ЗЕРДЕЛЕУ. ЗЕРТТЕУ. КӨЗҚАРАС
Абдурауф ФИТРАТ
ШАҒАТАЙ ӘДЕБИЕТІ
Абдурауф ФИТРАТ (Абдурахимуғли) – өзбек халқының біртуар тұлғасы. 1886 жылы Бұхара қаласында дүниеге келген. Ол әуелі молдадан ескіше сауат ашып, кейін атақты «Мир Араб» медресесінде білімін жетілдірді. Бұл тұста Исмайыл Гаспыралы реформасы Бұхараға да жетіп еді. Бұхара оқығандары жәдитшілдікті түсіну үшін Бақшасарай мен Стамбұл қалаларына арнайы адамдарын жіберіп, білім жүйесіндегі тәжірибелерін үйренді. Жастарды осы бағытта тәрбиелеу үшін «Тарбияи атфол» жасырын ұйымы құрылды. Осы ұйым бастамасымен ол 1909-1913 жылдар аралығында Стамбұлда тәлім алды. Жас ақын жәдитшілдік көзқараспен есейіп жетілді. Фитраттың Түркістан әдебиеті тарихындағы маңызы зор қызметінің бірі – 1918 жылы «Чиғатой гурунги» (Шағатай бәсі) ұйымын құруы еді. Бұл туралы алаштанушы-профессор Д. Қамзабекұлы: «Шағатай бәсi» – пiкiрталасты көздеген, ақыл-ойдың қайнауын тiлеген ұйым. Мұнда бәс шындық пен ақиқатқа тiгiлсе керек. Жеңген жан ғылым мен ағарудың абыройына бөленедi, көзi ашылған елдiң есiнде қалады. Түркi халықтарының тағдыры талқыға түскен кезеңде жұмыс жасаған «Шағатай бәсi» Түркiстан руханиятының қанжығасына олжа байлады. А. Фитрат пен аталған ұйымның iзденiсi бiраз адамға ой салды, бiраз жанды қателiктен құтқарды. Сөйтiп, Ташкенттiң рухани ауа райына игi ықпал еттi»,– деп жазады («Алаш және әдебиет», Астана, 2002 жыл).
Өзбек әдебиеті тарихын дәуірлеу үлгісін алғаш ұсынған Фитраттың «Шағатай әдебиеті» мақаласы 1929 жылы «Қызыл қалам» жинағының екінші кітабында жарыққа шықты.
* * *
Орта Азия әдебиетінің «шағатай әдебиеті» деп аталынуы Шыңғыс ханның ұлы Шағатаймен байланысты. Шыңғыс хан 1224 жылы құрылтай шақырып, өлкесін ұлдарына бөліп берді. Осы уақыттан бастап бұл өлке Шағатай өлкесі, ал тілі Шағатай тілі деп аталды ма екен? (Темуридтерге дейін мұны айғақтайтын дәлел таппадық). Осы негізбен профессор Вамбери және оны құптаған профессор Убайдуллин: «Орта Азияның елі мен тілі ортаазиялықтар тарапынан Шағатай деп аталды. Олар бұл атауды парсылардан алды» деген еді. Шынында да, Шағатай мен Темірге дейінгі бір ғасырда бұл өлкенің Шағатай, тілінің шағатайша аталғанын білмейміз. Бірақ темуридтерден соң өлкенің де, тілінің де шағатайша аталғанына шүбәміз жоқ. Бұл пікірімізге төменде келтіретін Лутфидің өлеңі, Науаидің сөзі, Мұхаммед Салихтың және Мажлиси деген ақынның шумақтары дәлел бола алады:
Науаи:
Ой күйінде қалып қойған парсышаны
Шағатайша көркемдеп жеткіземін…
Лутфи:
Лутфи, сендей абызды көрмедім Шағатайда
Шын сөйле Хито жаққа, не болса да…
Мажлиси:
Шағатайдың күндізі түн еді оған,
Ахуалы қара түнек күн еді оған.
Менменсіп жер бетіне сыймас еді,
Енді міне, тышқан іні мың алтын оған.
Мұхаммед Салих:
Бәлкім, мен мейлінше мейірлімін,
Мейірімді алып едім елімнен.
Шағатай елі мені өзбек демесін,
Орынсыз пікірмен уайым жемесін.
Олар айтты: «Сен Шағатайсың,
Мына жер елі Шағатайдың,
Не деп өзбекпін деп жат болдың?»
Ел мен тіл шағатай болып аталғасын әдебиет те шағатайша деп танылды. Алайда бұл «шағатай әдебиеті» деген аталым беріде пайда болған, әрі ғылыми аталым болып табылмайды. Әдебиет сол дәуірдің жоғары табы болған сауда буржуазиясының әдебиеті еді. Сондықтан бұл дәуірді «сауда-саттық дәуірінің әдебиеті» деп атауымыз керек.
Бұл әдебиет Шағатайдан басталып, темуридтер дәуірінің соңына (ХІІІ-XVI ғасырларға) дейін жалғасты. Шыңғыс ханнан темуридтерге дейінгі заманда шағатай әдебиетіне тән үлгілер болған жоқ. Тек Рабғузидің «Қиссасу-анбиясы» бар. Беріде өзбек ғылыми орталық кітапханасында «Мифтоқ ул-адл» атты жазылған уақыты белгісіз кітапты кездестірдік. Мұның тілі оның Рабғузи заманында жазылғанын аңғартады. Бұл дәуірге тән әдеби үлгілердің сирек кездесуі сол кезеңдегі әдебиеттің даму қарқыны төмен болғандығын көрсетеді. Шағатай әдебиетінің өркендеуі Орта Азияда сауда-саттықтың дамыған шағы темуридтер тұсына сай келеді. Бұл дәуірде шағатай әдебиетін үшке бөліп қарастырамыз: дастан әдебиеті, ясауилік әдебиет және сарай әдебиеті.
Бұл дәуірде халық ақындары мен бақсылардың дастан оқығаны анық болса да, олардың дастандары жазбаша түрде бізге жетпеген (мұны айту мүмкін емес).
Ясауилік – сопылық (тасаууф) әдебиет. Мәселеге кіріспес бұрын Орта Азиядағы сопылық жайлы айта кеткеніміз жөн. Сопылық мұсылмандықпен қатар қалыптасып, Орта Азияға кең таралды. Мұнда сопылықтың құбравия, ясауия, нақышбандия және қаландария деген ағымдары пайда болды. Бұл ағымдардың барлығы туралы кең мағлұмат беру қазір мен үшін мүмкін емес. Бұлардың ішінде ең танымалы – ясауилік пен нақышбандилік хақында қысқаша айтар болсақ: ясауиліктің негізін қалаған ХІІ ғасырда өмір сүрген Ахмет Ясауи болса, ал нақышбандиліктің басында оның замандасы болған Абдіхалық Ғиждуани болды. Ясауилік тағылымы: қараңғылық (хилват), дүниені тәрк ету, бұрынғы түріктердің әуенді ғибадатының бір түрі болған жанр. Ясауилік дүние-мүлік жинауға, сауда жасап мал табуға қарсы, көпшілігі диқаншылықпен шұғылданады. Бұлар сауда-
саттыққа (сарай әдебиетіне – А.Ж.) қарсы феодалдық өмір салтын жақтаушылар болды.
Нақышбандиліктің ұстанымы «қараңғылықтан жарыққа» сияқты қағидатқа сай келеді. Бахауиддин Әмір Қыраттағы Хусейінге барғанда өзінің нақышбандилік жолды ұстанатынын білдірген. Бахауиддиннің мүридтері (ізбасарлары – А.Ж.) саудагерлікпен айналысатын. Нақышбандилерден Қожа Ахрардың қаншама дүние тапқаны бізге мәлім. Қожа Ахрар Қыратта сол жердің белді зергері Қожа Парсоға шәкірт болып, ұстаз Фаррухтың қамқорлығында болған. Демек, нақышбандилер сауда-саттықты жақтаушылар, өздері де көбіне саудагерлер еді.
Ясауилік бұларға қарсы, Шайхзада Илияс Қожа Ахрарды сынға алатын еді. Темуридтер дәуірінде ясауилік ақындарынан кемеліне жеткендері – Саид Ахмет, Шамс Узганди. Бұлардың өлеңдерінде саудагерлер мен оларды жақтаушы молдалар жағымсыз кейіпте бейнеленіп, әшкереленеді. Бұлар дүниені тәрк етуге, шейхтерге шәкірт болуға үндеп өлеңдер жазды:
Таң сәріден Құдай сүйген құлшылық ет,
Бұл дүниенің талап дертін сұрап, достар.
Бейнетпен құтыласың бар пәледен,
Білімсіз уәжін таппас мұның, достар.
Дүниеге келіп, көз ашып, назар салған,
Оң-солын танып, ешқашан жолдан таймас.
«Өлмей тұрып өлудің» ет амалын,
Бұл хадистің мәнін ұғып өлдім жаңа,
Бұл дүниеде еш күлмеуді түйдім жаңа.
Оқу білсең ғәріптің көңілін аула,
Мұстафадай елді кезіп, күндей лаула.
Дүниеқоңыз пасықтардан бой тасала,
Бой тасалап, теңіздей тасыдым жаңа.
Қысқаша айтқанда, ясауилік – сауда-саттық мектебі тарапынан езілген феодалдық қоғам өкілдерінің мектебі. Сауда-саттық мектебі деп нақышбандилікпен байланысты сарай ақындарын айтамыз. Науаи, Бабыр, Байқара – бұлардың бәрі нақышбандилік бағытының өкілдері. Сондықтан да бұлардың дәуірінде ясауилік даму жолын жалғастыра алмады. Сарай мен сарай-медресе әдебиеті өте мәшһүр болып, осы тұста дамудың шарықтау шегіне жетіп, Азияның басым бөлігіне тарады. Әзірбайжанда, Осман елінде, Қырымда, Қашқарда, Иранда, Үндістанда шағатай тілінде өлеңдер жазылды. Шағатай тілін түсіндіру үшін сөздіктер құрастырылды. Тіпті шағатай әдебиетінің гүржі (грузин) әдебиетіне ықпал еткендігі айтылуда. Темуридтер дәуірінде өркендеген Орта Азия экономикасының ең бай отары (колониясы) Иран еді.
Иран Орта Азияның экономикалық дамуына ықпал еткендей, оның мәдени өркендеуіне де өзіндік әсері болды. Темуридтер отарланған өлкелердің өнер шеберлерінің қызметін пайдаланды. Олардың арасында көркемөнер шеберлері және ғалымдар да бар еді. Бұл келтірілген өнерпаздар мен ғалымдардың дені ирандықтар болатын. Иран сәулетшілерінің туындылары (бүгін де) көз алдымызда. Біздің классикалық музыкамыздың қалыптасуында да парсы сазгерлерінің рөлі зор. Әдебиет мәселесінде де осы пікірді айта аламыз.
Парсы әдебиетінің поэзия саласында мадақ өлеңдері (қасида), егіз ұйқас өлең түрлері кездеседі. Парсыларда егіз ұйқас өлең түрі ертеде, араб басқыншылығынан бұрын сасанидтер дәуірінде қалыптасты. Араб басқыншылығынан кейін парсы әдебиеті өзін араб тілі мен әдебиетінің қысымынан құтқара бастағасын, араб өкіметі орталығынан шалғайларда: Құрасан, Орта Азия өздігін көрсете бастады. Бұл дәуірдегі ақындардың барлығы егіз ұйқас өлең түрінде дастандар жазды. Мәснауишілік араб отаршылдарына қарсы, Иранда ұлттық рухты ояту мақсатында пайда болып, парсылардың ұлттық дастандарын жариялады және парсы буржуазиясы тарапынан қолдау тауып, күшейе түсті. Қасидашылық Иранда араб халифатынан азаттық алған үкімет(тер)дің үгіт-насихат қызметін мойнына алды. Өлең шумағы (рубаи) мен лирикалық өлең (ғазал) бұл кезеңде сарайлардағы той-томалақ әдебиеті ретінде жалғасты. Он үшінші ғасырда Иранда ұсақ феодалдықтар пайда болды. Бұлар өте кедей болып, негізгі қаржысын бір-біріне қарсы әскер жинау мен соғысқа сарп етті. Қасидашы ақындардың кірістері азайды. Байлығы кеміген әмірлердің назары да азайды. Осылай қасидашылық та сәнінен айырылды. 1292 жылы қайтыс болған Сағди қасидашылыққа қарсы бүлік шығарды. Иран өлкесі темуридтерге бағынышты болған уақытта парсы әдебиеті осындай жағдайда болатын. Орта Азия ақындары оның осы жағдайына еліктеді. Жағдаятқа еліктеу үшін олардың экономикалық жағдайы да септігін тигізді. Өйткені Орта Азияның темуридтер дәуіріндегі сауда капиталы ұзақ жалғасын тапқан жоқ. Темір балаларынан Шахрұх пен Әду Сейіт мырзалар жаулап алынған өлкелердің бір бөлігін сақтап қалуға тырысты. Бұдан кейін жаулап алу тұрмақ, ішкі бірлікті сақтаудың өзі мүмкін болмады. Байлықтары да жаулап алғандағы әуестіктерімен бітті. Сондықтан да әуесқой қасида (мадақ өлеңі – А. Ж.) үшін жол да, талап та қалмады. Осы пәни дүниені той-томалақпен өткізіп, қолда қалған байлықты сарқа төгуге берілді. Осындай пікірмен әдебиетте лирикалық өлеңдер мен ғашықтық жырлары туды. Сондықтан да шағатай буржуазиясы өзінің колониясы болған Иранда жоғарыдағыдай жағдайда жалғасқан әдебиетке еліктеді.
Сарай әдебиеті деп аталған бұл әдебиеттің алғашқы туындысы Темірдің өз жазбасы – «Тузуки Темур». Темірдің арманы – өзінен кейін балаларының жахангерлікті жалғастыруы еді. Осы мақсатпен өзінің тәжірибелерін жазып немесе жаздырып ұрпағына қалдырды. Бұл әдеби шығарма емес.
Темуридтер дәуірі ақындарға бай. Хан-ханзада, бек-бекзада – бәрі де ақын болды. Бұл дәуірде ғашықтық өлеңдер сарай тұрғындары арасында жұқпалы аурудай тез таралды. Бірақ бұлардың барлығының шығармалары әлі күнге дейін табылған емес. Өте аз бөлігі ғана белгілі. Барлығы табылған күннің өзінде де олардың бір-бірінен айырмасы болмасына күмән жоқ. Бұлардан бізге белгілісі – Дүрбектің «Жүсіп–Зылиха» атты ғашықтық дастаны. Бұл шығарманы Дүрбек Темір өлімінен төрт жыл өткен соң Балхта жазған. Шығарма өте сәтсіз жазылды.
Лутфи – ғашықтық өлеңдерін жазған ақын, тілі Науаиден гөрі ашықтау. Барлық өлеңдерінен шараптың исі аңқып, ғашықтық сезімі лаулап тұрады. Ол Шахрух сарайындағы сұлулардың қас-көздерін әспеттеп:
Уа, адамзат жаны перизат па едің,
Қауызын жармаған гүлдей нәзіктігің-ай!..
Атаи – Ұлықбек заманында Абулатиф қызметінде болған Балхтық ақын. Оның өлеңдерінің мазмұны да Лутфиден ерекшеленбейді. Лутфи не үшін өлең жазса, ол да сол үшін өлең жазды.
Атаи:
Жағада отырған перідей, қай сұлу,
Нәзіктігі бір қасық сумен жұтардай.
Иранның темуридтер отаршылдығына қарсы азаттық әрекеттері Темір заманында-ақ басталған еді. Әрине бұл әрекет Темірден кейін де жалғасты. Орта Азия Ирандай майлы отар өлкесінен айырылмау үшін сауда буржуазиясымен ымыраласу жолын ұстанды. Менің пікірімше, орталықтың Самарқаннан Қыратқа көшірілуінің себебі де осы. Иран ұлттық буржуазиясы оның саяси әрекетін дін, масхабпен бояды. Шийттік әрекетін күшейтті. Шийттік пікірлер жалпыланған сайын азаттық идеяның күшейе түсетіні түсінікті еді. Орта Азия буржуазиясы мұны бақылып отырды. Сондықтан да бұлардың өз арасында шийттікті қабылдау ойы туды. Темір ұрпағынан Байсұңғыр Мырза шийттікті қабылдады. Іс мұнымен біткен жоқ. Парсы буржуазиясы ұлттық әрекетінің сыртқы киімнен басқа мәселесі болмаған шийттік қимылы күшейе түсті, осыдан Құсайын Байқара шийттікті үкіметтің ресми масхабы ретінде жариялау керек деген пікірге келді. Бұл мәселеде сарай адамдары ортақ пікірге келе алмады. Науаи мен оның жақтастары мұның тиімсіздігін аңғарды, және бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарады. Иранда белең алған бұл әрекетке қарсы тұрып, қорғанысты күшейтіп, «өздікті» сақтап қалуды мақұл көрді.
Бұл әдеби қозғалыстың басында Науаи мен Құсайын Байқара тұрды. Науаи парсы тілі мен түрік тілі арасындағы сөз байлығы, әдеби қолайлылық назарынан ғылыми салыстыру жүргізіп, «Мухакомат ул-луғатаин» атты шығарма жазды. Бұл шығармада «түрік тілі парсы тілімен салыстырғанда өте бай, әрі әдеби қолайлығы бар» деген тұжырым жасады және мұны дәлелдеуге тырысты. Бұл мәселеде оның (Науаидің – А.Ж.) биік дәрежесіне қарамай парсы шайырлары оған қарсы күресті. Науаи көптеген шығармаларында түрік тілінің мәртебесін ұлықтады.
Парсы тілі өлді сол сәтте,
Тілге келсем түрік тілімен.
Түрік ұлымын деген жанмын басынан,
Түрік тілінде жырлар төккен шашыла.
(«Ләйлі-Мәжнүннен»)
Осындай әрекет Орта Азия сарай әдебиетінің беделін арттырды. Бұл дәуір әдебиетінің ұлы өкілдерінің бірі – Науаи, оның әкесі Кенже Батыр. Ол кісі әуелде бақсы еді. Оның ақындығы да болған. Әбіл Қасым Бабырға қызмет етті. Науаи 1440 жылы дүниеге келді. Ол Қыратта Құсайын Байқарамен бір мектепте тәлім алды. Мектепте Науаи парсы әдебиетін терең үйренді. Әкесі Қыраттан Машхадқа қашып барғанда Науаиді де өзімен ала кетті. Науаи әкесі көз жұматын осы көш кезінде 17-20 жастарда еді. Науаи Қыраттағы сарайға оралды. Қандай да бір себеппен Самарқанға барып, сонда тұрақтады. 1468 жылы Құсайын Байқара Қыратты алғанда Науаиді қасына шақырды. Ол қабыл алып, Байқараның кеңесшісі, кейін бас уәзір қызметін атқарады. Құсайын Байқарамен түсініспеушілік орнап, Астрабадқа әкім ретінде жіберіледі. Бір-екі жылдан кейін әкімдіктен бас тартып, рұхсатсыз Қыратқа қайтады. Он бір жыл шығармашылықпен айналысады және қайта бас уәзірлікке тағайындалып, он екі жыл бойы осы қызметті атқарады. 1500 жылы дүниеден озды. Оның отыздан аса шығармасы қалды. Олардың ішінде ең маңыздылары: «Мухакомат ул-луғатаин», «Хамса», «Төрт диуан», «Мажалиси…», «Насойим…» атты шығармалар.
Науаидің ақындық шеберлігі барлық шағатай шайырларынан жоғары бағаланады. Мұны кезінде Бабыр да қостаған. Исмайыл Хикмет әзірбайжанша басылған «Девони Хусайн Байқоро» еңбегінің кіріспесінде Құсайын Байқараның ақындығын Науаиден жоғары деп бағалаған, бірақ бұл қисынсыз пікір еді. Науаи шығармаларының тілі – аса құнды қазына. Оларды тек тілдік тұрғыда зерттеп, әрбір сөзінің мәнін ашу үлкен ғылыми зерттеу жұмысын қажет етеді. Науаи – тек ақын-жазушы ғана емес, ұлы ғалым. Көптеген бағалы кітаптар оның бұйрығымен, тікелей қатысуымен жазылды. Танымал суретшілер, сазгерлер, ғалымдар оның қамқорлығында болды. Өзі де әуенге әуес болды. Бабырдың мәліметінше ол күй де шығарған екен.
Өзбекшеден аударған Айдын ЖАЛМЫРЗА,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Түріктану кафедрасының аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты