Әлем әдебиеті

Стефан ЦВЕЙГ. ШАХМАТТЫҚ ХИКАЯ

0

СЫНЫН БЕРМЕС СЫРЛЫ СӨЗ

Стефан ЦВЕЙГ

 

ШАХМАТТЫҚ ХИКАЯ

 

Әйгілі австриялық жазушы Стефан Цвейг “Кешқұрым”, “Керемет құпия”, “Бейтаныс айымның хаты”, “Ай жарығындағы көше”, “Губернантка” сынды новеллалары арқылы әңгіме,хикая жазудың шебері ретінде танылса, “Адамзаттың жұлдызды сәті” циклындағы эсселері арқылы адамзат тарихының, жұлдызды сәттердегі тарихи тұлғалар өмірінің тамаша білгірі деп мойындалды. Ал оның “Бальзак” романында әйгілі француз жазушысы Оноре де Бальзак өмірі мен тағдыры, ой-толғаныстары мен күйініш-сүйініштері жеріне жеткізе суреттеледі. Әлем жұртшылығы С.Цвейгті адам жанының қалтарыс-қатпарларын ішек қырындысына дейін аша білетін хас суреткер ретінде таниды.

 

***

Түн жарымында Нью-Йорктен Буэнос-Айреске аттануға тиiс алып кемеде әдеттегiдей жүрер алдындағы қарбалас сәт басталды. Қалың нөпiрдi киiп-жарып, iлгерiндi-кейiндi қайшыласқан шығарып салушылар; боқшасын қапталдата ұстап, жолаушылардың фамилиясын атап, айқайлаған телеграф тасушылар; гүл шоғы мен жүк көтергендер; әуестiк жеңiп, баспалдақпен жүгiрген балалар, ал жоғарғы палубада кеме оркестрi үздiксiз күй ойнап тұр.

Мен палубада серiгiммен бiрге осынау ырың-жырыңнан алыстау тұрғам. Кенет бiзге тақау жерден екi-үш рет фотоаппарат жарқ-жұрқ еттi. Шамасы, бiзбен бiрге танымал бiреу аттанбақшы, содан соңғы сәтте сұхбат алынып, суретке түсiрiп жатса керек. Досым сол жаққа көз салып:

— Сендермен бiрге табиғаттың кереметi — Чентович кетiп барады, — дедi.

Аталған есiмнiң менi селт еткiзбегенiн сезген ол сөзiн тарата түстi:

— Мирко Чентович — шахматтан әлем чемпионы. Ол жаңа ғана Американың барлық шахматшыларын талқандап, ендi Аргентинаны табындыруға бара жатыр.

Осы кезде жас әлем чемпионының есiмi ғана емес, оның өмiрiнiң кейбiр қырлары да бiрден есiме түстi, әлемдiк ақпаратты менен гөрi мұқият қадағалайтын досым да ол туралы бiрнеше әзiл әңгiме айтып, менiң мәлiметтерiмдi толықтыра түстi.

Осыдан бiр жылдай бұрын Чентовичке бiрден Алехин, Капабланка, Тартаковер, Ласкер, Боголюбов сынды әлемдік шахмат падишаларының қатарына көтерілу сәті түсті. 1922 жылғы Нью-Йорк турниріндегі жеті жасар вундеркинд Решевскийден соң шахмат майталмандары өз орталарына бұза-жара кіріп, осынша дүрліктірген жаңа ойыншыны әлі көрмеген. Чентовичтің ақыл-есі оған соншалық даңқ сыйлардай керемет емес еді. Көп ұзамай мынадай масқара ел-жұртқа жария болды. Әлем чемпионы бірде-бір тілде екі-үш ауыз сөздің басын құрап, қатесіз жаза алмайтын болып шықты және оның әккі қарсыластарының бірі ащы әжуамен тіліп түскенiндей «оның надандығында шек жоқ еді».

Югославтық қу тақым қайықшы Чентовичтің әкесіне тиесілі шағын кемесымақты дунайлық жүк кемесі бір-ақ түнде суға батырады. Олардың шалғайдағы деревнясының мейiрбан пасторы он екі жасар тұл жетімді қарауына алады. Қайырымды жан топастау, тілі мүкістеу, тайқымаңдайлы баланың санасына мектеп бағдарламасынан бірдеңе сіңірем деп әбден әуреге түседі.

Алайда пастордың барлық амал-әрекетінен түк те шықпайды. Мирко әріптерге тоқсан тоғызыншы рет еш ойсыз бедіре қарайды да, бір түйір есіне сақтай алмайды. Оның оралымсыз миы ең қарапайым нәрселерді қабылдай қоймайды. Ол он төрт жасына дейін саусағымен санап, кітап пен газеттегі шағын үзіндінің өзін оқып шығу үшiн қара терге малшынады. Бірақ Мирко ықылассыз не тілазар бала емес еді. Ол су тасиды, отын жарады, егістікте жұмыс істейді, ас үйді ретке келтіреді. Жайбасарлығы төзіміңді тауысса да кез келген тапсырманы түбі бір орындайтындықтан, оған сенім артуға болатын. Қайырымды пасторды ең әуелі қыңыр жасөспірімнің дүниедегі барлық нәрсеге құлықсыздығы қапа қылатын. Ол тапсырма алмаса, өздігімен ешқашан ештеңе істемейтін, ешқашан басқа балалармен ойнамайтын және біреу не істеу керектігін арнайы айтпаса, ешқашан өзіне қандай да бір ермек іздей қоймайтын. Үй жұмысын аяқтаған соң Мирко бөлмесіне жайғасып алып, өрістегі малдыкіндей мағынасыз жанарын алысқа тігіп, айналасында не болып жатқанына селт етпестен, қаперсіз отыра беретін. Кешкілік пастор ұзын қорқорын сорғыштап, шахматтан жандарм вахмистрімен айнымас үш партиясын ойнағанда, құба шашты жасөсіпірім ойыншылардың қасына үнсіз жайғасып алып, тапжылмастан тақтайға ұйқылы-ояу, селқос қалыпта қарап отыратын.

Бір күні қысқы кеште екі дос өздерінің үйреншікті ойынына кіріскенде, терезе сыртынан қоңыраудың сыңғыры естіліп, іле-шала үй іргесіне шана келіп тоқтады. Бөлмеге құлақшыны қар-қар шаруа жүгіре кіріп, хал үстінде жатқан шешесін соңғы сапарға шығарып салу үшін пастордың мейлінше тез жиналуын сұрап, жалына бастады. Священник сөзге келместен дереу аттанды. Вахмистр, саптаяғындағы сырасын тауыспай-ақ, қоштасар сәттегі қорқорын тартып, енді ұзын қонышты тері етігін киюге ыңғайлана бергенде Мирконың аяқталмаған ойыннан көз айырмай қарап отырғанын байқап қалды.

— Бәлкім, ойынды аяқтағың келетін шығар? — деп мысқылдай сұрады одан вахмистр. Ол можантопайлау бозбаланың тастардың тақтай үстінде қалай қозғалатынынан мүлдем хабарсыз екеніне әбден сенімді еді. Бала оған жасқана қарады, бірақ келіскен түрде бас изеп, пастордың орнына отырды. Он төртінші жүрісте вахмистр ұтылды және өзінің жеңілісі қайдағы бір кездейсоқ аңғалдықтың нәтижесі еместігін мойындауға мәжбүр болды. Екінші партия да осылай аяқталды. Кеткен жағынан қайтып келген пастор таңданғаннан:

— Валаамов мәшісі! — деп, айқайлап жіберді де, тәуратты онша білмейтін вахмистрге бұдан екі мың жыл бұрын дәл осындай керемет болып, бұған дейін мүлдем жақ ашпаған хайуандар аяқ астынан және өте данышпандықпен сөйлегенін түсіндіре бастады. Мейірбан пастор уақыттың тым кештеу екеніне қарамастан, шала сауатты баламен шайқасып көруге бел буды. Мирко оны да оп-оңай тізе бүктірді. Ол асықпай, қасарыса, тақтайдан бірде-бір рет бас көтерместен ойнады, бірақ оның ойынында мызғымас сенімділік бар еді. Келесі күндері пастор да, вахмистр де оны бірде-бір рет жеңе алмады.

Рұқсат алу

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.