ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ӘЛЕМ АЙНАСЫНДА
МАЖАР ҒАЛЫМДАРЫ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ЖӨНІНДЕ
(XIX ғасыр)
1. Шамуель Брашшаи
Қазақ әдебиеті туралы алғашқы пікірлер XIX ғасырда қазақ жеріне аяқ басқан мажар саяxатшыларынан табылады. Әзірге белгілі ең алғашқы мажар ғалымының пікірі XIX ғасырдың бірінші жартысында 1835 жылы “Vasarnapi Ujsag” (Вашарнапи Уйшаг- Жексенбілік газет) газетінде басылған. Шамуель Брашшаи “Қырғыз-қазақтар” атты еңбегінде қазақтардың ақындық дарындылығы туралы былай дейді: “Қырғыздардың сан ғасырлық мәдениетінің бір көрінісі – ой тірлігі, қиялының күштілігі. Өлең-жыр және музыка – олардың сүйікті кәсібі. Бұған бір мысал мына өлең:
Қарды көрдің бе?
Сүйіктім еті одан ақ,
Қарға тамған қойдың қанын көрдің бе?
Сүйіктімнің беті одан қызыл.
Өртенген терек шоқтарын көрдің бе?
Шашы одан да қара.
Xандардың немен жазатынын көрдің бе?
Қастары олардың қаламдарынан да қара.
Отты көрдің бе?
Көздері одан да зор нұрмен жарқырайды.1 ”.
Біз Брашшаидің аудармасын қaзақшаға сөзбе-сөз аударып отырмыз. Брашшаи бұл үзіндіні қайдан алғандығы туралы ештеңе жазбаған. Образдарына қарағанда бұл шендестіру “Ер Тарғындағы” Ақжүністің сипатына ұқсайтын сияқты:
Молда барсаң, қасында
Қиюлы жатқан қалам бар.
Қалам көр де қасым көр.
….
Әр шаһарға қaрасаң,
Құрулы тұрған күзгі бар,
Күзгіні көр де, көзім көр!
Қара жерге қар жауар,
Қарды көр де етім көр.
Қар үстіне қан тамар,
Қанды көр де бетім көр.
/ “Ер Тарғын” /
Брашшаи қазақтардың поэзия және музыкаға құмарлығы туралы ойын жалғастырып: “Қырғыздар дайындықсыз, суырып салып айтқанды, бір-бірімен екі-үштен немесе төрттен жарысып айтысқанды ұнатады. Музыкалық аспаптары: қобыз, скрипка тәрізді, бірақ шанағы ашық, үш аттың қылы ішекті сыбызғы – ұзын қамыс сырнай балалайка (домбыра). Жалпы музыка тыңдағанды ұнатады, бірақ негізінен емдеуге қолданады, себебі аурудан емдеу көбінде дұға оқудан тұрады. Адасқан малшылары жұлдыздарды таниды, алайда бұл білімдері ырымдарға шырмалған. Жеті қарақшы, мәселен, оларша – екі атты, ақ боз атпен көк боз атты, айдаған жеті қасқыр. Қасқырлар оларды қуып жетіп, жеп қоятын болса, оларша ақырзаман болады. Қазақтардың қиял әлеміне берілгендігі сонша, оларда шын дүние мен қиял дүниесінің арасындағы шекара жойылып кеткен”, – дейді.