Әлем әдебиеті

Чеслав МИЛОШ. ӨМІРДЕ БӘРІ ӨТКІНШІ

0

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Чеслав МИЛОШ

ӨМІРДЕ БӘРІ ӨТКІНШІ

          Чеслав МИЛОШ (1911-2004) – польяк ақыны, аудармашы, эссеші, әдебиеттанушы. Ресей империясы Ковенск губерниясында дүниеге келген. Неміс басқыншылығы кезінде Варшавада тұрып, жасырын «Қорғау» (1945) атты өлеңдер жинағын шығарған. 1951 жылы Польшадан Францияға, одан АҚШ-қа қоныс аударады. Колифорния университетінде жаңазаман әдебиетінен сабақ береді. Шетелде жүріп көптеген өлең, поэма, проза, эсселерін жарыққа шығарған. 1980 жылы Нобель сыйлығын алған. Южиковский атындағы қордың, поляк ПЕН-Клубы, итальяндық Grinzane Cavour әдеби сыйлығының иегері. Өмірінің соңына дейін әдеби және қоғамдық шараларға белсене атсалысқан.

* * *

Құдіретті түнсің сен. Сескенбедің

отты ауыз, қою қара бұлттан да.

Ұйқы басқан өлкеден естілді үнің,

нұрланасың, бейне бір күліп таңдай.

Әулие ана түнсің сен. Әлдиледің –

Тәуекелім жеңімпаз боп ер жетер.

Дақпыртсыз да атақсыз әрбір күнім,

Әуенімді үстемдік төмендетер.

Жау басынды, жерім жоқ тарылмаған,

сен – сүйіктім, сенімдім, ежелгім де.

Жағада өскен бұтағы аю бадам,

ұшып келген бір жақтан желмен бірге…

ФРАГМЕНТ

Қарындасым, су әперші, кешіп менің кінәмді,

Сенің аппақ чепецің Альпіге ұқсас таңдағы.

Қос қанаты қос аңғардай ұнамды –

Оң жағы – Тур, Галаад сынды сол жағы

Сенің көзің еврейлік, мен славян тегімін.

Әлем бізді жеңіп кетті, кедергі көп жолдағы.

Маңдайымнан сипасыншы алақаның мейірлі,

Тыңдайыншы бір әуенді, жан-жүрегім сағынды

Вилиейдегі иттің үнін, қоңыраулы табынды.

Жап терезе, түршіктіріп, германдықтар келеді,

Өзеніме қарғиды енді Юнондар.

Балықшыны көргім келе береді,

Қарлығаш пен шағаланы, не амал бар?!

Өрттей жалап мәшинелер әскери

Кіріскенде кең жазықты таптауға

Дір қағады, көресің бе, шынылар мен жақтау да.

Кетпе, айтайын, кеше көрдім бір елес –

Жүрек тоқтап, болған екем өлгендей.

Төсегімде жатыр біреу – мен емес,

Тек жаралы үлкен сәби дәл мендей.

Ал сен болсаң ары қарап, ұршық ап,

Бұлттардан жіп суырып, иіресің құлшына…

CAMPO DI FIORI

Римде Кампо ди Фъориде

Зәйтүн мен лимон үйілген,

Шалқыған шарап шашырап,

Жайнаған гүл мен жапырақ

Және де теңіз сыйлары.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.