Әлем әдебиеті

Уильям ФОЛКНЕР. АЮ

0

 Уильям ФОЛКНЕР

 

АЮ

 

            ХХ ғасырдың аса көрнекті жазушыларының бірі Уильям ФОЛКНЕР   (1897-1962) АҚШ-тың түстігінде туып өскен, өмірінің көп уақытын сонда өткізген, сонда дүниеден озған. Ондаған романдардың авторы Уильям Фолкнер Американың түстігіндегі құл иеленушіліктің құлдырауын, бірақ оның адам санасында қалдырған іздерін суреттеуде, сыншылардың айтуынша, ерекше қалам қарымын танытады. Сонымен қатар американ үлгісіндегі буржуазиялық өркениеттің шынайы кейпін ашуда да оған тең келер суреткер табу қиын. Ол 1949 жылы Нобель сыйлығын алардағы сөзінде: «Адамның ақыры дегенге мен сенбеймін. Ажалдың келгенін әйгілеген тағдыр сағаты соңғы рет соғып, оның жаңғырығы мәңгі жоқтың қиыр шетіне барып тұншыққан сәттің өзінде, адамның әлсіз, бірақ үзіліп бітпейтін дауысы естілмек, ол сөйлей беретін болады. Мен адамның шыдап қана қоймай, жеңіп шығарына да кәміл сенемін»  деген екен.

***

I

               Ендігі жерде ит те, адам да аюдың жолын қууға айналды. Әккі аю – Кәрі Бенді қоса есептегенде аң екеу болды, бірақ алпыс екі тамырында Сэм секілді көсемнің қаны болмағанмен, үндістің қаны бар Бун Хоггенбекті қоса есептегенде адам да екеу болатын, – тек Сэм Фазерс, Кәрі Бен және Лев атты дүрегей тұқымдас төбеттің ғана тал бойында бір міні жоқ еді.

Бала он алтыда болатын. Ересектермен бірге аңға шыға бастағанына жетінші жыл. Жеті жылдан бері аңшылық туралы қызығы мол таусылмас әңгімелерді тыңдаумен келеді. Дүниеде одан қызықты әңгіме болмас сірә. Орманның қағаздатып алған бір бөлігін өз иелігімде деп пайымдайтын ақ плантатордың ба, әлде оған иелік құқығын қолдан жасап сол жерді опасыздықпен оп-оңай сата салған үндістің бе, әйтеуір қайырымсыздықпен салынған көне қорғандардан шетсіз-шексіз бұл меңіреу орман туралы әңгімелер әлдеқайда мәнді әрі қызғылықты көрінетін еді (орманның тауар бола алмайтындығын жақсы білетін үшеу: Сатпеннен бір жапырақ жерді сатып алған майор Де Спейн де, кәрі Толас Сатпен де немесе сол бір жапырақ жерді Сатпенге сата салған чикесо тайпасының көсемі Иккематуббе қарттың да ит тұмсығы өтпейтін ғасырлар бойы жасап келе жатқан бұл орманның қасында түкке тұрғысыз пенделер болатын). Бұл әңгімелер адамдар туралы болатын, ақ нәсілді, қара нәсілді немесе қызғылт өңді адамдар туралы емес, неге болса да қайыспай қарсы тұра алатын, қиындықтан шыға білетін төзімді де ержүрек аңшылар туралы, орманға үйір иттер, аюлар, бұғылар туралы, олардың рақымшылдық пен аяушылықты білмейтін әлімсақтан бергі қасарыса қарсыласуы – еш нәрсемен салыстыруға болмайтын орман заңына тәуелді арпалыс ойынының ең тәуірі туралы: аң терілері мен мүйіздерінің ортасында немесе қабырғаларға құндақтаулы мылтықтар ілінген қаладағы үйлердің кабинеттерінде немесе плантациялардың кеңселерінде, ал бәрінен әдемісі – жаңа ғана атып алған, әлі терісі де сыпырылмаған, еті суып үлгермеген мол олжаның ортасында, тасошақта шытырлай жанған алауды айнала отырған аңшылар қосында, ал тасошақтар мен үйшіктер болмаған жерде брезент шатырларда, айнала түтіні будақтаған алау қасында өткен-кеткенді онша өрекпімей баяу үнмен ғана баяндайтын әңгімелер еді бұл. Әрине, мұндайда ішімдік араласпай тұрмайтыны және белгілі, сондықтан балаға: ерліктің, ақыл-ойдың, шапшаңдық пен тапқырлықтың барлық қас-қағым тамаша сәттері әйелдер үшін, балалар мен жасөспірімдер үшін емес, нағыз еркектер үшін, аңшылар үшін ғана жасалған әрі олардың төккен қанынан емес, өжеттік пен өлместіктің рухынан жаратылған осы бір қызылқошқыл, қоюлау ішімдікке айналып кеткендей көрінген және оның ішімдік адамның бойына еп-септілік, күш-қайрат пен тапқырлық қасиетін құяды дегенге имандай сенетін пұтқа табынушының өзгермейтін әрі ешқашан орындамайтын үмітінің құрметіне емес, осы бір биік те асқақ қасиеттердің құрметі үшін сырбаздана ішетіндерін қайтерсің. Әрине, бәрі де вискиден басталатыны белгілі ғой, басқаша болуы мүмкін де емес еді – желтоқсанның ағарып атқан таңы осысымен есінде қалған-ды.

Бірақ кейінірек осының бәрі әлдеқайда ерте басталғандығын түсінді. Бұл оның жасы алғаш рет екі таңбалық санмен жазылған күні, өзінің немере ағасы Маккаслин мұны егер төзімділігі мен табандылығы жетер болса, өз кезегінде орманның сынынан өтіп, аңшы атағына ие болсын деген оймен меңіреу ормандағы аңшылар қосына алып келген күні басталған болатын. Ол әлі өз көзімен көрмесе де, табандарын қақпан қапқан, кәдімгі адамдардың есіміндей өз аты бар, атағы ондаған миль жерлердегі шартарапқа тараған кәрі аюдың зор тұрпатын атадан қалған мұрадай қабылдап қойған-ды; есігі бұзылып, астығы тып-типыл болған қамбалар туралы, орманға алып кетіп, отқа қақтап жеген, торайлар, шошқалар мен бұзаулар туралы, ормандағы құрулы тұзақтар мен орлар туралы, дал-далы шыққан иттер туралы, маңдайдан атқан бытыралар, тіпті жақын жерден атылса да балалардың түтікпен ататын бұршақтарындай да әсер етпеген жалғыз оқтар туралы тараған лақаптың ұшы-қиыры жоқ еді; сонымен бұл тумай тұрғанда-ақ басталған әңгіменің иесі – жолындағының бәрін тоқтамайтын локомотивтей қиратып бара жатқан жүндес алып жақындап қалғандай көрінген. Ол баланың көзіне елестегелі көп болды. Бала балта тимеген, аю табанының іздері жосылып жатқан қалың орманға әлі бірде-бір рет барған емес, ал зор денелі, жүндес келген қызылкөз алыптың мұның түсіне кіргеніне көп болған: ол өзін таламақ болған иттер үшін де, қуып жетпек болған аттар үшін де, атып алмақ болған аңшылар үшін де, өзі емін-еркін жайлаған осынау орман үшін де орасан алып еді. Баланың көз алдына өзі әлі де болса сезіне қоймаған, ойына да кіріп шықпаған көріністер келе қалғандай болды: тағдыр құрып бітуге жазған меңіреу орман – оның меңіреулігі мен жабайы аңнан сескенген адамдар жан-жағын балталап, босаған жерлерге соқа салып, кеміріп жеп барады – орман кезіп жүріп мерт бола салатын жабайы аңның бірі емес, атағы алысқа кеткен, өткен кездердегі өшпес ерліктің рәмізіндей, жабайы тірліктің тасқа айналған бейнесіндей бағынбас, бас имес атқа ие болған кәрі аюдың маңайындағы тұмса табиғатқа балта сілтеген аты-заты белгісіз, бірін-бірі өздері де біле бермейтін қаптаған сансыз көп адамдар бейне бір қалғып тұрған пілдің аяғының астында қыбырлаған ергежей пигмейлер секілді; бар панасы орман демесең, ұрпақсыз қалған, бірақ сонда да болса өлімге бас имей келе жатқан өр мінезді кәрі аю патшайымынан айырылып, барлық ұлдарының артында қалған жалғызбасты Приамның кебін кигендей күй кешуде еді.

Рұқсат алу

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.