Әлем әдебиеті

Н.С. ГУМИЛЕВ. ЖУСАН ӘНІН ЖӨН КӨРЕМІН

1

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Н.С. ГУМИЛЕВ

 

ЖУСАН ӘНІН ЖӨН КӨРЕМІН

Н. С. Гумилев (1886-1921) – орыс сөз өнерінің Қазан төңкерісінен кейінгі көшбасшысының ролін атқарған, акмеизм ағымының негізін салушы ақын. Кронштадта, кеме дәрігерінің отбасында дүниеге келген. Әкесі Степан Гумилев отставкаға шыққаннан кейін Царское Селоға көшіп келеді. Н.Гумилев өлең жазуды он екі жасынан бастайды. Алғашқы өлеңі 1900 жылы «Тифлис үнқағазында» жарияланады. 1903 жылы болашақ ақын Царское Село гимназиясына оқуға барады. Бұл гимназияның директоры белгілі ақын, педагог И. Анненский болатын. Ол Гумилевтың әдеби талғамының қалыптасуына ерекше ықпал етті. А. Ахматованың айтуынша, бұл кезде Н. Гумилев «символизмге Құдайға сенгендей сенді». Бұл елігу 1905 жылы жарық көрген «Конквистадор жолы» жинағынан ерекше көрінеді. Әкесі ұлының терең білім алуына ерекше көңіл бөледі, сөйтіп Н. Гумилев Парижге аттанады. Мұнда ол француз әдебиеті туралы дәріс тыңдап, кескіндеме өнері ілімін оқиды және өлең жазуын жалғастырады. Сонымен бірге «Сириус» журналының үш санын жарыққа шығарады. Бұл журналда ақынның өз өлеңдерімен бірге бұл кезде әлі ешкім білмейтін Анна Горенконың – болашақ Анна Ахматованың алғашқы өлеңдері жарияланған. 1908 жылы Парижде ақынның екінші жинағы – «Романтикалық гүлдер» жарық көреді. Петербургке оралған соң Н. Гумилев осындағы университеттің заң факультетіне оқуға түседі. Кейіннен тарих-филология факультетіне ауысады. Оқып жүрген кезінде Шығысқа деген ерекше сүйіспеншілігі оянған ақын әке-шешесінен жасырынып, Египетке аттанады. Бұдан кейін де осы бір таңғажайып елге бірнеше рет барып қайтады. Гумилев сапарлары тек “шабыт шақырумен” шектелген емес, ол сондай-ақ Ресей Ғылым Академиясы экспедициясының жетекшісі ретінде де барады. Ол аса бай этнографиялық коллекциялар жинады. Бұл сапарларында ол тек өлең мен әңгімелер ғана жазып қойған жоқ, танымдық мәні жоғары күнделіктер де жазды. Мысалы, «Африка күнделігі» жазбасында осынау жұрттардың аңыздары мен сенім дүниесі жергілікті тайпалардың тұрмыс-тіршілігі жайында құнды деректер көптеп келтіріледі. Бұл сапарлар ақынның жаңа поэтикалық ізденістеріне арқау болады. Ендігі жерде ол символизмнен басқа өзінің шығармашылық жолын іздеуге бет бұрды.

1911 жылы ол С. Гордецкиймен бірге жаңа әдеби ағым – акмеизмнің негізін қалады. Бұдан бір жыл бұрын ол Анна Ахматовамен некелескен еді (екеуі 1918 жылы ресми түрде ажырасады). 1911-1912 жылдар – ақын шығармашылығында акмеизмнің ерекше көрініс берген шағы. 1912 жылы шыққан «Бөгде аспан» жинағы осының көрінісі. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Н. Гумилевтің де әскери өмірі басталады. Бірақ, ақын шығармашылықтан қол үзбеді. 1917-1918 жылдары одақтастар армиясының өкілі ретінде Парижде, Лондонда болады. Осы кезде Британ мұражайының қызметкері, көрнекті поэзия аудармашысы Артур Уэллимен танысады. Бұрыннан да аудармамен айналысқан Гумилев   енді бұл іске ерекше мән беріп, Т. Готьенің өлеңдерін, Гильгамеш туралы эпосты, Г. Гейне, Р. Саути, С. Колридж шығармаларын аударады.

 

Әрине, Н. Гумилев поэзиясы акмеизм шеңберінде ғана қалып қойған жоқ. Ақын өлеңдері орыс поэзиясындағы поэтикалық үлкен жаңалықтың үлгісі болды. Оның үлкен еңбегі – «Ақындар цехын» құруы еді. Ақынның 1918 жылы «Алау», «Мик. Африка дастаны», 1921 жылы «Алланың құлдары. Араб ертегісі», «Отты бағана», 1923 жылы «Көкшіл жұлдызға. Жарияланбаған өлеңдер» жинақтары жарық көрген. Гумилевтің ақындық дүниетанымы өзгеше. Ол адамды табиғатты билеуші, бағындырушы деп танымайды, бар болғаны сол табиғат аясында өмір сүруші тіршілік иесі ретінде көрсетеді. Гумилевтің лирикалық қаһарманы – терең ойға шомған, адамзаттық көне рухани бастауларға ұмтылушы жан. Ақын өлеңдерінің мұңлы сипаты басым болып келеді.

 

Николай Степанович Гумилев 1921 жылы 3 тамызда «Таганцов астыртын келісіміне» қатысты деген күдікпен тұтқынға алынып, 24 тамызда Петроград губерниялық төтенше комитетінің қаулысымен ату жазасына кесіледі.

 

 

 

 

 

Түс

 

(…Таңертеңгі әңгіме)

 

 

 

– Бүгін қандай әдемісіз,

 

Түсіңізге не кірді?

 

– Ай астында жағалау мен

 

Мәжнүн тал көрінді.

 

 

 

– Тағы да не… Түнді сүймес

 

Түсінбеген сезімді.

 

– Көрдім тағы Дездемона

 

Ару менен өзімді.

 

 

 

– Мәжнүн талдың тасасында

 

Сонша әсерлі жан тұрды?!

 

– Отелло ғой тым ерекше

 

Әдемі де тартымды.

 

 

 

– Сай болды ма сізге ол жігіт,

 

Ай сәулесі тәрізді?!

 

– Иә, ол жауынгер ер жүректі,

 

Әрі ақын ғой жаны ізгі.

Рұқсат алу

 

 

 

 

 

Пікірлер: (1)

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.