Әлем әдебиеті

Джек ЛОНДОН. АҚСАҚАЛДАР ЛИГАСЫ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

 

 

Джек ЛОНДОН

АҚСАҚАЛДАР ЛИГАСЫ

                Джек ЛОНДОН (1876-1916) көзі тірісінде-ақ әлемге танымал болды. І Дүниежүзі­лік соғыстан кейін әдебиетке жазушылардың жаңа толқыны, жаңа бір легі келіп қосылды да, Құрама штаттарында оның атақ-даңқы төмендей бастады. Дегенмен тіршілік жолында жан алысып, жан беріскен кейіпкерлердің романтикалық бейнелері өзге қай елде болса да, сол баяғы құндылығын жоймады.

Әйгілі «Теңіз көкжалы», «Мартин Иден», «Ақ азудың» авторы. 1916 жылы у ішіп өлген.

 * * *

Казармада бір адамға сот болып жатыр еді, мәселе я өмір, я өлімге тірелген. Бұл адам Юконға Ле Барж көлінің төмен жағынан құятын Ақ Балық өзенінің ну орманды жағасын мекендейтін Имбер дейтін үндіс шал болатын. Оның ісі бүкіл Доусонды, жоқ, тек Доусонды ғана емес, жалпы Юкон аймағының мың мильдік о жақ бұ жағын түгелдей дүр сілкіндірген. Англосакстер өздері жаулап алған жерлерде ертеден-ақ ерекше заң орнатқан ғой, және ол заң өте аяусыз, қатал-ды. Бірақ дәл осы сотта, Имбердің ісіне келгенде, бұл заң алғаш рет тым жеңіл, тым рақымшыл көрінген. Ең бастысы, мұнда, қарапайым ғана арифметикалық көзқарас тұрғысынан келгенде, жасалған қылмыс пен оған қолданылатын жаза арасында ешқандай үйлесім жоқ екен. Мына қылмыскерге тек қана өлім жазасы кесілетініне, әрине, ешкім күмән келтіре алмайды – басқадай жаза тіпті миға да кіруге тиіс емес, алайда бұл бір-ақ адамның құны ғой, ал Имбердің мойнында қаншама жанның, қаншама боздақтың қаны бар десеңші!

Иә, бұл адамның қолы білегіне дейін қанға батқан еді. Ол бүкіл өмірінде нешебір бейбақтың жанын жаһаннамға жібергенін өзгені қойып, өзі де білмейтін шығар. Ал осы аймақтың тұрғындары жол жүріп келе жатып, асудың үстінде темекілерін құшырлана тарта отырып немесе кешкілік ошақ басында қоңыр әңгімені қоздатып қойып, бұл шалдың қай жерде кімді өлтіргенін, қалай өлтіргенін, одан соң да қаншасын келмеске аттандырғанын жыр қылып айтып, саусақтарын санай берер еді. Ол құрбандардың барлығы – еңбектеген баладан, еңкілдеген шалға дейін түп-түгел ақ адамдар-тұғын. Олар кейде жалғыздан, кейде жұбымен, енді бірде топ-тобымен өлтірілген. Және ешбір себепсіз, салдарсыз, қолға ілікті – бітті, ажал құшқан бәрі де. Бұның сыры, басқаны былай қойып, мұндағы корольдік атты полицияға да күні кешеге дейін белгісіз боп келген. Тіпті Юконнан алтын табылып, доминион үкіметі бұл жерге өз губернаторын жіберген кезде де “кездейсоқ жоғалғандардың” жұмбағы жұмбақ күйінде қалып еді.

Рұқсат алу

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.