Әлем әдебиеті

Хоролын ЗАНДАРБАЙДИ. ЖАЛҒЫЗДЫҚ СЕРГЕЛДЕҢІ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

Хоролын ЗАНДАРБАЙДИ

 ЖАЛҒЫЗДЫҚ СЕРГЕЛДЕҢІ

            Хоролын Зандарбайди Дундговь аймағының Цаганово ауылында 1934 жылы дүниеге келген. 1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін моңғол тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. 1952 жылдан бастап әдеби-көркем басылымдарда еңбек етті. Шығармалары алпысыншы жылдардан бастап жарыққа шыққан. Жиырмадан астам роман, повестері мен әңгімелер жинағы арқылы өз оқырманымен қауышқан танымал жазушы. Екі көркем фильмі түсірілген, бірнеше драмалық шығармасы сахналанған.

* * *

Әлдебір жақтан әдейі әкеліп төгіп, үйе салған секілді көрінетін тау тастарының қақ ортасында жалғыз үй оқшау көрінеді. Үй сыртында төрт көзді, ұйпалақ жүнді, үлкен құйрықты қара ала ит көктем күніне шуақтап бүк түсіп жатыр. Қора шетінде арбиған ірі денелі қара атан мойнын созып, жазғытұрымның жылы желіне сорылып сіңіп бара жатқан жылғадағы қарларға енжар қарап, танауын пысылдатады. Бурыл шашы өсіп үрпиген, созылмалы аурудың азабын тартқандай арық боз шал үйден шықты да күнге шағылысқан көзін қолымен далдалады. Бір-екі қадам баспақ болды да басы айналған сияқты үйдің белдеуінен шап берді.

Шалдың нұры тайған қос жанары қара атанға түскенде белдеуден қолын босатып алға ұмытылып еді, буыны босап отыра қалды. Тізесін бүккен күйі таңдана қарап біраз отырды да еңбектей бастады. Мөлшері жиырма-отыздай қадам жердегі атанға жету оған қиямет-қайымға айналыпты. Шалдың әлдебір жері сыздап ауыратындай. Андыздалған аз ғана сары тістерін ақситып, жылау мен күлудің арасында ыржиғаны қақпанға түсіп жанталасқан суырды елестетеді. Томпақтарды айнала еңбектеп отырып шал қара атанына жетті. Қара атан да иесін танығандай басын төмен салып, көзін аудара бір төңкеріп мұрнын жыбырлатты. Шал қара атанының аузы-мұрнын жеңімен сүртіп, жерге сүйретіле ұшы әбден тозған бұйдасын жинамақ болды да, мұрындығын суырып алып белбеуіне қыстырды. Сөйтті де еңіреп тұрып жылады. Көзінен айтарлықтай жас шыға қоймаса да жеңінің ұшымен қызарғанша сүртті. Қара атан иесінен көз алмай қарап тұр. Бәлкім, осы бір бейуаз жануар жылдар бойы бірге жасаған иесінің жылап-сықтап сынғанын көрмеген де шығар. Шал атанның қабырғасын, өркешін сипалап көріп жатып «Етінен азған малдың, малынан айырылған шалдың көрген күні құрысын. Байғұс, атаным-ай, осындай халге жеттің бе?» – деп зарлады. Расында, қара атан қатты арықтаған еді. Екі өркеші солып, қабырғасы терісіне жабысып қалған. «Бейшара атанымды ауыл жігіттері қыстай ауыр жұмысқа салып, көктемде де көші-қонға жегіп қойды ма екен деп өзім де ойлап едім. Негізі қыста жұт қатты болса да көктем бойы жайнаңдап шаба беруші еді. Екеуміздің де дәуреніміз өткен екен. Шектен шығарып жіберген-ау, шамасы. Екі ай бойы төсек тарттым. Олай болмағанда сенің жайың тәуір болар еді» деп күңкілдеп арасында ши жұлып атанның аузына салып қояды. Басы айналып қатты қимылдай алмаған соң түйесіне сүйеніп отыра кетті.

…Алыс сапарға созылып жатқан қызыл қасқа жолмен керуен кетіп барады. Таңғы шолпан жұлдыз сәуле шашып, суық аяз бетті қариды. Керуенші жігіттер анда-санда бір айғайлағаны болмаса, атан түйелердің тістерінің қыршылынан, табандарының сыртылынан өзге дыбыс жоқ. Керуеннің басында түлкі тымақты, жүні ұзын тері тон киген реңі шырайлы жас жігіт мінген атын әредікте бір тебініп қойып келеді. Ол қолына биік денелі, бұйдалы қара атан жетектеген. Өзге түйелерге ұнды үш қаптан теңдесе, бұл атанға төрттен артқан. Оған шағымданып жатқан ол жоқ, тыныш қана көтеруге тиіс жүгін арқалағандай сенімді түрде алға жылжиды. Моңғол керуеншілерінің күн батысымен жүк тиеп, түнделете жол жүріп, таң атысымен дем алатын ежелгі әдетіне адамы да, малы да әбден үйренген. Бұл тәсілге қырыққа шыққан ерлері мен қат-қабат қап арқалаған атандары да сынақ ретінде қарайды. Биік кезеңді асатын кезде жүктің ауырлығынан түйелер бұйдасын тартқылаумен қатар тайғанақтаулары көбейетіндіктен керуеншілер абыржып бітті. Олар дауыс көтеріп, қамшыларын үйірулері жиілеп жатқанда керуенбасы мен қара атан түк болмағандай мамыражай келе жатты. Сол сәтте бір жігіт керуеннің бас жағына желдіріп келіп: «Дагдан ғуай, бір түйе жүгін көтере алмай тізесі бүгіліп кете жаздап келеді. Не істеймін, жүгін жеңілдетсек?» дегенде ол: «О, әлгі Доржының жаман көк атаны ғой. Бір қап ұнын менің атанымның үстіне тастай сал» дейді. «Сіздің атаныңыз төртеумен жүр ғой». «Ештеңе етпейді. Алты қаппен де осы кезеңді талай асқанбыз. Бүгін қайтер дейсің? Алып кел. Ана жаман атаны түскір кезеңнің үстіне жетіп жатып алса тұрмай қойып жүрер, ойсылқара!». Екі жігіт қос қап ұнды қара атанға артып жіберді. Қара атан міз баққан да жоқ, тіпті тынығып алғандай-ақ адымдай басып жүре берді.

Күннің көзі түн қараңғылығынан қашып шыққандай шұғыл түрде жарқ ете қалды. Керуеншілер кезеңді аман-есен асқандарына қуанысып, түйелерін шөгеріп ауыр жүктерінен ажыратты. Түйелер дереу жайылымға шықты. Қара атан жатқан бойы күйіс қайтарып қалып қойыпты. Дагдан шатырдың іргесінен атанын көріп абыржып кетті. Жалма-жан жетіп барса ол мазақ еткендей орнынан тұрып алып түйелер соңынан ерді…

Дагдан жас шағын еске алып отырды да орнынан тұрмақ болып еді, көтеріле алмады. Атан да жатқан орнынан қозғала алар емес. Қара атанның да суланған үлкен қоңыр көзімен бажырая қарауы «Сен де мен секілді ғаріп болып қалдың ба?» дегендей көрінеді.

– Шал, үйге кір енді! – деген оқыс дауыстан Дагдан шошып қалды. Тезек тере жүріп, қозысын байқап келген кемпірі екен.

– Ой, кемпір, мына атанның шаруасы бітіпті ғой. Екеумізге адал қызмет етіп еді, бейшара! Екеуміз үй болып, енші алғанда сенің әкең арық тайлақты нұсқап «осыны мал етіп алыңдар» дегенде соншама көп малы бола тұра берген түйесінің түрін қарашы деп ойлаған едім. Құт берекесін беріпті ғой, жарықтық. Көп жыл игілігін көрдік. Енді міне көрдің бе, байғұсты… Дагданның көз жасын сығып, жеңімен сүрткенін көрген кемпірі:

– Мұнысы несі, ей? Адам өлгенде көзіңнен жас шықпаушы еді ғой. Арықтап тұра алмай қалған кәрі атанға бола жылағаның ырымға жаман ғой. Шалын орнынан тұрғызып, қолтықтап ерте жөнелді. Шал үнсіз біраз жүрді де:

– Қара атан екеуміздің күніміз біткен екен. Қайсымыз алдымен кетер екенбіз. Не болса да атанымның бұйдасы мен мұрындығын шешіп алдым.

– Өле қоймас. Мен күнде бір бума шөп беріп жүрмін ғой.

– Осыншама төмендеп кеткен малға жалғыз бума шөп не болар дейсің. Жылқының сорпасын беріп, кебекпен жемдесе үміт бар…

– Кебек алатын ақша қайда? Табылмайды да. Тіпті кебек тапқан күннің өзінде бізде күш бар ма? Бұрынғыдай колхоз жоқ, бәрін әкеліп бере салатын. Бір қапшық кебек сегіз жүз дейді. Қайда ондай ақша?

– Аз ғана ақшаны аяп қайран атанды аштан өлтіретін болдық қой.

– Cен үшеумізді асырағанмен қуатымыз артып кете ме?

Дагдан кемпірінің сөзіне шамырқанып, қолын тартып алып еді, өзін билей алмай отырып қалды. Кемпірі оны тастап кетіп бара жатты да кері бұрылып келіп жалбарынуға көшті.

– Жарайды. Мен көрші қыстақ балаларына айтқанмын. Олар бірнеше қап кебек әкеліп береді. Бүгін кештен бастап, қара атаныңды жемдермін.

Мұны естіген Дагдан балаша қуанып, орнынан өзі атып тұрды.

Рұқсат алу

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.