СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ
Сергей ЕСЕНИН
АННА СНЕГИНА
Сергей Александрович ЕСЕНИН (1895-1925) – өзінің алғашқы жыр жинақтарымен-ақ сыршыл лирик, терең психологизмге толы пейзаждық өлеңдердің хас шебері ретінде танылған орыстың аса көрнекті ақыны. Туған жерге, Отанына деген жан жылылығы мен шексіз махаббатқа толы өлеңдері оның поэзиясына табынушыларды толқытуын толастатқан емес.
С. Есениннің алғашқы өлеңдері1914 жылдан бастап мәскеулік балалар журналында жариялана бастады.1915 жылы Петербургке келген ол А. Блок, С. М. Гордецкий, Ф. М. Ремизов, Н. С. Гумилев сияқты белгілі адамдармен танысады. Бұл таныстық ақын дүниетанымына үлкен өзгерістер әкелді.
Есениннің алғашқы жинағы – “Радуница”1916 жылы жарық көрді. Бұдан кейін 1918 жылы “Көгіс”, “Жаңғыру” жинақтары жарияланған. 1918 жылы ол Мәскеуге келеді. Төңкеріске байланысты “Иордандық кептер”, “Инония” атты шағын поэмаларын жазады. Өзінің ұстанған көркемдік тәсілі жағынан жақын А. Б. Мариенгоф, В. Г. Шершеневич, Р. Ивневтермен 1919 жылдың басында иманижистер тобына бірігеді. Кейіннен бұл топтан өз бағытын бөлектейді. Оның эстетикалық қызығушылығы патриархаттық деревня салтына, көркемөнердің халықтық түп негізіне ауған болатын.
Өз ортасына сыймай аласұрған ақынның көңіл-күйі “Бұзақының тәубесі” (1921), “Кабакты Мәскеу” (1924) жинақтарында анық көрінген. Ақын өмірінің елеулі оқиғасы – оның американдық биші Айседора Дунканмен кездесуі және некелесуі. Екеуі бірге Германия, Бельгия, Франция, Италияға сапар шегеді. 1922 жылдың мамыр айынан 1923 жылдың тамызына дейін Америкада болады. Ресейге оралған соң онымен ажырасады. Жаңа қоғамның жыршысы болу тілегімен Отанына келген соң көптеген өлеңдерін, әйгілі “Парсы әуендері” циклын және “Анна Снегина” поэмасын жазады. Оның өлеңдері негізінен бұрынғысынша Отан тақырыбы болса да, енді оған драмалық реңк араласады. Қоғамдағы өзгерістермен үндестік таппаған ақын үйлесімге тұнған тұтас әлемі – “есениндік Русін” “Кеңестік Русь”, “Күні өтіп бара жатқан Русь” деп екіге бөледі. Өзін “мұнда енді еш керегі жоқ” “алтын бөрене үйдің” жыршысы санаған оның 1925 жылы жарияланған “Кеңестік Русь”, “Кеңес елі” жинақтарында күздің мұңлы көріністері, қоштасу сарыны басым.
Ақынның соңғы туындыларының бірі – “Жексұрындар елі” кеңестік билікті әшкерелеген. Осыдан кейін-ақ оның соңына шам алып түсу басталды. Есенин өмірінің соңғы екі жылында сот тергеуінен жасырынып, үш рет Кавказға, бірнеше рет Ленинградқа, жеті рет Константиновоға сапар шегеді. 1925 жылдың қарашасында тұтқындау қаупінен құтылу үшін жүйке ауруларын емдейтін емханада емделуге тура келеді. 1925 жылдың 28 желтоқсанында Ленинградтағы “Англетер” қонақ үйінде Сергей Есенин қаза болады.
Сергей Есенин шығармашылығы орыс әдебиетінде терең із қалдырды. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікке, табиғат сұлулығына толы нәзік те сыршыл поэзиясы – орыс әдебиетінің алтын қорына қосылған құнды мұраға айналды.
“Анна Снегина” – ақынның жауһар туындыларының бірі. Бұл поэмада шаруа өмірінің шындығы кең көлемде көркем бейнеленген.
1
“Радово” атты селомыз,
Екі жүз түтін санасаң.
Көркінен туар санаңыз,
Көз жіберіп қарасаң.
Жайқалған орман, суға бай,
Жайылым мол егінмен.
Егіндік бойын қуалай
Тізілтіп терек тігілген.
Шатырлары қаңылтыр,
Әр үйде қырман бау-бағы.
Даңдайсу жоқ бірде-бір,
Бақытқа осы бойдағы.
Әшекей әйнек қақпасы,
Квас пен ет бар той сайын.
Келер ме көңілі соқпаса,
Исправник те әрдайым.
Тиісті салық үстіне
Старшин қаһар қу құлқын,
Алатын бізден үстеме:
Тары мен ұнды әр дүркін.
Болмаққа аулақ бүліктен
Көнгеміз қосар салыққа;
Ұлықтың аты ұлық деп
Біздей жуас халыққа.
Бірақ та адам – күнәһар,
Көзі бір найза безенген.
Көршілес криушалықтар,
Қас еді бізге ежелден.