Әлем әдебиеті

КЛОД ЛЕВИ-СТРОСС. ГУМАНИЗМ, ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

0

ӘЛЕМДІК АҚЫЛ-ОЙ ҚАЗЫНАСЫНАН

КЛОД ЛЕВИ-СТРОСС

 

ГУМАНИЗМ, ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

          Клод Леви-Стросс – аса көрнекті француз антропологі, мәдениет зерттеушісі, этнологі әрі социологі. Мәдениетті зерттеу саласындағы структуралистік (құрылымдық) бағыттың негізін салушы. 1908 жылы туған, Сорбонна университетінде білім алған. Жас шағында Руссо, Маркс ілімдерімен, социализм идеяларымен, Кант, Гегель философиясымен қатты әуестенген. Француз социалистік партиясының мүшесі болған.

1935-1938 жылдары Бразилияда тұрған, Сан-Паулу университетінің профессоры болған, Оңтүстік Америка үндістерінің өмірін зерттеп, этнографиялық, антропологиялық, ізденістер жолына түскен. Сол зерттеулерінің нәтижесінде “Туыстықтың қарапайым құрылымы” (1947 ж.), “Тропиктік аймақтың қасіретті тірлігі”(1953 ж.) атты танымдық маңызы зор этнографиялық еңбектер жазған.

1945-1947 жылдары АҚШ-тағы француз елшілігінің мәдениет мәселелері жөніндегі кеңесшісі, 1948-1958 жылдары Ғылыми зерттеулердің Француз Ұлттық орталығы жетекшілерінің бірі, Адам музейі директорының орынбасары, Жоғары зерттеулер Мектебінің жабайы халықтар діні кафедрасының меңгерушісі, ЮНЕСКО-ның әлеуметтік ғылымдар жөніндегі Халықаралық кеңесінің бас хатшысы міндетін атқарушы болып істеген. 1960-1984 жылдары Колледжде Франс деп аталатын әйгілі оқу орнының әлеуметтік антропология кафедрасының меңгерушісі, осы колледж жанынан құрылған әлеуметтік антропология Лабораториясының жетекшісі болған. 1973 жылдан бастап Француз академиясының мүшесі, одан кейін Ұлыбритания королдігі жанындағы антропология институтының мүшесі, бірнеше батыс елдері Ұлттық академияларының мүшесі болып сайланған.

Басты еңбектері: “Нәсіл және тарих” (1952 ж.), “Антропология құрылымы-1” (1958 ж.), “Мифология” (1961-1971 ж., 4 томдық), “Мифтердің құрылымы” (1970 ж.), “Антропология құрылымы-2” (1973 ж.).

ЮНЕСКО-ның тапсыруы бойынша жазылған “Нәсіл және тарих” атты еңбегінде Леви-Стросс адамзат мәдениетінің әралуандығы, олардың өзара байланыстылығы және ықпалдастығы жөнінде айта келіп, “Әлемдік өркениет дегеніміз әлемдік ауқымда алынған мәдениеттер бірлестігі, басқа ештеңе де емес және олардың қай-қайсысы да тек солардың өздеріне ғана тән өзіндік ерекшеліктерін сақтауға тырысады”, – деген тұжырымдама жасайды. Ғалым өз зерттеулерінде өзі негіздеп берген құрылымдық принципке сүйене отырып, мәдениет құбылыстарын олардың ішкі және сыртқы байланыстарының бірлігі және олардың көп деңгейлілігі тұрғысынан алып қарастырады.

Төменде беріліп отырған мақала да ЮНЕСКО-ның тапсыруы бойынша жазылып, дүние жүзінің баспасөздеріне таратылған.

***

Гуманизмнің үш түрі

 

Ғалымдарымыздың көпшілігіне антропология жаңа ғылым сияқты болып көрінеді және мұны олар қазіргі заман адамдарының дүниені танып-білуге деген құштарлығының тағы бір айғағы деп пайымдайды. Сырттай қарағанда шынында да солай сияқты болып көрінуі мүмкін. Мәселен, біздің эстетикамызда ерте дүние өнерінің орын ала бастағанына елу жыл да бола қойған жоқ. Ал одан да бұрынғы қоғамдар өмірін зерттеуге арналған тұңғыш еңбектердің өзі XIX ғасырдың алпысыншы жылдарына ғана барып тіреледі. Ол кезең Ч. Дарвиннің жалпы эволюция мәселесін биологияға байланыстыра отырып қарастырған дәуірі еді. Оның замандастарының пікірі бойынша ғалымның айтып отырған эволюциясы әлеуметтік және рухани тұрғыдан алғандағы адам эволюциясының көрінісі болды.

Этнология туралы бұлайша ойлау-алғашқы тайпалар мен халықтар туралы біздің білім-танымдарымыздың санамыздағы орны жөнінде көпе-көрнеу қателесу болып шығады. Этнология ешкімнің жеке ғылымы емес және ол ешқандай жаңа ғылым да емес: ол біздің гуманизм деп атап жүрген ұғымымыздың сонау ертеден келе жатқан ең жалпы түрі.

Орта ғасырлардың аяғы мен Қайта өрлеу дәуірі кезінде адамдар ертедегі грек-рим әлемін қайтадан жаңаша тани бастады. Ал иезуиттер латын тілі мен грек тілін білім берудің негізіне айналдырды. Міне, дәл осы кездерде этнологияның алғашқы түрі пайда болды. Қайта өрлеу дәуірі ерте дүние әдебиеті қайнарынан әлдеқашан ұмыт болып кеткен ұғымдар мен ойлау әдістерін ашып қойған жоқ, сонымен бірге ол өзінің төл мәдениетін уақыт көшіне ілестіру және төл ұғымдарын басқа дәуірлер мен халықтардың ұғымдарымен салыстыру жолдарын да тапты.

Классикалық білім сыншылары оның өзіндік табиғаты жөнінде қателіктерге бой алдырып жүр. Егер грек тілі мен латын тілінің сабақтары осы өлі тілдердің әлдеқандай белгілерін игерумен ғана шектелер болса, онда одан түсер пайда шынында да шамалы болар еді. Бірақ сол тілдер арқылы және сол тілдерде жазылған әдебиеттерді оқу арқылы оқушы жастар этнология әдістерімен тел қозыдай ұқсас ойлау әдістерін де игеріп машықтанады. Мұны бастауыш сынып мұғалімдері жақсы біледі (мен мұны бір күйден екінші бір күйге көшу техникасы деп айтар едім).

Классикалық мәдениеттің этнографиялық мәдениеттен өзгешелігі – оның белгілі бір дәуірдегі адамзат баласына мәлім өркениеттің аумағына байланыстылығында жатыр. Мәселен, қайта өрлеу дәуірінің басында адамдар әлемі Жерорта теңізі төңірегінен әрі аса қойған жоқ еді. Ал басқа тіршілік аймақтары жөнінде тек өте көмескі жорамалдар ғана болды. Өзіміз жоғарыда айтқандай, адамдар өз тіршілігінің сыр-сипатын басқа халықтардың тыныс-тіршілігімен салыстыру, соларды танып-білу арқылы ғана түсіне алады.

XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың басында географиялық жаңалықтардың көптеп ашылуына байланысты гуманизм де өрістеп, қанат жая бастады. Руссо мен Дидро кейбір жеке өркениеттер туралы әлдеқандай болжамдарды ғана пайдаланып жүрген еді. Енді әлем орбитасына Үндістан мен Қытай келіп ілікті. Өзіндік термин қалыптастыруға соншама орашолақ біздің университет ғылымы мұндай жаңадан келіп қосылған әлем мәдениетін зерттеп-білуді “классикалық емес философия” деп атады.

Рұқсат алу

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.