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» екі жолды өзі қосқан:

«Алтын қайда, сөз қайда?!
Қу нәпсіден не пайда?»

«Қазаға ұрынған қара шекпен» – «Крестьянин в беде» мысалының еркін аудар­масы. Тақырыбындағы «в беде» «қазаға ұрынған» деп, өзгеше берілген. Қырық жолдай мысал қазақшасында – 56. Мысалда шаруаның ауласына ұры түсіп, са­райындағы бар жарар дүние-мүлкін алып кетеді. Кеше ғана бай болып, ұйықтап тұрып бақытсыздыққа ұшыраған шаруа қатты қайғы үстінде ағайын-туыс, жолдас-жора, көрші-қолаң, жегжат-жұрат – бәрін шақырып, көмек, ақыл-кеңес сұрай­ды. Тамыры Карпыч «бай екендігіңді жұртқа жаймау керек еді» дейді. Құдасы Климич «алдағы уақытта сарайды үйіңе жақын салуға тырыс» деп, ақыл айтады. Қоңсысы Фока «бәленің бәрін сарайдың үйден алыста болғандығынан емес, аулада кабаған ит ұстау керек еді. Мен саған итімнің бір күшігін берейін» деп, мырзалық жасайды. Жиналғандар сөзбен ақыл-кеңесті үйіп тастайды да іспен біреуі де көмектеспейді. Осы оқиғаны Абай қазақ оқырманына түсінікті жеткізу мақсатымен өзінше жырлаған. Тұрмысты шаруаны «бай» деп алған. Түпнұсқада сарайға бір ғана ұры түссе, аудармада ұрылар лапкені бұзып, талқандап, үйін де үптеп кетеді. Абайдың байы ұрыны таба алмайды. Қарны ашады; «ішеріне шай да жоқ». Бұлар түпнұсқада кездеспейді. Крыловтың кейіпкері көпшіліктен көмек сұрайды. Аудармада ол жылап, мұңын шағады. Орысшасында ақыл-кеңес берген тамырының, құдасының, көршісінің нақтылы аттары аталынса, қазақшасында да үш адам сөйлейді; аттары белгісіз – «біреу».

«И словом, от родни и от друзей любезных
Советов тысячу недавно полезных,
Кто сколько мог,
А делом ни один бедняжке не помог»
шумағы қазақшасында:
«Бөз орнына сөз беріп,
Құда, тамыр, дос кетті.
Қол ұстамай, көз көріп,
Айтқан арыз бос кетті», –

делініп, қысқа да нұсқа аударылған.
Қарға мен бүркіт» («Вороненок») «Бүркіт пен қарға» деген атпен де белгілі. Түпнұсқаның жалпы мазмұны сақталынғанмен де азын-аулақ өзгерістер бар. Кры­лов мысалды «Қарғаның балапаны» деп атаса, Абай оған басқаша ат қояды. 36 жолдық мысал қазақшасында – 41. Крыловтың мысалы бүркіттің аспаннан құ­йылып келіп, малдың ішінен бір қозыны іліп кетуінен басталса, Абай:

«Қой жайылып жаздыкүн
Шыққан екен қияға», –
деп өзгеше кірісіп, содан кейін барып бүркіттің қозыны ілгенін суреттейді. Мұ­ны көріп тұрған қарғаның баласы «мұндайға тырнақты былғағанша, алғасын мық­тысын алу керек; бүркіттер де нашар болады екен; ал мен болсам, патшаға ас бо­лар­лықтай ең мықтысын ілемін» деп ойлайды. Абай:

«Қозыны да тамақ деп,
Кім ап шықсын тастарға!
Ең семізін ілейін
Қызық қылып ашарға», –

деп, жеті жолдық монологты бір шумақпен ғана аударған. Түпнұсқада қарғаның жемтігін таңдауы жеті жолмен берілсе, аудармада «деді-дағы, аралап, жабысты келіп қошқарға» деп, қысқасынан қайырған. Орысшасында қошқардың үлкендігі, жүнінің ұйысып қалғандығы айтылыңқыраса, Абай қарғаның аянышты халін суреттеңкірейді:

«Қалшылдап, дірілдеп
Тырнағын салады,
Қанатын қайқайтып
Әкетпек болады».

Мысалда қарғаны қойшылар ұстап алады да, ұшпасын деп қанат-құйрығын кесіп, балалардың ойнауына береді. И.А. Крылов айтар ойын бір шумақпен:

«Нередко у людей то же самое бывает,
Коль мелкий плут
Болшому плуту подражает;
Что сходит с рук вором, за то воришек бьют», –

деп түйіндесе, Абай қысқа ғана:

«Азат басың болсын құл
Қолдан келмес іске ұмтыл!» –

түрінде өзгеше аяқтайды.
Ал «Піл мен қанденнің» аудармасы түпнұсқаға барынша жақын. Мысалы Абай­дың:

«Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,
Кім көріпті хайуанды мұндай түрді.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді»

дегені И.А. Крыловтың мысал бастауының:

«По улицам Слона водили,
Как видно, напоказ.
Известно, что Слоны в диковинку у нас,
Так за Слоном толпы зевак ходили», –

дегенінің дәлме-дәл көркем аудармасы екен­дігіне көз жеткізу қиын емес.
«Піл мен қанден» – «Слон и Моськаның» мазмұнын, айтар ойын дәл, шебер жеткізеді. Аздаған айырмашылықтар да кездеседі. Сөзбе-сөз аудармасы «Піл мен Моська» болу керек болса, иттің аты Моська мысалдан мүлдем алынып тас­та­лы­нып, орнына қанден сөзі алынған. Себебі, орыс атауы Моська қазақ оқыр­ман­дарына түсініксіздеу болған болар еді. Мысалдың көлемі Крыловта 20 жол бол­­са, Абай 24 жол қылып аударған. Түпнұсқада шумақ жолдары әрқалай болып кел­се, қазақшасындағы 6 шумақтың әрқайсысы 4 жолдан тұрады. Қазақшасында қан­ден­ге бір итті кездестіріп» «әліңді білсеңші» дегенді айтқызса, орысшасында кім­­­нің кездескені, бұл сөздерді кімнің айтып тұрғаны белгісіз; тек төл сөз ғана беріл­ген. Орысшасында Моськаға айтылған ақыл 5 жолдан тұрса, қазақшасын­да – 7 жол; Моськаның жауабы 7 жол болса, қандендікі – 8 жол. «Могу попасть в большие забияки» – «Ер атанып көремін» деп қысқа қайырған. Аударманың соңғы шумағындағы «Жұрт мұнымды көрмей ме?!» деген жол түпнұсқада жоқ. Крыловта қанден иттер туралы айтса, аудармашы «жұрт» сөзін қолданып, мағыналық ауқы­мын кеңейте түскен. Орысшасында «пілге де үрген Моська қандай күшті» дегенді иттер айтып жүреді деген ойлар айтылған соңғы шумақ;

«Пускай же говорят собаки:
Ай, Моська! знать, она сильна,
Что лает на Слона!»
Абайда:
«Жұрт мұнымды көрмей ме?
Батыр атақ бермей ме?
Қой, бұл қанден – ер, шіркін,
Пілге де үрген демей ме?

түрінде аударылған. «Сильна» деген сөздің орнына «батыр», «ер» сөздері қол­данылған.
Түпнұсқадағы мысалдың тақырыбын аудармада өзгерту Абайда жиі кез­десетін­дігі көрінеді. Мәселен, «Музыканты» «Әншілер» болып аударылған. Му­зыкант қазіргі оқырмандар үшін түсінікті шығар, бірақ Абайдың кезі туралы бұ­лай айта алмас едік. Ал қазақта екінің бірі – әнші. Тәржіме жасағанда, Абай осы жақ­тарын ескерген сияқты.
«Емен мен шілік» – Крыловтың «»Дуб и трость» мысалының аудармасы. Мұнда да тақырыптағы «трость» құрақ деп аударылмай, шілік деп алынған. Көлемін сақ­тап, мазмұнын, айтар ойын, тіпті кейбір бейнелі сөздеріне дейін дәл аударуда «Емен мен шілік» ерекше көзге түседі.
Түпнұсқада:

«С тростинкой Дуб однажды в речь вошел:
«Поистине, роптать ты вправе на природу, –
Сказал он — воробей, и тот тебе тяжел.
Чуть легкий ветерок, подернет рябью воду…»
Осы шумақтың қазақшасы:
«Шілікпен Емен бір күн сөйлесіпті:
– Аллаға, сорлы, неден жаздың? — депті.
Торғайға да майысып солқылдайсың,
Жел бүлк етсе, тебесің әткеншекті».

Бұл арада өлең құрылысы диалогқа дейін толық сақталынған. Әрбір жолдың, тармақтың соңында шумақтың аудармасы дәл берілген. Тіпті, әр сөзіне дейін сөз­бе-сөз аударылған.
Мысал негізінен дәлме-дәл аударылғанымен де, кездесетін азын-аулақ өзгер­тулер де бар. Түпнұсқада дауыл Солтүстік жақтан келсе, аудармада «Кавказға бір қап-қара бұлт мінді» дейді. Табиғат мінезі бейнеленген өлең жолдары тәржі­меден гөрі ұлтымыздың төл туындысына жақын. Яғни мәтіннің тәржіме екендігі білінбейді десек де болады. Мұнда сөзбе-сөз дәлдіктен гөрі көркемдік жағынан сәйкестік басым. Абай суреттеліп отырған оқиғаның көркемдік бояуын қалыңдата түсу мақсатымен («Кавказға бір қап-қара бұлт мінді, есітіп тұрған кісідей тау күңіренді»), Кавказға «бұлт мінгізіп», одан «тауды күңірентіп», дауылды «ақыр­тып», «долдантып» («Ақырып долданғанда алып ұрды») қояды. Мұның өзі кең да­лада жортып жүріп, еркін өскен табиғаттың қыр-сырын жетік меңгерген қазақ баласының сезіміне әсер етпей қоймайды. Демек, аударманың оқырманға берер эстетикалық мәні арта түскен.
Абай мысалдың соңына негізгі идеяны аңғартар екі жол қосқан:

«Майысқаннан шіліктің несі кетті,
Батыр, мақтан сөйлеме сен де о ғұрлы».

Абайдың шет тілдерінен орыс тілін ғана жетік білгені белгілі. Абай орыс ті­лі арқылы Еуропа әдебиетінің Байрон, Гете, Шиллер, Мицкевич сияқты ірі өкілде­рінің кейбір өлеңдерін де қазақ тілінде сөйлетті. Сөйтіп, ұлттық поэзия­мызды әлемдік әдебиеттің озық үрдістерімен байыта түсті; қазақ әдебиетін көркемдік да­мудың әлемдік даңғыл жолына салды.
Абай – қазақ әдебиетіндегі аударма өнерін алғаш қолға алып, тыңнан жол сал­ған ақын.
Сонымен, Абай орыс мысалшысы И.А. Крыловтың мысалдарын қазақшалаған­да, мағыналық, құрылымдық және идеялық тұрғыдан ауытқымай дәл беріп, кейде ер­кінірек кетіп, аударма жасаудың небір клласикалық үлгілерін жасады. Аударма  өнерінде ақынның екі түрлі принципті ұстанғандығы көрінеді. Оның біріншісі – эстетикалық, көркемдік принцип. Яғни, мысалда суреттелген оқиға, мазмұн, ай­тар ой қазақ оқырманына сол күйінде түсінікті болған жағдайда барған. Оның «Емен мен шілік», «Піл мен қанден», «Қарға мен түлкі», («Жұрт біледі, күледі»), «Шегіртке мен құмырсқа», «Есек пен бұлбұл», т.б. сияқты мысалдары азын-ау­лақ өзгертулеріне қарамастан, осы көркемдік принципті, яғни түпнұсқаның көр­кемдік қалпын сақтай отырып, аударылған. Сол сияқты «Теректің сыйы», «Қа­расам, қайғырар жұрт», «Тұтқындағы батыр», «Жолға шықтым бір жым-жырт түн­де жалғыз», «Жалау», «Жартас», «Дұға», «Альбомға», «Менің сырым, жігіттер, емес оңай», «Бородино», «Қанжар», «Қараңғы түнде тау қалғып» түпнұсқаның көр­кемдік ерекшеліктерін сол күйінде толық сақтап, дәлме-дәл шебер аударылған клласикалық туындыларға жатады. Соңғы өлеңді Абай Лермонтовтан, Лермонтов Гетеден аударған. Ал кей тұстарда қазақ ақыны автормен өнер жарыстырғандай болады. Бұл ретте түпнұсқаға қарағанда, қазақша аудармасының сәттірек шыққан тұс­тары да баршылық.
Аударма ісінде Абай ұсынған екінші принцип өнердің адамның күнделікті тір­шілігіне қажеттілігінен туындайды. Ағартушылық бағыттағы Абай, Крылов мы­сал­дарының ішінен қазаққа пайдалысын, даланың тұрмыс салтына орайласа­ты­нын оқырманына ұғынықтысын таңдайды. Осы тұрғыдан қазақ пен орыстың өмір сүруі, сана-сезімі, ұлттық ерекшеліктері сияқты көптеген әлеуметтік факторларды ескере отырып, кей тұстарда түпнұсқаны өзгерте жырлауға саналы түрде барады. «Есек», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Қарға мен түлкі» («Боқтықта тал­таң­дап»), т.б. сияқты мысалдар түпнұсқадан біршама алшақ кеткен. Бұларды аудар­ма деуден гөрі бір тақырыпта екі ақынның жарыса жырлап, нәзирашылдық үл­гімен жазылған ақынның төл туындысы дерлік. Сол сияқты Абайдың «Евгений Онегинін» зерттеушілер осы күнге дейін А.С. Пушкиннен аударылған деп жүр. Шындығына келсек, мұнда түпнұсқадан тек романның «Евгений Онегин» деген деген тақырыбы мен аты ғана. Романның сюжеті, композициясы, мазмұны қазақ­шасында мүлдем өзгеше. Абай романның негізгі идеясын, рухын алған да соны қазақ оқырманына түсінікті етіп, өзінше жырлап берген. Абайдың «Евгений Оне­гинін» орыс жазушысынан аударма дегеннен гөрі, бір тақырыпқа жазылған са­рындас туынды деп бағалау шындыққа жақындау.
Сонымен бірге Абай барлық уақытта да дәл аударып отырғанның өзінде де өз оқырманын ескере отырып, міндетті түрде азын-аулақ өзгерістерге, толықтырулар­ға барып отырады; еркін кеткеннің өзінде де түпнұсқаны темірқазық етіп, соның сарынымен жүреді; бірақ көркемдік кестелері өзгеше өрнектеледі. Бұл турасында академик З. Ахметов «Абай Крылов мысалдарын дәл аударып, оның құрылыс-қалпын сақтауды мақсат етпеген, сюжетін еркін баяндап, көшіре аударма емес, қазақ тілінде төлтума болып шығатын сарындас аударма беруді мақсат еткен» (З. Ахметов. Білімдіден шыққан сөз. «Егемен Қазақстан», 22.01.1994) деген пікір біл­діреді. Кей тұстарда Абайдың еркін кететіні соншалық – кей өлеңнің төл туынды немесе аударма екенін дөп басудың өзі қиынға соғады.
Әлемдік әдебиетте мысал жанры Эзоптан бастау алады. И.А. Крылов өз мысал­дарының сюжетін көбіне Лафонтеннен, өзіне дейігі мысалшылардан алып отыр­ған. Бір-бірінен сюжет, ой алмасып отыру, оны әр ұлттың ерекшеліктеріне орай қайта жырлау мысал жанрының тарихында заңдылыққа айналған.
Әдебиет – сөз өнері. Ал өнер ұлттық сипатта болады. Ақын басқа әдебиеттен оқиға, ой ауысқанымен де басқа тілге апарып қондыра салуға келмейтін шығарма­ның көркемдік бояуы бар. Өйткені әдебиеттің көркемдік болмысы белгілі бір ұлттық топырақта ғана өмір сүреді. Әдеби шығарманы сол күйінде сөзбе-сөз, дәл­ме-дәл екінші тілге аударғанда, ол көркемдік бояуын жоғалтып, жай ғана сөз тіркесіне айналады. Аудармашы екінші бір тілден аударма жасағанда, оның оқи­ға желісін, идеясын пайдаланғанымен де оның көркемдік болмысын түбірінен қай­та жасауына тура келеді. Сол себепті де әдеби аударманы сөз өнерінің ерекше бір саласына жатқызып, оны да ұлттық әдебиеттің ауқымында қарау керек. Осы тұрғыдан келгенде, Абай – қазақ әдебиетіндегі мысал жанрын аударма арқылы биікке көтере білген ұлы аудармашы.

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.