Әлем әдебиеті

ИСМАИЛ ҒАСПЫРАЛЫ. АРЫСТАН ҚЫЗ

0

ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ТҰЛҒАЛАРЫ

 

ИСМАИЛ ҒАСПЫРАЛЫ

(1851-1914)

 

Исмаил Ғаспыралы 1851 жылы 8 наурызда Қырымда Авжикөй деген жерде дүниеге келді. Әйгілі «Зинжирли» медресесінде білім алғаннан кейін он жасында Ақмешіттегі орыс мектебіне қабылданды. Онда екі жыл оқып, Воронеждегі әскери академияда, сосын 1865-1867 жылдары арасында Мәскеудегі Милютин гимназиясында білім алды. 1868 жылдан бастап өзі білім алған Зинжирли медресесінде орыс тілінен сабақ берді.

Исмаил Ғаспыралы 1872 жылы Вена және Штутгарт арқылы Парижге барды. Ол Парижде И.С. Тургеневпен танысып, оның көмекшісі болды. Екі жыл Еуропада тұрған Исмаил мырза Стамбул арқылы еліне қайтып, әкімшілік және баспагерлік жұмыстармен айналысты. Ол 1878-1882 жылдар аралығында Бахшасарай қаласының басшысы болды. Алайда армандаған азаттыққа тек ағарту арқылы қол жеткізудің мүмкін екенін аңғарған Ғаспыралы әкімшілік жұмысты тастап, біржола ағартушылық жолға түсті. Ол осы мақсатпен 1884 жылы Бахшасарайда алғашқы жәдит мектебін ашты. Жаңаша білім беретін жәдит мектебі қысқа мерзім ішінде халықтан қолдау тауып, саны бірте-бірте арта түсті. Алғаш Қырымда тұсауы кесілген жаңа үлгідегі мектептер Қазанда, Уфада, Орынборда, Бұхарада, Ташкентте, Семейде және тағы басқа қалалар мен елді мекендерде ашылып, білім бере бастады. Ғалия, Хұсайния, Расулия медреселерінде татар, башқұрт, өзбек, әзербайжан балаларымен бірге жүздеген қазақ балалары оқыды. Сондай-ақ, қыздар үшін де арнайы мектеп, медреселер ашылды. Кейінірек Польша, Мысыр, Үндістан және Қытай сияқты шет мемлекеттерде де ашылған жәдит мектептерінің саны 1905 жылы тек Ресейдің өзінде ғана бес мыңнан асып кетті.

Исмаил мырза ұлттық басылымдар арқылы да бұқара халықтың көзін ашуға ұмтылды. Ғаспыралы тарапынан 1883 жылы шығарыла бастаған «Тәржіман» газетін 1918 жылға дейін үздіксіз жарияланып тұрды. Газеттің тиражы 5 мыңға жетті, ол Еділ бойы, Түркістан өлкесі, Түркия және Қытайдағы мұсылмандардың ортақ сүйікті басылымына айналды. 1886 жылы Ғаспыралының «Молла Аббас» деп аталатын романы жарық көрді. Бұл шығарма – Ресей қол астындағы мұсылмандардың алғашқы романы. Одан кейінгі жылдары «Френгистан мектублары», «Дарулрахат мұсылмандары», «Судан мектублары» және тағы басқа романдары жарық көрді. Біз бүгін Исмаил Ғаспыралының «Арыстан қыз» деп аталатын повесінен үзінді жариялап отырмыз.

 

 

АРЫСТАН ҚЫЗ

 

… жылдың жаз айлары болатын. Қашғар аймағындағы Үштұрфан қаласының қоршауда қалғанына міне, жиырма алты күн болды. Отыз мыңға тарта қытай әскері мен он мыңдай қалмақ әскері бірігіп, Чи Линг деген залым қолбасшының әмірімен маңайдағы ауылдардың бәрін өртеп, жершілікті мұсылман тұрғындарды жауыздықпен азаптап өлтіріп, тіпті, періште сәбилерге дейін тірі қоймай, сосын қаланы тұтас қоршап алған еді. Сыртқы әлеммен байлынысы үзілген Үштұрфан қаласына кіріп шығу осылайша мүмкін болмай қалды.

Қаланың ішінен қорғаныс құрылып, атты және жаяу әскерлер күндіз-түні қарауылдап жүрді. Қашқар қақпасын талқандау үшін дұшпанның бес зеңбірегі қаланы күні бойы үздіксіз атқылайды. Оған қоса екі зеңбірек дүрсілдеп, қаланың ішін атқылайды, түскен зеңбірек оғынан біресе мұнда, біресе анда өрт шығып, жазықсыз адамдар қырылып жатты. Жағдайды Қашғарға хабарлап, сырттан көмек сұрау үшін жаужүрек жігіттер талай рет қаладан жасырынып шыққанымен, жау қолына түсіп қалып жатты.

Рұқсат алу

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.