СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ
ПОЛКОВНИККЕ ЖАЗАТЫН ЖАН ҚАЛМАДЫ
ХХ ғасырдағы әлем әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірі, Нобель сыйлығының лауреаты колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің «Полковникке жазатын жан қалмады» повесі – сыншылар тарапынан да, оқырмандар тарапынан да өте жоғары баға алған шығарма. Бұл хиқаятты атақты «Жүз жылдық жалғыздық» романынан да жоғары қоятындар бар. Маркестің өзі де: «Полковникке жазатын жан қалмады» повесін мен ешқандай шүбәсіз өзімнің ең үздік шығармам деп білемін. Ағымнан жарылып, қандай да бір әзіл-қалжыңсыз айтатын болсам, мен «Жүз жылдық жалғыздықты» былайғы жұртқа «Полковникке жазатын жан қалмадыны» оқыту үшін жазған едім. Өйткені бұл повестің әуелден жолы болыңқырамады» деп толғанған екен.
Шынында да романдағы бір оқиға хикаяттың өзінен арна тартатынын аңдатып тұрған тәрізді. Сол оқиға мынау:
«Полковник Аурелиано Буэндиа селт еткен жоқ, актінің бірінші данасына қол қойып жіберді. Шатырдың аузына екі сандық артқан қашыр жетелеген көтерілісшілер әскерлерінің офицері келіп тұра қалған кезде ол соңғы көшірмеге қол қойып жатқан. Қылшылдаған жастығына қарамастан, жаңа келген офицердің көп сөзі жоқ, ұстамды адам екені көрініп тұр. Бұл Макондо округі көтерілісшілерінің қазынашысы болатын. Уақытында жетіп үлгеру үшін ол аштан өлуге жақын қашырды сүйрелеп, алты күн ауыр сапар шеккен. Ол айрықша сақтықпен қашырдың арқасынан сандықтарды түсіріп алды да ішін ашып, бір-бірлеп санап, тура жетпіс екі алтын кірпіш шығарып қойды. Бұл бар-жоғын барша жұрт ұмытып кеткен өз алдына жатқан тұтас бір қазына еді. Соңғы жылы орталық командование тарап, революция жеке қолбасшылардың өзара қанды бәсекесіне айналған, ешкім ешнәрсеге жауап бермейтін болып, бәрі бет-бетімен кеткен. Сөйтіп бөлек-бөлек кесектерге құйылып, қышпен жабылған көтерілісшілердің алтыны еш бақылаусыз қала берген-ді. Полковник Аурелиано Буэндиа жетпіс екі алтын кесегін де қояр да-қоймай тізе бүгу актісіне енгіздіріп, бұл мәселені талқыға салуға дегбір бермей, қолын қойып берді. Алдында қалшиып тұрған шаршап-шалдыққан жас жігіт өзінің қайнатылған шекер шырынындай алтын түсті мөлдір жанарларымен оның көзіне шаншыла қарады.
– Енді не керек? – деп сұрады одан полковник Аурелиано Буэндиа.
Жас офицер тістене сөйлеп:
– Тілхат, – деді.
Полковник Аурелиано Буэндиа оған өз қолымен тілхат жазып берді». Міне, өзіне хат келе ме деген үмітпен, жұма сайын келіп пошта әкелетін катерлерді қарайлайтын, ажалдың аузында тұрып та арының тазалығын жадынан шығармайтын полковник осы.
* * *
Құтыны ашқан полковник түбінде шәйқасыққа жетер-жетпес болмашы кофе қалғанын көрді. Ол ошақ үстіндегі тегешті алып, ішіндегі судың жартысын жер еденге төкті де, дәл тегештің үстінен құтының түбін қырнап, татымен қоса кофе қалдығын септі.
Кофе қайнағанша күйдірілген кірпіштен өрілген ошақтың қасында мүләйім, монтаны кейіпте мелшиіп отырған ол ішінде саңырауқұлақ пен улы өсімдіктер өсіп жатқанын сезгендей болды. Қазан айы туған. Осыған ұқсас талай күндерді басынан кешкен өзіндей адамның төзімін жұқартатын тағы да бір таң атты. Соңғы азамат соғысы аяқталған уақыттан бері де елу алты жылдың жүзі өткен екен, полковниктің бар бітірген шаруасы тосумен жүр.
Әупірімдеп жүріп, қазан айының туғанына да куә болды. Соның өзі де көңілге медет.
Оның жатын бөлмеге кофе алып кіргенін көрген әйелі масахананың шымылдығын ысырды. Түнде демікпесі ұстаған әйел ұйқысын аша алмай мүлгіп отыр. Сонда да керенау көтеріліп, оның қолындағы кесені алды.
– Сен ше? – деп еріне қарады.
– Мен іштім, – деп жауап қатты полковник. – Түбінде әлі де бір асқасықтай қалған екен.
Осы мезетте жаназаға шақырған шіркеу қоңыраулары қағылды. Бүгінгі жерлеуді полковник мүлде ұмытып кеткен екен. Әйелі кофе ішіп жатқан кезде ол қабырғаға қағылған шегеден аспалы төсегінің бір ұшын ағытып, орап алды да, екінші ұшы бекітілген есіктің сыртына іліп қойды. Әйел қайтыс болған адам жайында ойға батты.
– Ол жиырма екісінде туған, – деді әйелі. – Біздің ұлымыздан кейін тура бір айдан кейін. Жетінші сәуірде.
Ол кофені аз-аздан ғана ұрттап, баяу ішіп отыр, әлсін әлі тынысы тарыла береді.
Әйелді дерті әбден діңкелеткен еді, сүйегіне дейін жұқарып кеткен тәрізді, етінің астынан көгілдірленіп көрініп тұр. Алқына тыныстауының кесірінен сөз мақамына дейін өзгерген, құптағанын не даттағанын айыру қиын. Әйел кофесін ішіп болған, бірақ әлгі марқұм ойынан кетер емес.
– Сірә, қазанда өзіңді жер қойнына берудің қияметі көп сияқты-ау, – деді әйел. Ері оның сөздеріне назар аударған жоқ. Ол терезені ашты. Аула ішінің көрінісіне қарағанда, қазанның әбден күшіне енгені білінеді.
Қурай бастаса да әлі құнарын жоя қоймаған көкке, жер бауырлап жылжыған жауын құрттарына қарап, әсіресе осы айда асқазанының ежелгі дерті қозатынын ойлап қамықты.
– Сүйек-сүйегіме дейін дым тартып кеткен секілді, – деп мұңайды.
– Қыстың аты қыс, – дейді әйелі. – Жаңбыр басталғаннан бері өзіңе талай айттым ғой, түнге қарай аяғыңа жылы ұйығыңды киіп жат деп.
– Тура бір апта бойы аяғымнан шешпей ұйықтап жүрмін.
Жаңбыр себезгілеп қана тұр, бірақ бір сәтке толастар емес. Полковникке салса, жүн көрпеге оранып, аспалы төсегінде жылы бүркеніп жатуға бейіл. Бірақ қола қоңыраудың қарлығыңқы күңіренуі жерлеу рәсімінің барын еске салады. «Қылар қайран жоқ, қазанның аты қазан»,– деп күбірлеген ол терезеден бері бұрылды. Осы сәтте ғана ол кереуетке сирағынан байланған қоразды есіне түсірді. Бұл жай қораз емес, таласқа салатын қораз еді.