Әлем әдебиеті

АЛЕКСАНДР КУПРИН. ӘҢГІМЕЛЕР

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

АЛЕКСАНДР КУПРИН

 

ӘҢГІМЕЛЕР

 

XX ғасырдың аса дарынды жазушыларының бірі – Александр Иванович Куприн (1870-1938) «Олеся», «Жекпе-жек», «Шұңқыр», «Тажал» повестері, «Циркте», «Піл», «Листригондар», «Батпақта», «Орман түкпірінде», «Ғажайып доктор», «Ральф», «Құр аулау», «Өмір өзені» сияқты және тағы да басқа көптеген тамаша әңгімелердің авторы. Куприннің «Гауһар білезік» және “Жекпе-жек” сынды хикаяларының көтеретін қоғамдық-әлеуметтік проблемалары аса ауқымды.

Л. Н. Толстой Куприн шығармашылығы жайында:

– Өнердегі ең бастысы – өлшемді сезіне білу. Кескіндемеде тоғыз көркем сызымды бір ғана бұрыс сызым бүлдіріп тұрады. Куприннің артықшылығы да сонда, онда басы артық ештеңе жоқ, бәрі де өз орнында тұрады. Куприн – нағыз суреткер, орасан зор дарын…” – деген екен.

 

***

ҒАЖАП ДОКТОР

 

Бұл әңгімем де ойдан шығара салған нәрсе емес. Мұнда баяндалған уақиға шамасы осыдан отыз жыл бұрын шынымен Киевте өткен еді. Бір отбасының майда-шүйдесіне шейін қалдырмай тамсана аңыз етіп айтып отыратын оқиғасы. Мен өз тарапымнан бар болғаны осы қызықты уақиғаға қатысы бар адамдардың аттарын ғана өзгертіп қағазға түсірдім.

– Гриша, ау Гриша! Қарашы, торай күліп тұр… Иә, иә. Аузындағы шөпті қара! Қарашы, қарашы… шөпті айтам, құдай біледі, шөп!… Міне, қызық!

Екі кішкене бала терезесі аса үлкен гастрономның алдында тұрып, бірін-бірі бүйірден соққылай, қатты аяздан аяқтарын бір-біріне қаққылап, ішек-сілесі қатқанша күліп тұр. Бұлар адамның ақылын да, асқазанын да бірдей бірден баурап әкететін осы ғажайып көрменің алдында тұрғанына бес минөттен артық уақыт өткен тәрізд. Мұнда шамдардың самаладай жарығы таудай-таудай болып үйілген, жақсы сақталған қызыл алмалар мен апельсиндерге аямай төгіліп тұр; жұқа қағазбен оралған, алтынша жайнаған мандариндердің түзу пирамидалары көрінеді; табақтарда ауыздарын ашып, көздерін адырайтқан балық жатыр; төменде қалың қызғылт майлы сөлі кетпей ілініп қойылған сан еті; шұжықтар тізбегімен әдемі қоршала келгенде көздің жауын алады. Бұл көз тоймас көріністі тұздалған, пісірілген және сүрленген тағамдар салған сансыз көп кішкентай қалбырлар мен қораптар қоршап тұр. Мынадай көріністен көздерін ала алмай қалған екі балақай аз уақыт болса да, он екі градустық аяз бен шешелерінің оларға жүктеген ерекше тапсырысын ұмытып кеткен-ді. Тапсырыс күтпеген жағдайда және қынжыларлық нәтижемен аяқталған болатын. Жасы үлкен бала таңғажайып көрмеден көзін бірінші болып аударып әкетті. Ол інісін жеңінен жұлқып жіберіп, қатқыл дауыспен:

– Жетеді, жетеді, Володя, кеттік… Не тұрыс, бол енді… – деді.

Екеуі де сасқанынан демдерін дұрыс ала алмай (үлкені он жасқа жуырда ғана келген және таңертеңнен бері екеуі де ауыздарына сылдыр керем көжеден басқа ештеңе алмаған), азық-түлік көрмесіне соңғы рет сүйсіне көз тастап, көшені бойлай жүгіре жөнелді. Кейде олардың көзіне терлеген терезелерден жүзімнің шоғына ұқсайтын жарқыраған дақтар көрінеді, кейде оларға тіпті көңілді полька сазының үні естілді. Бірақ олар бірнеше секунд кідіріп және көз қиығымен болса да терезеге сығалауға жетелеген ерікті жейтін еліктіргіш ойдан арылуға барын салып тырысып бақты.

Балалар жүрген сайын кісі аяғы азайып, көшелерді қараңғылық баса берді. Тамаша дүкендер, жарқыраған шыршалар, көк және қызыл тор жапқан сәйгүліктер, шаналардың сықыры, көңілді айғай мен әңгіме гуілі, беттері аяздан албырап, сәнді киініп, күліп бара жатқан әйелдер – бәрі-бәрі артта қалып барады. Алда созылып жатқан бос алаңқайлар, қисық, тар, тұйық көшелер, қараңғы, жарықсыз қия беткей… Ақыры олар іргесі тастан, үсті ағаштан салынған, қисайып, жеке тұрған ескі үйге жетті-ау. Тұрғындардың бәрінің жуынды төгетін жеріне айналып кеткен тар, мұз басқан, лас ауламен олар төмендегі төлеге түсіп, қараңғыда көпке ортақ дәліз арқылы сипалап отырып, өздерінің есігін ашты.

Осы үй астында Мерцаловтар тұрғалы бір жылдан артық уақыт өткен екен.

Ағалы-інілі екі бала әбден ысталып, дым тартып тұратын қабырғаларға да, бөлмеде ілінген ескі-құсқыға да, кәресіннің, балалардың кір киімдерінің және егеуқұйрықтың жиіркенішті иістеріне де, кіріптар қайыршылыққа еттері ертеден үйреніп кеткен. Бірақ бүгінгі мейрам күні көргендері, жұрттың қуанышынан алған әсерлері олардың кішкентай жүректері бастарына түскен мына қорлыққа шыдай алмай қысылып кетті. Бұрышта, кең төсекте жеті жастағы қыз бала жатыр, бетінен денесінің күйіп тұрғаны көрінеді, дем алысы ауыр, бадырайта ашқан көздері тесіле қарайды, жанарларының қайда қарап жатқаны белгісіз. Төсектің жанындағы аспалы бесікте – бетін тыржитып көзін аша алмай жатқан емшектегі бала. Қайғыдан шаршаған, жағы суалып қарайып кеткен сұңғақ бойлы жүдеу әйел сырқат қызының жанында біресе оның жастығын түзеп, біресе шынтағымен бесікті тербетіп отыр. Әйел будақ-будақ қысқы ауаны пәтерге ала кірген екі баласының беттеріне тынышсыздана қарап қалды.

Рұқсат алу

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.