Әлем әдебиеті

Сауытбек АБДРАХМАНОВ. ПОЭЗИЯНЫҢ АУДАРМАСЫ ЖӘНЕ АУДАРМАНЫҢ ПОЭЗИЯСЫ

1

АУДАРМА ӨНЕРІНІҢ ҚЫРЛАРЫ

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

ПОЭЗИЯНЫҢ АУДАРМАСЫ ЖӘНЕ АУДАРМАНЫҢ ПОЭЗИЯСЫ

                Мыңжылдықтар алмасып, ғасырлар ауысқан соңғы жылдар бүкіл адамзат қа­­­­уымы үшін орасан өзгерістер кезеңі болды. Ол оқиғалардың бүкіл дүниедегі саяси күштердің ара-салмағын түбегейлі өзгерткені, ең бастысы –  жалпыадамзаттық жаңа ұғымдар қалыптастыруға бастайтын тың жолды табуды, соны рухани ізде­ністерді күн тәртібіне қойып отырғаны талас тудырмайды. Тәуелсіз Қазақстан дүниежүзілік қауымдастыққа еркін араласқан сайын өмірдің қай саласында да аударманың маңызы артқан үстіне арта бермек. Атап айтқанда, әлемдік қауым­дастықтың назары түскен дүниелерді, олардың бұрынғыдай орысшаға аударыл­ғанын күтіп жатпай, әлемдік тілдерден қазақшаға тікелей тәржімелеу алдағы ғасырда үйреншікті іске айналатын болады. Сондықтан да қазіргідей өтпелі кезең­де көркем аудармада жинақталған тәжірибені қорыту, оны теориялық тұрғыдан тиянақтау, жетістігі мен кемістігін саралау, сөйтіп маңызды міндеттерді шешудің жол­дарын айқындап алу қажет екені даусыз.
Қазақ мәдениетінің дамуындағы әлемдік өркениеттің алар орнын сөз ете оты­рып, отаршылдық кезеңінде, кешегі кеңес дәуірінде сырттан зорлап таңылған құн­­дылықтардың халық санасына саясаттың сойылымен  сіңірілгені ұлттық бол­мыс-бітімге орасан зиян келтіргенін айтумен қатар, кейінгі кезде ол әсер-ық­пал­дың жағымды жақтары, игілікті ықпалы да болғанын біржола жоққа шығаруға ұм­тылу үрдісі бой көрсетуде. Бір жағынан, ана жылдарда экономикалық дамудағы қиын­дықтардан туындаған күрделі мәселелерге – кітап шығарудың қиындығына, қаламгер еңбегін бағалаудың болымсыз болып кетуіне байланысты , екінші жағы­нан, ұлттық томаға-тұйықтықты орнықтыра түсетін үрдістердің салдарынан қазақ әдебиетінде аударма мүшкіл хал кешіп келді. Жақсы аударма тілдің қадір-қасиетін, мүмкіндігін танытудың сенімді жолы, онда автор мен аудармашы ғана емес, тіл мен тіл сынасады, сол арқылы белгілі бір дәрежеде ел мен ел өнер жарысына түс­кендей күй кешеді, сонда түптеп келгенде аударма тіліңнің тегеурінін, еліңнің ел­дігін көрсетудің құралы да болып табылады.
Рухани томаға-тұйықтық түптің түбінде мәдениеттің көсегесін көгертпейтін, тұйыққа тірейтін жол екенін, кез келген тілдің сыртқы ықпалсыз, тек ішкі ре­сурстардың есебінен өркендей бермейтіндігін нақты көрсетудің өзі бүгінгі таң­да маңызды. Міне сондықтан да біз кезінде, Ақпарат министрі қызметінде жүргені­мізде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүз томдық «Әлем әдебиеті» сериясын жоспарлатуға күш салған болатынбыз. Осының арқасында қа­зақ аударма өнерінің тың тынысы ашылып отырғанын көру, сезіну, бұл іске мем­лекеттік бағдарлама қоғамдық кеңесінің «Көркем әдебиет» секциясының же­текшісі ретінде араласу сеніп тапсырылғаны өзімізді қанағат сезіміне бөлейтінін жасырғымыз келмейді. Бірнеше жылдан бері жарық көріп келе жатқан «Әлем әде­биеті» альманағы да көркем аударма көкжиегін кеңейте түсуге көп көмектеседі.
Аударма – әрбір ұлттық мәдениеттің ажырағысыз бөлігі.
«ХV ғасырдан ХІХ ғасырдың үшінші ширегіне дейінгі рухани өмірдің өзіндік бір ерекшелігі – оқшаулық, тұйықтық еді. Қазақ поэзиясы негізінен өзінің көне дәс­түрлерін үлгі тұту және одан ары дамыту жолымен ғана ілгерілеп отырды. Замана та­лабын, уақыт тынысын жіті аңдаған қазақ білімдарлары енді өнерде, ғылымда ғана емес, әдебиетте де батыс бағытына біржола ден қояды. Ұлттық дәстүрлерді сақ­тай отырып, орыстың және басқа да батыс жұрттарының биік өреге жеткен озық әдебиетінің абзал қасиеттерінің барлығын да бойға сіңіруге тырысады. Осының нәтижесінде қазақ әдебиеті айналасы елу жыл ішінде әлденеше ғасырлық даму жо­лын бастан кешіріп, жаңа сапаға ие болды. Қазақ поэзиясы түр, мазмұн жағынан ғана емес, тақырып тұрғысынан да өлшеусіз байыды. Проза, драматургия, әдебиет сы­ны сияқты жаңа жанрлар қалыптасты. Тарихи қысқа мерзімде қазақ әдебиеті өзінің озық үлгілері арқылы Еуропа классикалық әдебиетінің өресіне жетті» деп жазады Мұхтар Мағауин [1, 250]. Бұл істе әдеби аударманың өзіндік орны бар. Фольклор, ауызша әдебиет дәстүрі қаншама бай дегенмен, роман сияқты күрделі жанрлардың жалғыз ғана арқауына айнала алмас еді. Кезінде А. Сурков түркітілдес әдебиеттердің Әуезов, Мүсірепов, Сыдықбеков, Баялинов сияқты көрнекті өкіл­дері тамаша, талантты прозаиктер ғана емес, өз халықтарының тіліне орыс және ше­тел әдебиетінің туындыларын тұңғыш таныстырған тәржімешілер де болғанына назар аударған. «Аударманың сапасы сол елдегі төл әдебиеттің сапасына сай ке­ле­ді. Көш бастайтын төл әдебиеттің соңына еріп, аударма әдебиеті жедел жү­реді. Кейде аударма әдебиет те төл әдебиеттің өсіп-өркендеуіне көмек беріп оты­рады» [2, 147]. Нақты мысал атасақ, орыс әдебиетіне де көптеген жанрлар ау­дарма арқылы ауысқанын айта аламыз. Жуковскийдің Шиллерден жасаған аудармалары болмағанда орыс тарихи балладасы қашан дүниеге келері белгісіз еді. Орыста көпке дейін роман болмағаны мәлім. Әуелде аудармашылар орыста жоқ жанр – романға тым назар аударып кеткен кезде А.П. Сумароков Превоның «Мар­киз Г.-нің бастан кешкендері немесе текті адамның тіршілігі» романының аударылуына орай: «…романдардан пайда аз, ал келер зиян көп. Романдар зерігуді кемітіп, уақытты азайтады деседі, онсыз да өмір қысқа емес пе. Романдарды оқу уақыт өткізу емес, уақытты өлтіру…» [3, 17] деп шүйілген. М.В. Ломоносов та ры­царь романдарына қатты қарсы болыпты. Кейін романдарды аудару, басқасын бы­лай қойғанда, тілді байытатынына жұрттың бәрінің де көзі жеткен. Мысалы, В. Тредиаковский қазір о баста орыста болмаған-ау деп шамалау ойымызға да келмейтін біраз сөзді (бесполезность, беспристрастность, благодарность, неза­ви­симость, снисходительность, сущность, целность, т.б.) алдымен аударма кітап­тарында қолданған [3, 19], солардың көбі кәдімгі калька әдісімен жасалған екен. Сөйтіп, біздің «тәуелсіздік» деген сөзіміздің арғы тегі де тәржімеден тараған болып шығады.
Кейінгі отыз шақты жылдың ішінде аударма қарқынының біршама бәсеңдеуіне аударманың миссиясы жөнінде қате түсініктердің де кесірі тиді. Татар қаламгері И. Ғази бірде былай депті: «Аударманың қажеті болмайтын кез жақындап келеді, қа­зірдің өзінде ол онша алыс қалған жоқ. Қазірдің өзінде қалаларда ғана емес, ауылдарда да татар оқырмандарының белгілі бір тобы орыс кітабын аудармадан гөрі түпнұсқадан оқығанды дұрыс көреді». Аударма тіл білмейтіндерге арнап жасалатын кез артта қалды. Чех әдебиетшісі Иржи Левыйдың аудармашы шығарманы қай­тадан туындатады дегенмен тоқталып қалмай, аударманы шын мәнінде басы бүтін тың туындыға балауы тіпті де артық айтылмаған: «Аудармашы еңбегінің мақсаты – түпбейнесі болмайтын тың туынды жасап шығу емес, түпнұсқаны түсіну, сақтау, жет­кізу; аударманың мақсаты – қайта туындату. Аударма барысында бір тілдің ма­териалы басқа тілдің материалымен алмастырылады, демек тілдік тұрғыдағы көркемдік құралдардың бәрін де аудармашы өзі, өзінің туған тілінде, жаңадан жасап шығады; осылайша тілдік тұрғыдан қарағанда аударма – басы бүтін тың туынды». Оның аударманың ұлттық мәдениеттегі міндеті туралы айтқаны да орын­ды пікір. «Аударылған шығарма туған әдебиеттің құбылысына айналады да, чехтың түпнұсқа шығармасы атқаратын мәдени міндетті атқаруға кіріседі». Осы сөзді «чехтың» дегеннің орнына «өзбектің», «орыстың», «француздың», «қа­зақтың», «немістің», «қырғыздың» деген сияқты жазып, айта беруге болар еді.
Аударматану ғылымның қай саласына жатады деген бағзыдан бергі дау бізде де біраз жерге барған. Әуезов бастаған әдебиетшілер әдебиеттану саласы десе, тіл­ші-ғалымдар (Қ. Жұбанов, М. Балақаев) тілтану жағына қарайластыруға бейім болды. Ақиқат бел ортада жатады: аударма – лингвистика заңдылықтарына арқа сүйеу арқылы көркем әдебиеттің міндеттерін шешетін сөз өнерінің өзгеше түрі.
Бір тілден екінші тілге көркем аударма жасауға бола ма? Болмайды деген тө­ңіректе тұтас теория тұрғызған авторлар да аз емес. Бағзыдағы талай трактатта халық рухы өзге тілде жеткізілмейді, ал шабыт қайталанбайды деген ойлар айтылады. Аударма өнер туындысындағы пішін мен мазмұнның бірлігін бұзады, бұл бірлік – тұтас ұғым, ол жарылған жерде өнер жойылады дескен бұрынғылар. Ал бір тілден екінші тілге көркем аударма жасауға болады дейтіндер нені басшылыққа алады? Мұндағы басты ой қисыны біздің бәріміз бір планетада – Жер атты планетада өмір сүреміз, мұндағы болмыс адамзатқа түгел ортақ, демек оны танып-білу әдістерінде де ортақ жайлар көп болуға тиіс дегенге саяды. Осыдан келіп әрбір тұтас әдеби туынды, яғни идеялардың, сезімдердің, образдар мен стильдік ерекшеліктердің бүкіл жиынтығы басқа тілдегі ойлау жүйесімен талдап-түсінуге және жеткізуге көнеді деген ой шығады көптеген авторлардың жазбаларынан. Қазір, негізінен,   осы көзқарас орныққан. Зады, көркем шығарма аударылмайды деген тұжырымдама аударматануда ешқашанда белең алып көрмеген. Қалай белең алып көреді, егер осы талас басталғалы бергі ғасырлардың ішінде аударма жұмысы ешуақытта толас таппаса?
Тәржіменің ғажап қасиетін мынадан да білуге болады. Адам ойы деген атқан оқтай түзу, төселген тақтайдай тегіс нәрсе емес. Бір ойдың өзі бір тілде қағазға түскенде бар қырын бірден аша салмайды, бәлкім, тіпті аша алмайды. Әлем әде­биетінің айналымына түскен туындылар сан түрлі тілдерге аударыла-аударыла жү­ріп, мәтіннің қатпар-қалтарыстарындағы астар, емеуріндер табыла беруі де мүмкін. Тіпті бір ойдың төл тілдегі көмкерілген түрінен гөрі басқа тілдегі көмкерілген түрі сәттірек шығуы да ғажап емес. Олай болмаған күнде де әр аударма сайын қайта бағамдалудың өзі шығарманың бойына жасырылған жұмбақты шешуге, көркемдік кестелерін жаңаша жайып көрсетуге көмектесетіндігі анық. Аудармаларды оқу, салыстыру, зерттеу арқылы біз түпнұсқаның өз бойындағы қасиеттерге ерекше, тың көзбен қараймыз, жаңаша бағалаймыз, оның соны қырларын, бұрын байқа­маған бояуларын ашамыз. Мәтінге қайта-қайта үңіле жүріп, түпнұсқаны оқыған тұстағыдан да гөрі зеректік танытамыз. Сол әдебиет нұсқасы жасалған елдердің өкілдері де біздің ақынымыз немесе жазушымыз қалай аударылып жатыр екен өзі, деңгей-дәрежесі төмендемей жеткен бе деп салыстыру арқылы да туған әде­биетінің қазыналарына бұрынғыдан ұсынықтылау қарай бастайды.
Аударманың құдіреті өлі тілдерді тірілтуінен-ақ танылып тұр. Көне еврей, кө­не грек, латын, ескі славян, ескі орыс тілдерінен жасалған аудармалар арқылы қан­шама мәдени мұра адамзат игілігіне айналғаны жақсы мәлім. Тәржімешілер бол­маса олардың бәріне де санаулы полиглоттардың, тіл мамандарының ғана қолы жетер еді.
Аударма өнері – сол тілдегі көркем әдебиеттің деңгейіне тәуелді өнер. Төл әде­биеттегі көркемдік ізденістер кенжелеп қалған тұста аударма саласындағы табыс­тардың қомақты болуы қисынға келе қоймайды. Мәселенің екінші жағы да бар. Аударманың сол тілдегі әдебиетке ықпалы да ерекше. Аударма өнерінің ғажайып қасиеті ұлттық өлең жүйесінің жаңғыруына, өзгеріске түсуіне ықпал жасай алуы­нан да көрінеді.
Жиырмасыншы ғасырдағы қазақ аудармасы, соның ішінде поэзия тәржімесі ұлт­тық өлең өнерімізді де барынша байыта түсті.
Өнердің қай түріне де сынның әсер-ықпалы үлкен. Аударма да солай. Соңғы сексен-тоқсан жылдың ішінде бой көрсеткен қазақ аударма сыны осы уақыт ара­лығында тәржіме өнерінің қалыптасуына хал-қадерінше көмек көрсете білді. Еңбекте ретті жерінде аударма сынына байланысты ойлар да ортаға салынып оты­рылды. Бұл тұрғыда қазірше жетістіктен гөрі кемістік көбірек. Сөз бен сөзді, жол мен жолды, тіпті шумақ пен шумақты емес, өлең мен өлеңді салыстыру керек. Сонда ғана аудармашы жырдың мақамдық құрылымын сақтай алды ма, идеясын аша алды ма, пішіндік ерекшеліктерін қалпына келтіре алды ма деген сауалдарға жауап табуға болады. Өкінішке орай, осы арада қазақ әдебиеттануы талай тұста қазақтың поэзия аудармасына кедергі жасағанын ашық айтуға тура келеді. Аударма туралы сөз қозғайтын адамдардың талайы түпнұсқадағы сөзді санамалап, тіркесті түгендеп кететіні, ал жиырмасыншы, отызыншы жылдарда кейде таза шығармашылық тұрғыдағы сәтсіздіктерге саяси сипат беріп, сөзбе-сөз, сірескен аударма жасауға итермелеуге себепкер болғаны да рас.
Қазақ поэзия аудармасына тән елеулі кемшіліктің бірі – барлық аудармашылар­дың дерлік осы іспен шығармашылығының негізгі арнасы, өмірлік кәсібі ретін­де айналыспағандығы, аударманы жаңбыр-жаңбырдың арасында жасау бе­лең ал­­ғандығы. Көркем аударма саласында көрнекті із қалдырған суреткерлер­дің қай-қайсысын алсақ та, осы іске жылдар бойы бар күш-жігерін жұмсаға­нын, жүйелі айналысқанын, көлемді дүниелерге құлаш ұрғанын көреміз. Аудар­машылық – жалғыз шабытпен шалып түсетін, тек алымдылықпен алып түсетін шаруа емес. Тәржіменің машығын алмайынша, аударма техникасын емін-ер­кін меңгермейінше, көркем сөзді алақанында ойнататын зергерлікке қол жеткізбейін­ше аударма асуы алдырмайды.
Талантты шығарманы өзге тілде өз деңгейінде қайта туындатудың басты шар­ты – оқи білу… Талантты тәржімеші тек талантты оқырманнан шықпақ. Бұл ойды талантты қаламгер тек талантты оқырманнан шығады деп кесіп айтсақ, мұ­нымызбен таласатындар да табылар, арғы-бергідегі әлем әдебиетінен, өзіміз­дің төл сөз өнерімізден оқуға онша зауқы соқпаған, сонда да табиғат бер­ген дарынымен талай шаруа тындырған дара дарындарды атай да алармыз, шығар­машылық дегеннің өзі кей-кейде сырын адам біліп болмайтын тылсым дүние екені мәлім, бірақ көп оқымай, көп тоқымай аудармада асқар асулар алған адамды бөле-жара көрсету қиын. Әсіресе, өлең аудармасында ақындық қанатты қиял мен салқын ақылға салған парасатты пайым астасып жатуы шарт. Мұның өзі бір жа­ғынан, аударманың шынайылығын шытынатып жіберетін шектен шыққан ша­бытшылдықтан, екінші жағынан, көркемдікпен қоңсы қонбайтын қарадүрсін дәлме-дәлдіктен сақтап тұрады. Аударматану қанша жерден жетістікке жетсе де, поэзия тәржімесі субъективизмнен ада-күде арылмайтындығы, тіпті арылмауға тиістігі талассыз. Сол субъективизм, түпнұсқадан кез келген алшақтаушылық объ­ек­тивті тұрғыдан өзін-өзі ақтап тұруы керек, олардың бәрі де аудармашы-ақын­ның қалауынан емес, екі тілдің арасындағы, екі мәдениеттің арасындағы, кейде тіпті екі өркениеттің арасындағы айырмашылықтардан табиғи туындауы қажет.
Қазақ көркем аудармасының тарихын жазу үшін біз міндетті түрде әлемдік аударма тарихындағы үрдістер мен үдерістерді ой елегінен өткізуге тиіспіз. Аудар­ма тарихы, оның бел-белестері, даму эволюциясы жөнінде сөз еткенде біз бұл бағытта терең зерттеулері бар орыс әдебиеттануын айналып өте алмаймыз. Сон­дықтан да кітапта жалпы аударма тарихына қатысты мәліметтер көбірек ортаға салынып, орыс тілінде жарияланған тәржіметанушылық зерттеулерге жиі-жиі сілтеме жасалды. Бұлай еткенде оларды қазақ әдебиеттануының ғылыми айналы­мына түсірудің артықтық етпейтіні де есте ұсталды.
Қазақ аудармасының тарихына байланысты теориялық тұрғыдан тиянақталуға тиісті бір маңызды мәселе бар. Төл әдебиетіміздің өзіндік ерекшелігін ескере келіп, ауызша тарап жеткен көркем сөз мұраларымызды әдебиетіміздің тарихына жат­қызамыз. Сондықтан ауызша жеткен аудармаларды аударма тарихына жат­қызудың жайын ойластыру керек. «Әр түрлі тілдерде сөйлейтін халықтардың ара­сындағы алғашқы байланыс ауызша болғанына күмән жоқ. Тегінде, аударма ұзақ уақыт бойы қағазға түспей келсе керек. Бізде ауызша аударма кезеңінен қалған ешқандай белгі жоқ. Алайда, тарихи мәліметтер, сондай-ақ халықтар арасындағы әрқилы байланыстардың есте жоқ ерте замандардан келе жатқанын пайымдау ауызша аударма жазу шыққанға дейін болған деп болжауға мүмкіндік береді» [4, 52]. Жарайды, ол заманның ауызша аудармалары жөнінде тәржіметану жеке ғылым ретінде қалыптасып қалған елдердің өзі ештеңе айта алмай отыр дейік, ал біздің, ауызша әдебиетпен ауызданып өскен халықтың, бүкіл тарихы ауызша жеткен ха­лықтың күні кешегі ауызша аудармаларын неге назардан шығаруға тиіспіз? Соның бірі – Абайдың ауызша аудармашылығы. Темірғали Нұртазиннің «Жер жүзі мәдениетін елге шашудың бір саласы ретінде Абай бұрынғы ертегі, қиссаның орнына сюжетті романдарды әңгіме етіп айтып береді, төңірегіндегі ақын-әнші­лер арқылы халыққа жаяды. «Шахнама», «Рүстем-Дастан», «Үш мушкетер», «Жиырма жыл өткен соң», т.б. Абай аузынан таралып, қырық елдің қиырына жа­йылып кеткен» [5] деген пікірі – ғылыми айналымға қайта қосатындай құнды пі­кір. Абай айналасындағы ақындардың бәрі дерлік (Шәкәрім сияқты бірнеше тіл білгендер сирек болған ғой) өздерінің нәзиралық аудармаларын Абайдың сол ауызша аудармаларына арқа сүйеп жазған деп білеміз.
Әр халықтың жазба әдебиетінің қалыптасуы оның аударма әдебиетін де қа­тар қалыптастыра бастайды. Бұл әдебиет әуелде төлтума шығармашылықпен қо­йындасып, араласып кетеді, жазба мәдениеті бұрынырақ орныққан алыптардың тақырыптық сарындарына, оқиғалық желілеріне арқа сүйеп, дамиды. Әуелгі бетте төлтума мен телтуманың ара-жігі ажыратылмай жүрсе, төл әдебиет кемеліне кел­ген сайын аударылған шығармалар отау үйдей бөліне береді де, енді оның өзінің дәстүрлері қалыптаса бастайды.
Қазақ тілінің қабылдампаздығы – арнайы зерттейтіндей құбылыс. Қазақтың тілінің қабылдампаз болатыны – қазақтың ділі қабылдампаз. Бұлай дегенде біз ол құбылыстың бірыңғай артықшылықтан тұрмайтынын да ашық айтуға тиіспіз. Халқымыздың жаман әдетке де, жаман әдепке де қабылдампаздығы жасырын сыр емес. Ал қабылдампаздық қасиеттің дұрысы мен бұрысының ара салмағын без­бендегенде қазақ негізінен озықты, ілгеріні, асылды алдымен алуға бейім дейміз. Асыл­ды алудың адамзат ойлап тапқан ең тамаша тәсілі – аударма.
Аударма туралы еңбектерде шығарманың қалай аударылғанына көп көңіл бө­лінетіні заңды. Сонымен қатар, нені аудару деген қалай аударудан мәні еш кем түс­пейтін мәселе. Осы тұрғыдан қарағанда қазақ өлең аудармасында мұны бүкіл әлем біледі, қадір тұтады, мұны аудармағанымыз ұят болады деген сыңайдағы таң­даудың бәрі бірдей сәтті шыға бермегенін айтуға тура келеді.
Алдағы кезде аударылған өлең аударған ақынның да өлеңі екендігін, аударылған туынды сол шығарма тәржімеленген тілдегі әдебиеттің туындысы болатынын ұдайы есте ұстау қажет. Тәржімеге кіріскен қаламгер қазақ тіліне, қазақ әдебиетіне қыз­мет ететінін естен екі елі шығармауға тиіс. Абай үлгісінің қадір-қасиеті де осын­да. Мұнан жүз жыл бұрын Пушкин кейіпкерлерін дала төсіне алып келіп, өзінен кейінгі ұрпақты ұлы орыс ақынының атақты шығармасын жатсынбай, жа­нына жақын тартып кететіндей етіп тәрбиелеп берген Абай «Евгений Онегин» аудармашыларына қойылар талапты да барынша жоғарылата түсті. Абай өнегесін алға ұстаудың арқасында қазақ тәржіме өнері бүкіл әлемде аударылмайтын ақын деп саналатын А.С. Пушкин жырларын, әсіресе «Евгений Онегин» романын бар сұ­лулығын жарқырата жеткізе алды.
Еуропа жұртшылығына әлі күнге Пушкин шығармалары Толстойдың, Дос­тоевскийдің, Тургеневтің туындыларынан әлдеқайда кем танылғанының сыры да осында – аударуға оңайлықпен көнбейтін құдіретінде. Абай атамыз салып кеткен жолды жалғастыру бақыты біздің әдебиетте ақиық ақын Ілияс Жансүгіровке, жиыр­масыншы ғасырдағы поэзиямыздың асқан зергері Қуандық Шаңғытбаевқа бұйырғаны – ортақ олжамыз. Аударма туралы еңбектердің бәрінде аударма өнері­нің эволюциясы айтылады да, аудармашының өзінің шығармашылық эволюция­сы ауызға көп алынбайды. Негізінде аудармашының өз бойында да күрделі эво­люциялық үдеріс жүріп жатады деудің артықтығы жоқ. «Евгений Онегиндей» шы­ғарманы екі рет аударып шыққан, қайта аударғанда алғашқы нұсқадан түгелдей басқа туынды жасаған Қуандық Шаңғытбаевтың ақындық өсу, толығу жолы осы­ның дәлелі. Кәкімбек Салықовтың жаңа аудармасы да көркемдік қазынамызға қо­сылатын еңбек.
Келешекте қазақ әдебиетіндегі нәзира дәстүрі қазіргіден тереңірек зерттеледі деп сеніммен айтуға болады. Тәуелсіздік жылдарындағы бостан сана, дінге деген көзқарастың өзгеруі, сол арқылы бұрын жабық күйінде келген, әрі барғанда Ака­демияның қолжазба қорында сақталған діни дастандардың, қиссалардың жария­лануы (Тұңғыш Президенттің бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» мем­лекеттік бағдарламасы аясындағы 100 томдық «Бабалар сөзі» сериясының бірнеше томы діни дастандар мен қиссалардан тұрады) ендігі жерде оларды ғылыми тұр­ғыдан қарастыруға мол мүмкіндік жасайды. Эпос нәзирасы, әрине, сөздің тура мағынасындағы аударма емес – мазмұндаудың, өзінше қайталап айтудың (пе­ресказ) көрінісі, ал бұл көркем аударманың әдіс-тәсілдері қатарында аталады. Эпос нәзирасы әдісімен туындаған діни дастандарда, ғашықтық қиссаларында аударманың өзіндік элементтері бар екені талас тудырмайды. Жалпы, нәзираның өзі жанр ретінде ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін жалғастырып жатқан, өз уа­қы­тының талап-тілегін өтеген жанрға жатады. Оның өзіндік табиғатын әлі де те­реңдете зерттей түсу – алдағы күндердің міндеті. Егер аударма тарихын шындап жасаймыз десек, аударма ұғымының өзі әр дәуірде әрқилы болғанын ұмытпауға тиіспіз. Демек, біздің әдебиетімізде өзіндік орны бар нәзира әдісі – өз кезіндегі аудар­маның уәзипасын (функциясын) белгілі бір дәрежеде атқарған, алайда көбіне көп бір шығарманың негізінде соған сарындас жаңа туынды жарату тәсілі.
Халқымызда «Евгений Онегин» сарынымен шығарылған бірнеше туынды бар. «Евгений Онегиннің» халықтық нұсқалары – қай жағынан алып қарағанда да ғажап құбылыс. Халқымыздың жақсы десе жайылып түсетін жомарт жанын да, жаңалық атаулыны жатсынбайтын жүрегін де, өнер иесіне өзгеше құрметі мен өлең-жырға ыс­тық ілтипатын да, ең бастысы – қажет деп тапқан тұсында ұлттық менталитетін ішінара өзгертуге қабілеттілігін де осы «Евгений Онегиннің» халықтық нұсқалары анық айғақтай алады. Қазақтың жан дүниесі нағыз евразиялық санаға бейімдігін кемел көрсететін нақты мысалдың бірі де міне, осы.
Қазақ поэзия аудармасындағы әдіс-тәсілдердің эволюциясы да қызғылықты мә­селе. Қазақ аудармасы да негізінен еркін аудармадан басталған. Ұлттық сөз өне­ріндегі тырнақалды тәржімелер болғандықтан, оларда түпнұсқаның өлең өл­шемі де, сөз саптауы да, тіпті көлемі де өзгеріп кетіп отырады, бірақ аудармашы шығарманың айтар ойын дәл ұстайды, сөз түйінін де дәл табады. Жалпы, еркін аударманың ерекшелігі де алдымен авторды өз қалпынша қайта сөйлетуге емес, оның айтар ойын ғана жеткізуге күш салатындығында.
Еркін аудармадан әріпшіл, яғни сөзбе-сөз аудармаға көшкен кезеңді толықтай кері кету деп санау жөнсіз. Әріпшіл аударма белесінсіз еркін аудармадан барабар аудармаға бірден секіріп өту мүмкін де емес еді. Осы арқылы өзге тілдегі туындылар­ға абайлап, ықтияттап қарауға көшу рецепцияның жаңа белесінің көрінісіне ай­нал­ды, түпмәтінге құрмет көбейді. Саймасай аударманың жиырмасыншы ғасырда бір­жола орнығуына адамзат санасына нақтылықтың біржола кірігуі де үлкен се­бепкер болды. Қай салада да ғылыми дәлдік, қай тақырыпта да ауа жайылмай сөй­леу талап етілетін жаңа заман аударма өнеріне де өзіндік ықпалын тигізбей қоймады. Барабар аудармада түпнұсқаның ерекшеліктері мен мазмұнын, оның тіл­дік пішінін аударма жасалатын тілдің құрылымын, стилін, лексикасы мен грам­матикасын тілдің мінсіз дұрыстығымен үйлестіре отырып ескеру арқылы дұрыс, дәл және толық беру талап етіледі.
Аудармадағы ағаттықтардың, қателіктердің, кемшіліктердің әр кезеңдегі сипа­ты әр түрлі. Тәржімешінің когнитивті тәжірибесінің жетіспеуінен жіберілетін кем­­шіліктің бірі – тастап кету. Семантикалық деңгейдегі қателіктер өзгеру, ауы­сулардың, яғни трансформацияның дәл ұғынылмауынан орын алады. Олақтық, салақтықтан кететін қателіктерге де тиісінше көңіл бөлінді.
Аударма өнерінің тілді байытуын тек тәржімеленген туындылардың мәт­інен ғана іздей беруге болмайды. Аударманың әсер-ықпалы бәрінен бұрын семан­тикадан таралады. Мысалы, қазақта күңгірт деген сөз баяғыдан бар, көңіл деген сөз де баяғыдан бар, бірақ күңгірт көңіл тіркесін алдымен Абай қолданған, алдымен аудармада қолданған. Осындай жолмен келген фразеологизмдер, перифраздар, ме­­тафоралар, т.б. көркемдік құралдар аз емес.
Тәржіме арқылы өлең құрылысының өзгеріске түсуі де қызғылықты тақы­рыптардың бірі. Шығарманың уәзінін сақтау – поэзия аудармашысының шын шеберлігін көрсететін басты белгілердің қатарында қарастырылуға тиіс. Тәржіме­нің қазақ өлеңінің ұйқас жүйесіне ықпалы да сөз етілді. Абай аудармалары арқылы алғаш рет көрінген шалыс ұйқастың қазақтың төл ұйқасына айналып кеткені жақсы мәлім.
Бір қоғамның басқа елде немесе басқа дәуірде пайда болған әлеуметтік және мә­дени формаларды қабыл алуы әдеби ауыс-түйістен алдымен көрінеді. Көркем мәтінді қабыл алушы, пайымдаушы ретінде аудармашының өзі субъективті тұлға екені талассыз. Әрі тәржімеші мен автордың дүниетанымында да өзгешелік ба­ры сөзсіз. Оның үстіне қабыл алушы (реципиент) – коммуникативтік актінің қатысушысы ретінде оқырманның өзі де субъективті тұлға. Адресат, коммуни­кант, реципиент сөздері аударматануда синоним орнына жүре береді. Қалай деп атағанда да аударманың эстетикалық құндылығы жеке тұрған мәтіннен де толық танылмайды, тіпті оны түпнұсқамен салыстырудан да толық таныла қоймайды, аударманың бағасы айналып келгенде оқырманның қалай қабыл алуына байланысты. Аударма – социопсихологиямен, компаративистикамен, гер­меневтикамен, тілдік коммуникациямен тікелей байланысты құбылыс. Кей-кейде тамаша аудармалардың тасада қалып, ортақол аударылған шығармалардың бағы жанып жататындығының бір сыры осында.
Қайта аударылған жырларға, көлемді поэзия туындыларына тиісінше көңіл бө­лінді. Көркем аудармаға, әсіресе поэзия аудармасына қайталамалық феномені тән. Мұндай аударма әр ақынның өз ерекшелігін әр аудармашының өз ерекшелігі арқылы ашуымен бағалы. Түпнұсқаның әрбір жаңа байыптамасы тәржімелік тә­жірибені байыта түседі де, дәстүрді қалыптастырады, келесі буынның аудар­машылары енді сол дәстүрге арқа сүйейтін болады. Бұл арада мәселенің филоло­гиялық жағымен қатар, философиялық қырын да қарастыру орынды. Осы ар­қылы ақиқат ашыла түседі. Бәлкім, осы арқылы ақиқаттан алшақтай түсуіміз де мүмкін. Бірақ, қалай болғанда да, ақиқат ауылын іздеуге қайталама аударманың септігі тиетіндігі сөзсіз. Бұл жалпы аударманың қиындығын көрсетумен бірге әр шығарманың әр аударма барысында сан түрлі интерпретацияға түсу арқылы тың­нан түлеуіне мүмкіндік те ашады.
Бірқатар ақындардың өзі жақсы білетін тілдерден, әсіресе туыстас тілдерден ті­келей тәржімелеуі бұл жолдың даусыз артықшылығын тағы да таныта түседі. Со­нымен қатар батыс, шығыс поэзиясы маржандарының арадағы орыс тілі арқылы аударылған сәттері де біздің аударма өнерімізде өте жиі кездеседі. Тәржімеден тәр­жімелеу тек қазақ аударма өнеріне тән емес, әрине. Сан түрлі себептерге байланысты бұл әдіс талайдан қолданылып келеді. Қолданыла беретіндігі де анық.
Бүгінгі оқырман деген ұғымның өзі шартты. Оқырмандар әрқилы. Нарық ке­зеңінде оқырманның сипаты да өзгерді. Оқырмандар арасында бұрынғыдай кітапты сән үшін, өзгелерден қалыспау үшін жинап, сөресіне сірестіріп тізіп қоятындар азайды. Әлемдегі кітапты ең көп оқитын ел атағынан айырылмауды да ойлап, кітап өндірісін дотациялап отыратын (кітаптар арзандығының басты себебі осы еді) бұрынғы мемлекет те жоқ. Қазіргі кітаптар екі-үш мыңдық таралымның төңірегінде жарық көріп жүр. Оның өзінің негізгі бөлігі кітапханаларға тараты­лады. Бүкіл әлем кітаптан бетін әрі бұрып бара жатқан мына заманда бізде бөлек­ше құбылыс бой көрсете қалады екен деп иек қышытудың қажеті жоқ. Ендігі жер­де Мұхтар Әуезов айтатын «әдебиет әдебиет үшін» деген талапты да еске алған ар­тық емес. Бұл ең алдымен тіл өнерінің аударма саласында байқалса тіпті жақсы. Қазіргі аудармалар ең алдымен қазақ тілінің қамы, болашағы үшін жасалуы керек. Аударма кітаптар арқылы қазақ оқырманы мемлекеттік тілдің мүмкіндігін нақты көруге тиіс. Сондықтан, орысшаға шетінен сауатты жұртымыз қажет болса өзі де оқып алатын, ең бастысы – тілді байыту тұрғысынан әдебиетімізге ештеңе қоса қоймайтын шығармаларға шығын шығарудың жөні жоқ.
Тәржіме қызметінің қоғамдық сұранысқа тәуелділігі – басы ашық жай. Басқа жағын былай қойғанда, кез келген аудармашы (бүгінгі заман аудармашыла­рын айтамыз) өз жұмысының жарияланатындай болуын ойлайды. Ал ненің жария­лануы, ненің жарияланбауы, көбіне-көп ненің қажет етілетіндігіне байланыс­ты. Қоғам қажет еткен дүние әдетте, прагматикалық тұрғыдан десек те, дұрыс қа­был алынады. Әр заманда, әр қоғамда аудармаға әр түрлі ақындардың таңдала­ты­ны сондықтан. Демек, аудармашы таланты оның қоғамдық сұранысты сер­гек сезінуінен, оқырманның нені қажет ететінін дәл болжай білуінен де көріне­ді. Өнер туындысы қалай жасалғанына ғана қарап бағаланбайды, қашан жасалған­ына қарап та бағаланады. Аударма да солай. Тәржімеленетін шығарманы тарих доң­ғалағы мәдени жәдігерлікке айналдырып үлгерсе, оны аудармашының қайтадан жандандырып, тың тыныс беріп жіберуі неғайбыл.
Орыс әдебиеттанушыларының еңбектерінде жиі айтылатын мәселенің бірі – жолма-жол аударма. Бұл – ұлттық поэзиямыздың үздік үлгілерін орыс тіліне, сол тіл арқылы басқа тілдерге аударатын тұстарда алдан жиі шығатын жай. Біз­дің зерттеуімізде қазақ тілінен жасалатын аудармалар туралы негізінен сөз қозғал­майтындықтан, бұл мәселеге арнайы тоқталып жатпадық. Оны бұл арада ауызға алуымыздың себебі мынада. Қазақ ақындарының алдынан мұндай қиындық шы­ғып көрген емес. Аудармаға араласқан қазақ қаламгерлерінің қай-қайсысы да орыс тіліндегі туындыларды емін-еркін түсіне бастағанына кем қойғанда бір ғасырдай болып қалды. Ал енді ше? Енді бұл мәселе қайта көтеріледі. Неге? Негесі сол, ағылшын тілін емін-еркін түсінетін адамдар қанша көбейгенімен, олардың арасынан ақындық дарын иелері таяу арада соншама көп шыға қоймайтынын (қазақ тілінде жазатындарды айтамыз ғой) ұғынуға тиіспіз.
Тіл білгенге не жетсін?! Аудармашылардың ағылшыншаға да, французшаға да, немісшеге де ағып тұрғанына не жетсін?! Бірақ ондай күн әлі алыста. Тіл біл­геннің бәріне бірдей ақындық қона қоймайтыны тағы бар. Сондықтан жолма-жол аударманың қажеттігін, ол әлі талайға дейін қажет бола беретінін біз айқын ұғы­нуға тиіспіз. Жолма-жол аударма (подстрочник) дегенді біз бұрын негізінен қазақшадан басқа тілге аударылғанда ғана ауызға алатынбыз. Орысшаны бәріміз де бір адамдай білетінбіз, өзге тілдер поэзиясының орысшасын алға жайып жібе­ріп, аудармадан аударма жасай беретінбіз. Енді мына ғасырда ағылшыншадан, испаншадан, немісшеден жолма-жол аудармалар жасауды қолға алатын кез кел­ді. Әрі сол тілдерді білетін, әрі керемет ақындығы соған сайма-сай келетін ақын­дардың тууын күтіп отырсақ біраз уақыт жоғалтып алуымыз мүмкін.
Барлық мекемелерде іс қағаздарының екі тілде жүргізілу талабына орай аударма жұмысы біздің елімізде кейінгі кезде бұрын-соңды болып көрмеген қарқын ал­ды. Оның үстіне көз алдымызда жүріп жатқан ұлы өзгеріс – жаһандану үдерісі аудар­маның ауқымын алдағы кезде адам айтқысыз дейтіндей асырғалы отыр. Тәржіме тақырыбындағы кейінгі кезде шыққан мақалалардың бірі «Глобализация как бес­конечный процесс перевода с английского» [6, 276-284] деп аталады. Қаласақ та, қаламасақ та, англо-американ мәдениетінің басқа ұлттық тілдерге аударылуда басымдыққа ие болатыны, ал өзге тілдер мен мәдени дәстүрлердің адамзат жасаған қазынаға үлес қосуы негізінен ағылшын тіліндегі аударма арқылы жүзеге асатыны шығар күндей шындыққа айналып барады.
Қазақстан Республикасында үш тілділік тұғырнамасы мемлекеттік саясат дең­гейіне көтерілген, ел халқының үш тілді – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қатар иге­руі адамзат жасаған білім мен мәдениет қазынасына еркін қол жеткізудің, ұлт ретінде шынығып-шираудың, Отанымыздың әлемдегі бәсекеге барынша қабі­летті елу елдің қатарына қосылуының бір шарты деп қарастырылып отырған аудар­ма – шын мәнінде жас мемлекетіміздің жаңа ғасыр сынақтарына лайықты тө­теп беруінің бір тетігі.
Елдің бәсекеге қабілеттілігінің бір шарты – тілдің бәсекеге қабілеттілігі. Өр­кениетті дүниенің додасына өз тілімен өмір сүре алатын ұлт қана қаймықпай түсе алады. Тілдің бәсекеге қабілеттілігінің нақты көрінісі – мына дүниедегі барша құ­былысты айқын айта алатындығы. Әсіресе, жаһан жырының жауһарларын жар­қырата жеткізе білетіндігі. Бұл орайда біз поэзияның аудармасын сөз еткенде, алдымен аударманы ауызға алуға тиіспіз. Демек, қазақ поэзия аудармасының уақыттың ұлы сынына түсер шағы әлі алда. Сан ғасырлық тарихында ғажайып қазына қалыптастырған қазақ тілінің бұл сыннан да абыроймен өтері кәміл.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Мағауин М. Ғасырлар бедері. А., 1991.
2. Талжанов С. Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері. А., 1975.
3. Сдобников В., Петрова О. Теория перевода. М., 2006.
4. Алексеева И. Введение в переводоведение. М-С-П., 2003.
5. Нұртазин Т. Абай және орыстың классикалық әдебиеті. Майдан. 1945, №2.
6. Полубиченко Л. Глобализация как бесконечной процесс перевода с английс­кого. Четвертые Федоровские чтения. Вып. 4. С-П. 2003.

Пікірлер: (1)

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.