Әлем әдебиеті

Джон ГОЛСУОРСИ. АЛМАНЫҢ АЛБЫРАП ПІСКЕН ШАҒЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Джон ГОЛСУОРСИ

АЛМАНЫҢ АЛБЫРАП
ПІСКЕН ШАҒЫ

           Джон Голсуорси (1867-1933) – әлемге әйгілі ағылшын жазушысы. Атақты «Фор­сайттар туралы дастан» романының авторы, Нобель сыйлығының лауреаты (1932).
Голсуорси шығармашылығында импрессионизм мен реализм, гуманизм кеңінен кө­рініс тапқан. Ол – өмірдің сыршылдығы мен сұлулығын терең түсіне білген суреткер. Жазушының «Төрт желден» атты алғашқы кітабы 1897 жылы жарық көрді. Осы және осыдан кейінгі бірқатар туындылары Джон Синджон деген бүркеншік атпен жарияланды. Оның алғашқы «Күміс қорапша» пьесасы 1906 жылы жазылды. Сол жылы-ақ Форсайттар туралы трилогиясының алғашқы кітабы – «Өзімшіл» романы жарыққа шықты. Голсуорси сол кездің көптеген жазушылары сияқты негізінен драмалық шығармаларына әлеуметтік қарым-қатынастарды арқау етті.

***

«Алмадай албыраған, көктемдей көгілжіген…»

Еврипид «Ипполит»

Өздерінің күміс тойлары күні Эшерст әйелімен бірге автомбильге отырды да, екеуі алғаш танысқан Торкиге барып түнеп қайту үшін қысы-жазы көкпеңбек болып тұратын аршалы алқапты бетке алып, жүріп кеткен. Бұл сапар туралы бас­тама ойдың иесі – әрдайым әсершіл сезімнің жетегінде жүретін Стелла Эшерст еді. Бүгінде ол бұдан жиырма алты жыл бұрын қылшылдаған жас Эшерсті есінен тандырған көгілдір көздің сиқырынан да, сол тұстағы албырап піскен алмадай өң­нің ажарынан да, талшыбықтай майысқан құлын мүсіннің сұлу бітімінен де әлдеқашан айырылған. Дегенмен қазіргі қырық үш жасының өзінде ойлы да сыр­лы көздерімен, аққұба өңіндегі сәл-пәл қызыл шырайымен әлі де сүйікті жар, сүйкімді әйел қалпын жоғалтпаған еді.
Бұрылысқа жеткенде машинаны Стелланың өзі тоқтатты. Тас жол шұғыл сол жақ­тағы биікке білек артқан да, ал қарағайлы, шыршалы тоқымдай орманның бір шеті төмендегі жал-жал жоталардың етегіне қарай ойысқан. Стелла рақаттана оты­рып тамақтанып алатын жерді енді ғана тапқандай. Бұл жер тынығуға да сондай қолайлы көрінді; сәуірдің салқын ауасынан қарағайдың ашқылтым шайыр иісі аңқиды; осы жерден төмендегі бұйрат-бұйрат жоталар да, олардың арасын қуалай өс­кен бұп-бұйра арша бұталары да, одан әрідегі көгілдір көкжиекте – бәрі-бәрі алақандағыдай көрінеді; табиғат аясында акварельмен этюд жазуды әдет еткен әрі әмсе романтикаға бейім тұратын Стеллаға бұл көрініс қатты ұнап кетті де, қағазы мен бояуларын алып, машинадан шығып кетті.
– Мына жер қандай тамаша, Фрэнк! Қарашы, керемет қой, ә?!
Еңсегей бойлы, ұзын сирақты, самай шашы ағарған, үлкен қой көздері үнемі ойға тұнып тұратын, келісті бет әлпеті сақалды Шиллерді еске түсіретін Эшерст – қы­рық сегіз жастағы сабырлы, салиқалы егде адам – себетті қолына алып, ол да машинадан түсе бастады.
– О-о!.. Фрэнк, қарашы! Мынау зират қой!
Тасжолды тігінен қиып өтіп, бір ұшы сонау жота басындағы тоғайға қарай со­зылып жатқан жалғыз аяқ соқпақтың төменгі қиылысында, ұзындығы – алты, ені бір футтай төбешік тұр. Оның бір бүйірінде – бетін қына басқан жалпақ тас. Тас бетіне біреулер итмұрынның бір тал сабағы мен бір шоқ дала гүлдерін қойып кетіпті. Оған қараған сайын Эшерсттің көңілі құлази түскен. Жол қиылысындағы жалғыз бейіт… Өзін-өзі өлтірген адамды осылай жерлейді. Бейшара марқұмдар: бұлар туралы қаншама ой түюге болады! Бірақ мына жерде кім жерленсін, мейлі – беті бос сөзге толы қаптаған қалың құлпытастың ортасынан орын алғанша, мына­дай ашық аспан астында, қарапайым ғана қара тасты жастанып, ары өткен-бері өткеннің аянышты сөзіне бөленіп, жеке-дара жатқаны да жөн шығар.
Эшерстердің отбасында пәлсапашылдықты аса әспеттей бермейтін, сондықтан ол бейіт туралы пәлендей ойға бата қоймады да, тасжолға қайтып келіп, тастан қаланған дуал түбіне тамақ толы себетін қойып, әйелі отыратын жерге көрпеше төсеп, қарны ашқан кезде оның этюдін көтеріп жетіп келетіні белгілі, сосын Мэррейдің аудармасындағы «Ипполитті» қалтасынан алып, оқи бастады. Кітап­тағы Кипридтің ию-қию тірлігі мен адам сенгісіз кекшілдігі оны біраз ойға батырды да, бір сәт көк аспанға көз тігіп отырып қалды. Сонау көгілдір көкте жөңкіле көшіп бара жатқан ақша бұлттар, неге екені белгісіз, кенет Эшерсттің көңіліне әлдебір мұң ұялатқандай болды. Бұл не? Дәл бүгін, дәл осы өзінің күміс тойы күні жаны жабырқау тартатындай не жөні бар еді? Адам баласының болмысы қандай жұмбақ, қандай күрделі десеңші?! Қай жағынан да керемет өмір сүріп жүрмін десең де, қашанда, әйтеуір көкірегіңде бір нәрсе жетпей тұрғандай, әлденені шөліркеп аңсайтындай, бар қызығың өткен бір күндерде қалғандай сезінесің де тұрасың! Құдай-ау, осындай сезім әйелерде де бола ма екен? Кім білсін? Қалай десең де адам­дар осы бір тойымсыздықтың жетегінде тынымсыз алға ұмтылудан қажымай-талмай ізденуден, тұмсығын тасқа ұрса да, қайта тұрып ұмтылудан бір танбайды. Сол қанағатсыздықтан көретін көрешегі, тартатын азабы, жейтін соққысы да жет­кілікті. Бірақ бәрібір тойдым, қойдым демейді.
Иә, бұдан қашып құтыла алмайсың. Не десең де өркениетті адам жануарлар секілді қапысыз-қамсыз, уайымсыз-мұңсыз өмір сүре алмайды ғой. Ол үшін «Ип­по­литтегі» грек хоры асқақ жырлаған «алмадай албыраған, көктемдей мөлдіреген» ға­жайып бақтың рақаты да, өмірдің бал шырынды ләззаты да, бақыттың жұмақ сынды мәңгі тұрағы да жоқ. Бұның бәрі тек көркемөнерде ғана әдемі өрнектелген. Мұндай кереметтерді өнер туындысынан оқи отырып, көре отырып, ештемемен салыстыруға келмейтін сырлы әлемнің сұлулығына таңғаласың, талант құдіретіне тәнті боласың… Рас, өмірде де осындай күтпеген, жанынды рақатқа бөлейтін сұ­лу көріністер болады, бірақ олар көгілдір аспанда жүзіп бара жатқан мына ақша бұлттар сияқты – көз алдыңда қазір бар да, сосын жоқ – бәрі де қас қағымдық өткінші дүние. Жарқ-жұрқ еткен алтынның нұры қандай тұрақсыз болса, олар да адам санасында сондай тұрақсыз да тұрлаусыз. Міне, қазір де… Эшерстің бетін ай­ма­лай сүйіп тұрған күннің жып-жылы шуағы, анау тоғай ішінде шақырып жат­қан көкектің үні, сонау жал-жал жоталардың үстінен қалқи ұшқан ақша бұлттар мәңгі осылай болғандай, ғұмыры өстіп тұратындай көрінеді. Бірақ бұл да алдам­шы – бірер сағаттан кейін осы көрініс те, осы сәттегі адамның сезімі де түп-түгел өз­геріп шыға келеді.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.