Әлем әдебиеті

Уильям ФОЛКНЕР. Емиллді еске түсіретін бір шоқ раушан гүлі

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Уильям ФОЛКНЕР

                          ЕМИЛЛДІ ЕСКЕ ТҮСІРЕТІН

БІР ШОҚ РАУШАН ГҮЛІ

        ХХ ғасырдың аса көрнекті жазушыларының бірі Уильям Фолкнер (1897-1962) АҚШ-тың түстігінде туып өскен, өмірінің көп уақытын сонда өткізген, сонда дү­ниеден озған. Ондаған романдардың авторы Уильям Аме­рикадағы құл иеленушіліктің құлдырауын, бірақ оның адам санасында қал­дырған іздерін су­реттеуде ерекше қалам қарымын танытады. Сондай-ақ аме­рикан үлгісіндегі бур­жуазиялық өркениеттің шынайы кейпін ашуда да оған тең келер суреткер табу қиын. Ол 1949 жы­лы Нобель сыйлығын алар­дағы сөзінде: «Адамның ақыры де­генге мен сенбеймін. Ажалдың келгенін әйгілеген тағдыр сағаты соңғы рет соғып, оның жаңғырығы мәңгі жоқтың қиыр шетіне барып тұншыққан сәттің өзінде, адамның әлсіз, бірақ үзіліп бітпейтін дауысы естілмек, ол сөйлей беретін болады. Мен адамның шыдап қана қоймай, жеңіп шығарына да кәміл сенемін» деген екен.

                                                                                                                                   ***

          Емилл Герисон бикеш қайтыс болды да, оны бүкіл ауыл тайлы тұяғына дейін шығып, арулап аттандырып салды. Қалайда бір арыс құлап түскендіктен еркектер жағы құрмет сезіммен тәу етсе, әйелдер жағы таңырқаған таңсықтықпен би­кештің үйінің ішін көруге емешектері үзілісті. Бұл үйге кем дегенде он жылдың ішінде анау бір бағбан әрі аспаз болып істейтін кәрі малайдан басқа тірі пенде бас сұқ­паған болатын-ды.
Бұл өзі сонау жылдардағы ең бір айтулы көшенің бойына салынған, ақ сырлы, төрт бұрышты үлкен ағаш үй болатын. Оның үстіне, ХІХ ғасырдың 70-жылдарын­дағы талғам бойынша төбесі күмбезделген, сүмбедей мұнара және судың иіріміне ұқсатып бедер салынған, самалдықпен айшықталған үй болғандықтан аса бір сер­гек леп аңғарылып тұратын. Деседе, бұл өңірдің салауатты даңқына автотұрақ және мақта түту машиналары сияқты қоқыстар дақ түсіріп, сән-салтанатын кетіріп жіберіп еді. Ал төрт төңірегін мақта машинасы және бензин құбырлары қоршап, тек Емилл бикештің үйі ғана жападан жалғыз сопайып тұра берді. Үй можа болып тозып, сиқынан айырылып, сұркейлі түске енсе де, бөрі арығын білдірмей, сәулет­тімсіп тұрды. Ал Емилл бикеш күні бүгін шыршамен бүркелеген молада мәңгі ұй­қыда жатқан, аты ардақты ардагерлердің қатарына барып қосылып кетті. Ол арада оңтүстік-солтүстік соғысы дәуіріндегі Жепарсон шайқасында жауласқан екі жақтың шейіт болған атсыз сарбаздарының қаз-қатар тізілген молалары болушы еді.
Фәни дүниеде жер басып жүрген шағында Емилл бикеш ғұмыр бойы дәстүрдің пірі, киелі парыздардың жоқтаушысы әрі жұрттың көз тігер қарауылының бірі болып өмір өткізді. 1894 жылдың белгілі бір күні ауылбасы Садорись полковник негр әйелдер белдемше тартпаса көшеге шықпасын деп пәрмен түсіріп, – Емиллдің төлеуге тисті барлық салық қаражаттарына кешірім жасаған еді. Мұның мерзімді уақыты әкесі о дүниеге аттанған күннен оның өзі өлгенге дейінгі уақыт болсын деп белгіленген болатын. Бұл бүкіл ауылда салтқа айналып, Емиллге өтейтін бір түрлі борыш сияқты болып қалыптасып қалған болатын. Мұны Садорись полковник құрыққа сырық жалғап, бұрын Емиллдің әкесі ауылдық үкіметке қаржы қосқан еді, сондықтан оны ауылдық үкімет айырбас есебінде қарап, осындай жолмен қа­рымта қайтармаққа келісім берген болатын деп шуылдатып жүрді. Мұндай сөзді Садурисьтің замандастары және Садурись сияқты зейіні бар адамдар ғана ойлап таба алады. Ал оған тек қатын-қалаш, бала-шаға ғана сенуші еді.
Ауыл бастығымен кеңес мүшелерінің орнына, әлдеқайда ашық ойлы адамдар отырған кезде, әлгі шешім болмашы ғана наразылық тудырған-ды. Сол жылы қаң­тарда олар Емиллге салық төлеу туралы бір парақ құлақтандыру жазып жіберісті. Ақпанға дейін ешбір хабар ошар болмағаннан кейін, олар тағы бір хабарландыру қағазын жіберіп, оған сәті келгенде, заң басқармасы бастығының кеңсесіне соға кетуді талап етеді. Бір жұмадан кейін, Емиллге ауыл бастығының өзі хат жазып, үйіңе барсам, болмаса өзіңді машина жіберіп алдыртсам деген тілегін білдіреді. Ал оның қайтарған жауап хаты ескі хат қағазына маржандай етіп, ұсақ жазумен жаз­ған, бірақ сиясы өшіп кеткен, бір жапырақ қағаз ғана болып шығады. Хаттың ұзын ырғасында ол өзінің ешқайда аттап шықпайтындығын айтыпты. Салық жа­йындағы құлақтандыруды қоса қайтарыпты, ол туралы сөз қозғамаған екен.
Кеңес мүшелері осыған бола кезектен тыс жиналыс өткізіп, оған бір уәкілдер үйірмесін аттандырды. Олар сегіз жыл ма, жоқ әлде он жылдың алдында ма, әйтеуір Емилл ханым фарфор ыдыстарға өрнек салу сабағын тоқтатқаннан бері бейсауат пенде аттап баспаған қақпаны барып қағады. Баршындап қалған әлгі негр малай, олардың қарсы алдынан шығып, ала көлеңке дәлізге бастап кірді де, онан да бетер бұлыңғыр тартқан, баспалдаққа қарай бастайды. Не заманнан бері жан баспаған бұл үйдің сызды, тымық ауасы мен шаң-тозаңның иісі қолқаны атады екен.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.