СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
СІЗГЕ ӨТІРІК, МАҒАН ШЫН…
АЛҒЫСӨЗ
Әлемдік әдебиеттің көгінде жарқырап тұрар жұлдыздардың бірі – серб әдебиетінің классигі, әзіл-сықақшы Бранислав Нушич. Дүниеге 1864 жылғы қазан айының 8-і күні келіп, 1938 жылғы қаңтардың 19-ында көз жұмған қаламгердің қалдырған мұрасы: әзіл-сықақ әңгімесі, пьесасы, фельетоны, мақаласы өте мол.
Бізге әдебиет тарихынан мәлім бір жәйт – әзіл-сықақшылардың қай елде, қай ғасырда болсын билікқұмарлардан қуғын-сүргін көргені. Бранислав Нушич те «дүниенің тұтқасын ұстағандармен» алысып, көп тауқымет тартып өтті. Халықтың мұң-мұқтажын түсіне білген, күйттеген «көсем» аз да, халықтың үні, қаруы болған, тек сол үшін «көсем-көсеулерден» түрткі көрген, әдеби ортасынан күштеп шеттетілген, сотты болған, түрмеге жабылған, атып-асылған, елден қуылған сатирик көп.
Сербияның Ғылым мен өнер академиясында 1924 жыл туа кезекті сайлау өткізілді. Академиктікке ұсынылғандардың бірі, жай ғана бірі емес, елдің ең атақты жазушысы Бранислав Нушич сайланбай қалды. Қуақы қаламгер әке сол жайында баласына жазған хатында: «Кеңес мүшелері мені «академикке ұқсамайды» деп өткізбей тастады… оларға керегі – көзі тірісінде-ақ өлі болатын, өлген соң ұмытылатын «ғұлама» екенін білдім», – деді. Академияның одан аулақ болуды көздеген себебі: Сербияда ресми билік иелері әзіл-сықақшыларға үрке қарап, өкімет пен үкіметтің іс-шараларындағы кемшілік атаулыны уытты тілмен іреп-сойған фельетоннан, әжуәлаған әңгіме-өлеңдерден шошиды екен. Ал биліктің қас-қабағын үнемі бағып отыратын ресми мекемелер шөміштен қағылмауды қатты қадағалап, жоғарыдағылардың «тілін алмайтындардың» бейресми тізімін жасап қоятын көрінеді. Сондай «тізім» Академияда да бар болғаны ғой.
«Құланның қасуына – мылтықтың басуы» дегендей, Академияның ақ сөйлей алмағаны Б. Нушичті жаңа шығарма жазуға «мәжбүр етті». Ол: «Серб тарихын қырық-елу жыл зерттеп, жеті бет брошюра беретін академиктердің» кәсібіне күлмеске лажы қалмағандықтан жазған туындысын «Өмірбаян» деп атады. Бұл туынды іле-шала көптеген шетел тілдеріне аударылып, оқыған жанның айызын қандырған атақты кітапқа айналып кетті. Осы ретте, мысалы, орыс жұрналшысы, аудармашы Д. Николаев былай депті:
«Нушич «Өмірбаянының» ғажап ерекшелігі нақты ақиқат ақпарлары мен сатиралық ой-қиялдың біртұтас құймаға айналғандығында; сол біртұтас тың құйма оның жанрына ат қоюға, айдар тағуға бой бермейді-ақ.
Бұл… пародия да сияқты. Авторды асқақ паш ететін «нағыз» тірлік суреті бар пародия.
Сондай-ақ, өзіндік сюжеті, өзіндік кейіпкерлері бар «өзіндік» сатиралық хикая. Барлық бетінде өткен ғасырдағы Сербияға тән кейіпкерлердің мінез-құлқы менмұндалап жатыр». (Бранислав Нушич. «Өмірбаян», «Көркем әдебиет» баспасы, Мәскеу, 1972 жыл. Сербхорват тілінен аударған – В. Токарева).
«… Мен ата-бабаларымды білмеймін. Сірә, балқандық шығармын. Тамырымда: албан, грек, серб қаны бар. Шешем серб қызы екен, демек, менің де серб болғаным ғой», деп жазған Бранислав Нушичтің фамилиясы да «басқа жақтікі». Ерте заманда түрік, грек, бұлғар халықтарынан құралған Фракия мемлекетінің цинцарлар (бақташылар) әулетінің әдемі қызы Гочаны 1821 жылы Бело деген жігіт іліп алып кетсе керек. Алайда жұлдыздары жараспапты да, Гоча 1822 жылы қайтып келіп, көп ұзамай ұл тауып, атын қалайда грекше Георгиес қойыпты. Содан сегіз жылдан соң Гоча жан сақтау үшін Белградқа барып, Герасим Нуша деген бақалшы шалға үй күтуші болып жалданады. Нушаның да ататегі балқандық бақташылар екен, ол Гоча мен Георгиестің қайдан, кімдер екенін сұрап біліп, жантартып, сүйкімді де пысық балақайды өте жақсы көріп, ақырында оны Вена қаласына бухгалтер оқуына жіберген. Оқуды бітіріп келіп, саудамен айналыса бастаған Георгиес шешесі мен екеуіне қалтқысыз қамқоршы болған бақалшының фамилиясын өз еркімен алып, Георгиес Нуша болыпты. Ержете Белград қаласына көшіп, толайым саудамен шұғылданған. Сонда серб қызы Любица Каснарға үйленген. Екеуінің төртінші баласына қалайда грекше (Гоча ша?) Алкивиад деп ат қойылыпты. Шәкірт жолдастары оны Алка деген болса, қарт шағында етжақындары Ага деп атаған.
Әдебиетпен ерте әуестенген, әзіл-әжуәні, қатты қалжыңды ұнатқан орақ тілді Алка қаламды да ерте ұстаған. Жасы жиырмаға жете танымал жазушы Бранислав Нушичке айналған. Балқанды бес ғасыр билеген түріктер, сауда-саясат жолымен сан жыл орнығып тұрған гректер, т. б. заманның беталысына қарай Балқаннан табан аударғаннан кейін серб жерінде де бөгде атаулар, аты-жөндер негізгі, жергілікті ыңғайға өзгертіле бастап, Нуша «Нушич» делінсе, усойқы тілді Алкивиад «Бранислав Нушич» деген бүркеншік атпен небір сойқан оқиғалы фельетон жазуға кіріскен. «Бранислав» – гректік «Алкивиадтың» славяндық балама ұғымы.
13 жасында «Жирен сақал» деп бір көріністі пьеса жазған, 17 жасында «Кішкентай серб» жұрналында «Пенжақ» деген әзіл әңгімесі шыққан Бранислав қанаттанып, үдете жазуға кіріскен. Ал 23 жасында түрмеге отырып та «үлгіріпті». Не үшін бе? «Екі құл» деген сықақ өлеңінде «ұлы мәртебелі корольдің намысына тіл тигізгені үшін».
Одан кейінгі қызықты қараңыз: түрмеде екі жыл отырып шыққан оны король шақыртып алған да: «Есіңізде болсын, сіз ауыр қылмысыңыз үшін сотталған жоқсыз. Сізді қызмет жолыңыздың алғашқы қадамында-ақ маңдайыңызға бір шертіп қою керек болды. Мектепті кеше ғана бітірдіңіз, өмірге енді ғана аяқ бастыңыз. Соған қарамастан полицейге емес, министрге емес, корольге қол көтердіңіз. Корольдің тура өзінен бастаған соң, сіз қол жұмсайтын енді кім қалды?!» – деп, оны қызметке алып… Белградтан алысқа аттандырып жіберіпті. Сөйтіп, Нушич сол кезеңдегі Түрік империясының құзырындағы бірнеше қалада консулдық шенеуніктері қатарында он жыл істейді. Онысы «дипломатиялық қызмет» желеуімен шетелге айдап жіберілуі еді.
Бірінші «шертпек» Нушичті жасыта алмады, қайта қаламы жүрдек болып кетті. Әзіл-сықақ әңгіме, пьеса, фельетон, саяси мәнді мақала жазуға мықтап кірісті. «Он үшінші», «Саяси қарсылас», «Ал керек болса!», «Министрдің торайы», «Жандарм құрылтайы», «Құйрығы бар кісі», «Ғылымның құрбандығы», «Курорттық шалбар», «Шыбын», «Пәтерақы»… – әңгімелері ондап саналады. «Қауымның балақайы» романы, «Халық депутаты», «Кәдімгі кісі», «Министрдің бибісі», «Доллар мырза»… – комедиялары да аз емес. Б. Нушич «Күдікті тұлға» пьесасын Н. Гогольдің «Тексерушісінің» ізімен жазып, «Екі көріністі гогольнама» деп қосымша ат қойған. Ол Гогольді ұстаз тұтыпты. Әзіл-сықақшы драматургтің туындылары жоғары бағаланып, Халық театрларының сахнасынан түспейтін болған.
Ірілі-уақты шығармаларының бәрін де қоғам мүддесін көздеп, қоғам мерейін үстем ету мақсатымен жазған Бранислав Нушичтің халық алдында беделі арта берген. Билік жұртшылықтың көңіл-күйіне назар аударып отыруға мәжбүр болып, қаламы қарымды, қайсар жазушыны елге қайтарып, мемлекеттік қызмет ұсынған. Нушич Оқу-ағарту министрлігінде біраз жыл істепті. Скопле, Сараево сияқты үлкен қалаларда театр директоры болған. 1933 жылы «академикке ұқсайтыны» мойындалып, Ғылым және өнер академиясының толық мүшесі делінген.
Б. Нушич «Өкімет» деп атаған пьесасын аяқтай алмай кетті.
Атақты әзіл-сықақшы жазушының, драматургтың туындылары шетелдер тілдеріне аударылып, арнаулы жүлде алған. Күні бүгінге дейін елінде кітаптары қайталап басылып, пьесалары жүріп жатыр.
Әлем әдебиетінде Б. Нушичке еліктегендер баршылық. Мысалы, әйгілі түрік сықақшысы Әзиз Несиннің «Нау немене?» әңгімесінің кейіпкері оның «Міне, менің жаңа бәтіңкем!» дегіш қияңқысына ұқсаса, «Шерменде қашан туған?» әңгімесінің кейіпкері Нушичтің: «Мені 1864 жылдың 8-қазанында жарық дүниеге келді» демеңдер, «1864 жылдың 8-қазанында майшамның жарығын көрді» деп жазыңдар дегенін қайталап шыққандай. Ал Несиннің «Ахиреттен келген хаттарды» жазуына Нушичтің «Жөн-жосықсыз комедиясы» нәр берген дей аламын.
Әзиз Несиннің: «Түркияда 1934 жылы фамилия таңдап алу туралы заң шықты. Кедейлер байға, сараңдар жомартқа, еріншектер елгезекке лайық фамилия ала бастады. Мен қайсысына жіп тағарымды білмей біраз жүрдім де, жұрт аты-жөнімді атаған кезде өзімнің кім екенімді, не істеп жүргенімді есіме түсіруіме оңай болсыншы деп, «Несин» («Сен несің?») бола салдым» дегені Нушичтің «Бранислав» болуына ұқсайды.
Серб әдебиетінің классигі Бранислав Нушичті қазақ оқырмандарына оның «Халық санағы» әңгімесін аударумен алғаш Оспанхан Тұрәліұлы Әубәкіров таныстырған еді. 1973 жылы-ау деймін. Осекең екеуіміз келісіп, жарыса аударғанбыз, бірақ, аудармада да «тәжікелесе алмайтынымды» мойындап, бірінші жариялау кезегін Осекеңе ұсынғанмын.
Қазақтың жас әзіл-сықақшылары тақырып таба білу, оқиғаны ойната жазу, кейіпкердің мінез-құлқын, әрекет-қарекетін суреттеу сияқты ізденіс жолында Бранислав Нушичтен де көп үлгі ала алар деген оймен, міне, бірнеше туындысын қазақшалап ұсынып отырмын.
* * *
ХАЛЫҚ САНАҒЫ
Сізге – өтірік, маған – шын: Белград тұрғындарының есебін алуға мен де қатысатын болып шықтым. Сөйтіп, кеше күні бойы зыр жүгіріп, жұртқа санақ қағаздарын таратып бердім. Бұл кәсіптің маған ұнап қалғаны соншама, мен халқымызды өзім өле-өлгенше қысқа күнде қырық санап өтуге қыңқ етпей келісуге әзірмін. Маған бұйырғандай небір қызықтары қат-қабат көшелерді кезіп кеп кетсең, естімейтінім де, көрмейтінім де болмайды дей беріңіз.
Ең әуелі жетінші нөмірлі үйге барып кірдім. Тыртиған кәртең әйел көжеге турап салар сәбізін тазалап отыр екен. Мен олардың үй-ішін жазуға келгенімді айттым. Әйел тіксіне қалды, демде құты қашып, сәбізі қолынан түсіп кетті.
– Бізде жазатын ештеңе жоқ. Мұндағы нәрселердің бәрі менікі, нанбасаңыз соттың қаулысын көрсетейін. Бәрі де – менің қалыңдық кезімдегі жасауым, – деді ол.
– Пәлі, бикесі, маған керегі – басқа дүние. Күйеуіңіз кім? – деп жымидым.
– Ол – бұрынғы шенеунік, – деді әйел.
– Ендеше мына санақ қағазын соған беріңіз, жазарын жазып қойсын, мен екінші қаңтарда келіп шығармын.
– Екінші қаңтарда келіп нәрселерімді сыпырып кетпекшісіз ғой? Ол қулығыңызды сезіп отырмын. Жо-жоқ, қағазыңызды ала алмаймын. Ана жолы осындай бір қағазды алып қалып, келген соң күйеуім шыбын жанымды шырылдатқан болатын… Алмаймын!
– Бикесі-ау, мәселе дүние-мүлікте емес, мәселе санақта!
– Әрине, санап тұрып жазасыздар…
– Ойбай-ау, «санап-санап» деп… бұл – халық санағы. Яғни мынаған сіз өзіңізді де жазатын боласыз.
– Е неге? Өтелмеген борышым бар ма?
– Түуһ, сізге не болған, дұрыстап тыңдасаңызшы былай…