Әлем әдебиеті

Омар ҺАЙЯМ. ӨМІРГЕ ҚАЙТА АЙНАЛЫП КЕЛЕ АЛМАЙСЫҢ

1

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

                           Омар ҺАЙЯМ

     ӨМІРГЕ ҚАЙТА АЙНАЛЫП КЕЛЕ АЛМАЙСЫҢ

Омар Һайям (1048-1131) – парсы математигі, астрономы, ақын, фило­софы (толық аты – Абу-ль-Фатх Омар ибн Ибрахим аль-Һайям) шамамен 1048 жылы Хорасанның Нишапур қа­ласында дү­ниеге келген, әрі сонда қайтыс болған. Жас кезінде жақсы от­басының тәр­биесінде болған әрі өлеңге құмартып өскен, оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін жеткен. Нишапурда жұмыс атқарған кезінде оқымыстылармен бірлесіп сол заман­дағы күнтізбеге өзгерістер енгізген.
Оның ең негізгі еңбегі – «Алгебра мәселелерінің дәлелі» атты кітап. Бұл кітаптың арабша қолжазбасы мен латынша аударма нұсқасы сақталған, әрі қазір көптеген шет тілдеріне аударылып басылды. Осы кітапта алгебраға «теңдеу шешетін ғылым» деген анықтама берген, бұл анықтама ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталып келді. Оның «Евклидтің геометрияның бастамалары кітабындағы қиын формулаларға тү­сініктеме» атты кітабы шығыс математикасының дамуына ерекше рөл атқарған.
Омар Һайям – әлемге аян төрт тағандардың (рубай) авторы. Өлеңдерін парсы тілінде жазды, оның ақындығын алғаш таныған (1176) ғалым Байхаки еді. Ақын өмір мен өлім, жақсы мен жаман, жұмақ пен тозақ, қанағат пен обырлық, жастық пен кә­рілік, махаббат пен зұлымдық, құштарлық пен тақуалық парқын төрт жолдан тұратын өлеңге сыйғызды. Оның рубайлары адамгершілік ұстанымдарға негізделген, ол әділетсіздікке қарсылық білдірді, қоршаған ортаға сын көзімен қарап, озық ой­ларын батыл айта білді.

РУБАЯТТАР

Дейсің маған «мүттәйім, айыптысың,
Иманың жоқ, бар ма бір байыпты ісің?» –
Келісер ем оныңның бәріне де,
Бірақ сен солай деуге лайықпысың?

* * *
Дүниеде кім күнәһар болмады? Айтшы?!
Күнәһар болмай кәне оңғаны? Айтшы!
Таспен атсам мен егер, сен де атсаң –
Жақсылығың сол боп па сондағы, Айтшы?!

* * *
Нәпсіге құл боп өткен мен антұрған,
Бүгінде соны ойлап жанам, тынам.
Рахымшыл тәңірім кешірсе де,
Алдында ұялмастан қалай тұрам?!

* * *
Саздан жасап мені Алла әріректе,
Білмепті өзіне де барын өкпе:
өзі берген қауқармен күнә қылсам,
Пейішке жібермеуі әділет пе?

* * *
Бөтен бірақ, болса адал – туысым сол.
Туыс, бірақ, болса арам – құрысын ол.
Кейде дәрі удан да қауіптірек,
Дәріден кейде у да тәуір тірек.

* * *
Тауыстым өмір-кітап беттерін де,
Күл болды сауық-сайран, көктемім де.
Жастық-құс қашан ұшып келіп еді?
Есте жоқ қайда, қашан кеткені де…

* * *
Тағдырды, шіркін, қайта жасар ма едім,
Әр бетін жаңадан бір ашар ма едім –
Бар жолын қасіреттің сызып тастап,
Жетіп бір төбем көкке тасар ма едім!

Рұқсат алу

Пікірлер: (1)

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.