Әлем әдебиеті

Афанасий ФЕТ. ТАБЫЛАР СҮЙГЕН СЫҢАРЫҢ…

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Афанасий ФЕТ

 

ТАБЫЛАР СҮЙГЕН СЫҢАРЫҢ

 

 

             Афанасий ФЕТ (1820-1892) – орыстың көрнекті ақыны. «Ұлы ақындарға тән лирикалық құпиялы құштарлық осы етжеңді орыс офицерінде қайдан жүр өзі?!» – деп Лев Толстойдың өзін таңырқатқан. Өлеңдері көкірек сазына құрылған, кілең күміс дыбыстардан тұрады.

 

* * *

Аяқ-қолда сыңғырлаған

кісен үні – ауыр үн,

 Басқан сайын салған салмақ ауырын.

Қадам сайын үрейлі өлке жақындап,

Қайтпайсың ғой менің сорлы бауырым.

 

Өңіңнен сұп-сұр сезінеді қабірің,

Жанар сөнген.

Қалған ба әбден көңілің?

Өкінбейсің ғой артыңда қалған өлкеге,

Мінәжатыңды да қимадың ғой, бауырым!

 

***

Оянсаң таңда күлімдеп,

Қадірлеп ескі ырымды.

Бір сәтке ғана сүйдім деп

Ақынға ұсын гүліңді.

 

Табылар сүйген сыңарың…

Тірліктің жайы ұрып, жанарсың.

Мәңгілік райхан гүл иісін

Сол жырдан кейін табарсың!

 

Жұлдызды тып-тыныш түн еді,

Ай нұры шаңдатып…

Сұлудың лебізі бал татып,

Жұлдызды тып-тыныш түн еді.

 

Жанымды езеді түн-тылсым,

Арылам қайтіп, құрбым-ау?

Махаббат сияқты мөлдірсің,

Жұлдызды тып-тыныш түн мынау.

Жұлдызды сүйемін, жан досым!

Қайғы да жанға түнеді…

Бәрінен артығы тек өзің –

Жұлдызды тып-тынық түн еді.

 

***

 

Қарағайлар місе тұтпай жаңа айды,

Қап-қара боп бұтақтардан қарайды.

Қалғисың ба-ау, оянасың бұлдырлау,

Қайдағы бір диірмен бе-ау, бұлбұл ма-ау?

 

Кейде тілсіз жел аймалап өтеді,

Шөгір гүлдің иісі кейде жетеді…

Жалтылдайды кейде алыстан мұз қатқан,

Түн жарымда құйын ұлып кетеді.

 

Тәтті-ақ мүлгіп кетер едім мұң салып,

Ұйқы әзәзіл, үмітімді қойса алып.

Періштем-ау, періштем-ай, қол жетпес,

Неге қатты сүйдім екен соншалық?

 

Неткен мұң бұл?

Жаңа атса да таң әлі,

Бақтағы жол ақ қылау шыға беріп,

Қар үстінде ирелеңдеп барады,

Ақ күмістей жалтылдап жылан өріп.

 

Саңылау болар аспанның жоқ көк түсі,

Дала да аппақ тастаған орап бәрін,

Қалбаңдайды жалғыз қарға зорға ұшып,

Желге қарсы қаға алмай қанаттарын.

 

Шуақ шашар көңілде әлі таң жырақ,

Қалтыратып барады кеуде тоңып.

Ұйқы баурап, ой мүлгиді қалжырап,

Бас көтермей құлаған бейнет өліп.

 

Үміт оты жалтырай ма бекерге,

Дәме шіркін, несі бар, ой қалжайды.

Көңіл тағы жасарып-ақ кетер ме,

Оралар ма сол өлке жанға жайлы?!

 

Ғажап өлке бораны өткен бір шеттен,

Мөп-мөлдір ой көкейді елжіреткен.

Сол өлкені тамылжыған гүл көктем

Сезінерсің көз емес, көкірекпен.

ӨЛІМ ЖАЙЛЫ

 

Бақытқа шөліркеп, қиналып,

Есеңгіретсе шарасыздық жайы ұрып,

Күйзеліп, көшіп күй ғаріп.

Үміттен жұрдай арылып,

Амал жоқ сөйткен сор маңдай

Өзіңе бас ұрар табынып.

 

Жаналғышым, сенбеші шаққа ондай,

Сабыр ет!

Сөнбесін алау от.

Күйзелген жандарда үміт көп қандай?!

Есті алған күйректік көз ілсін, салауат.

 

Күн туар бақсақ бір сәл шыдап,

Рахат бір леп есіп, қонсын бақ.

Бір кезде өмірден безгендер,

Дегендер бар амал таусылды-ақ

Саған кеп жұмақты дәметкен

Енді тұр алдыңда қалшылдап.

 

Ал енді жалынып, үндемей

Күн кешкен қайғыдан безініп,

Ызадан өмірді тілдемей,

Ішінен көндігіп, өзіңді сезініп,

Ұқса ғой тұрғанын дәніңе кезігіп.

 

Ентігіп антықпай,

Айнымай сабырлы қалпынан.

Соған бар, қорқытпай,

Ұйқылы шағында балқыған

Жай ғана бүркей сал

Желекті қалқыған.

 

Бал-бұл жанған аяз тұр, түн жап-жарық,

Сықырлайды қар бассаң.

Түптегі атың ойнақ салып,

Тықыршып аяқ алмасқан.

Ал, отырдық ,қымтанайын,

Түн жап-жарық, жол – тақта.

Сен де үндеме, тіл қатпайын

Тарт әйтеуір бір жаққа.

 

Аударған Дулат ТҰРАНТЕГІ

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.