Әлем әдебиеті

Жаргалын БАРАМСАЙ. КҮШІК КҮЙЕУДІҢ ӘЛЕГІ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

Жаргалын БАРАМСАЙ

КҮШІК КҮЙЕУДІҢ ӘЛЕГІ

Жаргалын БАРАМСАЙ – сатира саласында қалам тартып, 1980-жылдардан бастап аты аңызға айналған белгілі жазушы. Монғол телевизиясында қызмет еткен кездерінде лирикалық және сатиралық телеспектакльдерімен көрермендердің ықыласына бөленді. Сонымен қатар қайта құру кезінде қоғамдағы былық-шылықты, заңгерлердің жемқорлық әрекеттерін әшкерелеген цикл мақалаларымен Моңғол елін дүр сілкіндірген. Драмалық, прозалық шығармалардан тұратын оншақты кітабы жарық көрген.

* * *

Үш көріністі бір актілі сатиралық драма

Қатысушылар:

Дондов

Бадма

Чунаг

Чука

Рэгзэдма

(Сахна сыртынан): Чунаг ақсақал қалада тұратын ұлынан немере қызының тұр­мысқа шыққанын естіп, күйеубаласымен танысуға әрі ұлы мен келінінің аман­дығын білуге қуанышы қойнына сыймай ел астанасына жетеді.

(пауза)

Бірінші көрініс

Сахнада қала тұрғындарының үш бөлмелі үйі. Екі бөлменің есігі көрінеді. Қабырғада отбасы мүшелері: отағасы – Дондовтың, зайыбы – Бадманың және жалғыз қыздары Рэгзэдманың суреттері ілулі тұр. Бөлменің ортасындағы жұмсақ креслода күйеубала үйде киетін халатпен шалқайып отыр. Жалаң аяғында үйде киетін тәпішке, балтыры жалаңаш көрінеді. Жалаңаш кеудесі ашық-шашық. Тыңдап отырған музыкасының әуенімен ырғалып, қозғалақтап қояды. Есік қағылады. Чука күйеу жақтырмаған кейіп танытып, есікке барады.

Чука:

Бұл кім-ей (ызалы үнмен)?

Чунаг

(есіктің арғы жағынан): Мен Чунаг аталарың ғой.

Чука:

Чунаг деген не пәле тағы?

Чунаг:

Мен ауылдан келіп тұрмын. Мынау өзі біздің ұлдың үйі ме?

Чука:

Сіздің ұлыңыз кім деген әпенді екен, ә?

Чунаг:

Ұлым Дондов, зайыбы Бадма. (Күйеубала есік ашқанымен ол шынжырға ілініп жартылай ғана ашылады)

Чунаг:

Амансың ба, қарағым? Дондовтың үйі ме?

Чука:

А, иә! Біздегілер бір шал-шауқан бірдеме келеді деген сияқты еді. Сол екенсіз ғой. Кәне, кіріңіз!

Чунаг:

Амансың ба, айналайын!

Чука:

Аман.

Чунаг:

Атаң бөтен үйге келіп қалдым ба деп шошып қалды ғой.

Чука:

Сіз Риканың айта беретін әлгі шалы екенсіз ғой.

Чунаг:

Рика дегенің кім еді, қарағым?

Чука:

Не?! Сіз Риканы білмейсіз бе, не?

Чунаг:

Рика дейсің бе? (Қария ойланып қалады)

Чука:

Сіз бөтен үйге келіп қалыпсыз. Риканың атасы емес екенсіз.

(Қарияны шығармақ болып итереді)

Чунаг:

Бұл өзі құрылыс инженері Дондовтың үйі емес пе? (Қария суреттерді көре салып): Дәл өзі ғой. Үшеуінің суреті әне тұр. Міне! (Ілулі тұрған суреттерді көрсетеді)

Чука:

Сіз сонда Риканы білмейтініңіз қызық екен.

Чунаг:

Келінім де дәл өзі. Біздің келін бактерия деген бірдемелерді зерттейтін ғалым адам.

Чука:

Мен негізі батьяға телефон соғып сұрайын. Сіз Риканың әке-шешесін танып тұрғаныңызбен Риканың өзін білмейтін комик шал екенсіз.

Чунаг:

Мына менің немере қызым аты-жөнін өзгертіп жіберген бе? Менің қызым Рэгзэдма?

Чука:

А, енді түсіндім. Сіз Риканы Рэгзэдма дейді екенсіз ғой?

Чунаг:

Енді ше, оған ат қойған өзім едім ғой Рэгзэдма деп.

Чука:

Дұрыс екен! Біз Рика дейміз. Сіз Риканың атасы екенсіз. Төрлетіңіз, отырыңыз!

Чунаг:

Сен сонымен, біздің Рэгзэдманың жұбайы болдың ғой.

Чука:

Жұбайы дегеніңіз жолдасы деген сөз бе?

Чунаг:

Солай, қарағым.

Чука:

Ендеше дөп түстіңіз, мен дәл өзімін.

Чунаг:

Кәне, кел күйеубаламмен табысайын. Атаңның аты-жөні Чунаг болады. (

Қария көшпенділердің ежелгі салтымен екі қолын алға көтеріп жақындайды. Чука еуропаша алыстан қолын ұсынады)

Чука:

Мен Чукамын. Сізді де Чука десе болғандай екен.

Чунаг:

Чука деймісің?! (Күйеубала мен ақсақал қол алысады. Қария ескі дәстүр бойынша шақша шығарып ұсынады. Салтқа сай ол алып, иіскеп қайтаруға тиіс. Алайда олай болмайды)

Чука

(бас шайқап): Ойбай, ары тартыңыз! Мен бір рет иіскеп қалып өле жаздап түшкіргенім бар. Нағыз наркотик қой мұныңыз. (Қария ренжіген сыңаймен шақшасын қойнына салады)

Чука

(темекі тұтатып): Сіз кофе ішесіз бе, әлде минералка ма?

Чунаг:

Онысы не нәрсе екен? Білмеймін, шай ішсем бопты да.

Чука:

Жарайды, ол шайдың жайы қалай болады екен? Мен қазір! (Чунаг үй ішінде жан-жаққа қарап отыр. Чука телефонның құлағын бұрап отыр)

Чука:

Алло, батья! О, кешір, Дондовты шақыршы! А, мен Чука ғой. Ауылдан шал келді. Қазір ғана… Шешейге өзіңіз айтсаңызшы! Уа, уаһ… менің тамақ әзірлеуім қалай болады екен. Оп-па, папаша қолымнан келмейді. (Күйеубала телефон тұтқасын қойып, қарияға келеді) Қазір папаша келеді. Мен айттым. Сіз азырақ музыка тыңдай отырыңыз! (

Магнитофонның түймесін басып қалғанда кенет қатты даңғырлаған музыка ойнап, Чунаг шошып қалады, күйеубала телефонға барады. Қария шаршаған сыңайлы отырады да күйеубалаға айтады)

Чунаг:

Балам, мынауыңды тоқтатшы! Атаң ұшақтың гүрілінен әлі айыға алмай отыр.

Чука:

Мәселе жоқ, міне, қазір (түймені басып күйсандықты өшіреді).

Чука

(телефонды алып): Алло, Чукамын ғой. Не болып жатырсыңдар? Ана екі сұмырайға тездет деп айтсай, ей! Бірігіп ыңғайлап тастайық та. Мен бе? Маған шығуға болмайтын болып тұр. Үйге бір шал келіп қалған. Тездет, енді! Біздегілер жұмыстан келмей тұрып үлгерейік! (Чунаг күйеубаласының сөзін естіп, әрі таң­данып, әрі үрейленген кейіпте абыржып отыр)

Чука:

Сіз осылай отыра тұрыңыз. Әкей қазір келіп қалады. (Күйеубала келесі бөлмеге қарай өтіп кетеді)

Чунаг

(көрермендерге): Мынау расымен әлгі біздің күйеубала ма, өзі? Сұмырай дей ме, сосын тағы келмей тұрып үлгерейік дей ме? Ұлдың үйі екені сөзсіз рас. Қызық екен, біртүрлі (күрсінеді).

(Күйеубала келесі бөлмеден үстінде толған жазу сызуы бар киім киіп шыға келеді).

(Қараңғылық)

Екінші көрініс

Дондовтың қонақ бөлмесі. Дондов, Бадма, Чунаг үшеуі әңгіме-дүкен құрып отыр. Үстелдің үстінде кішкентай микроскоп тұр.

Бадма:

Бізде осындай бір адам пайда болды, әке!

Чунаг:

Балалардың өсуі тез екен ғой. Кеше ғана қолғаптың көлеміндей бір жапырақ нәресте еді ғой. Енді тұрмыс құрып қойған. Аман болсын, айналайын!

Дондов:

Балалардың бойжетіп, ержетуі көзді ашып жұмғандай-ақ екен, расында. Біз де міне, ата-әже болатын жағдайға жеттік.

Чунаг:

Рас айтасың. Менің де шөбере сүйетін кезім келген екен.

Бадма:

Әке, сіз ауылды тастап шөбере бағамын деп қалаға бір-ақ тартып жүрерсіз!

Чунаг:

Сол күнге жетсек шүкір дейміз де (күледі)! Немерем қайда жүр? Көп кешікті ғой.

Бадма:

Курстас құрбысына барған шығар. Атасының келгенінен хабарсыз жүр ғой.

Чунаг:

Сонда бұл күйеубала қай жақтың тумасы болды?

Бадма:

Осы қаланың баласы ғой.

Чунаг:

Ата-анасы қандай адамдар екен?

Дондов:

Әжептәуір әлді адамдар. Екеуі де жоғары білімді.

Бадма:

Бір үйдің жалғыз ұлы. Сондықтан шығар, кішкене еркелеу. Бірақ асқан бұзықтығы жоқ.

Чунаг:

Қазіргі жастардың тілдерін түсіну де қиын екен. Өзі қайда кім болып істейді?

Дондов:

Пәле-жалаға ұрынып жүрмесе, тіл жағын түсіне жатармыз. Әзірше ол оқуынан шығып қалып бос отыр. Қайтадан оқуына оралтуға кірісіп жатқан жайымыз бар.

Чунаг:

Онысы жарамады. Қазіргідей заманда тепсе темір үзетін азаматтың оқусыз, жұмыссыз жүргені қолайсыз жайт. Ал өздерің жақсылап ойланған шығарсыңдар! Өмірлік жары болғай. Адамды бір көріп те тануға болады ғой. (Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне қарасып қалады)

Чунаг:

Мына бір кішкентай нәрсе не зат?

Бадма:

Әлгі көрінбес микроптарды көретін микроскоп қой, әке!

Чунаг:

Көзге ілінбейтін затты да көріп қоятын тамаша нәрсе ғой, ә!

(Есіктің қоңырауы шылдыр етіп, сырттан осы шаңырақтың жалғыз қызы Рэгзэдма кіреді)

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.