Әлем әдебиеті

Пабло НЕРУДА. ЖҮРЕГІНДЕ ЖҰМЫР ЖЕР ШЫР АЙНАЛЫП…

0

ЖАҺАН ЖЫРЛАРЫ ДЕСТЕСІНЕН

Пабло НЕРУДА

 

 

ЖҮРЕГІНДЕ ЖҰМЫР ЖЕР ШЫР АЙНАЛЫП…

 

…Тынық мұхиттың жағалауында жатқан Чили атты елдің Парраль қаласында 1904 жылы 12 шілдеде теміржолшы Хосе дель Кармен мен оның жұбайы Роса Басуальтоның отбасында дүниеге келген Нефтали Рикардо Рейес Басуальтоны қазақ даласының қиырлы құмында туып өскен маған, менің халқыма жақын еткен тек ұлы мәртебелі поэзияның құдыреті…

…Мен алғаш рет ақынның «Махаббаттың жүз жыры және өкініш әнін» өзім үшін аударған жылдары жасынан өлең жазуға және сол туындыларын баспасөз бетіне жариялауға аса құштар болған чилилік бозбала Нефтали Рейестің, баласының ақындық өнер жолына түсуіне қарсы болған әкесінен жасқанып, журналдық бір мақала авторы Ян Неруданың фамилиясы мен өзі ойдан шығарған Пабло деген есімді қосып, «Пабло Неруда» атымен алғашқы өлеңін бастырғанда он төрт жаста болғанын, ал оны бүкіл Латын Америкасындағы елдерге даңқын кенеттен шығарған «Махаббат жайлы жиырма жыр және өкініш әні» атты кітабы жарық көргенде, Неруда бар жоғы жиырма жаста болғанын білген де емеспін. Сол жылдардан бастап-ақ поэзия мен саяси өмірдің қайнаған қазандай ортасында жүрген ақын өмірінің ең соңғы сәттеріне дейін қаруын қолдан түсірмей, үстемдік пен озбырлыққа, жала мен қиянатқа қарсы күрес туын көтеріп өткен. Ол «өлең жазам» деп, саялы бақ, сахарлы кештер мен жан тыныштығын іздеген жан емес. Латын Америкасы мен Испаниядағы аумалы-төкпелі үкімет басшыларының қасы мен қабағына қарап, қай тап, қай партияның түтіні тік көтерілсе, соған қарай аунай түсіп, әділет пен туған халқының мүддесін өз басының жайлы, қамсыз тіршілігіне айырбастаған жан емес. …Өз елінің бірінші таланты бола тұрып, саяси террормен тізгінделген Отанымен айырылысуға мәжбүр болған Пабло Неруданың өр кеудесін, болат білегін, отты жігерін жауыздық шынжыры қаншалық құрсауласа да, оның өр басын ешқандай озбыр да топас басшы өзінің алдына ие алған жоқ. …Ол аз күндік мансап пен жалған даңқ, билікті басшыларға жағынып алар атақ-абырой жайлы емес, бейнет кешкен өз халқының адалдығын, қала берді адамзат тарихы алдындағы суреткерлік жауапкершілік жайлы толғанды. Аз күндік абыройдың үлдесі мен бүлдесіне оранудан бас тартуы ғана ақынды өз поэзиясының шырқау биігінен түсірмеді.

Неруданың өз мүдделері жолында адалдық пен ардан аттаған жексұрын жауларды жер бауырлата сұлататын автоматтың оғындай, әлсін-әлсін атқылап жатқан жанартаудың күшіндей құштарлық пен мұхит толқынындай сезімге толы өлеңдері географиялық шеңберлерден шығып, шын мәніндегі бүкіладамзаттық гимнге айналды.

 

Фариза Оңғарсынова

 

 

ӨЛІЛЕР

 

Өлім, қаза…

 

Қыршын кетті қанша менің достарым,

 

Осы ма еді бұл жалғаннан тосқаным?

 

О, тәңірім,

 

азаппенен өлгендерін көрсеткенше олардың,

 

жақсы еді ғой жүрегімді

 

қанжарменен осқаның.

 

Қайран менің достарым…

 

Испан халқы ақыным деп еміренген Мигельді,

 

(жалындаған жүрекпен ол елін, жерін сүйген-ді),

 

Федерико ер еді ғой, ер еді ғой…

 

Солардың

 

көздері мен тілдеріне темір шеге түйрелді.

 

Қалай ғана соны көріп сыя алармын үйге енді?

 

Гүл еді ғой екеуі де, құдайым-ай, бүр ашқан,

 

үзілгенін көріп сонда сорлы халық жыласқан.

 

Тірі күйде жанған отқа лақтырғанда екеуін

 

қалай ғана шыдап тұрды Жерге түспей бұл аспан?

 

Иә, иә, қанішерлер сол ерлерді жоқ қылды,

 

(мен байғұстың жанарымда өшігу мен от тұрды).

 

Ойыншығы суға кетсе, жылаушы еді сәби де,

 

ал мыналар асылдарды көрмеді ғой доп құрлы.

 

Испан жері қан сасыды,

 

арыстардың өлігімен шыбындарды жемдедік,

 

қанға қанмен жауап берер қалған да жоқ елде ерік.

 

Қанға бөгіп тірі қалған жандары да шарасыз,

 

өліктердің арасында жүр әйтеуір сенделіп.

Рұқсат алу

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.