Әлем әдебиеті

Н.Г.ЧЕРНЫШЕВСКИЙ. ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ АРИСТОТЕЛЬ ШЫҒАРМАСЫ

0

ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ

 

Н.Г.ЧЕРНЫШЕВСКИЙ

 

 ПОЭЗИЯ ТУРАЛЫ АРИСТОТЕЛЬ ШЫҒАРМАСЫ

 

 

Әдебиетте Ордынскийді көтеріп, оған алғыс айтудың керегі – оның ой толғауы етіп, Аристотельдің «Поэтикасын» таңдап алғандығы. Бұл кітап өткен ғасырдың соңына дейін барлық эстетика мәселесіне негіз болған бірінші жазылған көлемді трактат. Ордынскийдің мұны таңдап алуы орынды ма, жоқ па? Соған келейік. Осы күнгі адамдардың ішінде эстетикаға сұлық қарап, оны ғылым деп санамайтындар аз емес, олардың ойынша, эстетика ешбір мақсатқа жеткізбейтін керегі жоқ нәрсе. Оның идеясын ашуға бөгет болатын көбінесе оның күңгірттігі деп ойлайды. Бұл айтқан адамдардың ішінен әлі күнге біреу шығып Лагарпе туралы: «Бұл шын данышпан ғалым әдебиет тарихын зерттеуші еді. Өз заманының жазушыларын дұрыс бағалау туралы күрделі, ашық пікірде болмады» деген бір ауыз не күйінетін, не сүйінетін сөз әлі күнге естілмеді. Не болмаса Мерзляков туралы “бұл нәзік сезімді ашқан сыншының бірі еді. Бірақ бақытсыздыққа қарай ол тек орыстың ғана Лагарпесі болып, орыс әдебиетін сынауда пайдасынан зияны асты” деген бір ауыз күйінішті сөз айтылмады. Бүгінгі эстетиканы сүймейтін адамдардың көзқарасы осылай болғандықтан, біз бұл айтқан ғылымды олардан қорғап, жақтағымыз келмейді, бірақ сыншы мен әдебиет тарихын зерттеушілердің түпкі негізі бір, ашық болуы – бұл ең керек нәрсе.

 

Эстетика деген не нәрсе, бұл искусство, поэзия негіздерінің (принципінің) системі емес пе? Эстетика бір кезде қатты қуғынға ұшырап, әдебиет тарихының ол кезде мүлде ұмытылғанын біз жақсы білмейміз бе? Ол кездегі сынның түрі жиырма бес табақ қағазға: «өте жақсы», «орташа», «жаман» деп айтылатын, мақтау өлеңдердің строфасы туралы берілген тек құрғақ сын емес пе еді? Не сол «өте жақсы», «орташа» деп анықтаған строфалардың ішінде: «күшті жазылған», «дұрыс әліптемеген» сияқты тоғышар сындар сын емес пе еді? Бұл кез қай кез еді, бұл француздардың эстетиканы жек көруден бұрынғы кез емес пе еді? Эстетикаға бұл көзқарас 1830 жылдан былай қарай өзгеріп, біз эстетикаға содан бері ғана таныса бастадық. Эстетиканың бізге берген пайдасы «Воссюэттің ұлы ісі» туралы айтылған толғамдарды орысша басылған нашар кітаптан оқымайтын болдық. Біз оны Демажоның «Француз әдебиеті тарихынан» алған болсақ та, ХVІІ ғасырдың әдебиетінде Воссюэт өз алдына жеке бір дүние. Онан өзге жазушылар ескі Римнің балалары; Воссюэт әдебиетке жаңадан алып кіргіздіріп, ол тіл шеберлігіне Еуропа салтында жоқ неше түрлі жаңа сөз құрылысын ендірді. Көп нәрсені ол өлшемділік заңына шығарып, өлшеудің өзін ұшан-теңіз өлшеусізге айналдырды. Воссюэттің еңбегінің жемісі осы (Демажо, француз әдебиет тарихы). Анри Мартэнның бұл жазған данышпандық сөздері Демажоға өте ұнаған. Демажоның ойынша ұлы жазушылардың шығармаларын сынағанда көбінесе оның көркемдік тропа, фигур сияқты жағынан сынау керек. Сондықтан оның кітабы да осы айтқан сөздермен әшекейленген. Тағы эстетикаға алғыс айтатын бір нәрсе, Державин мен Карамзин туралы біз енді құрғақ ой мен бос жазып босқа оқымайтын болдық.

Бұрынғы қарсы болушылық, ол – ұғылмайтын бір іс. Өйткені, эстетика негізінде әдебиет тарихына қарсы емес. Онымен қатар әдебиет тарихының керек екендігі бізде күн сайын айтылады. Және жай жазушыларға қарағанда эстетика сынын зерттеушілер әдебиет тарихы үшін көп еңбек сіңірді. Біздегі эстетиканың қазіргі бағыты болған фактіні ашық, айқын түрінде түсіндіру, оның үстіне мазмұндағы құрғақ ойлардың аз болуы қандай керек болса, орыс тілінің грамматикасына көңіл қою да сондай. Егер эстетика бұрын әдебиетті тарихи жолмен зерттеуді жақтаушылардан салқын қараушылықты көрмесе, ол салқындықты енді одан көрі аз көрмек. Өйткені қазір барлық теоретик ғалымдар мүмкіндігінше фактіні толық, ашық түрінде зерттеуге негізделген. Біздің ойымызша, осы күнгі теория, философия деген ұғымдар туралы бізде қазір адамдар қателесіп келеді. Біздегі кейбір адамдардың ойынша, осы күнгi ойшылдарда белең алған бағыт “білім”, “сана” туралы, оның ішінде көбінесе трансцендентал идеясы басым болып келеді. Олардың ойынша ғылым өзінен-өзі өркендейді. Бірақ оларды дұрыс ұғындырғанда, осы күнгі ойшылдардың бағытынша бұл айтқан ұғымдар ауыспалы сатыда болып, жақсы, пайдалы болғанымен, бұлар қазір ескіріп, сыңаржақ, жеткіліксіз болған, бұл ұғымдар бұдан 40-30, болмаса, 20 жыл бұрын болған ауыспалы сатыдағы ұғымдар. Біздің сенімімізше, теорияны Бэкон қалай ұқса, осы күнгі ойшылдар да солай ұғады. Астрономдар, химиктер, физиктер, дәрігерлер, жалпы пайдалы ғылымның соңына түсуші әдептердің бәрі де осы бағытта. Біздің түсінігімізше бұл айтқан жаңа ұғымдар туралы ешбір “эстетика курсы” жазылмаған сияқты. Әйткенмен теорияға негіз болатын бұл айтқан ұғымдар қазір белгіленіп, жеке жазылған мақалаларда, ұлы шығармалардың эпизодтарында өркендей бастағаны көрінеді.

Біздің түсінігімізше, қазір ескіріп қалған бұрынғы трансцендентал эстетиканың оған қарсы болушылардың өзі де негізгі бағыттарын көп фактіге сүйеген. Бұл “курсты” еске түсірсеңіз, оның үш томнан құралған ең күрделі екі томы тегіс тарих мәселесіне арналған, ал үшінші томының қақ жарымы о да тарихи түсініктер. Бұл туралы, эстетикаға не теорияға қарсы болушылардың есіне түсірмесек те болар еді. Оларды біз заман ағымынан кері қалған адам деп санамай-ақ, эстетикаға қарсы болудың өте мақтаулы себептерін біз басқадан іздегеніміз жөн. Эстетикаға қарсы болушылар оны жеміссіз абстракт теория деп түсінеді; олар мағынасы зор тіршілік мәселелерінің “жанды” біліміне құмартқандықтан, эстетикаға солғын қарап, оны қуғынға ұшыратады. Бұл көзқарасқа қарағанда, төменде көрсеткендей, Платон бір ғана эстетика мәселесіне шабуыл қылған емес (бұл онша керек те іс те емес, оның бер жағында Платонның өз жазғандарында болмаса, оның заманында эстетика болған да емес), Платон жалпы искусствоға шабуыл қылды, бізге аянышты нәрсе, искусствоның осы айтқандай, Платоннан қуғын көргені. Алайда біз Платонға ұйымай отыра алмаймыз. Егер поэзия (жыр), әдебиет, искусство – бұлар қажет нәрсенің бірі болып танылса, ол уақытта әдебиет тарихы да көпшілік көңіл қойып зерттелетін нәрсенің бірі болуға тиісті. Онымен қатар жалпы мәселе (теория) асыл тип (негіз) мағына туралы, поэзия, әдебиет, искусствоның жұртқа беретін әсерлері көп. Бұлардың барлығы ең күрделі, ең көңіл бөлетін іс болуы керек. Өйткені бұларды дұрыс шешуден біздің дүниеге көқарасымыз анықталады. Адамның ой-санасы ашық, дүниеге көзқарасы дұрыс болу үшін – оған факті керек. Онымен қатар одан бір нәтиже (мақсат) шығармайтын болсаң, оны білудегі қажеттік не? Қысқасынан айтқанда, бізше, эстетика туралы таластың болуы – ол жете түсінбегендік. Эстетика, не жалпы теоретик ғылымның негізі не екендігін қате ұғынғандық. Искусство тарихы дегеніміз – искусство теориясының негізі, оның үстіне искусство теориясы оның тарихын кеңейтіп, көркейтуге жәрдем етеді. Тарихты өңдеу дегеніміз – теорияны өркендетіп, ілгері бастыру, оны одан әрі көркейтіп, дамыта беру. Неғұрлым адам фактіні тексеріп, одан нәтиже шығарып отырса, соғұрлым тарих пен теорияның қос күші шарықтап, екі жақтап келтіретін пайдасы ілгерілей бермек. Бірақ оны тек хронология есебіне айналдырып, ой-санаға азық бермейтін, тек құрғақ библиографиялық жазу түріне айналдырмау керек. Әр заттың тарихы болмай, оның теориясы да жоқ. Және әр затттың теориясынсыз, оның тарихы туралы ойлауға да болмайды. Өйткені ондай затта ұғым да, мағына да, шекара да болмақ емес. Бұл “екі жерде екі төрт” тәрізді жай ғана нәрсе. Біреуді алсаң ол біреу болады да тұрады. Бірақ біз білетін кей адамдар Ньютонның “биномына” сүйеніп, бірлік екіге теңеледі деп көрсетпекші болады…

Рұқсат алу

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.