ҮЗДІК ҮЛГІЛЕРДЕН ҰЛАҒАТ
Мұхтар ӘУЕЗОВ
Көркем аударма жайындағы ойлар
“Әуезовтың үніндей үнмен, Әуезов жырлаған ұлылықпен, керемет махаббатпен жырланған бақытты халықтың, шіркін не арманы бар екен”.
Бежерон.
“Дворян ұясы” романының аудармасы туралы
Орыс халқының ұлы классиктерінің бірі Иван Сергеевич Тургеневтің “Дворян ұясы” атты романын қазақшалап, біздің оқушыға ұсынуды көптен мақсат еткен едім. Қазір осы аударманы бастырумен қатар, роман туралы және өзімнің осы романды аудару жөніндегі іздену мақсат, талаптарым туралы кейбір пікірлер айтуды қажет деп білдім. Біздің әдебиетімізді қай салада болса да байытып өсіруге көмекші болып келе жатқан істің бірі аудармалар екені мәлім. Біз поэзиялық, көркем прозалық және драматургиялық үлгілердің талайын орыс тілінен қазақшалап аударып алып жүрміз. Бірақ әлі күнге “көркем аударма қалай істелсе ойдағыдай шығады” деген әрі ғылымдық, әрі творчестволық жауапты сұрақтарға нақтылы шешу сөз айтылмай келеді. Әрбір аударушылық әрекеттеріміз табыстарымен, кемшіліктерімен де ескеріліп, тексерілмей жүр. Неғұрлым аудармалық еңбектеріміз көбейе түссе, солғұрлым аудармалық тәжірибеге қорытынды, тиянақты жетекшілік пікірлер айту қажет бола түседі.
Бірақ сондай байлаулы ойларды түю үшін жеке тәжірибелердің әрқайсысы өздерінің табыс жаңалығымен ортаға түсіп талқыға алынуы керек.
Орыс әдебиетінің классикалық үлгілері мен совет әдебиет мұраларының да біраздарын аударған менің де тәжірибем болушы еді. Тургеневтің осы романын аударуда сол бұрынғы тәжірибелеріме, өзімше жаңалық ретінде қостым ба деген ізденулерім бар. “Дворян ұясы” романын бастырумен қатар сол жаңағы, соңғы жай туралы оқушы көпшіліктің сынына салмақ болған ойларым болғандықтан осы кіріспені әдейілеп жазып отырмын.
Тек сол аталған мәселелерге көшуден бұрын И. С. Тургеневтің осы “Дворян ұясы” романы туралы көпшілік оқушымызға таныстыру ретінде біраз сөз айтып өтейік.
Көркем сөздің шын шебері, жалғыз орыс әдебиеті ғана емес, дүниежүзілік көркем әдебиет классиктерінің қатарында аталатын Иван Сергеевич Тургеневтің (1818-1883) “Дворян ұясы” атты романы 1859 жылы жазылған. Автордың аз жылдар ішінде жазған бір топ ірі романдарының ең көрнекті, көркемінің бірі осы “Дворян ұясы” болып танылған-ды. Бұл романның айналасында туған Тургеневтің үлкен шығармалары “Рудин” 1856 жылы жазылған. Өзге барлық басқа романдарыменен және көп көркем әңгімелерімен зор атаққа ие болған Тургенев өзінің “Дворян ұясы” романымен де зор шеберліктің үлкен өріне шыққанын танытып еді. Сондықтан да өзі туған отанында үлкен атаққа ие болумен қатар, ол өзінің көзі тірісінде-ақ Батыс Еуропаның да көп елдеріне аса мәлім, даңқты жазушы болып үлгерген-ді. Солайша танылып бағаланудың нәтижесінде ол 1878 жылы Оксфорд университетінен докторлық атағын алған, 1878 жылы Париждегі халықаралық әдебиеттік конгрестің бастығына орынбасар боп сайланған. Батыстың ұлы жазушыларының бірталайы Тургеневті өздерінің ұстазы деп таныған. Тургеневтің қабірінің басында Эрнест Ренан: “Тургенев – бар адам баласына тиісті жан” деген болатын.
Орыс әдебиеті көлемінің тарихтық орнын алғанда “Дворян ұясы” романы – Пушкин дәстүріне жақын, нақтылап айтқанда “Евгений Онегин” дәстүрімен жалғас шыққан шығарма. Романда да, поэмада да орыс табиғатының көрініс, уақиға баянына да және геройлардың ішкі сезімдеріне де үнемі оралып, аралас суреттеледі.
“Дворян ұясы” да – тарихтық роман емес. Бірақ бұл әлсіреп, солғын тартып бара жатқан орыс дворяндарының тағдырымен байланысты болған тарихтық процесті көрсететін роман. Көркемдік жағынан қарағанда романның геройы Лаврецкийдің Васильевское сияқты қаңырап, құлазып қалған ұяға қайтып оралған сапарын сипаттаған және туып-өскен мекенін бейнелеген жерлері көркем прозаның аса шебер үлгісінің бірі болып саналады. Бұл жолдарда Тургенев өзінің де туған жерін сағынған сезімін танытады. Ол сезімде, көп ырғақты толқындар, жарқын мұңдар жазушының өз басынан кешкен сан жырлардай көрінеді. Енді дворяндар жолы Россияның жаңғыруына бөгет болмаса, көмекке жарамайтын кез жеткен еді, сондықтан да романның геройы Лаврецкий кітаптың соңғы жағында өз жайын баяндап кеп: “Амансың ба, құлазыған кәрілік! Сөне бер пайдасыз тірлік” дейді. “Дворян ұясына” күз қайғысы оралған, кешкі қызық шапақ – өтер шақ нұры түскен. Романда сол өткен шақ пен өлім жайы негізгі бір құлақ күйдей үн салады. Бұл романда Тургенев өзі шыққан дворян ортасына, өзінің замандастарына олардың дәурені өткенін сарын етіп танытады және Россияда оянып келе жатқан жас қуаттарға орын босату қажет екенін өкінішсіз, қынжылсыз қабыл алады. Бұл дворяндар өмірі, халық тілегінен, қоғам тірлігінен жырақтап, түгелімен қарақан қарабастың: не шаттығына, не шер-зарына ғана бойсұнып кеткен еді. Сондықтан романдағы дворяндар – заманы өтіп бара жатқан адамдар болып бейнеленеді, мұның айқын белгісін үлкен ақындық шеберлікпен суреттеген Лиза Калитина бейнесінен байқауға болады.
Пушкиннің Татьянасымен қатар Лиза да орыс әдебиетіндегі көркем бейненің бірі болып қалыптанған. Лиза да Татьяна сияқты “орысжанды” қыз еді, бұған да ата-анасынан гөрі өзін асыраған күтуші апасы жақын болатын, сол апасы Агафьядан ол халық шындығын тануды үйреніп еді. Татьяна Ларина сияқты бұл да құрбандыққа әзір, тірлігіндегі ең ұлы нәрсе: адамдық қарызды ада қылу деп түсінетін. Ол өзінің бар болмысымен зор мейірбандыққа бейімделген. Әрбір адамға да таза орыс мінезімен қарай біледі. Бұл мінезінде сыртқы жалтырақ жоқ, бірақ жүрегіне терең орнаған рақым мол болатын. Қыз өзі діндар әйел тәрбиесінде өскендіктен көне Россияның мистикалық болмысына да бейім еді. Лаврецкийді ол ақылымен түсінбей жүрегімен түсінген-ді. Оны сүйгенде де орыстың сол замандағы осындай топтарының махаббатымен сүйген болатын. Бұларша, махаббат ең алдымен “есіркеу” боп танылатын.
Лаврецкий де өз буынының басы артық адамдар екенін жақсы түсінеді. Жаңа адамдардың, бұлардың өз орнына келуін әділет деп біледі. Геройларындағы осындай ерекшеліктер – тургеневтік қасиет болатын. Осылайша, туған жеріне қайта оралуды аңсау, әлдебір “халықтық шындықты” аңсау – “Дворян ұясы” романының арқауы есепті, түбегейлі тақырыбы.
Өз дәуірінің барлық басқа адамдары сияқты Тургенев те әйелге арналған махаббатқа ерекше зор мән берген. Махаббатты ірі бағалау Белинский, Станкевич, Герцен – бәріне де ортақ ерекшелік болатын. Бұлар үшін махаббат өзі де бір өзгеше туыс және әрбір туыспен табыста болатындай, махаббаттың да өзіне арналған таланты болады деп ұғынысады. Тургеневтің қыздарында осындай махаббатқа таланттылық бар деп танылатын.
Сондықтан да Тургенев Лаврецкийдің айыбы не дегенге жауап бермесе де, махаббатқа татитын затты, Лиза сияқты оңай тани білмегендігін мін санайды.
Тургеневтің бұл романын орыс әдебиет тарихында қарасөзбен жазылған поэма деп бағалаған. Роман лирикаға толы, басқа романның ешқайсысында да Тургенев дәл осы “Дворян ұясындағыдай” боп өзінің авторлық ішін ашқан емес. Мұнда өзгеше көркем лирика табиғат көркіне арналған, табиғат та Лаврецкийдің жүрегіндегі күйдей, үн салып күңіреніп тұрғандай болады. Роман геройы мен табиғат бірге, қос өмірдей боп қатар тірлік еткен тәрізді.
Осы қасиеттеріне қарап бұл романды орыс халқының оқымысты қауымы “елтігендей құмарлықпен” оқыған. Салтыков-Щедрин осы романды тамашалап бағалаған кезінде: “Романның әрбір дыбысынан жарқын поэзия аңқып тұрады” деген. Добролюбов Тургеневтің қасиеттерін бағалай келіп, “қоғам тірлігінің заңды пернесін баса біледі” деген.
“Дворян ұясы” романы үлкен герой жайындағы роман емес, бұл роман енді ғана жаңа тәсіл туғызып өсіргелі келе жатқан Россияның аналық топырағы жаңғыруы жайындағы роман деп танылады.
Осы айтылған азын-аулақ түсінік сөздерден соң бұл романды аударудағы өзім қолданған әдіс туралы айтайын. Мен шамам келгенше ең алдымен романды дәл аударуға тырыстым. Тек дәл аудару ғана үлкен жазушының тіл, стиль, сөйлем ерекшеліктерін бере алатын болады, бұл жөніндегі дәл аудару дегенді мен сөйлеміне сөйлем орай етіп аудару деп түсінемін. Сондықтан қанша ұзын болса да, романның өзіндегі сөйлемі үзіліп, бөлшектеніп, бірнеше сөйлем боп берілмейді. Соның орайына орысша текстің өзінде болған тыныс белгілерінің (пунктуацияны) көбі қазақша тексте де мол қолданылады. Сөйтіп, Тургеневтің сөйлемдері қазақшасында да өзінің ұзынды-қысқалы көлемімен дәл беріледі. Бұлай етудің себебі бар. Орыстың ұлы классикалық әдебиет үлгісін аудару арқылы аударушы-жазушы мен өзім сол асыл нұсқаның шеберлігін үйренуге тырысамын. Және, әсіресе, Тургеневті өз қалпында дәл беру арқылы сол шебердің анық, нақтылы өзгешеліктерінің бәрімен өзіміздің оқушы жұртшылығымызды дәл таныстыруға тырысамын. Сөйлемін дәл беру жазушының стилін дәл беруге төтелей себепші болады. Стилін білсе сол жазушының өзгешелік, ерекшелік қасиеттерін де толық танитын болады. Олай болса, Тургеневті өзінің тургеневтік сөйлемдерімен, Гогольді гогольдік периодтарымен, Л. Толстойды оның өзінің, басқыштап келетін сөйлемдерімен, сол сияқты Шолоховты және де өзінің сөйлем ерекшеліктеріменен дәл беруге тырысу керек.
Осылай жасалған тәжірибе оқушыға қонымды, көркем болып шыға алса, біз әуелі орыс классигін өз қалпын бұлжытпай, толық берген боламыз. Өзіміздің тіл мәдениетімізді орыс әдебиетінің жоғарғы сапа – тіл, сөйлем жасау мәдениетінің үлгісімен байыта түскен боламыз. Бұл мақсаттардың бәрі де қазақ совет әдебиетінің бүгінгідей көркем прозасы үдеп өсіп келе жатқан қарсаңында, үлкен негізгі мақсаттар болса керек. Әсіресе, осы мәселе, біз сияқты жазба әдебиет мәдениеті, соның ішінде көркем прозасы кешеңдеп туып, кенжелеп өскен, туысқан елдер үшін – аса зор мәні бар мәселе сияқты көрінеді.
Тургеневтің романы өз тіл, стилімен дәл беруді мақсат еткендіктен біз романның геройларының аузына, немесе автордың аузына қазақтың мақал-мәтелі сияқты және тағы басқа талай түрлі кестесі, сөз айшығы, өрнегі сияқты ерекше, қазақша әшекей бояуларды салмауға тырыстық. Себебі ондай қазақ әдебиеті тілінің өз көлемінде заңды болатын, қазақ адамының немесе жазушысының сезуіне, ойлауына, айтуына қонымды боп келетін, осы тілдің өз көлемінде ғана заңды, бірақ өзге тілдерде орасан өзгешелік түрінде сезілетін сөз құрамдары, мұндай орынға қолдануға қолайсыз болады деп білдік. Қысқасы, қазақ тіліне аударылғанмен, Тургенев шығармаларына қазақтың тон-тымағын кигізу керек емес дейміз. Міне, құрметті оқушыларға ұсынып отырған осы аударманың азын-аулақ, осылайша өзгешеліктері бар екенін және ол өзгешеліктер белгілі дәрежеде ізденудің нәтижесі екенін ескертеміз. Әрине сол жайларды оқушының есіне салумен қатар жәрдемші, сын көмектеріне үлкен үміт ететінімізді және де ескертеміз.
1952
Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері
Осыдан жиырма жылдар бұрын аударманың теориялық және тәжірибелік мәселелерін жүйелейтін жеке кітаптар, зерттеулер, аударма ісі жайында монографиялар пайда бола бастады. Ал қазір социалистік реализм әдісінің принциптеріне негізделген советтік реалистік аударма өнегесінің заңдылық жайларын ғылыми, теория тарапынан түсіну міндеттері тіпті ұлғая түсіп отыр.
Аударма мәселесінің теориялық ой-пікірі қадамының әжептәуір ілгері басқандығын, оның жылдан-жылға мәнді, мағыналы жаңалықтармен өрістеп келе жатқандығын айта отырып, алайда аударма теориясы ғылымның бір саласы болып әлі жетілмегендігін, әлі төл күйінде, әрі кеткенде қалыптасып, есею күйінде ғана екендігін біліскеніміз мақұл. Солай болғандықтан да аударма теориясы өзі қамтырлық ауқымы мол мәселелерге қарыштай алмай келеді. Оның үстіне бұл жүйедегі теория өзінің кейбір шешуші, анықтаушы негіздері тарапында жемісті түрде өрістеу жолына әлі де түсе алған жоқ.
Аударма теориясы еліміздегі сан алуан тілдерден орыс тіліне және орыс тілінен өзге тілдерге аударылудағы ерекше үздік үлгілерді, таңдаулы аудармаларды жобалы, жүйелі түрде зерттеп, парықтап отыру жолына да түсе қойған жоқ. Бұл айтылған күрделі, шешуші және түрлі пікірлерге өзек боларлық жәйттер аударма жайындағы ғылымның түбегейлі негізі болмақ.
Барлық теориялық ғылымдармен сабақтас аударма жайындағы Совет ғылымы да өзінің тұйықтап, негіздеп айтатын пікірлерін ең алдымен тек аударма дүниелігімен терең, мұқият танысу арқылы, Совет Одағының бүкіл социалистік әдебиет қозғалысындағы аударма тәжірибелерін талдап, зерттеу арқылы ғана қорытуға тиісті.
Алайда, Одақ көлеміндегі біздің аударма білімпаздарымыз өздерінің зерттеу істерін бүкіл советтік аударма тәжірибесінің ішінен тек орыс тіліне аударылған шығармаларға ғана және ең алдымен батыс еуропалық тілдерден аударылған бұйымдарға ғана негіздейді. Талас жоқ, орыс тіліндегі аудармалар алдымен зерттелуге, үлгі тұтылуға тиісті. Бұл, шүбә жоқ, өзге аудармалардан аса мәнді, зерттеп, талдауды да осы тілдегі аудармадан бастау жөн. Сонымен бірге, бір ғана бұл тәжірибенің жеткіліксіз екенін де мақұлдауымыз керек. Орыс тілінен аударылған материалдардың мәнділігін, оның теориялық түйіндер жасау үшін, әр қилы, мол деректер беретінін ескеру қажет. Біздің советтік аударманы бүтіндей алғанда өзіне тән өзгеше, жаңа сапа барлығын құптасақ, мұны ескермеуге әбден мүмкін емес. Бұл тың сапалар отанымыздағы туысқан халықтардың әдебиет, тіл қасиеттерінен туады.
Аударма өнерін зерттеушілер өздерінің теориялық дербес пікірінің маңызды, дәлелді болуы үшін бір-біріне алшақ, қалыңқы тіл жүйелеріндегі келелі аудармаларды тереңірек, толығырақ талдап сипаттағаны пайдалы болар еді. Мысалы, аударуға қиын тиетін және де бұл реттен жақсы аударма үлгілері бар, өте-мөте жеке қиын сөйлемдердің аудару тәжірибесін ортаға салса, айталық сөз сипаты жағынан, сөздің түбірлік, туындылық құрылыстары жағынан бір-бірінен мүлде өзгеше орыс тілінен бурят-монғол тіліне, немесе түркімен тіліне аударылған қиын сөйлемдердің аудармасын, оның аса бір халыққа тән жайларын талдап көрсетсе, өте игі іс болар еді. Немесе, зерттеушілеріміз, орыстың тоникалық өлеңін силлабикалық, силлабика-тоникалық және метрикалық өлең жүйелеріне сіңістіре, орайластыра берілген аудармалардың жақсы үлгілерін сипаттаса, зор тәлім болмақ. Бұл түйіндерді керісінше орыс тіліне аударылған шығармалар арқылы да кеңейте түсуге мүмкіндік мол.
Аударма теориясының басты кемшіліктерінің бірі, жоғарыда айтылғандай жақсы, үлгілі аударма тәжірибелерін жеткіліксіз үстірт зер салу, шетеңдеп қана зерттеу болып отыр. Ал асылында, ондай аудармаларды бүкіл егжей-тегжейіне жете, жан-жақты талдау аса мәнді шарт, талданғанда шығарманың идеялық-көркемдік қасиеттерін аударманың бойына қалай сіңіргендігін, образдылығын, түпнұсқаның ырғақтық, үндестік, шумақтық, ұқсастық нәзік ұтымды тетіктерін, авторларының сөз өнеріндегі өзіне тән ерекшелігін, тарихи нышандарын беруде аударма өнерінің, бұрынғы-соңғы аударма істерінен мүлде басқаша екендігін дәлелдеу әбден керекті міндет. Бұл байқаулар мен қорытындыларды біздің совет әдебиетіндегі аударма өнерінің ең таңдаулы жетістіктері арқылы түйіндеуге болар еді. Бұл ретте біз мәні орасан зор, шеберлігі тамаша – М. Лозинскийдің, С. Маршактың, М. Тихоновтың т.б.-дың аудармаларын тиянақты түрде, жан-жақты терең зерттеу қажет екендігін айтпақпыз. Совет аудармасының таңдаулы үлгілерін, жақсы тәжірибелерін түйіндеу, талдау жөнінен зерттеулердің болмауы – әдебиеттік теориялық пікірдегі бір зор кемістік деп білу керек. Мұндай күрделі, ғылыми терең зерттеулер болмағандықтан, аударма теориясы бұл шаққа дейін шала жүйелі, үзінді-қиынды күйде, кейде кенет қана қозғалатын мәселе сынды болып отыр.
Аудармалар жөніндегі сын-пікірлердің екінші бір ақауы – тәуір аудармалардың, тіпті жалпы аударманың тек бірбеткей көлеңке жақтарын, сұрқай пішіндерін ғана байқастырудан туады.
Аудармалардың жетістік жайларын көрмеу, немесе оны бағалау бүкіл аударма теориясының игі және нәтижелі қасиеттеріне нұқсан келтіреді. Кемістіктер жайында мәселені тіпті кең ауқымда, қилы-қилы кескіндерін қарастыра қою да керек-ті, алайда бұл әңгіменің ұшы-қиырсыз болуы ықтималдығын да ескергеніміз жөн, үйткені әрбір осал аудармалар өзіне тән осал белгілермен өзінше осал келеді. Ал ылғи тек кемістіктер мен кінәларды теріп айтылған пікірдің өркендеген әдебиет қозғалысына пайдалы әсері кем болмақ.
Аударма теориясындағы тағы бір ақау – аударманың ұлттық түрлері жайындағы мәселелерден байқалады. Әлбетте, бұл тақырыпқа арналып теориялық мақалалар жазылып, пікірлер айтылмады демейміз, қайта проза аудармасына байланысты бұл мәселені айрықша көтеру талаптары бар. Алайда, әзірге бұл байқаулар бұл жайындағы кейбір сындар, соны пікірлер сол зор мәселенің тек шет-пұшпағын ғана қамтыған сияқты. Ал асылында, бірыңғай совет шындықтарының мол көріністері, бай деректеріне сүйене бұл мәселедегі теориялық тапқырлықтың, баршаға пайдалы түйіндердің құлашын кең сермеуге әбден мүмкін еді. Бұл үшін ұлттық форманы, аударма жайындағы қазіргі зерттеулердегідей тұйық, санама күйде қарастырмай, оны өрістеп, қалыптасып отыратын тарихи категория яки құбылмалы категория деп ұғыну керек.
Совет ақын-жазушылары орыстың әдеби сөз мәдениетіне өздерінен бұрын өткен сөз иелерімен анағұрлым тығыз байланысты. Біздер үшін орыстың әдебиет тілі екінші ана тіліміз болып табылады.
Солай болғандықтан да біздің ақын-жазушыларымыз өздері мирас еткен ұлттық дәстүрлік формаларға өз творчествосы арқылы және аударма арқылы өздерінің ұлғайған әдебиетінен көптеген тың, жаңа қасиеттер, жаңа сезім, жаңа пікір, сөз туындыларын әкеліп қосады. Бұл жаңалықтарды шын өнегелі түрде кәдеге жарата алса, онда бұл өркендеп келе жатқан жаңа ұлттық формаға қосылған ізгі, соны игілік болар еді. Біздің теорияшыларымыз ұлттық форма жайында міне осыларды ескергені мақұл.
Маяковский шығармаларын аударуда бұл айтылған жаңалықтардың көп жайларда айқынырақ көрініп жүргендігін атай кеткен жөн… Әдебиеттегі ұлт формасының бұл секілді құбылысты қасиеттерін орыс тілінен туған аудармаларды және керісінше аударылған шығармаларды байқап қарастырғанда, әрдайым айрықша еске сақтау қажет, бұл шарттың өзі Горькийдің “Орыс сөзі түрінде әр кітаптың өз рухын сақтау керек” деген ақылына дәл келетін шарт.
Аударма теориясын жекелеп, жіктеп қарастырғанда, кейінгі кезде біздің одақ көлеміндегі әдебиетте екі түрлі өзгеше бейім барлығы анықталды, бірі – аударма тіл зерттеу ғылымының ауқымына енетін сала болғандықтан, аударма ісінің мәнісін ұғына отырып, бұл мәселені лингвистикалық әдіспен зерттеу жағына қарай тартады, екіншісі – біздіңше, дұрыс бейім, – аударманы сөз өнерінің бір түрі деп ұғынады да эстетикалық принциптерді, көркемдік таразыны алғы талапқа қояды, сондықтан бұл бейім аударманы әдебиет таныту теориясын зерттейтін объект деп қарайды.
Совет ғылымының бір саласы болып табылатын бұл екі ағымның екеуі де алдымен бір ғана принципті – қандай да болмасын, әдебиет шығармаларын бір тілден екінші тілге аударуға мүмкін деген принципті қолдайды. Сөйтіп советтік аударма мектебі әдебиет сөздерінде аударуға көнбейтін ежелден қарысқан өзгешеліктері бар деген ескі нанымды қабылдамайды. Керісінше реалистік аударма әдісі кейбір буржуазияшыл аударма білгіштерінің пікірлеріне қарсы шығып, бір тілден бір тілді айыру үшін және рухани мәдениеттің негізгі түрлерінің арасына әдейі қойылған бұл жалған және жасанды кедергілерді сырып тастап отырады. Мұндай жағдайды совет аудармашылары мен теорияшылары бірыңғай идеялық тұрғыдан қарап, социалистік реализм әдісімен шешеді.
Ал аударма саласындағы көптеген міндеттер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал-тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық (синонимдердің, идиомдардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге) секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманың әрқилы өзгешеліктері, тарихи сипаттары да келіп қосылады.
Аударылатын шығарманың сөз, стиль өрнегіндегі осы көрсетілген қасиеттер, бүтіндей алғанда, алуан түрлі болып келеді де аударуға оңай ырық та бере қоймайды, түпнұсқаның сөз образдылық тәсілінің өзгешелігіне байланысты: бұл аудармашыдан сол қиын жайларға төтеп берерлік творчестволық зор тапқырлықты талап етеді.
Туысқан халықтар әдебиетінің орыс тіліндегі аудармаларында орыстың көркем сөздің байырғы сөз сапасы өте-мөте жадау болып көрінеді. Ілуде ғана болмаса, проза шығармаларының аудармашылары орыстың өте мол сөз байлығын, әсерлі көріктерін онша пайдалана қоймайды. Жолма-жол аудармадан көшіре аударған бұлар түпнұсқаның өзіндік қасиетін жүдетіп, тіпті кейде қораш етіп те жібереді. Сондықтан аудармалы прозаның орыс сынында әдебиет тілінің арзанқол, шалағай пішіндері болып мысалға алынуы бекер емес. Мұны мойындау ауыр тисе де, бұл бізді күйіндіретін жағдай, біздің көп жылғы аударма тәжірибеміздегі әлі арылмаған қырсық. Түпнұсқаның орыс тіліне аударылғанда сытылып түсіп қалатын көркемдік өзіндік өзгешеліктерін, образдылық-стильдік қасиеттерін, немесе ұлттық ерекшелік сипаттарын атай кетуге де болады. Мысалы, аудармаларда – заман алшақтығы, кейіпкерлердің сөз әлпетіндегі немесе авторлық ремаркадағы тарихи үндестілік секілді әуендер сезілмей қалады, түрліше әлеумет топтарынан алынған бейнелердің сөз ерекшеліктері де айырым берілмейді, дін иелерінің де, өздеріне тән сөз өзгешеліктері де көрінбей, көмескі жатады.
Аудармаларда сөзді жас айырымына қарай өзгешелігі – бала мен үлкеннің, бала мен бала арасындағы сөздердің айрықшалығын жақсы бере білген сәтті жағдайды кездестіру де қиын. Өте қынжыларлық бір жәй, түпнұсқа авторы сәтін келтірген ділмәр тапқырлықтар, сөйлем кестесінің гүл көріктері, прозаға берілген өлең сынды үндестілік қасиеттердің бәрі де дарымай, тыс қалады. Белгілі бір кейіпкер үшін автор әдейі ойлап шығарған, халық мақалынан мүлде өзге, тың нақыл сөздер де әлсіз аударылады, сөз құрамының ырғағы, әуені сезілмейді, көптеген шебер тілді жазушылардың шығармаларындағы сөз ойнақылығы да өшіп кетеді.
Ұлттық көркем прозалардың аудармаларында орыс тілінің соншалықты кедей, әсерсіз, сұрқай пішіндеріне қайран қаласың. Орыстың сөз сұлулықтарының, сөйлем өрнектерінің, алуан қырлы, әсерлі екпіндерінің орасан мол қазынасынан аудармаларда, түпнұсқаның сорына қарай, тіпті дерлік сыбаға алынбайды, пайдаланылмайды. Бұл өкініштің бастысы сол, аударма орыс тіліне түпнұсқадан емес, дарынсыз, олақ қолдан шыққан әлгі бір жолма-жол аударма (подстрочник) дегеннен аударылады, – бұл өзі өзге тіл оқушысы мен түпнұсқа арасындағы, бұл ретте, аудармашы арасындағы бір берекесіз дәнекер. Бұл жөнінде қуанарлық ілу-қағыл көріністер – орыс жазушыларының қаламынан шыққан кейбір жақсы сирек аудармалар ғана. Бұлардың еңбектерінің, басты қасиеті, – олар Добролюбов айтқан шығарманың “ішкі өмірін” жақсы біледі. Түпнұсқаның негізгі қасиетін осылай көрсету арқылы олар үздік шығармалардың ұлттық үнін шығарып, аудармадағы басты мақсатқа жетеді. Творчестволық жолмен шешу арқылы олар бір кезде Тургенев, Гоголь, Белинский талап еткен аударманың жақсы нәтижелеріне ие болады. “Аударма бізге неғұрлым аударма болып көрінбей, өзінде төлтума шығарма болып көрінсе, онда оның тамаша болғандығы” – деген Тургенев. Белинский: “Аударма автордың өзі орысша жазған секілді болып көрінсін, көркем шығарманы ондай етіп аудару үшін художник болып туу керек” – деп талап еткен.
Бұл секілді аудармаларда кейіпкерлері қазақ, өзбек, латыш, татар, армян т.б. бола тұра, олар шын орысша сөйлейді. Біз бұл аудармашы автордың жақсы орыс жазушысы екенін, оның өзіндік түбегейлі шығармаларында ерекше стилист, ділмәр сөздің шебері екенін білеміз, солай бола тұрса да ол, аударылатын шығарма авторының стиліне өз стилін байланыстырмайды. Сонымен бірге бұл аудармашы негіз шығарма авторының тіл ойлау дүниесіне айрықша ықтият болып, мұқият зер салады. Ол аудармаға сол шығарманың барлық материалын жақсы біліп алып кіріседі, шығармада суреттелетін халық тарихын зерттейді, кейіпкерлердің дәуірімен, ортасымен терең танысып алады. Әрі үлкен жазушы, әрі талантты аудармашы болып өнеге көрсететін бұл секілді игіліктер, бір өкініші, өте сирек кездеседі.
Орыс тіліне аударылатын шығармалардың көбінесе әсерсіз жүдеу жолма-жолдықтан аударылатынын жоғарыда аңғартып өттік. Солай болғандықтан ұлт тілдерін білетін, немесе оқып үйренген аударманың маман кадрларын әзірлеудің қажеттілігін дәлелдеп жатпаса да болады. Ал аударма теориясын совет аудармаларының күнделікті шындықтарына – орыс тілінен ұлт тілдеріне, ұлт тілдерінен орыс тіліне аудару мәселелеріне тығыз жақындастыру қажет.
Біздің елімізде шын мәнісінде ғылыми ұйымдасқан, аударма өнерінің бірыңғай әдісіне бағынған бір аударма түрі бар. Бұл істі беделді ғылым орталығы басқарады, бұл мекеменің әрбір республикада филиалдары, облыстардың денінде бөлімшелері бар, – олар марксизм-ленинизм классиктерінің маңызды еңбектерін біздің Одақтың көптеген халықтарының тілдеріне аударуда. Мен ИМЭЛ-ді (Маркс-Энгельс-Ленин институтын) айтып отырмын. Москва институты басқарған республикалық филиалдар бірнеше жылдар бойы үздіксіз, тарихи терең мәнді ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл ғылыми орындар аударма жөнінде орасан зор тәжірибеге ие болды, бұл жайларды біздің еске алып отырғанымыз орынсыз емес, өйткені шығармаларды аудару мәселесіне қатысты сол тәжірибелердің прозалық ерекше мәні бар.
ИМЭЛ өзінің жер-жердегі барлық мекемелерімен бірге аудармадағы теориялық және тәжірибелік мәселелерді творчестволық жолмен шешуде. Марксизм-ленинизм классиктерін біздің Одақ халықтарының барлық тілдеріне және демократиялық елдердің тілдеріне аударуда терең толғанылған ғылыми-тәртіпті жүйенің жасалуы қазір мол нәтижелер беріп, бірнеше жылдық тәжірибелерді түйіндейді. Міне, соның нәтижесінде көркем проза үлгілерін аудару жайынан қойылған бірқыдыру теориялық мәселелер де ойланып-толғанып, ИМЭЛ арқылы дұрыс шешіліп отыр. Біздің көркем аудармаға сай келетін бірқатар ортақ мәселелерді аңғарта кетелік: көркем аударма теорияшылдарды сөзбе-сөздікті мансұқ етеді. Ал, сөзбе-сөздік, түпнұсқаның мәнісіне, немесе аударылған тілдің дұрыстығына нұқсан келтірді деп танылып, – оны Маркс те қатты сынаған болатын. Бұл жайында Энгельс: сөзбе-сөздіктен “неміс ой-пікірін ағылшындық мағынасыздыққа айналдыру” болмақ деген. Энгельс өте-мөте сөзбе-сөздік аударма түбегейлі шығарманың стиль өзгешелігін және тіл көркемдігін жойып жібереді деп ескерткен. Аударма жайында В. И. Лениннің де айтқан пікірлері көп. Ленин шығарманың интонация және ырғақ қозғалысын дұрыс беру қажет деген пікірде болған.
Аударма мәселесіне байланыстыра, марксизм-ленинизм классиктерінің мұраларында сөз образдылығымен ерекше мәнділігін еске түсіре кетелік. Көркем прозадағы бұл секілді ең әсерлі тәсілдер олардың еңбектерінде де орасан зор қызмет атқарған. Мәселен, Ленин шығармаларынан біз тілдің образды әсерлі құралдары есебінде пайдаланылған көптеген теңеулерді, қанатты сөздерді, синонимдерді, идиомдарды, әсем сөздерді, эпитеттерді, славянизмдерді – шіркеулік славянизмдерді, архаизмдерді, көптеген неологизмдерді, қысқартылған сөздерді, тағысын тағыларын жиі кездестіреміз. Орыс және шетел әдебиетінен Лениннің алған цитаттарының өзі тоғыз жүзге тартады екен. Мәселен, Ленин Гоголь сөздерінен жүз жиырма бес рет, “Ақылдың азабынан” сексен сегіз рет мысал келтірген, Ленин шығармалары халықтық мақал-мәтелге де толы.
Марксизм-ленинизм классиктерінің бұл секілді образдылыққа, эмоциялық екпінділікке толы аудармада толық, жете беру, интонациясын, ырғағын дәл келтіру – зор мәселе болып табылады. Әдетте, бұл пікірлерімізбен көркем проза мен марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері арасына теңеу белгісін қоймақшы емеспіз, бірақ социалистік реализм әдісіне негізделген біздің шыншыл аудармамыздың бұл саладағы аудармаға қатысты көптеген ортақ мәселелері бар. Ал аударма теориясы өзіне өте жақын, бұл туыс салада, ілгеріде айтылғандай, бірқатар пайдалы тәжірибе барлығын біле тұра, оған зейін қоймай, зер салмай отыра алмайды.
ИМЭЛ және оның филиалдары да аударманы айрықша жікке бөледі, көркем әдебиет аудармашылары сияқты, оларда да аударманың үш түр-түрі бар деп біледі, бірінші – сөзбе-сөздік – әріпқойлыққа негізделген аударма, мұны көркем сөз аудармашылары секілді, марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар да мансұқ етеді. Аударманың екінші бір түрі – еркін аударма дегенді олар да қабылдамайды, бұл аударма шынында, аудармашының өзіншелеп әңгімелеп отырғанына өте ұқсас келеді.
Аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі деп олар – шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударманы есептейді. Марксизм-ленинизм классиктерін аударушылар аударылатын шығарманың лексикасын да, синтаксисін де, олардағы ой-пікірлерді, эмоциялық және образдық көріктерді толығымен сақтауға, түпнұсқаның мазмұны мен формасының бүкіл нәр-қуатын толық беруге талаптанады. Осы айтылғандарға, марксизм-ленинизм классиктерін аударудағы ең басты бір шарт – марксистік-лениндік идеяларды таза сақтау үшін, марксизм-ленинизмнің революциялық теориясын түрлі бұрмалаушылықтар, бүлдіріп қадірін түсірушіліктерден аман сақтау үшін – берік ұстаған ғылыми дәлме-дәл аудару тәсілдерін қоссақ,онда, біз мұнда, советтік реалистік аударманың нық негізі барлығын ұғынуымыз керек. Ал бұл ұйымдасқан, ғылыми дәлелденілген және өз жетістіктерін үнемі өркендетіп келе жатқан игі қызмет – біздің, көбінесе үстіртін, парықсыз және жекелене әрекет етуші көркем проза аудармашылары үшін көп өнеге болатындығы сөзсіз.
Марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын біздің елдің туысқан халықтарының тілдеріне аудару тәжірибесінен біз сол аударған тілдің жаңа сөздермен молыға түскенін байқаймыз. Мысал үшін айтсақ, Лениннің шығармалары қазақ тіліне аударылуына байланысты, қазақтың әдебиет тіліне орыс және шетел терминдерінен екі мыңдай сөз еніпті. Ғылыми терминдік сөздерді қабылдаумен қабат, ұлт тілінің мүмкіндіктерінен байыту жолында үлкен жұмыс жүргізілуде. Бұл талап – жаңадан сөз байланыстарын жасау, бар сөздер мен ұғымдардың мағыналарын тереңдету, жаңарту, жеке сөздердің ұғымдық ауқымын кеңейту, ұлт тілдерінің сөз негіздерін пайдалана отырып, жаңадан сөз тұлғасын жасау секілді шаралар арқылы жүзеге асырылмақ.
Орыс тіліндегі әдебиеттің туысқан халықтарымыздың тілдеріне аударылуы сол халықтардың тілдерін байыта, дамыта түспекші, аударма арқылы орыс тілінің ойлау формасы, сөз мәдениеті және бүкіл әдебиеттік өнегелері біздің халықтарымыздың тілдеріне бірте-бірте сіңісіп қалыптаса бермекші. Тек осы жолдар арқылы ғана әр халық өзінің әдебиет тілін молықтырып, өркендете түседі, сөйтіп өзінің төлтума әдебиетінде біздің отанымыздың өміріндегі орасан ұлы қозғалыстарды кеңінен толық сипаттауға зор мүмкіндік алады.
1955
Пушкинді қазақшаға аудару тәжірибелері туралы
1937 жылы Пушкиннің өліміне жүз жыл толады. Адам баласының мәдениет тарихында, өз атының өлмес, өшпесіне көзі әбден жеткен кемел ақын, келешекті болжай кеп:
“Дабысым Ресейге кетер жалпақ,
Тіл біткен жүрер менің атымды атап.
Славян, фин жұртының паң ұрпағы,
Талайғы тағы тұңғыс, қырда қалмақ”*, –
деген еді. Бұл өлеңнің басында “Менің ескерткіштеріме жаңағы халықтардың келіп-кетер соқпағын ермен баспас” деген тағы бар. Өзі тудырған саналы, сәнді, мұңды сөздің шын қасиеттерін анық сезген Пушкин келешек замандардың халқына өзінің ат-атағы даңқты болатынын білсе де, бұның шын қадірлі болатын, шын көрікті болатын заманы қай тарихта, кімнің дәуірінде екенін білген жоқ еді.
Бұл күнде Пушкиннің ескерткішіне баяғы “тағы тұңғыс та, сахара досы қалмақ та”, ол кездегі жарым-жабайы қазақ та соқпақ салды. Ақынды танып ағыла бастады. Бұл жағынан қарағанда ақын үміті ақталды.
Бірақ, сол кім арқылы болып отыр? Оған даусыз, қалтқысыз бір-ақ жауап бар – жалғыз ғана Октябрь арқылы болды. Әйтпесе, Пушкин өлгеннен кейін де 80-90 жыл өткенше қазақ, қалмақ былай тұрсын, тіпті орыстың қалың еңбекші бұқарасы да Пушкинді анықтап білген жоқ еді.
Октябрьден бері Пушкин дүниеге қайта туды. Шынымен жалпақ еңбекші елдің, саналы, сапалы қауымының, көп тілді, бірақ бір тілекті боп бауырласқан қауымның керек етіп, қадірлейтін адамы боп қайта туды.
Сондықтан, мына келе жатқан жүз жылдығына қарсы Совет Одағының барлық республикаларында, барлық алыс, жақын түпкірлерінде үлкен-үлкен әзірліктер істеліп жатыр.
Пушкиннің жүз жылдығын ойдағыдай етіп өткізу үшін партия мен үкімет осы күннен шаралар қамдап жатыр. Жүз жылдықты басқарып, ұйыстыратын зор авторитеті бар комиссия сайланды.
Одақтың өзге республикаларымен қатар, бұл іске біз де жұмыла әзірленуге міндеттіміз.
Пушкиннің жүз жылдығымен қатар біздегі өнерлі жұртшылықтың істейтін ең бірінші ісі, ең зор міндеті: сол ақынның үлкенді-кішілі шығармаларын қазақ тіліне жақсылап аударып беріп, қазақ оқушысы Пушкинді өзінің ана тілінде оқып, түсіне алатындай ету керек. “Социалды Қазақстан” осындай істің ең алғашқы ұйыстырушысы болып, қазақ ақынының көпшілігіне Пушкиннің әртүрлі өлеңдерін аударуды тапсырып отыр және сол аудармалардың татымдыларын газет бетінде жариялап отырумен қатар, кейін жақсы боп шыққан аудармаларды құрастырып, жеке кітап шығармақшы.
Пушкиннің жүз жылдығына арналған әзірліктің бір үлкен түрі осылайша басталуы өте дұрыс, шын бағалы іс. Бұған қазақ ақындарының қай-қайсысы болса да ат салысады.
Жалғыз-ақ, бұл іске енді кірісуді үстірт қарамай, мәдениеттілік, көркемдік, салт-саналық жағынан көп, зор жауаптылығы бар маңызды іс деп кірісеміз. Сондықтан бұл күнге шейін ертелі-соңғы уақыттарда Пушкинді қазақшаға аударуда қандай тәжірибелер болғанын еске алып, талдап қарай, сынай отыра кірісуіміз шарт.
Осы ретте, ең әуелі менің өзіме мәлім шамада Пушкиннен не нәрселер аударылғанын айтайын.
Қазақта Пушкинді ең алғаш рет аударғысы келген ақын – Абай. Оның қолға алғаны “Татьяна – Онегин”. Бірақ, Абай қыз бен жігіт арасын қатарымен баян етуді түр ғып алып, Пушкиннен түр жағынан да, мазмұн ретінен де алыстап кеткен. Мұның жайынан толығырақ түрде кейінірек тоқтаймыз. Әзірше айтатынымыз Абайдың ол шығармадан анық аударғаны “Татьянаның хаты”, “Амал жоқ қайттым, білдірмей” ғана.
Қазақтың ескірек ақындарының ішінде Пушкинді аударайын деген тағы бір кісі Шәкәрім еді. Ол “Дубровский” және “Белкин” әңгімелерінің ішінен “Боранды” алған.
Соңғы жылдар ішінде қазақтың совет жазушыларының біразы да Пушкинді аударуға кірісе бастады. Бұлар бір жағынан Пушкиннің үлкен көлемді шығармаларын алса, екінші жағынан шағын өлеңдерінің ішіндегі революцияға жанасатын, не көркемдік жағынан айрықша келісті деген өлеңдерін таңдап, аударып келеді. Біздің ақындарымызда Пушкинге көбірек көңіл бөліп келе жатқан Ілияс пен Тайыр және соңғы уақытта – Ғали, Ілияс аударғандар: “Жебірейілнама”, “Чаадаев”, “Сібірге хат”, “Қара бұлт”, Тайырдың аударғаны: “Кавказ тұтқыны”, “Цығандар” және уәдесіне жетсе – “Мыс салт аттыны” аудармақ. Бұл соңғы аталған үш нәрсе мен “Жебірейілнама” – Пушкиннің көлемі үлкен, көркем поэмалары деп саналады. Дәл соңғы кездерде осыларға қосымша боп Ғали жазған: “Ескерткіш”, “Қабырымның қақпағында” деген аудармалар бітіп отыр.
Бұл саналған аудармалардың қалпы қандай екенін тексеруді Абай аудармасынан бастайын.
Абай, Лермонтов, Крыловтың жақсы аударушысы болса да және орыс классиктерінің Лермонтов үлгісіндегілеріне шын себеп аударушы бола алатындығын көрсетсе де, дәл Пушкин тұсында сондай еңбек етпеген сияқты. Пушкиннен оның жалғыз байқап көргені “Евгений – Онегин” болса, Абай бұл шығарманы “Татьяна – Онегин” ғып әкетеді. Пушкинде Татьяна мен Онегиннің бір-бір ғана хаты тағы бар да, тағы екі рет ауызекі жауаптасуы бар болса, Абай осы төрт кездің барлығын да хат қып алады. Ол төрт хаттың ішінде Пушкиннен шын аударылған жері – Татьянаның алғашқы хаты. Содан басқа үш кездің үшеуін де Абай Пушкиннен аудармайды, соның сағасымен өзінше, Пушкиннен өзгеше өлеңдер жазып кетеді. Қыз бен жігіттің арасын, мінез-құлықтарында Абай Пушкиндікінен бөлек етіп, опасыз жігіт етпей, үлгілі жігіт, биязы қыз шығарды. Сүйіссең осылай сүйіс деген нәтиже шығармақ боп Пушкин шығармасының қонысын да, құбылысын да өзгертіп жіберді. Сондықтан тілдегі теңеулерінде де:
“Қаймақ еді көңілімде
Бізге қаспақ болды жем”, –
деген сияқты Татьянадай француз романын бойтұмар қып жүрген помещик қызына қазан қырғызып, қаспақ жегізіп қояды. Абай Татьянаның алғашқы хатының тұсында өзінің Пушкинге жақсы аударушы бола алатындығын көрсетсе де, анығында “Евгений Онегиннің” аударушысы болмай, өзгертушісі болып шығады. Сондықтан, әрине Пушкиннің бұл шығармасы аударылды деп санамай, бастан-аяқ қайта аудару керек. Және Абайдың бұл тұста қолданған әдісін теріс деп білу керек.
Пушкинге екінші жанасқан ақын Шәкәрім болса, ол “Дубровский” мен “Боран” деген екі әңгімені алған да, қарасөзбен жазылған прозалық шығармаларды, жаппай өлеңмен баян етіп кеткен. Мұнда, әрине, Пушкиннің құрғақ әңгіме желісі ғана болмаса, басқа оның қарасөздері тіл кестесі, үлгі-өрнегі түгелімен ескерусіз боп, сыртта қалған. Қарасөзді әңгіме басқа тілге өлең боп құбылып түскен соң, онда, әрине, Пушкиннің тамтығы да қалмайды. Сондықтан бұл сияқты аударманы да лайықты әдіс, орынды үлгі деп айтуға келмейді. Бұл екі шығарма да қарасөзбен қайтадан аударылуға тиіс.
Алашорда жазушылары өздерінің салт-саналық, ұлтшылдық сарыны бойынша, Еуропа жазушыларын қазақшалаудың орнына, қазақыландырмаса көңілдері көншімейтін. Мұның мысалы, Бөкейхановта өте көп. Бөкейхановтың Ленин еңбектерін аударғанда салт-саналық қаскөйлігінен басқа, оның сол кездерде Толстойды аударған істерінде де Толстой ат-тонын ала қашарлық “өрнектері” болушы еді. Мұндай аударма жазушының айтамын дегеніне тілмаш болып, қазаққа өзімше түсіндірем деп, ойға келген зорлығын істеген, әзірге қазақыландыру болатын. Жазушының тың теңеу есебінде айтқан сөздерін, өрнегін қазақтың көпке мәлім болған, сонылығынан айырылған мақал-мәтелмен аудару.
Ол әр әдебиеттің, әр жазушының өзінше теңеуі, өзінше лұғаты, өзінше сөз мәдениеті, үлгі-стилі бар дегенмен есептеспей, оның бәріне жауап ұратын, қазақ тілінің көлемінде менің топас іске күшім бар деген сөз еді. Былайша аударғанда орыс, Еуропа жазушысының бәрі өздерінің стилі, ерекшеліктерінен жұрдай боп, бәрі де бір-ақ қалыпқа соғылып, бір-ақ меркамен шығар да отырар еді.
Енді Пушкиннен аударма жасап жүрген Қазақстанның совет ақындарына келсек, Ілияс, Тайыр, Ғали үшеуінде де бір ерекше айқын тұрған жақсы өзгешелік – жаңағы, жоғарыда айтылған қазақыландыру машығы жоқ. Бұлар өз шығармаларын орыс тіліне аударатын адамдарға “біздің теңеуімізді, біздің стилімізде өзімізше келтір” дейтін шарттарын Пушкиннен өздері жасаған аудармада естен шығармайды.
Олар поэзия тіліндегі (образ) теңеуді – жалғыз қазақ тілінде ғана мәлім болған теңеулермен “болды, бітті” деп есептемейді. Қайта Пушкин болсын, Демьян Бедный болсын, не басқа ілгері-соңғы өзге тілдерде жазған ірі ақындар болсын – бәрінің де теңеулерін өз түрінде келтіріп, сонымен жаңа қазақ тілінің орамдылық, көріктілік жағын байыта түсуге тырысады.
Бұл шынымен негізгі, үлкен мәселе. Осыны маңызды, іргелі мәселе ғып түсінгендіктен, шынында бір дәлме-дәл келген жер болмаса, өзге кездің бәрінде де Пушкиннің иә өзінде, иә орыстың жалпы тілінде жоқ “қазақы тон-тымақтан” бойларын қашық ұстайды.
Жалғыз-ақ, бұл ақындар осы жайды енді құр теңеу жөнінде ғана еске алмай, кеңейте, тереңдей түсініп, Пушкиннің өлең ұйқасы, лұғаты, терең ойшылдығы – қысқасы барлық стиль ерекшелігін дәл түсіруді негізгі әдіс етіп қолдану керек.
Бұл жолдастардың әзіргі тәжірибесінде Ілиястың – “Чаадаевқа” дегені мен “Қара бұлты” болмаса, Пушкин ұйқасын қолданбау бар. Рас бұл ұйқасты үнемі, құр ұйқас үшін беру, дәл өз түрінен формалистікпен аумаймын деп, қатып қалу дұрыс болмас.
Бірақ, сонда да Пушкиннің өлеңдерін әрдайым қазақтың орыс поэзиясында жоқ төрт жолды “ақсақ” ұйқасымен аудара беру де дұрыс болмайды.
Ілияс “Чаадаевта” шалыс ұйқасты қолданыпты. Абай да “Амал жоқ қайттымда” сол шалыс ұйқасты қолданған. Бұл Пушкиннің көбінесе, өзі қолданған ұйқас. Аудармада соның сақталуы мін емес, қасиет болып көрінеді.
Онан соңғы бір қатты ескертетін жер – Пушкиннің лұғаты – сөздігі. Бұл ақын бір жағынан Муза, Апполон, Лира сияқты ескі Античный әдебиеттің белгілерін көп пайдаланса, екіншіден орыс тілінің ескірген сөз түрлерін, дін сөздерін де, өте көп қолданады. Мұндай жерлерін біздің бүгінгі әдебиет көлемінде көп қолданылатын жалпы ұғым тілімен айтсақ, ол жеткілікті болмайды. Жүз жылдық тарихты ұмытуға жарамайды. Пушкиннің тілі мен революцияның тілі бір емес. Пушкиннің жаңағыдай сөзі орыс тілінің көлемінде қаншалық ескілік сияқты сезілсе, сол кезді қазақшалағанда да, мүмкін болғанынша, сондайлық көне боп сезілетін, өзіне мазмұны, күйі сай сөздерден төлеу салуға тырысу керек. Осы ретте Пушкиннің көп айтатын “свобода” деген сөзін Ілияс “еркіндік” десе, Ғали “теңдік” деп шалғай түседі.
Біздің кейбір ақындарымызға Пушкин текстісінің аса қиын соғатын бір жағы – кейде ескіше, өзгеше боп айтылған иә бір сөздің, иә сөйлемнің мағынасын жете түсінбей қалатын көрінеді.
Содан теріс мағыналы аударма туып кетеді. Немесе, Пушкин айтқан тереңдікке, толқындылық сөзімділікке жете соқпай, дөп келмей, бәсең түсіп қап отырады.
Осы кемшілікпен жалғас болып, өлең ішіндегі көңіл-күйі де, суретті ырғақ тынысы да тараңдап кетеді. Орысшасында жалындай маздап, шарқ ұрып тұрған сөз келісімі, мынада жүдеңдеп кетеді. Соны сезген, аудармасының тең түсе алмағанын байқаған кейбір ақын, осыдан соң барып, қазақша қат-қабатталған құр шешен сөзге өктейтіні де бар екен. Бірақ, бұл сөздердің иә үнділік жағынан, иә жеке мағына жағынан сырт сұлу болғанмен, Пушкин жолының сезім-сырын шеше алмағандықтан бос шығын сияқты тұратыны да болады.
Сондықтан аудармада бірен-саран кемшілікті шешен сөзбен бастырып жіберген деген әдістен де қашқан лайық. Мұның бәрінің түп себебі Пушкин жолдарын шала ұғынудан тұратын болса, ең алдымен асықпай, үстірттік қылмай, орысшаның мағынасын ұғынумен қоса, сезім ырғағын жете ұғынып, көкейге қондырып алу керек.
1937
“Евгений Онегиннің” қазақшасы туралы
Поэзияның ірі шығармаларын бір тілден екінші тілге аудару өте қиын екені көпке мәлім. Ал біздің бүгінгі тәжірибені алсақ, ұлт әдебиеті үлгілерін орыс тіліне аудару жөнінде көп ақындардың сол аударып отырған шығармасының тілін білмейтіндігі тағы бар. Бұларға жәрдем етеді дерлік подстрочник атаулыны алсақ, оның өзі асыл нұсқаның нағыз соры. Подстрочниктің (сөзбе-сөз аударманың) көбі сөз емес, құр көбік, немесе әлдеқандай бір тіл қоқсығы боп шығады. Онда аударылатын поэзияның өзіне біткен нәзік ырғағы, өзгеде жоқ жаңалық ерекшелігі дәл түсуі былай тұрсын, тіпті ақынның қысып, қамти айтқан ой-сезімінің системасы да және көрік-стиль құрылысының ішкі логикасы да дұрыс берілмейді.
Тап басып, дөп тиген кезінде өлең жолы қыл өтпестей боп, өте бір жымдасып құрылған жол емес пе? Мұндай жолдың ішіндегі жеке сөз – ән нотасының құр созылып айтылғаны сияқты емес, өзінше бір балқыған дірілмен айтылған нотасы сияқты болады. Ол сөз бір мағына, бір-ақ ұғымды білдіріп, сонысымен қатып, сілейіп тұрып қалмайды. Түп мағынасынан басқа тағы қосымша ымы, сазы бар сөз болады. Оқушыға түп мағынасынан басқа да елес, әсер беретін сөз болады.
Асыл нұсқаның тілін білмейтін аударушы ақынға, оның сезгіштік, қажымастық ынталылығы ғана жәрдем етеді. Жалпы подстрочниктің ішінен Маяковский айтқан бейнетпен: “тонналаған сөз рудасының ішінен радийдің жалғыз грамын” тауып аламын деп іздеу керек.
Үйтпесе, аударатын нәрсесінің сыртқы түрінен де басқа нәрін де, нәзік мәнін де, өзгешелік қасиеттерін де түсінбейді. Әлгі, шолақ ойлы, жеңілтек аудармашылардың: “біз ұлт ақынын қолдан жасаймыз” дейтін ұр көппе сөзі де осыдан туады. Эпос сарынында жазылған шығарманы сыршыл шығармаға айналдырып, ертегі сиқыршының қамалын істейтін де, сол жазғандарының өзі болады.
Бірақ, бір тәуірі, аударушының бәрі мұндайлар емес. Совет ақындарының ірілерін алсақ, тіпті тілін білмеген шығарманың өзін аударғанда да, нағыз үлкен шебердің қолымен, барлық ынта бейілімен істегендері үлгі аларлықтай болып отыр. Мысалы, Тихоновтың грузин тілінен жасаған аудармаларында, оның асыл нұсқаға қаншалық зерттегіш-ақын қолымен жанасқанын көреміз. Ол әуелі өзіне сарыны сәйкес келетін ақынды алады. Подстрочникті біреу жасап бергеннің үстіне өзі де жасап алады. Сол аударатын өлеңін грузин тілінде әртүрлі қып оқытып, үн ырғағына құлағын жаттықтырады. Содан соң аудармасының әрбір қайтармасын грузин сыншыларына оқып беріп, түзеп отырады. Мұндай жол асыл нұсқаның нәзік қылдарын табуға сенімді басқыш болады. Сонда да, Тихонов аудармасын орыс оқушысы да, грузин оқушысы да мақтап отырса да, ол өзі аудармасының бәріне ырза бола бермейді: “1935 жылға шейін аударған бес мың жол өлеңнің ішінен, өзімді толық қанағаттандыратын бес-ақ жүз жол”, – дейді. Аударма ісінің осы сияқты жалпы қиындықтарының тұсында, қазір Пушкинді аударып жатқан біздің ақындардың бір тәуір жағдайы бар. Онысы – асыл нұсқаның өз тілін білетіндіктері. Жаман көпір – подстрочник бұларда жоқ. Пушкин өлеңдері бұларға өзінің бар үнімен “шырқап-қалқып” ұғылып тұр. Бірақ осы жағдай, бұл ақындардан қазақ оқушысының көпті талап етуіне право береді. Ол оқушы біздің ақындарға: “Осы Пушкин аудармасы үстінде, сендер өздеріңнің мәдениеттіліктеріңді көрсетесіңдер, қала берсе таланттарыңның да шама-шарқын көрсетесіңдер” – дейді. Тіпті одан да әрі барып: “Сендердің осы еңбектерін зор мұраны біздің қалайша баурағанымызды білдіретіндіктен, Қазақстандағы әдебиет қозғалысы Одақтың өзге елдерімен салыстырғанда, қаншалық пісіп, толғандығына, мәдениеттілігіне де сын-экзамен болады” – деп те айта алады. Біздің алдымызда тұрған міндеттің қиыншылығы да, қасиеті де осы арада.
Бұл міндетті, теория жүзінде, біздің ақындар барынша толық түсінеді. Сан жағынан қарағанда жалған аударма да аз емес. Юбилей күніне қазақ тілінде Пушкиннің “Онегин” бастаған барлық ірі поэмалары, жеке ірі өлеңдері және әңгімелері де шығады.
Ал енді сапа жағын алсақ, осы аудармалардың бір қыдыруында асығыстық ізі бар. Табандап, тырысып отырып ізденудің орнына әр себепті сылтау етіп, ауырдың үсті, жеңілдің астынан кеткендік белгісі бар. Сол себепті кей жерде Пушкиннің өлең өлшеуі жойылып, расында қазаққа ұғымдырақ болатын, он бір буынды, төрт жолды өлең орын теуіп алғаны бар. Бірақ, жол ұзарғандықтан, амалсыздан, аудармашы өз жанынан әр жолға кейде демеу сөз, кейде одан да ары оғаттасып, тіпті тұтас сөз де тіркеп жібереді. “Кавказ тұтқынын” аударған Тайыр жолдас осыны істеген. Ал “Руслан мен Людмиланы” аударушы Әбділда, асыл нұсқаның өлшеуін сақтап, ұйқасын да дәлге жақын келтіріп, жалпы өлеңін күйлі қып шығарумен қатар, кей жолдардан Пушкин сөзін қалдырып қойған. Нәтижеде: кемшін соққан, өңі қашқан, асыл нұсқаға барабар келмейтін кем-кем жолдар болады.
Бірақ бұл аудармалардың бәрі бірдей осындай емес. Мысалы, Ілияс аударған “Евгений Онегинді” алсақ, оның зор ынта, бейілмен зерттеуші ақын боп ізденгенін көреміз.
Романның өзін, түсіндіргіштерін, бұрынғы зерттеушілерін оқып, аудару үстінде Ілияс алты ай отырды. Сүйтіп іздеу арқылы ол Пушкин материалын барынша жете танып, біліп отыр. Ілиястың осы ісінің әр кезеңін көргендіктен мен қазір Пушкин романының ішінде ол түсінбеген бірде бір сөз жоқ деп айта аламын. Ол роман ішіндегі толып жатқан адам аттарының неге кіргізілгенін және Пушкиндегі шет жайыла сөйлейтін көп тарамдардың неліктен болатынын тегіс зерттеп, шешіп алған. Мұндай бұлтарыстар романда аса көп. Және әр адам, жаңағыдай әр тарамның артында тұрған жалпы тарих, мәдениет тарихы, немесе оңай ұғыла қоймайтын тұспалмен айтылған дәуір белгілері қаншалық?
Осыны ұғынып алумен қатар, Ілияс әуелі романның бір үзіндісін әртүрлі үлгімен де аударып көрді. Бірақ мынадай істі тарихи зор міндет деп түсінудің өзі, оған Пушкинді дұрыс әдіспен аударудың негізгі дұрыс жолын таптырды. Ол әдіс асыл нұсқаның өз стилін, өз түрін бұлжытпай түсіру әдісі болды.
Сонымен, “Евгений Онегин” Пушкиннің өзіндегі 14 жолды шумақпен, өз ұйқасы, өз өлшеуімен және әр жолдың мағына тұспалын өз қалпында беретін, тіл образын да қазақша төлеу салмай, өз айтуынша аударып беретін үлгімен істеледі.
Шынында да, бұл шығарманы да көптің көзі үйренген, дағдылы он бір буын, төрт жолмен аударуға болар еді. Онда аударушы да қазақылау жағын басымдатып, асыл нұсқаның нобайын ғана беріп, өзі де жеңіл жортып отырар еді. Олай етсе, әрине алты айдай сарылмас та еді. Бірақ Ілияс бұл жолға түспеді. Сонысы дұрыс болды. Пушкин поэзиясына қазақтың “тон-тымағын кигізіп” жеңілдетем деу, оны арзандатып, әлсіретіп жіберетін жол болар еді. Ал мына әдісі табандап ізденіп, бата қимыл істеген жаңалық әдісі боп отыр.
Бұл әдіс – қазақтың жас мәдениетінің бүгінгі күйін алғанда негізгі – тарихи зор мәні бар дұрыс әдіс болады. Анығында біз қазір көркемөнер мен әдебиеттің дүниелік ірі белгілерін алғанда, өз оқушымыздың әзірлігі аз боп тұрған күйіне қарай бейімдеп, жонып-мінеп, кішірейтіп, әлсіретіп алуымыз керек емес. Қайта сол оқушымыздың өзін көтеріп, өсіріп, анау мұраны барлық ұлы тұлғасымен тұтас түсінетін сатыға апаруымыз керек.
Олай болса, Пушкин де қазақ әдебиетіне дәл Пушкин қалпымен өңін өзгертпей кіруі керек. Өзіне біткен ерекшелігімен, бұл күнге шейін қазақ оқушысы көрмеген тереңдігін толық көрсетіп, жаңа серпіні зор мол бір арнадай боп өз түрін, өз стилін ала кіруі керек.
Одақтың грузин, армян, украин сияқты мәдениетті елдерін алсақ, барлығы да ұлы ақынды осылайша, өз түрін, өз стилін бұлжытпай аударып отыр. Осындайлық жалпы жөннен туатын дұрыс әдісті біздің жұртшылық қабылдауға тиіс. Көпшілік шынында да жақсы қабылдаған сияқты. Бірақ сонымен қатар, бұл аударманы ұғымсыздау дейтін бірен-саран адамдар да бар. Олар кей-кей кезде қазақшасын ойша орысшаға аударып барып қана түсінеміз дейді. Ал тағы біраз адамдар “бүгінгі қазақ поэзиясында мұндай шумақ, мұндай ұйқастар жоқ болғандықтан, қазақ оқушысының көпшілігіне тосаң тиетін ерекшеліктерді онша тереңдетіп алмау керек еді, қазақтың өзіне мәлім түрден ұзамау керек еді” дегендей айтады.
Бұл пікірлерді ол кісілер романның әзірше жарияланған бірінші тарауына қарап айтады. Ол тарау түсіндіргіш сөздерді өте мол қып басуды тілеуші еді. Түсіндірме сөз көп болмағанда, “Евгений Онегиннің” бірінші тарауын ұғыну аса қиын. Қазақ оқушысының көпшілігіне ол бір ауыр жұмбақ, қиын шың болуында да дау жоқ. Жалғыз қазақ оқушысы емес-ау, тіпті орыс оқушысының орта буынына да оп-оңай емес. Бұл тарауда романның уақиға, түйіндері, әңгімелік жағы айқынданып таралмайды. Оның үстіне көп шумақтары көлденең жайларды баян етіп, уақиғаға қатынаспайтын кісі аттары да мол араласып отырады. Және әр кісінің тұсында ақын тілімен келте қайырылып айтылған сындар, ымдар, тұспалдар да көп.
Қазақ оқушысы не шала білетін, не тіпті білмейтін осы сияқты фактылар мен көп зат-нәрселер бірінші тараудың әр шумағынан табылады. Әзірлігі жоқ оқушыға, мысалы 18 шумақты алып осыдан не түсіндің десек, не айта алар еді? Ондағы аттары аталатын Фонвизин, Княжнин, Озеров, Катенин, Шаховскойлер арқылы және артистка Семенова, не биші Дюпло арқылы – Пушкин өз уағындағы театр, драматургия және балет өнерінің суретін беріп отырғанын түсіне қою оңай ма? Ал, 49 шумақтағы:
Адриатик, толқындары
О, Брента, көзім салам
Толғанамын, толық тағы
Сиқырлы үнің жетті маған!
Үн ардақты ақын ұлға
Альбионның өр жырында
Маған таныс, маған жақын
* * *
Жүзім сырлы Гандолада
Петрарканың ғашық тілін
Сол сұлумен жаттап жүрдім…-
деген сөздерінің арғы сырын екінің бірі түсіне қояр ма екен? Осының ішіндегі атаулары және солардың кірген себептерін “Орысша тілді жақсы білем, романды орыс тілінде оқып түсінем” деген қазақ оқушысының бәрі біле қойды ма екен? Аударманы жете қарамай, ойланып, үстірт мінейтін сыншының көбі осы жолдастар ғой. Олар: “Орысшасын түсінеміз, ал қазақшасы бізге оншалық ұғымды емес” дегендей қылады. Дәл солай ғана ма екен? Бұл тұста, орысшаны түсінбеймін деуге арланып, өзіне-өзі жалған айтып, қазақшаны түсінбеймін деумен орынсыз мезетсіп отыратын құрғақ паңдық жоқ па екен? Біз кей-кейде сол да бола ма деп шүбәланамыз. Рас бұл жерде адам таппастық, миға қонбастық сырдың жөн екені де рас. Бірақ, әйтсе де романды ғылым жолымен терең бойлап, оқымағандықтан (ал “Евгений Онегинді” солайша оқымай болмайды) ол кісілер бұл арадағы бірталай нәзік жайларды білмейді. Бұл шумақтың ішкі сырына бойлап көрсек: Альбион дегені Англия (“биік арал” деген), “өр” деген сөзді бұл арада Пушкин, Байрон поэзиясы туралы айтады. Айтқанда, Байронның “Чайльд Гарольдының” төртінші тарауын есіне алып, сонда Англия ақыны – Италияның Брента өзенінің бойындағы түн көрінісін суреттеп отырып, сол Италияның атақты ақыны Петрарканы сөз қылғанын есіне алып сөйлейді.
Бұл шумақтағы мен ең қиынын таңдап алайын дегендіктен алып отырғам жоқ. Көп мысалдың бір есебіне ғана алып отырмын. Дәлін айтсақ, бірінші тараудың талай шумақтары осы тәрізді.
Бірақ асықпай ойланып, жөнін байқап отырсақ, сол сырт көзге ұғымсыз болар деген шумақтардың талайы Ілияс аудармасында, бір жағынан асыл нұсқаға барабар түсіп, екіншіден, қазақшылық жағынан да көрікті де, келісті де боп, әдемі қиысып отырады. Мысалы:
Театр толы: жайнап ложа;
Кресло, партер қайнап тегіс,
Жоғарғы жақ шулап қозды,
Перде ашылып, шықты дыбыс.
Бейне бұлт етіп жалт-жұлт
Мәжілісті құрмет қылып,
Ньюмина тобы қоршауында
Тұр сахнада Истомина
Бір аяқпен жерде жылжып,
Бір аяқпен айналар жай
Еволь үрген мамығындай:
Бірде ұшып, бірде ырғып
Бір бүгіліп, бір жазылып,
Аяқты аяқ қағып лып-лып…
деген аудармада қандай мін бар? Бірақ мұнда Ньюмина, Еволь, Истомина сияқты, немесе көпшілік ұға қоймайтын, “партер”, “ложа” сияқты аттар да бар. Ал аударушы ақынға бұл жөнінде не бұйрық етесіз? Өлең жолының ішінде “Ньюмина” пәлен, “Еволь” түген десін бе? Әлде, басты қатырмай, біз білмейтін аттың бәрін өлең ішінен айдап таста дейміз бе? Біздің кейбір аудармашыларымызда ол да болып еді-ау. Бірақ енді олай десек, онда тіпті аш құлақтан тыныш құлақ. “Евгений Онегинді” қазақшалағанды қояйық. Үйткені, осы жаңағылар сияқты бүгінгі аударушы мен біздің бүгінгі оқушыны біраз қинайтын өзгешелік, ерекшеліктері болмаса, “Евгений Онегиннің” барлық, шыңыраудай терең мәні де, сегіз қырлы сыры да өшіп, семіп қалады.
Шынында, осындай жайларын ойлап қарасақ, бірінші тараудың мәні аса зор. Тіпті романды мәңгілік шығарманың дәрежесіне көтерген де осы тарау емес пе екен деген ой келеді. Біраз ой жіберіп, роман мәнін суреттеп түсініп, Онегиннің өзі романның кейінгі тарауларында бұтақтап, жапырақтайтын ағаш деп салыстырсақ, мына бірінші тарау сол ағашты тудырып, өсірген анайы топырақ есепті болады. Сол өзі шыққан төркін топырағы ғана, өзге емес, дәл осы мүсінді ағашты тудырып отыр. Ал, бірінші тарауда сол топырақтың физико-химиялық сипаттары көрсетіліп кеп, жаңағы ағаштың биологиялық, табиғаттық жағынан қалайша қалыптанған тарихы айтылады. Сол тұлғалы ағашымыз Онегиннің психо-физиологиялық мүсіні боп шығады. Абайдың бір қателескен жері бірінші тараудың осы мәнін жете қарамаған. Егер ертең бойлап, Онегин образының логикасын түсініп, тамыр-түбірін абайласа, аударманың аяғында оған мылтық ұсынып “енді өзіңді-өзің өлтіруің-ақ қалды” деп дәмеленбес еді. Дана ақынның ұлы романының сын-сипаты осындай. Ол күйінен қайда қашсаң да құтылмайсың. Құтылу үшін жеңілейтіп, жұқартам десең, кешілмес қаталық істер едің. “Пушкинді – Пушкин ете аударамын” деп дұрыс бағыт алған Ілияс, осы міндетін көп жағынан көңілдегідей адал қылу арқылы, бүгін таңда зор мәні бар, тарихи, мәдени еңбек сіңіріп отыр.
Аударманың жоғарыда саналған қасиеттерінен басқа тағы бір жақсылығы, асыл нұсқаның ажуа, сықақ сияқты тұздығы ащы өткірлігін де әдемі келтірген. Ал Пушкиннің қай дәуір, қай буынның болса да, ақын атаулысына үлгі, өнеге болатын іші терең, сырты оңай, келте қайырғыштық кестесі де, аудармада сезіліп отырады.
Пушкин романының басындағы “Арнау сөзде”:
Достым, осы-ақ келген қолдан:
Шала сықақ шала мұңнан,
Ел өзінен, ұлы арманнан
Жас жемісім, жұбанудан,
Таң күзеттен толғанудан,
Өспеуімнен, өшкен жылдан,
Салқын ақыл байқауынан,
Күйген көңіл түйген сырдан –
Ала-құла жазылған сөз
Құмарлана қолыңды соз…
деп бір екшеп тастайды. Осы жолдарда романның бар мән-жайы туралы тұжырымды түрде түсінік берумен қатар, өзінің де ой-сезімін, сан толғауын құлақ күй етеді. Шерменде ойшының мұңлы, күңгірт жан жарасын сездіреді. Ал осындай мазмұнын еске ала отырып қарасақ, мына аудармадан да сондай толғақ шын сезіліп тұрған жоқ па? Қазақ тілінде осындай аз сөздің бойына, тар жердің көлеміне осыншалық телегей толқын ой-сезімді сыйғызған өлең көріп пе едік? Көргеміз жоқ. Үйткені ол Пушкиннен ғана шыққан. Бір ерекше қасиеті – осындай келтелігінде. Сонысының өзі үлгі болсын, біздің ақындарды да терең мағыналы үнемшілдікке баулысын деп Ілияс әдейі, барынша келте қайырып аударады. Бірақ осындай қайырымдар, жоғарыда айтылған қазаққа таныс емес ат, заттың тұсында түсіндірмелер аз жазылған уақытта, кейбір түсініспегендікті туғызады. Ал түсініспеудің кінәсі аудармада емес, біздің өзімізде.
Аударманың дәл бүгінгі тұрған қалпын алсақ, күдік туғызатын екі-ақ ірі мәселе бар. Мұның біріншісі – оқта-текте ұйқастың тап түсе қоймайтындығы. Қазақ оқушысына атымен жаңалық болатын шумақ пен ұйқасты алған соң, өлең аяғының ұйқастары босаң қалмай нық-нық, дік-дік түсіп отыруы қажет. Оқушы сол жаңа түрдің өлеңі де күйдей күңіренбей тұра алмайтынын сезсін. Ал қазірде кей жолының буыны асып, шұбалаң тартып қап, кейде ұйқас та жетіңкіремей қап отырады.
Бұдан соңғы, әсіресе күдікті екінші кемшілік – аударманың сөздігі (словары), ақындық сөздігі туралы. Қазақ тілінің ескі, жаңа қорының бәрін жете білетін Ілияс, осы қорлардың өзін ғана қолданумен қанағаттанады да, Пушкин тілінің бір зор ерекшелігін бәсең қалдырады. Пушкин дәуіріндегі әдебиет тілінің сол дәуірмен байланысты бір бояуы дін, шіркеу сөзінің көп араласатындығы емес пе? Ал аудармада романның тілі кей-кейде біздің дәл бүгінгі әдебиетіміздің тілі боп қалады. Қазақтың әдеби тіліне сіңісті боп кеткен ескі кітап тілін (кейбір араб, парсы сөздерін) осы аудармаға кіргізуден Ілияс әдейі қашса да, бекер қашқан. “Мәдениет”, “Әдебиет”, “Мектеп” сияқты, немесе Абай шығармалары арқылы біз күнде оқып, құлағымыз жаттыққан: ләззат, шафқат, ғиззат сияқты кітап, дін сөздері бар емес пе? Пушкиндегі шіркеу, дін сөздеріне осындайлардан төлеу салып отырса, аударма тілі – дәуірдің бүгінгі емес, өткен шақ екенін сездіргендей болар еді. Уақыттың тарих қабаттарының өткен кезіне қарай сырғып барып тұрған алыстығын сезінер едік. Осындай жағынан қарасақ, мысалы, Пушкиннің “Коварный искусителінің” орнына “Сайтанбысың” десек, әлсіз де, кемшін де соғады. Ал бұл орынға біздің бүгінгі әдебиет тілімізде сирек көрінетін, бірақ қазақ білетін “әзәзіл”, “ібілісті” алсақ, әлдеқайда қонымды болар еді. Рас, әрине, бұ жайды “Гамлетті” өзбек тіліне аударам деп, Шекспирді біржолата арабшалатып қойған өзбек ақынының оғат тәжірибесіне ұқсатпау керек. Өзбектің әдебиет тіліндегі араб, парсы біздікіндей емес. Оларда, бүгінгі әдебиет кей-кейде жаргонға ұқсатып жіберетін араб, парсы аламыштарынан құтылу – зор мәні бар шетін мәселе. Ал бізде, қазақша төлеуі болмаған жерде, өзі қазаққа мәлім сөз болғанда өлшеуін біліп, мөлшермен қолдану – оншалық құбыжық болмас еді дейміз.
Абайдың Пушкин мен Лермонтовтан жасаған аудармаларының ерекше зор қасиеті – әсіресе, асыл нұсқаның өз тіліне тең түсіп отыратын сөздігінде. Жаңағы ақындарды аударғанда Абай да жаңа түр іздеп, өзінше соны тауып та алған. Шалыс ұйқас деген ұйқасты Татьяна хатын аудара бастағанда Пушкиннен алып, соны қазақ поэзиясына енгізді. Ол аналардың жол өлшеуін, өзі айтқандай, “уәзімін” де сақтаған. Бірақ, сонымен қатар Абайдың шын қуаты – бояуы айқын, қыры мен сыры терең тілінде, сөздігінде жатыр.
Өзге жағының бәрін алғанда, Ілиястың ұстаған жолы – шексіз дұрыс жол. Ендігі міндеті, осы сияқты мәдениетті әдісін шынымен аяқтап шығу үшін әлі де осы бетінен тереңдетіп, толықтыра түсуі керек.
Ал қазақ оқушысының сауатты жағына аздап, оларға оқу мен оқу тең емес дегенді ескерту керек. “Евгений Онегин”, “Фауст”, “Гамлет” сияқты алуаны бөлек шығармалар қызық романша, я батыр жырынша желе текірекпен оқылмайды.
Сонымен қатар көпшілік оқушыны алсақ, оған “Евгений Онегинді” дұрыс ұғынып түсінуі жөнінде біз жәрдем етуге міндеттіміз. Бұл романның әрбір қазақша баспасына орыс тілінде берілетін қалпынан сонағұрлым мол түсіндірме сөздіктер басып отыру керек. Және басқа аударма емес, дәл осы аударманы алып отырып, көпшілікке талай лекциялар оқып, беседалар жасап, романның өзін оқып отыруымыз қажет. Осы ретте тағы бір ойласатын нәрсе, “Евгений Онегиннің” көпшілікке арналған баспасын шығарғанда, осы аударманың ішінен біраз тарауларды қысқартып, әңгіменің өзін ғана тұжырымды қып беретін, қысқа вариант шығаруға да болмас па екен?
1937
(М. Әуезовтің өткен ғасырдың жетпісінші жылдардың соңы мен сексенінші жылдардың басында шыққан жиырма томдық шығармалар жинағынан алынған).