Әлем әдебиеті

Джованни БОККАЧЧО. ДЕКАМЕРОН

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Джованни БОККАЧЧО

ДЕКАМЕРОН

      Адамзатқа ортақ сөз өнерінің бағзы бастауы б.д.д. ІІІ мыңжылдықтар мен б.д. ІІ ға­­сыры аралығын қамтитын ежелгі Шығыс дүниесінде жатса, содан тамырлана ке­ліп, өркен жайған ежелгі грек, рим, византиялық әдебиеттің дәуірлеу заманы б.д.д. VIII және б.д. V ғасырлары еді. Содан кейінгі аралықта батыс мәдениетін әр түр­лі жағдайлар мен себептерге байланысты бірнеше ғасырларға созылған бейқұт дағ­дарыс жайлады. Араға тоғыз ғасыр салып барып, адамзаттық рухани мәдениеттің өркендеуіне тың серпін берген кезең еуропалық Ренессанс, яғни Жаңғыру дәуірі (XIV-XVI ғғ.) еді және бұл дәуірдің ізашарлары Италия топырағында дүниеге келген Алигьери Данте (1265-1321), Франческо Петрарка (1304-1374), Джованни Боккаччо (1313-1375) болатын.
Олар рухани мәдениеттің түпқазығын адам болмысынан іздеу қажеттігін ұсын­ды, осы мақсаттарына орай, адам жаратылысына тереңдей үңілуге және сол тұң­ғиықтан танып-білген жаңалықтарын көркем бейнеге айналдыра отырып, адам­ды адам арқылы кемелдендіруге ұмтылды. Нәтижесінде адамзаттық ақыл-ой­да гуманистік көзқарастың алға шығуына әсер етті. Ал адам баласын алаламай қадірлеу идеясын ұстанған алғашқы гуманистер қатарында әлемдік көркем сөзді жаңа биікке жетелеген Джованни Боккаччо да өзіне ғана тиесілі орынға ие.
Өз замандасы Ф. Петрарка сияқты Дж. Боккаччо да суреткер жазушы, әрі зерт­теуші филолог болды. Ол сөз өнерінде Дантені үлгі тұтса, ғылыми ізденістерінде Пет­рарканы ұстаз санады. Алайда бұл тұлғаларды өз ұстаздары ретінде айрықша қадірлегенімен, әлемдік әдебиетте Боккаччо олардан мүлде басқа бағыттағы, өзіне ғана тән қолтаңбасын қалдырды.
Дж. Боккаччо қаламынан туған әдеби шығармалар легін «Диананың аңшы­лығы» (1334), «Филострато» (1338), «Тесеида» (1339-1341), «Махаббат әсерінде түс көру» (1342), «Фьезоланолық нимфалар» (1344-1346) поэмалары, өлең мен қа­расөз аралас жазылған «Амето, яки Флоренциялық нимфалар туралы комедия» аталатын пастораль (1341-1342), «Корбаччо, яки Махаббат шырғалаңы» атты про­залық үлгідегі аллегориялық сатира (1354-1355 немесе 1365), «Филоколо» ро­маны (1338), «Фьямметта» повесі (1343) және «Декамерон» новеллалар жинағы (1350-1353) түзсе, филологиялық еңбектер қатарын «Данте Алигьеридің өмірі» био­графиялық кітабы (1360), Дантенің «Құдіретті комедия» поэмасындағы 17 жырға тү­сініктемелер (1373-1374), латын тілінде жазылған «Құдайлар генеологиясы ту­ралы» (1350-1375), «Әйгілі әйелдер туралы» (1361-1375), «Әйгілі ерлердің тауқы­метті тағдырлары туралы» (1355-1374) трактаттары құрайды.
Боккаччоның даңқын асырған туындысы – дінге қатысты қасаң түсініктер мен адам өмірінің мән-мағынасын бекершілікке балаған аскеттік ұстанымдарға қарсы гуманистік идеялар мен ой еркіндігіне негізделген және өз дәуіріндегі италиялық қоғамның тыныс-тіршілігінен, мінез-құлқынан, өмір салтынан жан-жақты мағлұ­мат беретін, негізінен, көңілді юморға құрылған «Декамерон» новеллалар жинағы.
Италия әдебиетіндегі көркем прозаға бастау болған бұл кітабында Боккаччо өзіне ғана тән ренессанстық реализмін жарқырата көрсетеді. Ал жанрлық тұрғыдан келсек, «Декамерон» авторы италия әдебиетінде өзіне дейін де болған прозалық но­велланы кемелдік биігіне көтереді.
«Декамерон» жүз новелладан тұрады. Бұл новеллалар бірінен соң бірі тізбек­теле бермей, мұқият ойластырылған тәртіппен ұсынылған және олардың бәрі жинақтың кіріспесіндегі әңгіме арқылы өзара байланыстырылып, нақты ком­позициялық құрылым түзген. Композицияны осылай құру арқылы автор жеке­леген новеллаларды айтатын адамдарды кіріспе әңгіменің кейіпкерлеріне айнал­дырған. Жинақтың атауы да шығарма композициясына тікелей қатысты, яғни «Декамерон» – грек тілінде «он күндік», «ондық өлшем» мағыналарын беретін сөз­дердің бірігуінен туындаған сөз.
Жинақ 1348 жылы Флоренцияда болған алапат індет көріністерін суреттеуден басталып, қасіретті қаладан бірер күн аулақта болуға ұмтылған жеті бикеш пен үш бозбаланың күн сайын біріне бірі кезектесе әңгімелеген хикаяларына ұласады, ал олардың әңгіме айтқан күндерінің жалпы саны он күнді құрайды. Осылайша, қайғы-зарға толы суреттеуден басталатын шығарма кейіпкерлер айтқан әңгімелер­дегі жарқын бояулы көңілді оқиғаларға ұштасады.
«Декамерон» арқылы Джованни Боккаччо италия әдебиетінде классикалық новелла типін қалыптастырды және оның әлемдік әдебиетке ықпал еткен бұл үлгісін әрі қарай дамытқан ізбасарлары да аз болған жоқ. XIV-XVI ғасырлардағы новелла жазушылардың бәріне Боккаччоның әсері өте зор болды. Оның дәстүрін жалғастырушылар қатарында XIV ғасырдағы Джованни Фьорентино, Франко Сак­кетти, XV ғасырдағы Мазуччо Гвардати мен XVI ғасырдағы Маттео Банделло сияқ­ты танымал авторларды атауға болады. Ал көшбасшылығында Дж. Боккаччо тұрған италиялық новеллалар Еуропада жаңа тұрпатты драманың дамуына серпін берді. XVI-XVII ғасырларда еуропалық елдердегі драматургтердің барлығы үшін италиялық новеллалар тартымды сюжеттердің сарқылмас қазынасына айналды. Италиялық новеллаларға қарыздар ұлы қаламгерлер қатарында әйгілі Шекспир де бар.

ТОҒЫЗЫНШЫ КҮН

Lекамеронның сегізінші күні
аяқталып,  тоғызыншысы басталады

Эмилия басқарған күні назарға ұсынылатын
әңгімелер – нені қаласа, сол туралы және әркімнің
өзіне көбірек ұнайтыны туралы

Таң шапағы түнгі көлеңкелерді қуалап, жұлдызға толы қаракөк аспан көгілжім­дене, ал шабындықтағы гүл біткен июлі бастарын көтере бастаған шамада төсегінен көтерілген Эмилия өз құрбылары мен бозбалаларды шақыруға бұйырды. Бәрі жи­налған кезде баяу адымдай алға озған патшайым оларды сараймен іргелесе біт­кен шағын тоғайға бастады, ал тоғай ішіне енген сәтте бәрі елік, бұғы сияқты жануар­лардың алуан түрін жолықтырды; обадан ес жия алмай жатқан жұрттың аң аулауға шамасы да келмей қалғандықтан, олар дәл бір үйретілген аңдардай еш­теңеден үрікпестен, бұлардың жақындауын күтіп тұрды. Қызық көрген адам­дар біресе ана аңға, біресе мына аңға жүгіріп, оларды қуып беретіндей түр танытса, бұлардың оқыс қимылдарынан олар да секіре қашып ойнақтады. Ал күн көтерілген кезде барлығы үйге оралуды құп көрді. Емен жапырақтарынан өз­деріне шір-гүл тоқыған олардың құшақтары хош иісті гүлдер мен шөптерге толы еді. Әгәрәки, сол сәтте оларды біреу-міреу көре қалса, онда ол: «Бұларды ажал да ала алмас, тіпті өле қалғанның өзінде өмірлеріне риза көңілмен өтетін шығар», – деп түйер еді. Осылайша, әрнені ермек ете сөйлесіп, әзілдесе, әндете аяңдаған олар сарайға жеткен сәтте мұнда барлығын қамдап үлгерген қызметшілері емен-жар­қын жүзбен күтіп алды. Бикештер мен бозбалалар аз-кем тыныстап алған соң, бірінен бірі көңілді алты ән айтылды да, қол шаюға су ұсынылды, осыдан кейін пат­шайымның емеурінін баққан бас қызметші барлығын дастарханға шақырып, дәм әкелінді және дастархан басындағы көңілді қауым бұлардың бәрін де рет-ре­тімен жайластырды. Дәмнен кейін бәрі үйіріле билеп, ән-күй аспаптарында ой­нады, содан соң патшайым демалғысы келетіндерге рұқсат етті. Әдетке айналған уақытта барлығы белгіленген жерде әңгіме шертуге жиналды. Филоменаға назар аударған патшайым бүгінгі әңгімені бастау соның еншісінде екенін хабарлады. Сәл жымиған Филомена былай бастады.

БІРІНШІ НОВЕЛЛА

Донна Франческаға Ринуччо мен Алессандро
ғашық болады, ол да бұларды ұнатып қалады;
әйел олардың біріне сағанада мәйітке ұқсап жатуға,
ал екіншісіне сол жерден мәйітті алып шығуға
бұйырады; жігіттердің екеуі де сәтсіздікке ұшырайды;
сөйтіп, донна Франческа бұлардан оңай құтылады

– Әміршім! Сіздің ұлы парасатыңыз бізді әңгіме дүниесінің ұлан-ғайыр ке­ңістігіне шығуға жол ашты және осынау сайысты бастау үлесіме тигені де – мен үшін мерей, егер мен сәтімен бастап бере алсам, онда менен кейінгі әңгімешілердің ісі де жақсы жүреріне, тіпті күткендегіден де асып түсеріне шүбәланбауға болады.
Махаббат күшінің қаншалықты мәнді, қаншалықты құдіретті екенін, аса қа­дір­лі бикештер, өзіміз тыңдаған көптеген әңгімелерден анық көрдік, әйтсе де, мен барлығы айтылып бітті дей алмас едім, өйткені біз бір жыл бойы сөз етсек те, барлығын тауыса алмас едік. Махаббаттың ғашық жандарды ажалға бас тіккізетіні аздай-ақ, оларды өлген жанның кейпіне енгізіп, марқұмдар мекеніне кіргізіп жі­беретін сәттері де бар; осыған дейін естігендерімізге қосымша ретінде менің сіздерге ұсынбақ хикаямнан сіздер махаббаттың қаншалықты күштілігін анық аңдайсыздар және өзі ықтияр танытпаса да, соңынан қалмай үздіккен екі серіден құ­тылу үшін әлдебір қадірменді әйелдің қандай тапқырлыққа барғанын білесіздер.
Сонымен, бір кездері Пистойя қаласында аса сүйкімді жесір әйел тірлік етіпті; қас қылғандай сол әйелге Ринуччо Палермини мен Алессандро Кьярмонтези ын­тығып қалады;

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.