Әлем әдебиеті

Осип МАНДЕЛЬШТАМ. ТҮН ТҰРАДЫ ӘЛЕМДІК ИІРІМНЕН

0

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

О.Э. МАНДЕЛЬШТАМ

 

 

ТҮН ТҰРАДЫ ӘЛЕМДІК ИІРІМНЕН

О. Э. Мандельштам (1891-1938) – ақындық жолын акмеист ретінде бастаған. Қазіргі орыс әдебиетіндегі аса ірі тұлғалардың бірі ретінде бағаланады. Петербургтегі көпес еврей отбасында дүниеге келген. Мандельштамның шығармашылық мұрасын үш жыр жинағы құрайды. Олар: «Тас» (1913, 1916, 1923), «Tristia» (1922), «Өлеңдер. 1921-25» (1928). 1925 жылы «Уақыт дабылы» автобиографиялық прозасы, 1928 жылы «Египет маркасы» повесі, 1928 жылы «Поэзия туралы» таңдаулы мақалалар жинағы жарық көрген. 1930 жылдың басында «Төртінші проза» кітабы жарияланған. 1933 жылы «Жұлдыз» журналында «Арменияға саяхат» атты беллетристикалық жолжазбалары жарияланады. Ақын 1934 жылы «Қай мекенде екенімізді сезінбей өмір сүрудеміз…» өлеңі үшін тұтқынға алынып, Оралдағы Чердыньға жер аударуға кесіледі. Өзін жақсы таныған және шығармашылығын жоғары бағалаған Бухариннің араласуымен бұл жаза Воронежге жер аударумен ауыстырылады. Воронежде ақын үш «Воронеж дәптерлері» жинағын жазады. Бұл айдаудан оралған соң Мандельштам екінші рет 1936 жылдың 3 мамырында «троцкишілдігі» үшін айыпталып, тұтқындалады. Бірінші айдаудан туа біткен жүрек-жүйке ауруы асқынған ақын екінші рет Қиыр Шығысқа жер аударылғанда, сонда қайтыс болады.

 

 

* * *

Бұл қай көше?

Мандельштам көшесі ме?

Ол кім еді? Түспеді еш есіме.

Олай бұрыл көшеге, бұлай бұрыл,

Қисық болып шығады есесіне.

 

Өмір жолы ол жанның бұралаң-ды,

Танитынбыз өңінен бір алаңды.

Иір-иір ізбенен тірлік кешіп,

Енді қисық көше боп тұра қалды.

 

 

* * *

Бүгінгі күн… не деген сұрқы жаман,

Шегірткелер тып-тыныш ұйықтаған.

Түп қойнында биік шың селтиеді,

Қап-қара тас тірлігін тұйықтаған.

Қарқылдаған дауысы құлаққа кеп,

Қарғалар жүр төбеде қалбаңдаған.

Ұйықтай қалсам бұл тірлік түкке тұрмас,

Жаман түс боп көрінер жалған маған.

Рұқсат алу

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.