Ардақ ЮСУПОВА
Неміс Дәуірлеу дәуірінің кескіндемешілері
Германиядағы 15-16 ғасырлардағы Дәуірлеу кезеңінің өнері — қала мәдениеті дамуының төл жемісі, осы уақытта реализм қағидаттары, жаңа мұраттар орныға бастайды. Солтүстіктегі Дәуірлеу дәуірінің басталуы, әдетте Мартин Лютер Кингтің Тәуретті неміс тіліне аударуымен байланыста қарастырылады, мұның өзі неміс әдеби тілінің дамуына жол ашады, әрі оның басқа тілдерге аударылуына да себепші болады. Сол уақыттағы Германияның қалыптасуында терең әлеуметтік сілкіністер – Реформация, теңдікті және адам табиғатының біртұтастығын уағыздайтын лютерандықтың енуі мен Шаруалар соғысы шешуші рөл атқарады.
Антика мәдениетінің ықпалы жанама ғана, тіпті елеусіз дерлік, ал ортағасырлық дәстүрлер ұзақ сақталып келеді, сондықтан да сол уақыттағы Германия өнері негізінен діни сарында болады, оған заттың тұрпатын өз қалпында бейнелеу тән, сонымен бірге майбояулы кескіндемемен қатар көркемдеу өнерінің басқа саласы – гравюра дами бастайды.
Немістің Дәуірлеу заманы бірқатар көрнекті кескіндемешілер мен графиктерді дүниеге әкелді, олар – Альбрехт Дюрер, Үлкен Ханс Гольбейн, Үлкен және Кіші Карнахтар, Альбрехт Альтдорфер және басқалары.
А. Дюрер, Леонардо да Винчи сияқты, өнерді дүниетанудың бір жолы деп біледі. Ол Германияда бірінші болып, адамның жалаңаш тәнін салады, анатомияны, математиканы, кеңістікті зерделейді, жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдарды беріле оқиды. Оның артында 80 кең көріністі шығармалары, 1000-нан астам гравюралар, бірнеше мүсін, бірқатар ғылыми трактаттар қалды. Дюрер гравюраны неміс өнерінің жетекші саласына айналдырады. Ол 15 гравюрадан тұратын ағашта айшықталған графикалық сериясы, Иса пайғамбардың хикметтері жайындағы графикалық дестелері арқылы Неміс Дәуірлеу дәуірінің күрделі де мазасыз рухын, суретшінің өзін толғандырған ождандық-философиялық мәселелерді бейнелейді.
Дунайлық аталатын мектептің іргесін қалаушы А. Альтдорфер кескіндемеші, зергер әрі суреттемеші ретінде үлкен іс тындырды. Ол дәстүрлі діни сюжеттермен қатар аллегориялық және мифологиялық сюжеттерді бейнелеуге ден қойған. Альтдорфердің ең елеулі деген кескіндемелік жұмысы әулие Флориан әдіриятының көп қырлы мехрабын безендірген суреттері болды. Оған кірген 16 композиция сақталған. Суретшінің кейінгі шығармашылығының шыңы «Александр Македонскийдің Даримен шайқасы» (1529) – Солтүстік Дәуірлеу кезеңінің өнеріндегі тұңғыш тарихи композиция.
Үлкен Лукас Кранах өмірінің негізгі кезеңдерін Виттенбергте өткізген, онда оның үлкен шеберханасы және көптеген оқушылар мен көмекшілері болған. Суретшінің Мартин Лютермен жақсы қарым-қатынаста болғаны, оның бірнеше портреттерін салғаны белгілі. Кранах шығармашылығы Неміс Дәуірлеу дәуірінің дамуын айқын бейнелейді, оның тырнақалды туындыларына композициялық еркіндік, адам мен табиғаттың үйлесімін терең сезіну, сомдаған бейнелерінің айқындығы тән. Антика мифологиясы оның «Венера мен Амур» полотносын жазуына себеп болған. Бұл сурет мінсіз жарасымы мен бояуларының байыпты түсірілуі жағынан итальяндық бастапқы нұсқаларына жақын. Кранах салған портреттерінде кейіпкерлерінің бет әлпетіне ерекше мән береді, әсіресе ер адамдардың кейпін бейнелеуде үлкен шеберлік танытады. Портреттердің бөлшектерін (айталық, киімін және т.б.) көбінесе оның шәкірттері, кейіннен ұлы – Кіші Лукас Кранах жазады.
Солтүстік Дәуірлеудің ғұмыры ұзақ болған жоқ. Отыз жылдық соғыс неміс мәдениетінің дамуын ұзақ уақытқа тежейді, дегенмен бұл кезең мәдениет тарихында сөз бен сурет кемеңгерлерінің дәуірі ретінде айшықты із қалдырды.