Әлем әдебиеті

Ги Де МОПАССАН. ЖЮЛИ РОМЭН

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Ги Де МОПАССАН

ЖЮЛИ РОМЭН

             Ги Де МОПАССАН (1850-1893) – француз жазушысы. Мопассан әдебиетте новеллашы ретінде танылды. Ол өмір сүрген қоғамның кескін-келбетін бейнелеп, биліктің боямасыз көрінісін, саясаттың жалғандығын, демократия мен милитаризмді, отаршылдық өктемдікті шебер суреттеді. «Тельеннің үй-жайы», «Мадемуазель Фифи», «Вальдшнеп әңгімелері», «Апалы-сіңлілі Рондоли», «Мисс Гар-риет», «Иветта», «Орля» сынды ғажайып новеллалары бар. Мопассанның алты романы, көптеген әңгіме-новеллалар және мақалалар жинағы жарық көрді. «Өмір» романы арқылы «психологиялық прозаның шебері» атанып, кейін «Сүйіктім», «Монт-Ориоль», «Пьер және Жан», «Өлімдей күшті», «Біздің жүрек» романдарын жазды. Жазушы қоғамдағы рухани құлдырау мен екіжүзділікті («Асыл бұйымдар», «Марапатталған»), сезім суреттерін («Ай нұры», «Бақыт»), махаббат машақаттарын, ар-иманның сауда-саттыққа айналуын («Иветта», «Шыншыл тарих»), өмір тұңғиығына тасталған адамдардың аянышты тағдырын («Қаңғыбас», «Шкаф», «Қайыршы») шығармаларына арқау етті. Адамгершілікті («Симона әкей», «Мартенның қызы»), отаншылдық пен ерлікті, қайсарлықты («Пышка», «Мадемуазель Фифи», «Милон атай») дәріптеді. Мопассанның «Пышка», «Бес әңгіме», «Әңгімелер», «Пьер мен Жан», «Өмір» атты көптеген шығармалары қазақ тіліне аударылған.

* * *

Екі жыл бұрын көктемде мен Жерорта теңізінің жағалауымен жаяу қыдырдым. Кең адымдап, ойлану… Осыдан рахат дүние бар ма? Таудың етегімен, теңіздің жағасымен келе жатасың, шоқырайған күннің астында, аймалаған желге қарсы… Армандайсың. Қанша тәтті қиял, махабатты бастан кешкен ыстық кезеңдер, басыңнан өткен оқиғалар – бәрі жаныңды бір желпіндіріп, алыс армандарға жетелей жөнеледі, екі сағат өмірің екі ғасырдай! Тынышсыздық пен қуаныш, өкініш пен жұбаныш кеудеңді керіп, жылы да таза ауамен араласып кеткендей болады, жеңіл, жібек желдің есуімен жүректі кернеген бақыт бәрі қосылып тәбетіңді аша түсетіндей! Ұшқыр ой, сана-сезімді жаулап алған ой өтіп жатыр, бейне бір құстай ұшып жатыр.

Сонымен мен ұзақ жолмен Сан-Рафаэльден Италияға апаратын, дәлірек айтсам, бірінен-бірі сұлулығы асып түскен декорацияларды тамашалай отырып жер бетіндегі махаббат жырлары үшін жаралған жерді басып келемін. Сонда менің ойлағаным, өркөкіректік жайлаған Каннан бастап, құмар ойын жайлаған Монакоға дейін бұл өңірге келетіндер біреудің көзінше өзін көрсеткісі келетіндер мен бар байлығын шашушылар және осы таңғажайып аспан астында, раушан гүлі сыңсыған, апельсин ағашты бақтарда, адамдар өздерінің жиіркенішті мансапқорлығын, есуас үмітін, ақылға сыймас ойларын, өздерінің құнсыздығын, надандығын, бассыздығын, тойымсыздығын көрсеткендей болады.

Кенет жағажайдан, әрбір таудың бұрылысынан, дәл алдымнан үш-төрт вилланы көрдім, арт жағында ұзыннан-ұзақ созылған қарағайлы орман, меніңше, ол жерде жол да, аяқ басар із де, кірер-шығар жері де жоқ сияқты. Бір вилланың алдына келгенде мен тоқтай қалдым. Алдымдағы көрініс керемет еді: аппақ үй күңгірт қоршаумен көмкерілген, төбесіне дейін райхан гүліне оралған.

Ал бақ ше?! Түрлі-түсті гүлден өрілген кілем әр түсті, алуан көлемді талғампаздық пен еркеліктің тоғысқан жеріндей еді!

Гүлзар гүлдермен түрленген, сатының баспалдақтарының оңы мен солы топ-топ гүлдер құшағында, аппақ үйдің алаңынан терезелерге ашық көк пен сары бунақтар, тас балюстраданы төбеден төмен қарай қызыл қоңырау гүлдің гирляндалары бейне алқызыл қандай төгіп тұрды. Үйдің сыртында ұзыннан-ұзақ созылған аллея басып, апельсин ағаштары тауға бет алып жатты.

Есікке ойылып жазылған алтын әріптерден «Өткен күндер» вилласы дегенді оқыдым.

Бұл үйде не ақын, не болмаса періште тұратын шығар, қандай өмірден алшақ кеткен адам бұл ғажап мекенді ашты екен де, осындай ертегіні орнатты екен?

Анандай жерде бір шаруа тасты уатып жатты. «Бұл кереметтің иесі кім екен?» деген сұраққа ол: «Жюли Ромэн ханым» деді. Жюли Ромэн… Сонау балалық шағымда осы ұлы актриса жайында естіген едім, Рашельдің бақталасы.

Бірде-бір әйел затына дәл осындай қошемет көрсетілмеген, бірде-бір әйел затын дәл сондай құрмет тұтпаған! Дәл сондай жақсы көрмеген. Сол үшін талай жекпе-жекке шыққан, өздеріне қол жұмсаған, атышулы махаббат хикаялары шертілген. Бірақ қазір ол жүрекжаулағыш адам неше жаста екен? Алпыс, жетпіс, тіпті жетпіс бес шығар?! Жюли Ромэн…

Ол осында, осы үйде. Бүкіл елдің ең атышулы ақындары өлеңдерін арнаған, ұлы музыканттар табынған! Әлі есімде, түгел Францияны дүрліктірген (мен ол кезде жиырмада едім) бір музыкантты талақ етіп, Сицилияға басқа ақынмен қашып кеткен. Ол бір кеште өзінің спектакілінің тұсаукесерінен кейін, түгел зал түрегеп тұрып қол соғып, жарты сағат бойы сахнадан жібермей қошеметтеген кезде, он бір рет жұрт алдына шыққан кезде бір ақынмен бәрі де міне салатын дормезеге мініп, қашып отырған. Пакетботпен теңізді кесіп өтіп, Грек елінің көне бір аралын пана етіп, апельсин бағының саясынан жұрт көзінен оңаша тек екеуі ғана сезе алатын махаббат әлеміне саяхат шеккен Палермо жері «Алтын қауашақ» деп аталған еді.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.