Әлем әдебиеті

Бернард ШОУ. АДАМ АТА – ХАУА АНА

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

Бернард ШОУ

 АДАМ АТА – ХАУА АНА

(ТҰҢҒЫШ ҚАНІШЕР)

(Екі бөлімді драма)

                 Бернард Шоу – әлемге әйгілі ағылшын жазушысы, драматург.

                Бұл – Бернард Шоудың әуелде бес бөлім, кейін жеке-жеке пьеса етіп жазған атақты «Мафусаилға кері қайту» (Назад к Мафусаилу») пенталогиясының «Бас­тау» («В начале») деп аталатын бірінші бөлігі. Тіршілік жолындағы адамның, өркениеттің, өлімнің орны туралы, зұлымдық пен қайғы-қасірет жайында ой толғайды. Осы мақсатпен оқиғаны адамзаттың дүниеге алғаш келуінен бастап өрбіткен. Ал бұл аңыз дүниедегі барлық нәсілдер мен ұлттарға ортақ екені мәлім. Сондықтан біз де пьесаны қазақшалағанда өзіміздің ұлттық ұғымдарымызға барынша жақындатуға тырыстық. Бірінші бөлімде кейіпкерлердің жас кездерін Адам, Хауа десек, екінші бөлімде жастары ұлғайып ұрпақ өрбіткен шақтарында Адам ата, Хауа ана деп атадық. Осы жолмен Каинді – Қабыл, Авельді – Абыл, Лилитті – Ләйлі деп атағанды да жөн көрдік.

 

Өтен Ахмет,

жазушы-драматург

Қатысушылар:

Адам (Адам ата)

Хауа (Хауа ана)

Жылан

Қабыл

БІРІНШІ БӨЛІМ

Жұмақ. Талтүс. Биік өскен теректі шырмап алған шыр­мауықтың қалың жапырақтары арасында өзі де терек діңгегін сансыз жерден сақинаша орап алып бір дәу жылан ұйқыға кеткен.Оның осында екенін алдын-ала білмесең, көк жасыл терісін шырмауық жапырақтарынан ажырату мүмкін емес. Жыланның басы жатқан тұста онша биік емес құз жартас.

Жартас пен теректің етегі терең сай. Сай табанында мойны қайырылып өлген арқар жатыр. Жартасқа сүйеніп, дәл жанындағы жыланды байқамаған күйі Адам төменде өліп жатқан арқарға үрейлене қарап қалған. Ол оң жағына мойын бұрып, мазасыздана айқай салады.

Адам. Хауа! Хауа деймін!

Хауаның даусы. Не боп қалды, Адам-ау?

Адам. Тез жет. Бас аяғыңды, тездет деймін. Мұнда бірдеңе болған секілді.

Хауа (жүгіре жетіп). О не? Қайда дейсің? (Адам арқарды көрсетеді) Ой, көтек! (Өлікке жақындайды. Адам батылданып, соңынан ереді) Көздеріне не болған мынаның?

Адам. Көздері ғана емес. Дұрыстап қарашы өзің.

(Өлікті аяғымен түртеді).

Хауа. Теппеші! Бұл неге оянбайды?

Адам. Білмедім. Бірақ ұйықтап жатқан жоқ.

Хауа. Ұйықтап жатқан жоқ?

Адам. Өзің түртіп көрші.

Хауа (Арқарды әрі-бері қозғап).Тастай сіресіп қатып қалыпты.

Адам. Енді оны оята алмайсың.

Хауа. Иісінің жаманы-ай! Фу! (Алақандарын қаққыштап, шегініп кетеді) Сен тауып алғанда, тап осындай күйде ме еді?

Адам. Жоқ. Секектеп қарғып ойнап жүрген, сосын сүрініп кетті де, омақаса құлады. Сосын қыбырсыз қалды. Мойын омыртқасы үзіліп кетті, білем. (Еңкейіп, арқардың мойнын көтеріп, Хауаға көрсетеді).

Хауа. Тиіспе! Былай кет! (Бірнеше қадам кейін шегініп, жүзіндегі арқарға деген жиіркеніші үдей түседі)Адам!

Адам. Не?

Хауа. Егер өстіп сүрініп құласаң, сен де дәл осындай күйде боласың ба?

Адам. Қайдағыны айтпашы!

(Бойы тітіркеніп, жартас жиегіне отыра кетеді).

Хауа. (Жерге жүрелей кетіп, оның аяғын құшақтайды)Өзіңе сақ болшы. Сақтанып жүремін деші.

Адам. Не үшін? Әу бастан бізге осында мәңгі тұруға жазған. Ал сен өзі мәңгі дегеннің не екенін білемісің? Ерте ме, кеш пе, мен де бір күн сүрінермін, құлар­мын. Бірақ қашан? Білмеймін. Мүмкін ертең, мүмкін бау-бақшамызда қанша жапырақ болса, өзен жағасында қанша құм түйіршік болса, сонша күн өткеннен кейін бе екен? Қалай болғанда да, әйтеуір бір күн сақтықты ұмытып, табанымды тайдырып алуым мүмкін ғой.

Хауа. Бәлкім, мен де сүйтетін шығармын.

Адам. Жо-жоқ, атама ондайды. Өйтсең, мені жалғыз қалдырасың. Біржола жалғыз… Саған сүрінуге болмайды. Болмайды. Бұдан былай сен беталды қозғалма орныңнан. Жаныңа не керектің бәрін өзім әкеп беремін.

Хауа (иығын қозғап, бұрылып, өз тізесін өзі айқара құшақтап). Мен одан тез жалығып кетем ғой. Оның үстіне егер сен сүрініп құлар болсаң, мен бәрібір жалғыз қалмаймын ба, сосын бір орнымнан тапжылмай қашанғы отырамын. Демек, өз кезегімде мен де бір күні құлаймын.

Адам. Сосын ше, сосын не болады?

Хауа. Сосын біз жоқ боламыз. Төрт аяқтылар, құстар, жыландар ғана қалады.

Адам. Олай болуға тиісті емес.

Хауа. Болса ше?

Адам. Жоқ. Айттым ғой, олай болуға тиісті емес. Тиісті емес.

Хауа. Мен де солай ойлаймын. Бірақ неліктен, неге солай ойлаймыз?

Адам. Бақ ішінен кейде әлдебір жұмбақ дауыс естимін. Ол маған әр алуан жайлардан хабар беретіндей.

Хауа. Бақ ішінен мен де күбір-сыбыр түрлі үндерді естимін, мені де олар әр түрлі ойларға жетелейді.

Адам. Менің еститінім бір ғана дауыс. Өте баяу, өте жақыннан, тіпті өз сыбырым секілді болып та кетеді. Оны басқа үнмен, жыртқыштардың, яки құстардың, тіпті сенің даусыңмен де шатастыру мүмкін емес.

Хауа. Қызық екен. Мен дауыстарды айнала, жан-жағымнан, ал сен тек өз ішіңнен естисің. Есесіне, менің тек бір өзіме ғана тән ойларым бар, әлгі дауыстардың айтқаны емес. Мысалы, біздің болмауымыз мүмкін емес деген ой менің өз басымда туды.

Адам (үлкен өкінішпен). Бәрібір, бәрібір біз болмаймыз. Біз де мына арқар құсап сүрініп, мойын омыртқамызды үземіз. (Мазасыздана тұрып кетіп, әрлі-берлі теңселіп жүре бастайды) Менің мұндай ауыр ойға берілгім-ақ келмейді. Тіпті бұлай ойлағым да келмейді. Қайталап айтсам, иә, бұлай болуға тиісті емес. Бірақ, әттең, бұған қандай тосқауыл қоюға болатынын білсем ғой.

Хауа. Ендеше менің де көңіл күйім тап сендегідей. Алайда осы сөзді алдымен менен бұрын сен бастағаныңа таңмын. Әсте, сенің көңіліңнен шығу қиын ғой, өйткені көзқарасыңды тым жиі өзгертесің.

Адам (қызарақтап). Неге бұлай дейсің? Айтқанымнан қайтқанымды қашан көрдің?

Хауа. Сөзіңді біздің бұл дүниеде болмауымыз мүмкін емес деп шегелейсің. Ал өзің неменеге бола мәңгі бақи өмір сүреміз деп талай өкіндің емес пе? Кей күндері өз ойыңмен өзің болып, сағаттар бойы үнсіз мелшиіп мені іштей жек көріп отырасың. Маған не үшін өкпеледің деп сұрай қалсам, сені емес, мәңгі өмір сүрудің қорқыныштылығы туралы ойлап отырмын дейсің. Бірақ ойыңда не тұрғанын білемін, сен менімен бірге мәңгі өмір сүруден қорқасың.

Адам. Басыңа қайдағыны қайдан құйып алғансың?! Жоқ, қателестің. (Отыра­ды. Көңілсіз)Мен үшін ең қорқынышты нәрсе – өзіммен өзім жалғыз қалатын кездерім. Сені сүйемін, ал өзімді жек көрем. Қазіргімнен басқаша, әлдеқайда жақсы болғым келеді, бәрін жаңадан бастап, сырт қабығын ауыстырып отыратын Жылан сияқты мен де үнемі өзгеріп отырсам деймін. Өйткені өзімнен өзім әбден жеріп біттім. Соған қарамастан, күн емес, ай емес, қазіргі осы қалпымда мәңгі қала беруге тиіспін. Осы ойдан біржола қажыдым. Сосын да көбіне үн-түнсіз мәңгіріп жүремін, ашуланшақ болып алдым. Ал сен ше, сен бұлай ойлап көрдің бе?

Хауа. Жоқ, мен өзім жайлы тіпті ойланбаймын да. Керегі не? Мен – ол менмін, өзгермеймін. Мен тек сен жайында ғана ойлаймын.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.