Әлем әдебиеті

ЗӘКИ УӘЛИДИ ТОҒАН. ЕСТЕЛІК

0

 

 ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ

 

 

 

ЗӘКИ УӘЛИДИ ТОҒАН

 

(1890-1970)

 

 

 

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал тарихшы-ғалым Ахмет Зәки Уәлиди Тоған 1890 жылы қазіргі Башқұртстан Республикасына қарасты Ишимбай ауданында дүниеге келді. Ауыл мектебінде сауат ашып, медреседе оқыды. Әйгілі Шехабеддин Маржанидің шәкірттерінен білім алды. Мұнда діни ілімдермен бірге тарих, әдебиет пәндерін оқып, түрік, араб, парсы және орыс тілдерін меңгеріп шықты. 1908 жылы Қазанға барып, Қасымия медресесінде оқытушы болды. Осы жылдан бастап алғашқы мақалалары жарық көре бастады. 1912 жылы «Түрік татар тарихы» атты кітабы жарияланып, Қазан университетінің жанындағы «Археология, тарих және этнология» қоғамына мүшелікке қабылданды. Осы қоғамның төрағасы, белгілі ғалым Н.Г. Катановпен және өзге де орыстың шығыстанушы ғалымдарымен бірігіп жұмыс істей бастады.

 

1916 жылдан бастап саясатпен айналыса бастады. Ресей мемлекеттік Думасының жанындағы «мұсылман» фракциясында хатшы болып қызмет атқарды. Ресейдің ішкі және сыртқы саясаттарының бағытын айқындауға үлкен септігін тигізетін Дума жұмыстарында белсенділік көрсетіп, көптеген саяси қайраткерлермен танысып, шыңдала түсті. 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері арасында Ресей мұсылмандары арасында ұйымдастырушылық қабілетімен, саяси қайраткерлігімен ерекше көзге түсті. 1917 жылы бүкіл Ресей Құрушылар мәжілісінің мүшесі болып сайланды. Мәскеу, Петербор, Орынбор және Ташкент қалаларында өткен құрылтайларға қатысты. Еділ-Орал, Башқұртсан және Түркістан автономияларының құрылуына қатысып, тарихи оқиғалардың куәсі болды. Әуелі Башқұртстан автономиясының Қорғаныс министрі, кейін Бас қолбасшысы және мемлекет басшысы болып сайланды. Уфа, Самара, Орынбордағы мәжілістерге қатысып, олардың өтуіне ұйытқы болды. Большевиктермен 18 ай істес болғаннан кейін Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысына қатысты.

 

1923 жылы Отанын тастап шығуға мәжбүр болған Зәки Уәлиди Ауғаныстан, Үндістан арқылы Парижге барды. 1925 жылы Түркияға келіп, Стамбул университетінде профессор әрі «Иені Түркістан» журналының бас редакторы болды. 1935-37 жылдары Бонн, 1938-39 Готтинген университеттерінде құрметті профессор ретінде жұмыс істеді. 1939 жылы Түркияға оралған Тоған, Стамбул университетіндегі қызметін одан әрі жалғастырды.

 

Зәки Уәлиди Тоған көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Кітаптары көптеген тілдерге аударылған. Соның ішінде оның «Естеліктер» атты кітабы отандық тарих үшін маңызды дерек көзінің бірі болып табылады. Біз төменде осы «Естеліктер» атты кітаптан үзінді жариялап отырмыз.

 

 

 

 

 

ЕСТЕЛІКТЕР

 

 

Батыс Сібір және Алашорда үкіметтерімен

 

байланысымыз

 

 

 

              2 шілде күні үкіметіміздің мүшесі әрі әскер басшыларының бірі Абдулхақ Абидовты сол кездері Омск қаласында құрылған «Батыс Сібір демократиялық үкіметтің» басшысы полковник Гришин Алмазовқа аттандырдық. Біз одан құрып жатқан әскери жасақтарымыз үшін қару-жарақ, қаражат және басқа да көмек сұраған едік. Кеңестер одағы менің Гришин Алмазовқа жазған хатымды жариялады. Бұл хатта мен әкімшілік басқару жайында: «Башқұртстанның басшылығы демократиялық сипатта болады, дегенмен ол комитетсіз демократия (безкомитетная демократия) ретінде құрылады» деп жазған едім.

 

Менің меңзеп отырғаным – көп талқыға салынбайтын, тез шешім қабылдайтын, орталықтандырылған демократия болатын. Алайда кеңестік тарихшылар «Қызыл архив» басылымында менің хаттарымды жариялап отырып, мұны «кеңессіз демократия» деп берген екен. Араға бірнеше күн салып мен жаныма үкімет мүшелерінен Сейіткерей Мағазовты алып, Омск қаласына келіп жеттім. Жолда біз мінген поезда түн ортасында вагондарда тығулы жатқан бомбалар жарылды. Біз тез поездан түсіп, аулаққа барып, отқа оранған вагондарға қарап тұрдық. Бізді Омск қаласынан арнайы жіберілген поез алып кетті. Гришин Алмазовпен сол күні жолықтық, ол біздің барлық талаптарымызды қабылдай отырып бір ғана шарт қойды. Ол шарты да башқұрт жасақтарының стратегиялық маңыздылығына орай Сібір үкіметінің Басқолбасшылығына бағынышты болуы еді. Біздің бір айдың көлемінде жасаған істерімізге көңілі толған генерал пәрмен шығарып, маған полковник атағын бергісі келді. Мен де әскери мектепте оқымағандықтан, мұндай әскери шенге лайық емес екенімді алға тарттым. Генералдың ұсынысын қабыл алуға үгіттегендердің бірі досым Сейіткерей Мағаз болатын. Ол Омск қаласынан Семейдегі қазақ ұлттық үкіметі Алашордаға барып, біздің ұсынысымыз бойынша 18-21 шілде күндері арасында жиналатын мәжіліске қатысатын еді. Алашорда көсемдерімен болатын келіссөздер мен қол қойылатын құжаттардың жобасын Омскіде дайындадық. Алаш қаласына келгенде, Әлихан Бөкейхан мен Қоқандағы Түркістан автономиясының бұрынғы басшысы Мұхаметжан Тынышбаев бастаған топ жиналып қалған екен. Міне, осы мәжіліс Алашорда, Қоқан автономиясы және Башқұртстан арасындағы алғашқы құрылтай болды. Құрылтайда 12 бабтан тұратын шешім қабылданды. Шешімдер арасында сол кездері Украинаны басып алған және Астрахандағы қазақтармен байланыс орнатуға әрекет жасап жүрген Алманиямен келісімге келмеу, Ресейдің одақтасы сипатындағы Жапонияның Сібірдегі және Құлжадағы өкілдерімен байланыс орнату, ұлт-азаттық қозғалысымызды Ресейдің ішінде жүргізу сияқты мәселелер болды. Бұл пікірлерді Алашордашылар да қабыл алды. Арада екі жыл өткеннен кейін (1920 жылы) большевиктер Астраханның қазағы Мұхаметжан Тұнғашин деген зиялының құжаттары арасынан біздің Алашорда үкіметімен бірге қабылдаған 12 бабтан тұратын ортақ мәміленің мәтінін тауып алыпты. Бұл шешімдердегі ұлт-азаттық күресті Ресейдің ішінде жүргізу туралы қарарымыз Кеңестік басшыларға біз туралы жылы түсінік қалыптастырыпты. Өйткені, большевиктердің де патшаның қызметкерлері сияқты орыс ұлтшылдары екенін кейіннен Чичерин арқылы білдім. Қазақ тілінде жақсы өлең жаза алатын Сейіткерей Мағаз қазақтардың астанасында үлкен ілтипатқа ие болды. Ол «Алаш-Орда» деген басылымға мен туралы және башқұрт қозғалысы жайында мақалалар мен бір өлең жариялады. Түрікше жазылып, қол қойылған құжатты ол Челябі қаласына алып келді.

Рұқсат алу

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.