Әлем әдебиеті

Евгений ЕВТУШЕНКО. МЕНІҢ ШЕШЕМ ЖӘНЕ НЕЙТРОН БОМБАСЫ

0

СҰЛУ САЗДЫ СӨЗ САРАСЫ

Евгений ЕВТУШЕНКО

 

МЕНІҢ ШЕШЕМ ЖӘНЕ

НЕЙТРОН БОМБАСЫ

 

           Евгений ЕВТУШЕНКО атақты орыс ақыны, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Испания мен Американның өнер мен шығармашылық академиясының құрметті мүшесі. Питсбург университеті мен Санта-Доминго университеттерінің профессоры. Көптеген өлеңдер һәм прозалық жинақтардың, киносценарийлердің авторы. Оның туындылары әлемнің жетпістен аса тіліне аударылған.

 

* * *

«Біздің фирма сіздерді кез келген атом,

оның ішінде нейтрон бомбасынан сақтап

қала алатын люкс, жартылай люкс типті

және бір адамдық арнайы бункерлер

жасатуға заказ қабылдайды… Төлемақысы

келісім бойынша».

Батыс газеттерінен

1

 

Менің шешем комсомолка болатын

қызыл шәйі орамалды,

жарғақ куртка – кигені,

Жарғақ куртка тозды қазір,

сыпырылды,

сыдырылды илеуі,

енді шешем кей кездері

картошка мен тары ботқа бұқтырса,

кастрюлін жабу үшін сол жарғақты сүйреді.

Бір кездегі

Шешемнің жас денесінен бусанғандай, жұмсарғандай,

буға бөгіп, жібиді.

Жарғақ куртка жаны сірі –

талай тұста киілді.

Ол әлемдік төңкерістер өрттерінен өтті аман,

Оқ топанға – тосқауылға

тұтынылды, тұтылды!

Оқ теспеді,

Бірақ бүтін, бірақ тұтас бұйырды.

Оқ орнындай жалғыз тесік,

Тесік бірақ өңірі.

Бұрап салған бір кездері,

бұрап алған кейіннен

Бұрандалы темірі –

Ол кешегі оттай жанған төрт әріп:

МОПР – дейтін значоктің орыны.

Төрт әріптің мағынасын

ұмытпаған сондағы

Сол ұрпақтың өкілі едім мен-дағы.

«Роллинг стоунз» значогын «АББА»-ға,

ал «АББА»-ны «Элтон Джон»-ға айырбастар таңғала,

Жеткіншегі жетпісінші жылдардың,

әлгі сөздің ажыратса,

мағынасы былай еді демекпін:

Революция күрескерлеріне халықаралық

көмек ұйымы,

Шешем кейін значокты

тастағанда тағуды,

Қызықтадым, қолыма ұстай жүріп мен:

Значокта – түрмеге тән тор бар-ды.

Темір торға жармасулы қол бар-ды,

Қол бар еді – түрме торын сіліккен,

Тор бар еді — сіліккен қолмен кіріккен.

МОПР

деген сөзді естісем,

еске алам

Жарғақ куртканы, иісін сезіп тұрып мен.

Менің шешем — Зинаида Евтушенко Ермолайдың қызы әлі

бір тынбайды,

қутыңдайды,

жас дегенің жетпіс екі жастан әрі ұзады.

Пенсияда,

жұмыс істеп жүрген жері –

адамдардың ортасы

Қыбыр-қыбыр осы жұмыс арқасы

түспей жүрсе оған ажал тұзағы.

Ол Рига вокзалында киоскіде

газет сатып тұр әне,

Жетеді оған алақандай осы әлемі –

өзіне тән тұрағы:

қасапшысы — «Футбол-хоккей» апталығын

оқитындай туғалы,

көшетшінің – «Америка» журналы екен құмары,

сүт сатушы – «Денсаулық» журналын ап тұрады.

Сыйға – сый ғой,

сыраға – бал…

сияпатқа бола сәл,

Бұл мейірбан оқырмандар шешеме де қарасар

өздерінің дүкенінен… қатқан тауық қалдырыпты –

Мопассанның мекендесі ала сал.

Кейде апельсин жарты кило – дәмі Лопе де Вега елінің,

кейде ораулы ақ ірімшік – сүйікті осы Майи Лассиль тегінің,

Оны алмасаң,

Лассильді лайықты аударған

Қалдырардай көрінесің Зощенконың көңілін.

Сондықтан да шешем менің

Ортан қолдың саласындай,

бәйбішедей қоғамда,

бәрі де өз баласындай,

«қасапшым» дер, «көшетшім» дер, «сүт сатушым»

дейді оларға әмәнда.

Мархабатпен сезінеді ол байланысты өзіңе,

Керектігің айналаңа –

байланысты адамға.

Сан значок сатады ол

қалта-қалта қоржынымен,

Гагариннің суретімен, олимпиада қонжығымен.

Ал әпкемнің қызы Маша –

он бес жасар немересі,

көз қуаныш сүйеу болған,

Сыр сандықта ойнай-ойнай саусақтары сүйел болған,

төсі ептеп жұмырланып, жайраң қағып,

Кеудесіне «Иисус Христос суперстар»

Значогын алған тағып,

Оны бірақ шешемнің

киоскісінен

Алмағаны айдан анық!

 

2

 

Таныдым мен Иисус Христосты,

Күрмеуі мол, күрделі қатынаспен.

Әрбір совет баласы солай шығар

Тәнті болып –

«Павлик Морозовты» оқып өскен.

Мен шіркеуге бармадым қазіргідей

Әдет емес, болатын әдеп ескі,

крест тағу күрмеулеп сән емес-ті.

Қысқы «Москва» бассейні басында

Бала көрдім бірде мен…

пионер ед және де,

Маңғаз, мардам шешіп жатты галстугын алқызыл,

іліп жатты шегеге,

арзанқолдау қырғыштемір – кресі қалып қойды мойнында,

қалып қойды денеде.

Өртін-әртін, әртінде – бұл Москва бассейні орнында

күңгір-күңгір ғибадатхана болған

(Жарылқаушы жаббарға ғана болған)

Талқандалған кезінде сол орданың,

Маңдайында кресті бір күмбезі

алтынменен апталып, бағаланған.

Жарылмаған, жарықшақ түсіп бірақ,

Батырдың дулығасындай домаланған.

Кейін мұнда –

салмақ болды Сарайын Советтердің,

бассейн боп біткен еді… ақыр соңы әлектердің.

Дәл қасында музей тұр,

су буынан

Импрессионистер бояуы барады оңып…

Өкінішті…

Бұзылды орда, бар ма амал

ең болмаса малданар?..

Сол өкініш өтеліп,

Қолын көкке көтеріп,

Тұрмағаны ескерткіш –

Лениндей дана болып.

Христосты көргем алғаш шіркеуде емес,

Құтханада – құйтақандай, тар лашық,

Сібірде еді. Қырық бірде.

Жүрген кемпір жансебіл боп жер басып,

Сарыуайым, ізімқайым – соғыста ұлы,

тартып жүрген тірі азап,

сол ұлы үшін басын иіп, құлдық ұрып жасап жатты мінәжат.

Шаң мен тозаң ыстаған,

Бір суретке құлдық ұрып бәйек күйге түсті Ана,

Бейбіт Ташкент аясында жасалатын сол кезде

Киножурнал көрсететін қабасақал

партизанға ұқсаған.

Кемпір сонда құлдық ұрды –

қайқы орақпен қар астынан соңғы талшық суырғандай,

Мәуесіне мәз еткенде басын шұлғып табиғатқа

табынғандай, сыйынғандай.

Құдайына құлдық ұрды ол еш қылаусыз, еш мінсіз,

«Құдай да» оған тұр болысып

ләм-мимсіз, үн-түнсіз.

Ұрлық-қарлық енді бүгін

икондарды саудалаумен алмасты,

Еш суретпен – еш құдіретпен орны ешқашан толмас-ты,

Россия бар еді онда жай ғана,

Жоқ еді онда – иконсауда, айла да.

«Өлтірмейік өнерді!» деп даурығып,

Сол кемпірдің ессіз-түссіз діліне –

түспеді ме сәл-пәл кірбің, сәл күдік.

Без түсірдік бүйрегіне Құдайдың

сондай-сондай кемпірлерге

тұратұғын сәл бұрып…

Одан кейін көп көрдім мен –

шіркеулердің, музейлердің,

экран мен мюзик-холдар Құдайын.

Құдай болып кетуімнен қақты ұдай

«Құдайымның» өзі мені лайым.

Ал бір жолы,

«Матфейдің інжілі» атты киноға

Пазолини басты рөлге шақырып,

Марксизм рухында болады деп тақырып,

Лауазымды бір адамға хат та жазды қатырып

«Құдай» болып кетуіме сол жолы

Көмектесе алмады ол да ақыры,

Шүкір тоба!

Шындықты айтсам тегінде,

Құдай болса

(бір білерім менің де),

Оның орны – жертөледе, тар лашықта, жер үйде.

 

3

 

Жертөле емес, жер үй емес,

Перуджа атты итальян қаласында таяуда,

муниципальды көркемсурет көрмесінде керексе,

Құдай көрдім ерекше.

Көрмесіне «Құдай» етіп қойғаны

о, ғажайып, Құдай емес – өлексе.

Сүйектерін сылып алған секілді,

Қан мен сөлін сығып алған секілді,

боксер бала иығында иленген

Сүлгі десе болғандай,

ал немесе қауқиған бір қуыршаққа ұқсайдьг,

ойыннан соң опырайып қалғандай.

 

Итальяндық профессор жүзінде иман бар ізгі,

бола алмаған карбонарий тәрізді,

сынығындай сызылып кеп асылдың

бұл сурет – мүлкі деді он төртінші ғасырдың.

Не бір тарлан танымпазы өнердің,

аты-жөні сақталмаған шебердің

Суретінде айтпақ ойдың астарын таппақ болып,

ашиды екен жандары

Желкелерін қасиды екен болғаны…

Мен де тұрдым сол суретке шұқшиып,

Қасымадым желкемді – қасиетін таба алмасын іш біліп,

Көптен бері қорқамын мен басымнан

табан тірер талай ойым тарыдайын шашылған.

 

Бұл өмірдің меніңше,

мағынасы, маңызы –

адамдар боп, оқиға боп сіңіседі тәрізі.

Білгендерге түсіне,

(Бір оқиға болмай ма екен тірлік еткен кісіде).

Тиянағы, тұтқалы ойы ғаламның

Менің басым түгілі

Сыя қоймас

кез келген-ақ кемел бастың ішіне.

Ұштығына жеткізбейді ой деген,

Ұшпағына жеткізбейді көлденең.

Ойсыз өмір сүре алмайсың және де

Ойланбаса жүре алмайды өлмеген.

 

Мен ойладым,

таптырса деп осы сурет түйіні

Терезеден көрінеді көк аспанның қиығы:

Бір қарасаң, бурыл бұлтқа ұқсайды екен бұл сурет

Көкті ойламай,

Жерді ойлаумен

түсіп кеткен иіні.

Терезеге келдім жақын,

көрдім жақын бұлттарды,

кейбір бұлттар қабырғасы сөгіліп,

төбесіне қызыл шатыр үйлердің

төніп алып, төңкеріліп, емініп,

адамдарға қарайтұғын секілді

аласарып кеткендейін көрініп.

Бір суретке байланғандай қаралай,

Дүкендердің жаймаларын

тұрды адамдар жағалай,

бастарында басқа ойы жоқ,

сатып алу бірдеңе

сатып алу қайткенде де бас-көзіне қарамай.

Сыңғыр-сыңғыр шыны-аяқты

сылдыратып сән беріп,

сыңайымен сызданысып, қабақтарын сәл керіп,

қимылына өздерінше ой үйіріп, мән беріп,

Темекінің көк түтінін шекітеді бәлденіп.

Бір режиссер бірде маған айтып еді:

«Күмән жоқ,

ой дегенің ойлы адамнан шығар» деп.

«Көмейінде айтары жоқ, көкейінде ой табы жоқ актер

кадрларға шылым шегіп шығуға

Өмір бақи өлердейін құмар» деп.

Астан-кестен мынау алаң

ауа жайылып әр адам,

Сары уайым сол емес пе –

тәртіп кетсе санадан.

(Мен сананың жүйесіне құлаймын!)

Ой жүйесі жоғалған жер, мінеки,

Қолқылдаған қабағындай манағы

Иіні жоқ, иығы жоқ иі түскен Құдайдың.

Ашық аспан астындағы ағаш эстрада

Өртшілердің үрлемелі оркестрі өзеурейді,

сұрама.

Құйқылжытып Вена вальстерінен

ойнап тұрды қырық құрау құранды мен құрама,

ең аяғы кофе ішетін шыны аяқтың сылдыры

ию-қию құрандыға қиюласпай тұра ма?

Алаңдағы адамдардың алмағайып тасқыны

әлемдегі құрандыға қосып-шатып әлдекім

қоса салған бір бөлшегі шығар, ә?..

Перуджаның әккі де әңгі алыпсатар қулары,

Құзғынға ұқсап қарқылдасып, қанаттасып шулады.

Қолындағы темірлерін ыстық табы кетпеген

құяңдары сықырлаған сұлуларға еппенен,

Веспасиан дәуірінің сөлкебайы көненің

бір қаралық қазына деп,

дәлелдеп кеп дегенін,

Жымысқылап тықпалады,

жым білдірмей бұлдады.

Цыган бала алабажақ бір әлеміш шекпені,

садақаны сұрағанда –

суырады өкпені.

Ар жағында – жекеменшік жабық «вольво» ішінде

цыгандардың төрағасы

сықыр-сықыр ақшаларын санайды.

Санайды да қаттап-қаттап орайды,

алабажақ әлеміштен «көркемөнер» көрсеткен

ұлдарының ақ адал

еңбегіне балайды.

Судан әйелі шекесіне сәлде орапты шошайған,

Пизадағы мұнарадай құлайын деп қисайған

Күміс тегеш ішіндегі

көгіс лимон қабығы бар

қол шаятын көк суды

ұрттап төгіп, ұрттап төгіп

тегі мықты тек сынды,

нәсілінде, даяшысы құлақ кесті құлдардың

қабағымен тіксінді,

жанарымен тепсінді…

 

Тымырайған түсі тылсым екі ирандық

ащы ішектей илеп, созып қамырын,

сыпсың етіп сыбырласып сақтай қалды сабырын.

Перуджаның күмбезінен келеңкесі көлбеңдеп,

сұп-сұр жүзді аятолла бергендейін әмірін.

Жергілікті бір топ жігіт провинция атаманы

Казановтың қатарына кіргеніне мастана,

шаруасы жоқ күйі кетсе дүние…сайқалдықтан басқада.

 

Ешбір ермек таппастан,

отырғышы күнәлардың күйесімен баттасқан

машинаның кілттерін қолдарында үйіріп,

көз алдында самсап бара жатқан сан

балтырларға сын айтып,

болмысына мін айтып,

өзеурейді өздерінше сүйініп.

Саяси шолушыдан

әсіре әуей сөздерін

санайды көш ілгері,

шолушысы – аяқтың, балтырлардың

барып тұрған «интернационалистері».

Келмеген аяқ мұнда шамалы еді,

балтырлардың жиналған – «интернационалы» еді.

Итальяндық балтырлар – қатқыл кактус түріндей

олақ ұстап, оқыс тиген ұстара

тиіп кетіп тілімдей,

көзге онша ілінбей,

жалбырап тұр түктері –

жапырақтың түгіндей.

Скандинав балтырлары –

көкшіл білеу тамырлары

шығанақтың көкшіл суы көпіршітіп суарғандай.

Мақпал, майда неміс балтыр –

сарғыш қана секпілі бар

Гамбургтың қышасынан сеуіп алып, сыланғандай.

Француздық бөлек балтыр –

шұлық кисін, ұйық кисін

Түк кимеген тәрізденіп, тыр жалаңаш жаралғандай.

Ағылшынның ақ балтыры –

сидаң сіңір; тұт тарамыс

табиғаты – үзеңгі қағып, жүре-жүре таралғандай.

Американ балтырлары –

түзу, берік түрпідейін,

тұтқыр бірақ баскетболдың бағаналы қалқанындай.

Ал латынамерикан балтырын

толарсақтан күміс шынжыр арқылы

қожасынан құтқармайтын

құйттай кісен қарыды да қарпыды.

Үрке біткен қара меңді

боп-боз түрі білінбеген,

Діндар ойлап әрнемені, сәлден кейін не болар деп,

Испан – балтыр дірілдеген.

Африкан балтырлары —

қара ағаштан жона салған,

Қызылөкше гүл жапырақ, табанына қона салған.

Жапондікі –

маймақ балтыр,

(қарап қалсаң бір оқталып)

Шеше арқасында өскендіктен

арқаланып, құндақталып.

Осынша аяқ, осыншама балтырдан,

Үш қытайдың студенті салқын қан

капиталистік аяқтарға –

басқа дүние балтырына

тәкаппарсып қарамай,

қолтықтасып кірпияздау, қыдырып жүр жағалай.

Сәл-сәл ғана сескенеді,

бірлігімен дес береді –

күйремейтін күрескерлер секілді…

біледі өзін бағалай.

Даңғаза алаң ию-қию дастанымдай дәл менің,

Әлде менің дастаным ба –

таба алмаған қиюласар өрмегін

ортақ ырғақ табылмады, ұйытқысы табылмады ұйқастың,

Желімі жоқ біріктірер

қисыны жоқ жеңіл ойдан күй қашты.

Кенет… кенет…

Сол алаңға суырылып,

шыға келді екі бала – бозбала,

лып-лып етіп ұстараның жүзіндей

қимылдарын қалт жібермей қозғала,

Жылпылдаған біреуінің қолында –

Жылтыр тұтқа ұстап алған айқарып

шелегі бар кеспекше,

шелектегі – сағыз желім шайқалып,

бояу – қалақ қалтылдайды –

көлшіктегі ескекше.

«Перуджиннің» конфет фабрикасы

қапталы екен – кигендері үстіне.

Шоколодтың майлы бояу таңбасы

қолдарынан көрсетпейді күсті де,

бұл жұмысшы бозбалалар, бейнет көрген иіні,

Жүздерінде бір мысқал мұң –

бұғып жатыр бұйығы,

Сонау мопр значогы ұшқынына ұқсайды

қас-қабақтың астындағы қиығы.

Бояу қалақ кенеттен

ыршып шығып шелектен,

қалды қарысып қолма-қол –

біреуінің қолында.

Екіншісі бір мырс еткен мысқылмен

көбік кофе ұрттаған,

кеуек музыка үшкірген

көлеңкенің астындағы адамдарға, оркестрге

бір қарап,

плакатты жапсырды-ай кеп жалма-жан.

Солқылдаған жайдақ қақпа

Жалтылдаған жасыл күмбез қалмаған,

осы алаңнан сонау жолдарға дейін

тартты дейсің туралап –

жапсырған да жалғаған.

Би билеген өртшілердің

өкшесінің астында

өршеленіп осы алаңға көрінді

өрттің қордасы.

Сұлап жатқан ұзыннан,

айқұш-ұйқыш, крестермен сызылған

пайда болды қара беттей –

қара нейтрон бомбасы.

Вена вальсі үздік-создық… қалғандайын жайына,

Жұрт айқайлап, келгендейін Вальтасардың тойына.

Айқайға ұлас ұрандар да шықты енді:

«Тоқтатыңдар, нейтрондық бомбаны –

құртыңдар бомба біткенді!»

Қос бозбала бозша талдай солқылдап,

алаңғасар аптықпай да алқынбай.

Тобыр дүрмек тарап кетпей тұрғанда

топ ішіне сүңгіп кетті толқындай.

Нәпсіқұмар нәмәрт біреу

жең ұшынан жалғасып,

талшыбықтай таиландканың етегіне жармасып

жалт бергенде ол,

жалп еткені алжасып…

бұтындағы джинсиі мен

аяқтағы мокасин

шалшық емес, шалпуышқа көнетін

Желім-сағыз көтертпеді қалжасын,

Міне, желім!

Желімдеді-ау, жапсырды-ау

кетіктерді, сетіктерді кетілген.

Заманымнан үгітіліп мәңгілік

ұнтақталған секілді ем,

Заманыма жұғыстырды-ау, жағыстырды-ау мені де!

Шоколад пен бомба жасап әртүрлі,

сан ажалдың иісін судай сапырған

Фабриканың бықсық иісі арқылы

Жарғақ куртка иісі алыстан шақырған,

(қасиеті қалай ғана берілді),

итальяндық мынау екі бозбала –

жазып жүріп плакаттар қыртысын,

сол куртканың тозған илеу іркісін

сылап-сипап жүргендей боп көрінді.

Муниципальды галерея үйінде

өз ойына өзі ырза боп күйге енген

қалғып отыр қарауылы музейдің.

Құдайшылдар қоғамының қисапсыз

«құдайақы» уәдесіне үйренген,

бағанағы сүйегі жоқ, сиығы жоқ – сол Құдай,

жанданғандай,

денесіне жан біткендей әл құрай,

Өмір сүріп кетпесе де,

өмір үшін қамданғандай берді рай…

Мына бала-бозбалалар

көрінбесе шіркеулердің ішінен,

Кешіреді бұл Құдай,

өйткені ол әлдеқашан түсінген:

христианның әулиесі сол енді –

мойнындағы крестімен табынар,

қойнындағы қаруымен жарылар,

христианды құтқаратын соғыстан

санасында болса егер Ары бар!

Әлгі крест айқұш-ұйқыш сызғылаған бомбаны

Сол крестен шыққан жоқ па, түбірі,

Галилейден шыққан ұста ұлының

Дарға керіп тастағанда соңғы сәттік ғұмырын,

«Бәтіреке, бәтіреке, өлтірме, – деп, – өлтірме!»

Айтқан сөзі емес пе екен,

Аманаты емес пе екен –

ақтық көздің нұрының.

 

4

 

Болды шешем белсенді актив бір кезде

Құдайсыздар Одағында,

ереуілшіл топта да.

Қазір де бар көрінеді бұл ұйым

салқын сабыр сақтайды екен тек қана.

Күрес бұрын ашық болған

бетке айтқан ғой бұғынбай,

басқаша айтсақ, бақырайтып көздерін –

Құдайсыздай «құдайлардың» қолтығына тығылмай.

Әжем мені шоқындырды жасырын,

Жалтылдаған крест тұмар – қосағым

жатты бірақ жез қорапша ішінде,

николайлық сөлкебайға соғылып

сыртындағы Георгийден әулиенің әлпетін

боп-боз етіп бедерін ап,

кеткен бе уақыт кеміріп.

МОПР деген төрт әрпі бар ескі значок солармен

бірге жатты жалтылдаған бояуы аздау көрініп.

Қырық бесте ашты шешем

тұтқыр тұтқа қорабын,

Қорабынан ашқан кезде орауын –

Ұлы Отан соғысының медальдары сау етті,

Арасынан тағылмаған кресі де шыға келді баланың.

Біздің мұра-мүлкіміз де бір қорапқа жиылған

бауырластар қабіріндей, бір топырақ бұйырған,

бейіттегі белгідегі жазудайын жалғыз кез

қорапшаның қақпағында: «Ландрин» жалғыз сөз,

фамилия секілді ортасынан қиылған.

Ұлы Отан соғысында

жетті шешем жеңіске,

Жүк машина қорабында жадағай,

«Катюшаның» зуылына қарамай –

тігіп басты кепілге,

ән шырқады қанды майдан өтінде,

ал танкілер айқасқа,

ала кетті алаңсыз,

концерттерге киетін –

көйлегінің сәулелерін оқалы,

кетті бірге сезім толы мақамы

сол соғыста ұшты-күйлі хабарсыз,

Соғыстан соң «Форум» кинотеатрының

фойесінде

ән шырқады ол

дауысының сездірместен қырылын,

қатардағы буфетпенен қапталдаса отырып,

Гитлерді жеңіп келген жігіттер

Сыраларын сапырып,

Дина Дурбина үлгісімен шашын қиған

қызды көрсе «аһ» ұрып,

қуқыл өңді, көркі бәсең әншінің

дауысына құлақ аспай оншама,

сыйламайтын,

өздеріндей жеңімпазын соғыстың,

шын жеңімпаз екенінде күдігі жоқ болса да…

Біз «Форумнан»

Мещанский төрттегі

үйімізге қайттық үнсіз –

қайтқандаймыз өкпелі

Танкілерге тарап кеткен

кестелі оқа сәулелердің өтеуі,

концерттерге киетұғын шешемнің

көйлегінің сыбдыр етті етегі,

асфальттағы көзден таса

лейтенант погоны оған іліккен,

Үш жұлдыз тұр әрең-әрең жылтырап… әрең-әрең біріккен,

Басқа жарық жоқ маңайда.

Басқа жарық үміттен…

Шешем үйге келісімен басынан

сыпыратын сәбіз түстес

жасама шаш – жабуын,

Сүзектен соң қызыл шақа құйқасы –

қиын еді тануың.

Ербеңдеткен секілденер бала солдат –

қалтылдаған жас басын

шешіп алса қорғаны жоқ, қолапайсыз каскасын.

Өз-өзімнен күштеніп

Жарылардай намыстан,

жасты жұтып деміммен,

күбірледім тістеніп:

«Ендігәрі, анашым, ән айтпашы!» дедім мен.

Солқылдады, жылады.

Тыңдап мені құтылды.

Ұлы Отан соғысында ұтты шешем ұтырлы,

ал дауысын өзінің жоғалтты да,

ұтылды.

 

5

 

Шешем жаңа қызмет бастап кеткен,

Мосэстраданың балалар бөлімінде –

әкімшілік жұмысын жандырғалы.

Өгей әкем біздерге тастап кеткен

қарындасым екеумізді

көз таса, көңілден шет қалдырмады…

Қарындасым –

маңдайы ашық, бұйра шаш баяншы еді,

Жарты әлемді құрайтын жарым жетім

Жолбике баланы кім аяушы еді?

Шешем үйге көлденең жұмыс әкеп,

көшіргенде

концерттер рапортын,

Әні айтылған авторлар кассасына

тиын тамып жататын біртін-біртін.

Жинақ касса жалғыз-ақ шешемдегі –

сол баяғы «Ландрин» қорапшасы.

Соғыста алған әртүрлі медалына

араласып жататын бар ақшасы.

Консервінің қалбырын тебе-тебе

табаны да қақырап сөгілетін,

жырым тұмсық ботинкам танауымен

тербеп

қарындасымның кереуетін

тыңдайтынмын жанымның алауымен,

қарлығыңқы қапылған әуенімен

тым тұманды Альбион жағасынан

Вадим Синявский әнінің құбылысын,

Қақпасына «Челсидің» аласұрған

Бұзып-жарған Бобров ұмтылысын.

Үшбу хаттай рапорт толтырудан

көрмеді құрғап қолым.

Блантер де, Соловьев-Седой да көз алдымда,

Фатьяновтың, Солодарь Цезарьдың да

Әр күн сайын өсірдім жинақ қорын.

Дунаевский дейтұғын фамилия

Қанша рапорт кездессе – сонша жолда,

«И. Дун». деп қысқартып жазушы едім

Көз бұлдырап, бас зеңіп шаршағанда.

Түк шықпайды көп жазған құр әріптен

(Көп бүлінді қолтаңбам туа біткен)

Шостакович есімі кездессе егер

Жазғым келіп тұратын ірі әріппен.

Фамилия, топанын есімдердің

көшкініне

көміліп көшіргенмін.

«Құрауов» пен «Сұрауов» арасына

басым зеңіп,

белгісіз өз атымды

Ағатайым, шығардым жазатынды,

Жазып болып,

түсінбей тесілгенмін,

байқап қалсам – байызсыз өшіргенмін.

 

Арша-шырша аңқытып

Аязата қонақтар

көп келетін шешеме.

Қызыл тоннан суырып

қошқар тұмсық арақты

құятұғын еселеп.

Қартаң тартқан ішінде Қар қыздары болатын,

ал біреуі солардың –

(ұмытқан шығар ел атын)

Вадим Шершеневич –

имажинист ақынның,

әлде екінші, үшінші

заңды жары болатын.

Рапортта ол есім –

көрсетпейтін елесін.

Жыландайын жиырылып,

жиырылып, жазылған,

Сахнадан мезі әйел шаршап біткен, қажыған,

ұйпа-тұйпа бір сәтке үй мысығы секілді

кресло үстінде малдас құрып бұйығып,

әлденені иіріп, жіп суыртпақ шиырып,

қарындасыма арнап башмақ тоқып отырды.

Зәрлі, кәрі Горыныч –

сүйген «құлы» ортаның

сызып жатыр пулькасын преферанс-картаның,

құмар менің шешемнен ұтылуға ұтылап,

Жалақысын біледі…

қанша екені қауқарын.

Қызыл Телпек аянып

соғыс салған жарасынан қорынып,

қасындағы құмар әйел – қырықта

қолбаладай желігіп,

қипалақтап пеш жанында –

әдетімен төселген,

Жым білдірмей жасырады шешемнен,

сабақтан соң «Красносельскийде»,

кіршігі жоқ періште үйде –

аумайтұғын айнадан,

шыдам кетіп шарасынан, жастық тысы арасынан

суретін көрсететін

полк баласы рөлінде ойнаған,

махаббаттан маған қызық үйрететін «оңбаған».

Мен осынау – дақпырты жоқ, даңқы жоқ

кішігірім артистердің кісілігін сүйген едім,

сүйемін!

Атақтыны қақтыратын тәлтірек,

Өнердегі туыстықты

біледі олар шын өнердің нарқы деп

біледі олар не екенін киенің.

Беу, әттең-ай!

Мещанский төртіншіде

менің шешем қолынан

берілгенде Христостың соңғы асы,

анық еді Құдайды алдар жайттардың болмасы.

Соңғы ас емес,

болар ма еді ол,

болар ма еді – дәм басы.

Сұр Қасқыры алып келген

турамшылап сұр етті,

Шешем сібір пельменіне қолы қандай

тым епті.

Мыстан кемпір тұздық үшін жаңғақ үгіп қарық қып,

Василиса ару фарш жасап

қармасынан балықтың,

қолға іс алса келтіреді шын нәшін,

фаршқа орап жіберіпті бір жолы –

құлақтағы көкшіл ақық сырғасын.

Ал бір артист-жонглёрше –

қытай еді нәтінде,

тамақ жасап білемін бір қойғанын,

Жеуге бірден бара бермес дәтің де,

неден, қалай жасалғаны беймәлім,

бірақ бәрі – ортақ дәм боп ықыласпен қойылып,

гүл жайнатып жіберетін дастарқанды сәтінде.

Пролетариат елкасы секілді еді –

жақсылардың басын қосқан жаны ізгі

Әлемдегі жарым жетім, жартылардың құрылтайы тәрізді.

Сол бір, сол бір Қар қыздары

талма менен қабынбадан кетті өліп,

ал балаға, ал ұрпаққа махаббаты…

Өлмейді олар шектеліп.

Ол жақта да Мосэстрада

құрметті грамотасын көрсетіп,

балалардың бөлімінде Көктегі,

қызметке қолдары анық жеткені.

Өліп кеткен Қар қыздары,

өлген Аязаталар,

маған бейне басқа әлемде

махаббатқа қаталап,

Жаңа жылдық жаңа арша,

жаңа шырша жайнатып,

Жүрген сынды өлі сәби –

балаларды ойнатып.

 

6

 

Жан анашым,

әлі күнге егілем де, езілем

Ленинградтың қу сүйекті, құр сүлдерлі –

балаларын сезінем.

мен бүгінгі газеттерді оқимын

күллі әлемдік ёлкаға келген –

өлген балалардың көзінен.

Пискарев зиратынан солып қалған тарамыс қол сіңірлі,

шыршадағы сарғыш фонарь мандаринге ілінді,

бала қолы жұлып алды, жұлып алды, не істейді?

Өлі бала – өлі дене, білмейді ғой түгіңді.

Освенцим балалары беті қисық, торғайдайын көкала,

қақалады, шашалады улы газға қамала.

«Аязата, аяй гөр» деп зарығады бәрі де,

Сыйлыққа емес,

жалғыз жұтым… жалғыз жұтым ауаға.

Шешесінің жатырынан жарып алған

сонгмилік сәбилер,

Ырылдаған Сұр Қасқырға қолын жайып зар илер,

Белфаст, Бейрут балалары көрген бомба талқанын

Парша-парша, арса-арса қаңқалы,

Қызыл Телпек сол қаңқаны

құрамақ боп байқады…

Сальвадордың балалары әмір-темір танкілердің

табанында жаншылған,

Зәресі ұшып жалт береді қуыршақтар

елесінен қаусырған.

Азынаған осы әлемдік ёлканы айналып,

Аза бойың қаза болар

өлген сәби дауысынан

Бұл дегенің бер жағы ғой…

ал жарылса, шын нейтрон бомбасы,

белгілі онда бала атаулы жұрнағы да болмасы.

балабақша базарлары –

мазар болып қаңырап

Қол ойыншық қонжық біткен зар еңіреп жамырап

Үрлемелі қуыршақ пілдер

дабыл қағар

«әттеген-ай», соңыра-ақ…

Рахмет саған, Сэмюэл Коэн

басқа ойшылдар – ойланатын, ойлайтын…

Жаңа ойыншық жасапсыңдар «американ ойыншығы» –

қаншеңгелге тоймайтын.

Рахмет айтамыз ба?..

«Балалардың әлемінде» сап тынды деп

ырғын-қырғын кезектер,

Қат боп кеткен қағаз жөргек

іздемейтін болдық-ау деп безектеп,

енді ешкім ештеңені сындырмайды,

шығармайды шып-шырға,

бұрымымыз кесілер деп қуыршақ та қорықпайды бозөкпе.

Терезенің әйнектері сынбайды әңгі доптардан,

карусельде жегулі аттар

кеуек-дүние кеңістікте солықтайды…

міндеттері мәңгілікке тоқталған.

Балалардың шалбарлары

кермелерден жиналмаған жаюы,

Жасырынбақ ойнағаннан сөгілмейді қаюы,

керісінше басталады –

жаһаннамның жасырынбақ ойыны.

Балалар жоқ.

Үлкендер жоқ.

Құлаққа ұрған танадай,

Тылсым дүние түнекте –

қирамаған көше жатар,

бұзылмаған сағат жатар білекте.

Нобайы бар, жаны жоқ қол –

сұлбасы әлі сақталған,

білезік-бау ол да бүтін,

ағытылмай таққаннан,

неке қияр сақиналар саусақтардан сусыған

көкшіл ақық… көп сырғалар

құлақтардан ыршыған.

Іші қуыс құрым қолғап сықырлайды бүп-бүтін,

автомобиль рульдерін сығымдайды бүп-бүтін.

Перуджада халықаралық балтырлардың

көрмесінде сықасқан,

күллі балтыр буға айналып тұтасқан,

алтын өрнек ұлтарақтар –

бір уыс күл болады,

саудыраған туфлилер иесіз тұл қалады.

Міне, осынау шегіренмен шекетулі…

арасында қоқыстың

өзгелерден оқыс тым,

перуанканың қызыласық тобығында –

сәл балқыған кісені

табандарды тіміскілеп,

өкше-іздерге түседі.

Шешем-дағы болмайды онда –

қаңыраған киоскілер

тұрмайды онда сауда ғып,

Оңып кеткен көне мүлік-басылымдар

ат-көпір боп бауланып,

«Футбол-хоккей» апталығын,

«Америка», «Денсаулық» журналын

азынаған атом желі парақтайды аударып.

Шешем елес,

сол шешеме буға айналған

қасапшы боп бір елес,

мұздақ тауық қалдырады,

баяғы әдет… түк емес,

қатқан тауық Мопассанның отандасы (осы жаққа

алмасқан),

Отанында тұр сөреде Мопассан,

тағдырын-ай,

жан жуымай, шаң басқан,

маңайында қолға ұстайтын отандас –

жанды қара қалмастан.

Фирби деген жаңа майор

Хиросима кнопкасын басып әмір бергенде,

Европа жантәсілім

Евросимаға айналғанын көргенде

естен танып, ақылы ауып үлгірмей-ақ әп-сәтте

елес болып кетті өзі де ербеңдеп.

 

Менің шешем саясатқа жоқ адам,

Бірақ бірде асқан жайға қанадан

өз көзімен қараған:

«Жұлдыздының» бульварының жанындағы дүкенге

Жанталасты ел,

білмейміз ғой, тойымды.

ГДР-дің қабырғалық қағаздары оюлы

түсіп жатты дожыналап ораған.

Сол кезекке тұрған шешем кеп тосын,

Таласқан жұрт сығыпты-ай кеп өкпесін,

бытырлатып түймелерін тонаған.

Сонда шешем:

«Қайда бармақ халық мына қалпында,

Дүние – боқтан басқаменен жоқ ісі –

қан толған ба көзіне?

Өзін алар, дүние қалар артында

Нейтронды тапқан ба ойлап… сол үшін

өз обалы, – депті, – мейлі өзіне?!»

Мың-миллион дүкендерін ғаламның

елестеттім,

алдына әкеп жанардың.

Қабырғалық оюларын әр елдің,

бұлғын тонын, құндыз тонын әйелдің,

Жауһарлар мен итальян етігі,

Жапон мүлкі – жұмбағындай сананың,

дат сырасы банкадағы, бос тұрған,

сырақор жоқ… нарқын білер бағаңның

бәрі де бар! –

болмағаны болмаса сатып алып, тұтынатын Адамның.

Жастық біткен сүйенсін деп музейлерден ұрлай бастар

бас сүйек,

көйлек біткен киілсем деп

тас мүсін мен қаңқаларға артады өзі қос білек,

дәрігерлік оқу орны дәрілеген спиртпен

Сәбилерді бесік-арба әлдилейді төс тіреп.

Ұсталмаған ұстаралар жалғыздықтан қорынып

бұдандағы отқа түсіп

кетсем дейді орылып.

Галстуктар қаптап шығып

қалың ағаш қапталына тағылып,

ал кітаптар өртке өздері жағылып,

адамдардың бетімізге тамбады-ау деп көз майы

сарғаяды парақтайтын саусақтарды сағынып.

Дүние-мүлік, зат екеш зат та бейімделер жағдайға,

Дүкендерге өз аяғы – өз еркімен бармай ма?

Бір дүкенге шет жақтағы

«адам түсіпті» десе,

күллі әлемдік қоқыстарын сол жерге әкеп салмай ма?

Зат екеш зат – заңды түрде саясатты сапырып

дауласады,

саясат боп қызыл өңеш тақырып.

Қайтер едің, ащы ызадан аласұрған

тоңазытқыш бойынан

Жаңа нейтрон бомбасы –

шыға келсе атылып,

және де өзі жаудай тиіп заттарға,

адамдарды сау сақтаса қапылып…

Қайдам… қайдам… қалмаса адам —

Қалған дүние қандай опа таптырар,

Атом – апат атойласа,

қандай заман, қандай сауал, қандай зауал қаптырар?!»

 

7

 

Балықтан ада Тибрде түнгі жағада

шарқ ұрған елес, әскерлер емес сарала.

Апиын – удан ақжем боп кеткен түр-өңі,

апиын құйып, шұрық-тесік болған білегі,

нашақорлардың көлеңкесі еді ол, қалтылдап

қос үрейлері соңынан қалмас бір елі.

Москвадағы ескі әдетіммен таңертең,

Тибр жағалап жүгіріп –

таратушы едім құрысты.

табанымның астынан сонда естуші ем

созылған сіңір сытырындай бір дыбысты.

Қалт тоқтап бірде, дір етті денем.

Самсаған,

шашылған, сынған сауытын көріп дәрінің,

бір егіп барып тастаған ине қаншама…

Солармен тұстас,

қапталдарында бәрінің

итальян қалақайлары қымтаған

тапталған адам тәнінің –

таныдым әлпет-әдібін.

Әдіп-әлпеті орыстың жүзі кәдімгі –

шаруаның беті шытынап барып жарылған,

қып-қызыл қыштай жұмыс пен күнге қарылған,

маңдайға түскен жұқалтаң бозғылт әжімнің,

астындағы анау

жесірдің көзі қорынған.

Жесірдің көзін ақ орамалы қалқалап,

айналасында қара қалақай анталап

ақ орамалды күйеге аунатып алғандай

соғыстың күлі –

мәңгілік дақ боп қалғандай.

Жесірдің көзі, жесірдің көзі бұл неге?

Себебін тауып айта алмас едім бірдеңе,

Солдаттың орған бауына жетіп құлапты

Оранғанындай сол әйел үлде-бүлдеге,

бір буда бауға

жасап жан сауға құлаған,

Құлаған әйел – құшақтағандай тірі адам,

Сұрамай, соғыс суырып алған қойнынан

Құшқандай ерін

құшырмен бауды бұраған.

Сан түрлі бояу пейзаж фотолар түбінде,

ұйпа да тұйпа, түте де түте

түтілген,

аэрофлоттың жарнамасына жамала,

әлдебіреулер қалдырып кеткен жағада

Жесір – суреті жатыр, мінеки, Римде.

Ақ қайыңдар суреті-ай

ақ балтырдай қырқылған,

Беу, Василий Блаженный бейнесі –

умаждалып, жапсырылып, жыртылған.

Әлдебіреу табанының балшығымен бес батпан,

алға қарай аттаған ғой шегінбей,

(көрдің бе, ісін кесірдің…)

Маңдайына із салыпты жесірдің –

өткен күнді ұмытудың

өткен күнді құрытудың мөріндей,

Нашақор сорлы – көлеңке дүние-дүрмек

ғайыптан тайып өкшесі тиген бұл бетке,

сол жеңін түріп оң қолыменен демеуі,

тамырға тағы тәнті уын салу себебі

ойламау үшін –

болашақ атом азасын,

өткен соғыстың ғазауаттарын, қазасын,

мүмкін болса егер,

ұмытайын деп салады,

өзіне-өзі қасақы,

жазасын өзі алады.

 

Тарихтың өткен сабақтары мен тәлімін

Ұмытса егер,

сол емес пе айтсақ, әділін –

нашақордан да намысы төмен кәрібің.

Айырма бар ма құмарпаздыққа құл болса,

апиын ішіп,

аяқ астында былғанса,

Футболдың әңгі жанкүйері одан несі артық,

бір жартыны ішіп ессіз де түссіз жынданса.

Теледидардың құмарпаз құлы көп тіпті,

телемұнара төбесі биік шоқтықты

дәрі егетұғын ине секілді оларға –

Ұмыттыратын уайым-қайғы, жоқтықты.

Басқадай у мен басқадай зәһәр жоқ болса,

тіс жуар ұнтақ қараптан-қарап жатқанша,

Уландыруға ол-дағы бір сәт жетеді,

тазарған тіс пен тілдің астында сақталса!

Машина,

мебель, сервиздер –

талайдың қиял түсінде

Апиын у ғой олар да –

тек, әттең, заттық пішінде,

Иленген тондар кездессе,

егер де сұйық күйінде,

дүниеқоңыз талай құл ілмей-ақ оны иінге,

жұтуға бар ғой, ішуге.

Ақша мен тақтың, биліктің

құлдары-ай кепкен ындыны!

Құмарпаз құлы атомның ойламайды олар,

бір күні

бетіндей шаруа – жесірдің аймандай етіп әлемді,

қапия бір сәт – қапыл күн

табаныменен атомның

басады мөрін баттитып

түнектей заманақырдың.

«Құмарлықтың қылшылбырына қылғыну –

Жазылмайтұғын болды ғой бұл дерт, бұл бір у…»

итальяндық егделеу кісі –

сыртымнан ауыр күрсініп,

іш көйлегін қозы қарнына көтеріп,

малшынған терін бір сығып,

дәрі – сауыттың сынықтарына үйкелеп тұрып табанын

шіреніп, кеды бауын байлады,

сілкілеп қақты балағын.

«Мүмкін, – деп барып миығын тартты ол, –

Сіз бенен бізде нәтінде,

Құмарпаз – дерттен құр емеспіз ғой…

жүрген шығармыз шетінде,

әйтпесе неге ақ тер, көк тер боп

жүгіреміз кеп таңертең,

өзіңнен биік секіріп болмас,

өзіңнен озып кетуге…»

Дегенде өзі,

жүгіргенде өзі

жүгірмейді екен тым жаман,

аяқ киімнің арасынан тек құяңы аздап сыздаған,

балтыры бірақ бабында екен жас жіліктейін серпіліп,

дәрі сауытқа, қалақай, құмға тамшылар тамып,

танауы аздап мұздаған.

Сол кезде мен де жүгірдім дейсің,

қарғыдым бір-ақ Тибрден

Мәскеуден шығып, шешемнің құйттай –

киоскісінде тұрдым мен,

ойыншы сынды ереже-еппен тартатын ойын картасын

Жаймалап жатты газетті шешем

түр-түріменен бір-бірден.

Сыбырладым мен:

«Бір «Ақшам» газет…

тұтығып үнім қалғандай,

«Арғы күнгісі дейсіз бе?» – деп

сұрады шешем аңғармай,

сұрады шешем салыңқы қабақ,

солыңқы тартқан жақтары

дауысымды менің

айырып бірақ жатпады.

Асығыппын мен абыржыппын мен бекерге.

Ертеңгі шығар кезекті

редакциялар беретін маған газетті,

бүрсігүні шығар, арғы күні шығар нөмірі

түспейді қолға, тимейді қолға өмірі.

Өзімнен-өзім қорландым бекер: «Болмаса…

кешегі санын тауып беріңіз амалдап».

Ащы да ауыр күрсінді шешем: «Далбаса –

арғы күнгіні алмайды ешкім алаңдап…»

Қайтадан қорқып

қайтадан қаштым шешемнен,

Италия жолдарын тартты төселген.

Арғы күндердің, алғы күндердің газетін

көрсем деп, Рим,

асығып едім көшеңнен,

көшеңде көрген әрбір әйелдің жүзінен

Жалғыздық көрем,

жесірлік деген кеселмен.

Болашақ жесір күңгірлі күмбез ішінде

өліктерменен неке суларын ішуде.

Болашақ жесір –

өліктер туып болашақ

Ішінен ылғи шарана, түсік түсуде.

Соларға жалғыз бұйырған шырша

таймапты түгі, қылшасы,

өлі перзенттер… өлі сәбилер –

әлемдік ортақ шыршасы.

Сол кезде маған газет таратқан,

мұрнының боғы газетке қатқан бір бала:

«Синьор мырза, газет алыңыз,

бүрсігүнгісі, арғы күнгісі – су жаңа!

Сіз де алмайсыз ба,

о, Құдай, сақта!»

«…айтыңыз, мырза,

пенделер біткен, су жүрек тіптен…

нендей күн туған басына?»

 

Арғы күн түгіл ертеңгі күннің қорқынышы зіл батпандай,

Арғы күнді ойлап арқама аяз батқандай

жетімі де жоқ, жесірі де жоқ,

ақырында тұтас жер жесір,

ар жағында оның мұз мұхит жатса –

қайтесің егер көл-көсір?..

Тек қана, әне, Христос жалғыз иіні түскен құр кебін,

алақанынан шегемен қағып іліп кеткендей сүлдерін,

есінен танған нашақорлардың білекке бізін сұққылап,

істеген ғой, білгенін…

Суретке салмай Құдайдың өзін

сүлдерін салып қаузаған,

Ұлы өрлеу деген ұмытылмас дәуір

қақпа ашқанында сол заман

суретшісі пайғамбар көзбен

бүгінді қалай болжаған?

Жарылар бомба

жоқ кезі онда атымен,

Нейтрон – сайқал,

түске енбес кезі затымен,

ал бірақ, егер нейтрон бомба болмаса,

кім мынау онда, суретте тұрған далбаса,

бүгінгі күннің адамы сынды, дәл міне,

Құдайдың өзін құрытып барып, мәңгіге

сыпырып алып терісі менен түгін де

сақтаған, сірә,

освенцимдік болашақ

шеберханада әмиян, етік, қол сумка

секілді дүние тігуге…

Самолеттердің гүрілдерінен дауысымды көкке асырып,

Айқай салдым мен Құдайға

жасасам-дағы асылық:

«Христиандар бомбалы –

діннен әртін кетіңдер!

Адам өлтірушілер – Құдайды өлтіретіндер!»

Құдайым-ай!

Тілекті кім беріпті?

Кебін мүсін – керулісің!

Айттың… айттың не бітті?!

Неге айттың сен, бүкіл адам бірге туған бауыр деп.

Дар ағашқа Құдайды асқан

қырға неге шығамыз,

Неге құлдық ұрамыз,

атом дейтін дар қамыты арқылы

құритыны күллі әлемнің

болмаса егер шүбәміз?!»

Блок – жырдың үйіргендей құйыны,

бүрсігүнгі, арғы күнгі газет біткен үйіліп,

Шешем сонда

жайлап қана келді алдына Құдайдың,

ал үстінде көне куртка – құдайсыздың киімі,

салбыраған суреттің сүлдеріне тұрды қарап

оянғандай ой сала,

Бір уһілеп, деді кенет:

«Беу, қайтсін-ай, бейшара!»

 

 

 

8

 

Кедейлік те, кемдік те жоқ,

болмақ емес бейшара,

Соның бәрін шонжар байлар жасап жатса – не шара?

Кедей болып көзін сатпай,

байлық деген сестердің

шекесінен қарауына, селт етпестен өскенмін.

Кедеймін бе, баймын ба деп бас қатырып толғанбай,

өскенмін мен қорғалақсыз –

қатарымнан кем болмай.

Соғыстан соң Москвада әлі жүдеу, күйкі рас,

бай балалар шыға келді бұлғалақтап шикі мас,

ал мұндайда ойланбасқа жоқ лаж…

Сол кездегі экранның тағылымын, тәлімін

тәнті еткендей биін билеп –

кубань казактарының,

жап-жас кезі Любимовтың

епті есепшіні ойнаған,

сеңсең бөрік сері жігіт – бір ойы бар ойлаған;

Таганканы жаулап алып

танытпақшы дарынын.

Шикі мастар, сәнқой жастар осылардың бәрінің

көлеңкесі секілді еді

көлегейлер жарығын.

Колонналы залдағы өткен бір кеште

Көргенім бар – әуейліктің,

әсіренің асқанын,

Далап – маймен бір-ақ елі маңдайға

желімдепті жалбыраған шаштарын,

тоты құстың қауырсыны тәрізді

галстугы желпуішке ұқсаған.

Пиджагы ұзын – қысқы пальто секілді

мақтаменен иық сырып, тыстаған.

Аяғында шие қызыл туфли

биік өкше, құс тұмсық қып ұштаған.

Жұрттан ерек,

елден бөлек,

магазиннен шыққандарға киініп

қарайды олар танауларын шүйіріп.

Ал мен болсам -—

иінімде «Мосторгтың» пиджағы бар құнтиған,

сұрғылт қоңыр көйлегім бар жуа-жуа тылтиған.

Гардеробтың бар қолымда нөмірі,

(нөмірімді жоғалтпастай сығымдаймын өмірі).

пальто орнына киіп жүрген шешемнің

ескі жарғақ курткасының белгісі тесік еді өңірі –

ол баяғы МОПР деген значоктың орыны

МОПР жоқ-ты.

Орны қалған.

Мода қуған шикі мас

шықты алғашқы диссиденттер – киімде бар ықылас.

Би алаңның ең алғашқы бүліктері осылар

дүние десе, мүлік десе – ниеттері қосылар,

дүниеқоңыз, дүниеге құл келе жатқан заманның

батырлары, бастаушысы осылар еді –

бас ұрар.

Жасақшылар күреспек боп жұрт сөзіне толғанды,

қайшыларын қолға алды.

Талай-талай желпілдеген желке шаштар қиылды.

Тігіншілік өлшеуіштің тік мінезі көрінді,

талай-талай тар балақтар – қайта-қайта сөгілді.

Коллоналы зал сәнқойлары –

ең әсіре, ең әлем,

Жасақшылар білді оларды… «қаш, машайық пәледен!»

Катафалк қара «Зимдер»

көзге ұшырай бермеген

қайқаң қағып тұрды күтіп,

ал оларды көлденең.

«Кокқа тарт» деп шофёрына бота тірсек бозбала

сөзін тістен сыздықтатты тәкаппарсып қозғала,

(«кок» дегені – коктейль-холл,

солай дейтін сол уақыт).

Сарала көз «ЗИМ» қозғалды,

лай-құмын жолға атып,

жаңа туған қырық тоғыздың жылбысқы ми батпағы,

курткама кеп былш еткенде,

көңілде қап дақтары,

МОПР значогын сонда курткама емес,

денеме,

сүйегіме, болмысыма сездім бұрап таққанын.

Біреулердің әлгілерге «Академик ұлы…» деп

көрдім таңдай қаққанын…

Эйзенштейн фильмінде

«Броненосец Потемкиннен»

доңғалақтай лақтырған

шикі мастар, сәнқой жастар

дәліздердің баспалдағын

сықыр-сықыр қақтырған.

Жылдар өтті арада.

«Өңез» деген шықты өткір фельетон,

маңызы бар тарихи іс табылды –

коктейль-холл тұтас жаппай жабылды.

Бұл коктейль буржуазия елінің

ушықтырар уы болып танылды.

Бос пепсидің бөтелкесін шыны-июльмен орнына

қайда апарып тапсырарын білмеген жұрт аңырды.

Уақыт деген тез өзгерді алқынып

Жасақшылар сөзін тыңдап жалпының:

Қайшысымен қырқып жатты бұл кезде

Далақтаған балақтардың артығын.

Лёва деген академик ұлы

үсті-басы әлем-жәлем

кері адамның қалпынан,

Орта қолдай суретші боп өтіп еді талқыдан.

Бұл кездері ол киінетін өзі тапқан ақшаға,

Әке ақшасы ағып кетті әдіра боп шалқыған.

Тек тектілер киетұғын

шым-шытырық шүберекке шетелдік

бірте-бірте бүкіл жұрттың сұранысын көтердік.

Тектілердің тізімінде –

қасапшының,

көшетшінің,

сүт сатушы әйелдің

баласы бар… толып жатқан басқасы да жетерлік.

Ең қиыны болды міндет – «бұқарадан бөліну»,

барлық жұртта бір-ақ індет –

бір жалт етіп көріну.

Сәнқой жастар, шикі мастар кешегі,

өзгелерден өзгеше боп, жібермеске есені,

Ұзын сирақ, үзілме бел

манекенші әйелдерге үйленіп,

тұрмыс құрып азғана күн,

ал бірақ та баянсыз боп төсегі,

Китшілерден одессалық

сатып алған галстуктай суыртпақ

уәде-уәжді байлайды да шешеді…

Жаңа буын жас бикештер бұлғақтайды мәскеулік,

Болгария шырынынан сөл сораптап өскендік

көрінеді,

қаздаң-қаздаң қайшылаған балтырдан,

балтырлары көз ілеспей тез өседі, антұрған,

Қатып қалған қалып дене –

қалың халық құп алды,

Манекенші ақсаусақтар осы қалып ішінде

бозарды да қуарды.

Ал Лёва бұл қалыпты өзгертуге бет алды.

Израилға аттанды ол тездетіп.

Бірақ, бірақ

Тель-Авивте қойылмады суреті,

Парижде де ілінбеді көзге түк.

Жетпіс мыңдай суретшінің

сайысатын сойылы

бұл қалада көзге түсу қияметтің қайымы…

Мен Лёвамен Нью-Йоркта

миллионер Питер Спрэйг үйінде

Жолығыстым,

күтпегендеу, кездейсоқтау күйінде.

Сол үйдегі сарай-әнші –

(бұл қызметке белгілі ғой таныстықпен келгені)

Луизианға кеткен кеше шешесіне өлмелі,

бас әншінің – мулатканың көлеңкесі, ербеңі.

Эдик деген дәл кәзіргі құлдық ұрған –

қызметшісі тәртіптің

бір кездегі ақыны еді Харьковтың.

Эмигранттар айтса егер ашығын,

тегін емес бұл Эдик,

Чехов шығармасының сүйкімсіз баласындай

жүргенімен түнеріп,

қонаққа жай капиталист шаңырағында

шалқи берсін бұл мейлі,

сол шаңырақты шайқалтатын

қолтығында шаласы да жүр дейді,

Эмигранттың бастан кешкен жазып жатты ол жан сырын,

Жанұшырған өз басының жаназасы екенін тек білмейді.

Бөлмесінде тұрды қатар – Че Гевара мен

полковник Каддаффидің суреті,

Басқаларын көзіне де ілмейді.

Бұл ортада миллионер болмады –

сапыратын көлдер менен көлшікті,

Ол өйткені «Остин Мартин» автомобиль

фабрикасын меншікті аралауға,

Англияға «конкордымен» кетті ұшып.

Эдик болса –

өзі туған 1935 жылғы

«Шато Мутон Ротшильдті» іше-іше қызулы

басыртқыға айызы бір қанғаны…

«Лексингтон авенюде» эмигранттар ләпкесінен

сатып алған поляктық

капустаның қышқылтымын

қышырлатып талмады.

Одессалық бір пианист баяғы

сәл қысылып, қымтырыла қымтынып,

«Жұмыс бабы білуші едім шешеңді»… –

деді-дағы көзден жасын сүртініп,

«Тілей ме, орыстар соғысты?»

әуенін

Бехштейн мәнерімен ойнап кетті

әлденеге ынтығып.

Шарт, шарасыз,

Ешбір заңсыз

иеленіп «орыс өнері отауын»,

қолдан жасап галерея қатарын,

бір кездері грузин мен әзербайжан ақындарын аударып,

аудармашы –

ала алмаған ақындықтың атағын

бір алаяқ,

бір сұмаяқ,

сұмаяғы – сұқ ит сынды дүниені шарлаған,

бір кездері Мәскеудегі сайқалдарды

соңына ертіп жалдаған,

жалғандықтың жалғыз өзі білетұғын

қоржынбасы қорымен

«ЦДЛ» атты роман құрап, өзін-өзі қорлаған –

екі сатқын «КГБ»-ның қайсымыз деп агенті

бірін-бірі жұлмаласып,

ғайбаттасып ғаламат,

ақылды алған «астаналық» шөлмектері

терезені сындырды да сағалап,

Курт Вальдхайм ауласына

ұшып кетті домалап.

Лёва бейбақ. Тұрды ойлап.

Келді мұнда тағдыр айдап –

тасқынымен жоғалып,

Келді мұнда «түбіт туша» деп атайтын Эдиктің

бұрынғы бір әйелінің шылауына оралып,

ал ол әйел кетті кәзір итальян графының

жары болып жамалып,

Лёва бейбақ. Тұрды ойлап…

Жаңа жеген майшабақтан

майын сүртті қолының –

Умаждалған «Нью-Йорк таймспен»

алмастырар «Ақшам» газеті орнын.

Қартаң тартқан Лёва кәзір,

салқы қабақ, саркідір

Ескі киім – ескі көздей боп басында әлі жүр.

Нью-Йорк таңғалмайды киімге,

Тыр жалаңаш жүрсеңіз де бәрібір…

Лёва қазір мүсінші екен,

дәнекерші, лекерші – мүсінші,

Жара-жара күйген қолы, жазымы көп, түсінші!

Ол газетке әлденені сызды сызық-шытырман –

Өмір жолы емес пе екен өзінің,

опық жеген – опа таппай ұтылған?

Кірпік қақты –

көздерінен өзге өмірдің, кезбе өмірдің

мұң-тозаңы қағылды,

Сұрақ қойды сосын барып

Горький көшесі тұрғынындай

Мәскеудегі кәдімгі.

«Айтшы, бауырым, шыныңды айтшы,

мені қорқып, үркетінге санама,

Сұм жүрегің не сезеді –

енді соғыс бола ма?»

 

9

 

Итальяндық профессор

жүзінде иман бар ізгі,

боламын деп бола алмаған карбонарий тәрізді,

Ассизиде еркек қосын – баспанасын, бас мүлкін

көрсетуге шақырған-ды астыртын.

Есі кетті ұялғаннан –

айқара ашып жібергенде есігін,

Ұлтарақтай ұйысқан шаң,

соған бола сұрап бізден кешірім

үй күтуші алтыннан – қат, тұрмайтынын сынаптай

айтып жатып, тот құлыптың кілт салатын тесігін

әрең тауып, әбдірадай ашты есігін әйтеуір,

орта ғасыр жезіменен қаптаған –

ең ақыры тұтқасымен көсігін.

Көкжал бөрі Көк сақалдың көрем деп ем апанын,

Бөлме көрдім – екі бөлме.

Қалың кітап қайыстырған қапталы мен қатарын.

Сүрленген шаң бармақ бассаң –

із қалдырар құралдай,

жабысып тұр сүңгідейін, үзіле алмай, сына алмай,

Флоренция сыбызғысы тұр әнеки, шаңытып,

жартылай жанған индиялық хош иісті таяқша

сынық сүйем мұнардай.

Жансыз бейне көпес әйел –

көпес әйелі орыстың

Тас мрамор Катуллаға қылымсиды ұнардай.

Жолбарыстың табанындай жазба үстелі жез табан –

жансыз екен тұрысы.

Сиясауыт – венеция хрусталы дірілдеп

үнсіздіктен үгіледі шынысы.

Кепкен сия, өлген шыбын ішінде

шаңға бөгіп… білінбейді дыбысы.

«Осы жерде отырып мен жазамын…»

деді маған профессор қысыла,

Рюмканың кеберсіген ернеуін

тигізеді ерінінің ұшына.

«Осы жердің сүйем, – деді, – азабын!»

Сенімді айтты, сендіре айтты тұшына.

Қалғандайын көкірегін тот басып,

Бір күрсінді отағасы – от басы.

Сонда ғана аңғардым асыл мүлкін осы үйдің

Профессордың жайдақ төсек –

жатар орын тахтасын.

Тахта-төсек жиналыпты бір бөлек,

шашыңқылау, көрінеді мүлде ерек.

Серек ешкі – сеңсеңдерге, жастықты

жүрекшелеп, жинастырған жүлгелеп.

Сол төсектің бір шетінде, байқаусызда қалғаны,

Қара қолғап,

қалған әйел қолғабы.

Әтір иісі сезілмейді, жанында

Жастық жатыр,

иленбеген жондары,

бұл төсекке – ыстық аунап-қунаудың

сол айтады – естеліктей болғанын.

Тахта үстінде сурет тұр ілінген:

Әміршісі бір орманның гүж-гүж еткен гүрілмен,

сарыуыздай сыбызғылы су перісін ойнатып

Қалың орман жынысында

сол періге ойы бары білінген.

Тым биязы, шын зиялы профессор еппенен,

қабырғадан суретті алып, көзі ешкімнің жетпеген

Сол суреттің қасындағы

сейфпенен астарлас

есік ашты ілгешектен кілт сылдырлап көптеген.

Есік ашты әлі жетпей,

тілшелеген бауыр еттей төрт перзенттің –

төрт бұрымын сақтаған

альбомды алды сейфтен –

шынжыр ілгек, қызыл барқыт қаптаған.

Қолында альбом тұрды өлшеніп, тұр теңселіп,

тұрды мойып, мойындап:

«Мен сүйгеннің бәрі осында!

Ғашықтардың бәрі осында – тек маған»…

Түк шынтақпен түртіп қалып,

су перісін бір аунатып түсіріп,

Қожайыны орманның күжірейді ісініп.

Профессор шыдамады, кетті білем ышқынып:

«Бар ма, – деді, – сізде-дағы,

өзекке ұрған – өзімшілдік, астамсыған кісілік?»

«Жан ауыртпан»…

дей салдым мен жайбарақат жөніме,

«Ал мен, – деді профессор, – бұл мәселе жөнінде

жеймін жанды жегідей.

Құдай болса көрер көзі, қайда өзімді салмадым,

соларменен салғыласып,

түк шығара алмадым,

Білесіз бе, мен өзімді таңғажайып өзге адамдай сезінем,

өзгелігімді өзім байқап,

аңғармаймын өзгелердің көзінен,

кейде содан өз-өзімнен безінем,

Бұл сейфті, бұл альбомды сақтайтыным сондықтан.

Дон Жуандай тізімдері деп қалмаңыз – молдықтан.

Махаббатты кәсіп көріп, ал немесе таңсық көріп

айналысқан мен емен.

Мен сүйгенмін!

Сүйсем бітті – қорықпаймын қорлықтан!

Альбомына қатты қапты

қайдан тапты демеңіз!

Өзім солай сезінемін, сіз де мені бір альбомға теңеңіз!

Астарында – сирек-сирек естеліктер сақталған,

сырты бірақ –

сұрқай қатты қатырмамен қапталған.

Мен де жұрттай қылымсимын, қуланамын

қитұрқысын көріп тұрып өзгенің,

ақылдымсып тұлданамын –

ақымақтың тындап тұрып сөздерін,

біліп тұрып, күліп тұрып ішімнен,

мен оларды сыңай берем түсінген,

тіл қырқылып айта алмаймын –

тең емесін сезбеуін.

Мен өлген күн – мына сейф ашылар,

мына альбомның ақтарылар беттері,

сонда ғана білер олар дүниеден

өзгелерге ұқсамайтын –

өзгеше жан өткенін…»

Профессорды түзедім мен:

«батылырақ, сенімдірек,

сеніңіз,

сәл ауытқып кеткен жоқ па сөзіңіз?

«өзгелерге ұқсамайтын – өзгешемін» дедіңіз,

«Бәріміз де өзгелерге ұқсамаймыз – өзіміз»…

Профессор дірілдеді,

күбірледі жай ғана:

«Өзгелерге ұқсамайтын – өзі болса» бүкіл жұрт,

«өзгелерге ұқсамайтын – өзгеше жан» болғаны ғой

бүкіл қырт…

Есіңде ме,

муниципалитет галереясы ішінде

Тақау тұрған кезімізде сурет Құдай – мүсінге,

терезеден көріп ек қой,

екі бала – бозбала

лып-лып етіп ұстараның жүзіменен қозғала,

плакатты жапсырғаны есіңде ме бүктеулі:

«Тоқтатыңдар,

нейтрондық бомбаны,

Құртыңдар бомба біткенді!»

Соны көріп, білесіз бе, не ойладым сонда мен,

өз ойымды салыстырдым, нейтрондық бомбамен.

Егер бомба ойлана алса,

дүние-мүлік аман қалса,

менің задым зат-мүліктен кем болса,

не болады деп ойладым сонда әлем?..

Қатты сүйем мен өзімді,

Жасырмаймын мінезімді,

жанымды жеп жегідей.

Жақсы делік, қалар альбом, қалар сейф, қалар мүлік,

Дүние ғой – темір ғой.

Масқарасы, сұмдығы сол – альбомымды ұстайтын қол –

қайтем егер, жанды қарға қалмаса,

ешкім мені салыстырып, салғастыра алмаса,

онда менің «өзгелерге ұқсамайтын – өзгеше жан»

болғаным,

кімге керек, кімге керек – далбаса!

Ассизиде әрі еркек қос, әрі астыртын

тар бөлмеде сор қайнап,

перуджалық профессор альбом жиды, ал…

кімге керек ол бейбақ,

егер Лев Толстойды еске алар жан қалмаса,

іздеу түгіл маңдай ұрып,

іздеу түгіл ойбайлап».

Ерік беріп енді өзіме

профессорға құлақ қағыс етіп ем:

«Саусақпенен санап алған, шертіп алған

таңдаулылар шетінен,

Жан сақтайтын бункерлерде болады деп естіп ек,

табынатын оқушыңыз табылар бір естірек…»

Профессор ашуының жеткен екен толғағы:

«Таңдап алған кім оларды? Таңдаттырған не оларды?

Кімдер оны қолдады?

Буда-буда ақшасы ма, өкілет пе, өкімет пе –

сатып алған қолдағы,

граф болған, жарлы емес қой Толстойды білесіз,

елге қыспақ,

өзіне ұшпақ,

жан сақтайтын жәннат ұстап,

мүмкін бе еді ол өзін-өзі қорлауы?

Жанын жалдап,

жанын сақтап қалса жұрттың жұртында,

Әне солар, ар-ұжданның нағыз жұрдай қорлары.

Одан кейін таңдаулылар шемендеулі ін-үңгірін лақтырып,

қарғып шығар қуанғаннан –

бұттарына жібергендей шаптырып,

бас-басына түйе айдап

Луврды, Сикстиндік капелланы иемденіп, иелеп,

мәнсіз, мәңгүрт салтанатпен сол маңайға

үймелейді үйелеп,

сұрауы жоқ ақшаларды судай шашып сап қылып

түк көрмеген тағы адамдай

Фридрих Барбаросстың тәжіне

он отырып, он тұрады – мінетіндей ат қылып.

Егер өзі сол бункерде болмаса –

соңғы папа бас киімін

ойнар ма еді доп қылып.

Елеп-екшеп ең әдемі, ең таңдаулы әйелдерді

«жәукемдеуге» жасырын

кіріседі арсы-гүрсі

азаң тартқан адамзаттың

көбейтпек боп нәсілін.

Сап тынады сосын бірақ

әлгі әңгілік, есерлік,

Қуыс кеуде, кеуек қызыл пыш еткен жел сияқты,

«Осы әлемнің әлеметі, кереметі!», – деп жүргендер

о, сұмдық!

Ағзасынан азғындаған,

еркектікке екен тегіс ұятты.

Індеріне – үңгіріне

шаруаларды ала кетсе соңынан

түйме үзіп мундирінен, медаль жұлып тонынан,

темір егіп, темір үгіп, нан жер ме еді қалбырдан,

қалай екен қалбыр тауық

қыт-қыттап ес тандырған?..

Індеріне-үңгіріне

пролетариатты ала кіру –

ол да түспепті есіне,

автомобиль моторларын

тамақ жейтін шанышқымен

шұқылайды тесіле,

Отын жарып араменен,

ағаш кесіп балтамен,

құбырлары қақ жарылса тазармаған нәжістен,

таңдаулылар қарар екен

оған қандай намыспен.

Әлеметтер, кереметтер бұл жарылыс,

болмай тұрып бұл үңгір,

телефон мен кнопкалар арқылы,

шалқақтады, шалқыды,

құрамалы әлеммен құрмаласып бұлыңғыр.

Телефон мен кнопкасыз билігіңе болайын –

билігіңе болайын, көктігілгір!

Жанып кеткен телефоншы, хатшы қыздар –

бикеш қыздар баяғы,

Сақ-сақ күліп әрекетсіз,

әл-дәрменсіз бастықтарын аяды.

Әлеметтер, кереметтер

бойын суық, денесін мұз билеген,

Жылынады отқа жағып,

Данте, Достоевскийменен,

классика біткен кезде

жағады отқа альбомымды менің де,

Менің сүйген бар дүниемді…

болмысымды билеген.

Күлге айналып күллі дүние күл-топанға көмілер,

Осы әлемдік соңғы құдірет –

ақ тышқанның терісінен

Людвик тонын киіп көрінер.

Көрінер де айқайлар ол:

«Дүние деген – менмін!» деп,

аппақ дүние мұзға айналып, көгіс тартып, теңбілдеп,

Нотр-Дамды сындыратын айсберг астына

сықыр-сықыр сіңе берер… кенереден жел гулеп»…

«Сандырақ па? Сіздікі не, профессор, дем алғын,

ыстығыңыз бар ғой деймін!

«Демалшы!» деп қадалдым.

Қарқ-қарқ күлді ол:

– Шүкір, тоба! Ыстығым бар әзірге

Өз жанымның, өз тәнімнің ыстығы әзір, адамның»…

Өлу, өшу үрейлі емес, жан ана,

Менің атым ұмыт болса – садаға!

Қан дегенің суша ағылып,

қорқамын,

Қаның – тегің қалмайды-ау деп санада.

Сала-сала құйылысы бас-басы,

Қаным менің – жеті қанның қоспасы:

Орыс қаны – Непрядва секілді

білмейтұғын жалтақ-бұлтақ етуді,

қирап жатқан шлемдерді аралап

қамыс-қауды жағалайтын не түрлі,

Күйіп-жанған,

күйік шалған Хатынның

күліндей боп күйдіргі

белорустың қаны маған бекінді.

Запорождың сарбаздары жарасына сепкенінде

дәрмен болған, күш болған

Украин қаны менде – оқ-дәрімен ысталған.

Костюшканың күнжітінің аппақ борық тініндей

поляк қаны бойымдағы,

қалмас көзге ілінбей,

Ригадағы қабірлерге мінәжат етер шырағданнан таматын

латыш қаны бойымдағы –

балауыздың бір тамшысы болатын,

Татардікі – Моабиттік қиянатпен жанын езген Жәлелдің

соңғы тамшы сиясы боп жаныма енді дегенмін,

менде және дәл бір жарым литрдей

грузиннің қаны бар,

Тбилиси емханасы құйып берген қарыма,

күретамырын қиып берген құн сұрамай қанына

ризамын, бір таксистің жарына,

ал сол әйел, алып-қашпа ел сөзіне илансақ,

Ұлы әмірші Моуравидің қарға тамыр қарындасы

көрінеді тағы да.

Анна Васильевна Плотникова –

(бағымызға жолықты),

өз әкемнің анасы екен бір әулетті сүйреген.

Өзі фельдшер, тұқымында романшы да болыпты –

Данилевский деген,

Жетімдерді тәрбиелеп, жетесіне сөз құйған

бәлкім, Саша Матросовты сол кісіге кез қылған

себеп шығар –

халықшылдың қайрымдылау қартаң қолын

маңдайына оздырған.

Рудольф Вильгельмович Гангнус,

өз әкемнің әкесі екен,

математик – латыш,

Зиялы адам бопты дейді мінезі жоқ бір оқыс.

Оқулығы «Гурвиц – Гангнустың» –

еңбегі еді ең елеулі еншіде,

таққанымен ылғи алтын пенсне,

Қаталырақ қайталайтын: есептеме иініңнің жыртығын,

нағыз оқу қонуға үйір –

қара бақыр, қара суға,

қара нанға бір тілім.

Ұяң адам, зиялы адам – атамыз

Дауысын әсте көтеруді білмеген.

Жекіп оған отыз жетінші жылы

Жер жемірлеп, жер тепкілеп тілдеген,

жауап берді деседі жұрт, мысы басым ділменен,

дауыс жыртқан даңғазаны қаперіне ілмеген:

– «Иә, иә, мен Латвия кәдесіне жарасам деп,

тырысам,

қылмыс па сол, латыш үшін құрысам…

Латвиямен байланысым?

Райнис қой…

жақыным да, жанашырым,

сертте тұрар, сене алар,

Ал жазыңыз, жеке әріппен:

Россия,

Америка,

Йошкар-Ола,

Никарагуа,

Италия,

Сенегал»…

Жалғыз дәрмен

шешем маған күбірлеп:

«Атаң, қалқам, Сібірге, жер түбіне

сабақ бере кетті», – деді шамамен,

Мен сұрадым:

«Бұғы жегіп бармаймыз ба, шанамен?»

Соғыс жаңа басталған кез.

Фамилиям Гангнус,

Менің тұрған станциям – аты, заты қарлы Қыс.

Қасы керік, бойда желік ойсыз-қамсыз қабағы,

Жарқ-жұрқ еткен маңдайында спортшының жанары

Физкультура мұғалімі

жан дүниесі сәл қуыс,

томп-томп етіп торай сынды тойғанына мардамсып

парталасым Карякинге тектен-текке салды ұрыс:

«Гангнуспен қалай ғана дос боласың, желігіп,

Жексұрынның Ганстері қан ішкелі емініп,

Әкең өліп жатқан жоқ па, оқ астында көміліп…»

Өксіп-өксіп жеттім үйге қылғынғандай деміммен,

– «Айтшы, әжетай, өлтірсең де, неміспін бе?» – дедім мен.

Байков панның әулетінің қызы емес пе сіңірлі,

Әуелі әжем «жоқ» деген,

табан асты зар илеген

Пельменіне нан илеген

оқтауды ала жүгірді.

Кейін білдім,

физкультура бөлмесінде – мұғалімнің құр шәңкілі

әжеміздің саңқылынан сүрінді:

– «Иттің қызы,

ал несі бар болса, немістерді етіп пе едік біз талақ?

Бетховен кім – неміс емей,

өзбек пе екен, қызталақ?!»

Содан бастап менің туу кітапшамда қазіргі –

Белорустан тарайтұғын атам аты жазылды.

Ал өз әкем –

Александр Рудольфович Гангнус,

ешқандай да комсомолдық жарғақ куртка кимепті.

Есесіне елге ерсілеу,

ебедейсіз бір галстук сүйрепті,

бұл галстук буржуазия жыртындысы секілді

көзге шыққан сүйелдей –

көптің көзін үйретті,

үйретті деп –

геология-барлау оқу орнынан

шыға жаздап, шыға жаздап… ақырында тимепті.

Бір кездері галстукті таққаны үшін

таяқ жеген тіл алмай,

Қайран әкем кейін маған

күліп айтты жылардай,

ортасында тап кешегі жетпісінші жылдардың

(Деп қалмаңыз, әзіл ме, бұл ойын ба?)

«буржуазия жыртындысын» тақпағаннан мойынға

«Советтік» деп аталатын ресторанға

қор болыпты кіре алмай.

«Братск ГЭС-і» атты поэмамның

қолжазбасын көргенде

Жас үйіріліп көзіне,

«Ландрин» қорапшасын ашты шешем сол демде,

болсын деген шығар бәлкім қуаныштың өтеуі –

алып шықты сарғыш тартқан фотоны.

Суретте –

шешем отыр

жауыр атта жайсыздау,

маса тұтар тұт дәкесін ашып тастап қамсыздау,

Жас жиһанкез –

жас геолог бейқам отыр,

ойнақылау, ойсыздау.

Жап-жас шешем лап-лап етіп лекілдеп,

ат үстінен қазір… қазір

отбасына секірмек.

Әкем болса комсомолдық тәртіпке

ыңғайы жоқ тыраштанып, тырыспақ, –

Сондадағы, үзеңгісін шешемнің

сырбазсынып, сүйемелдеп тұр ұстап.

Шешем енді сыртындағы суреттің

аударғанда солғын жазу-сызуды

Қолтаңбасын тани кеттім әкемнің:

«Барлау орны Братск ГЭС-інің

мың тоғыз жүз отыз екінші жылғы».

Суретке сипай қарап сұқтанып,

аңғарғанмен алыс қалған жоқты анық

Кенет шешем қолын тартып селк етті,

суреттен алғандайын шоқ қарып,

Сосын маған қарады да оқталып

Тіл күрмеліп,

тұтыққандай тоқталып:

«Бітіп едің… бойыма… осы отбасында…»

қызарақтап қыз баладай қысылған,

айтатынын айтып қалып,

деп қалып.

Мен білмеймін, ажырасты неге олар

(мен емеспін табыстырар оларды,

ал немесе шатыстырар, табалар).

Жанған оттың бәрі жалын болмайды,

отасқандар – оты қанша шамалар,

суреттегі от әлі күнге жүректі

шым еткізсе… нарқын өзі бағалар.

Бұйрық жазып, дәм жарасып реті кеп –

одан кейін үйленді әкем екі рет.

Әкем сүйген әйелдерді –

ішім жылып жақсы көрдім мен-дағы,

Қандай жақсы, арасында өз шешемнің болғаны.

Ал әкемді өзі сүйген,

өзге әйелдің барлығын

Жақсы көрдім одан бетер –

жасамай іш тарлығын.

Әсіресе бір әйелге ілтипатым жоғары

Су каналын жобалайтын одақтағы

жобалы

мекемеде бөлім бастық –

жас шамасы елуде еді, шынында,

екі бірдей кандидатты тәрбиелеп –

үлес қосқан ғылымға,

қара шляпа киюші еді,

қызғылт оқа көмкеріп,

«Ассолың» деп атайды өзін хатында,

астарында – ойнақтаған еркелік.

Отасқан да, отаспаған әйелдерін әкемнің

ішім жылып, іштей ұғып төбеме іштей көтердім.

Әйелжанды мінезіме күйіп шешем іштен көп,

Ұрысатын: «Ұқсамаса тумағыр,

әкесінің ауызынан түскен» деп.

Әкем менің қолын сілтеп,

кінәға жоқ кісімен,

«Кім де болсаң шықтың, – дейтін, – сол әйелдің ішінен».

О, ағайын, мен ғайыптан кетсем егер ұлы боп,

Маған ешбір қола мүсін – қоймаңыздар құдірет.

Өз әкем мен өз шешемді жасаңыздар қаз-қалпы,

Сол дегенің мен боламын,

қараңыздар бір рет…

 

Шешем менің аяғы ауыр кезінде,

Әкем менің өлең жазған өзінше,

Жаман өлең секілді емес меніңше,

Оқыған жан, жан күйімен сезінсе:

«Жағаға жаққан отымнан

Көк түтін тарқай шұбалсын.

Жылуы қалған ізіммен,

Тұңғышым, жолға шығарсың.

 

Ауыздықпен ат суарып

Алдыңда – сапар көш сонар.

Қозғалған қимыл – қолыңнан

Танып жұрт мені еске алар».

Ал осыдан қырық жылдан кейін мен,

Үш досыммен зәрезап боп

екі күнгі Байкалдағы сілкілеген сейілден,

Лимнология катерінен тәуекелмен

қарғығанбыз шалқалай,

Жер сияқты бірдеңеге ұшып түстік жаңқадай.

Балшық, батпақ – айналамыз, мұнартқан

Кафе көрдік, біз жете алмай құмартқан,

Хрусталь сарай сынды көзге оттай басылды,

билеп жатыр сылаң қағып, анау жерде бір аттам.

Саудыраған саусақтарын тесік башпақ лыпалап

қара жылтыр қаптал киген балтырға,

батпақ-батпақ рәзеңке етіктер

шыға беріс тұр фойеде, салқында,

батпақтары сол баттасқан қалпында.

Швейцары Наполеонша айқастырып қос білек,

шыны ішінде теңселеді, қол жеткізбей төс тіреп,

Хрусталь табыттағы сақалды ханша секілді:

«Нелерің бар – етіктеріңнен басқа?»

Бізге қарап жекірді.

Ал біз болсақ – кигеніміз болғанымен аяқта,

Жалаңаяқ екенбіз ғой,

қамықтық та кетілдік.

Ал музыка ойнап берді «Асықпа» деп аталатын әуенді,

арзанқолдау даңқым сол сәт «бағы» жана жөнелді,

асып-сасып, дегбір қашып, әрең айттық демде біз:

«пролетарлық аяққапты әлсіздік дей көрмеңіз,

тарихи ән мынанікі, – деді досым, – шарлап жүрген

әлемді,

рәзеңке етік кигеніміз –

халықпен бір жүргеніміз,

бізді ерекше бөлмеңіз!»

Дүдәмалдау дүңк етті швейцар,

тез шығатын қалпыменен лаңнан,

«Жалаңаяқ жыршымын де…

жазатайым «Бухенвальдты» сен емес пе шығарған?»

Қолбаладай қылп-қылп етіп

шұлықпенен залға өттік те жылысып,

көстеңдеген кір аяқты көрсетпеуге тырысып,

ас мәзірін сұрап қалдық, жасқаншақтап, жалтақтап,

қаупіміз бар даяшымыз қала ма деп ұрысып.

Шұрық-тесік шұлығымыз жасырынған столдан

дастарқанды жұлып алды

ашулы әйел құрысын!

Сыңғыр сарай сарт жабылды біз үшін.

Жылыстым мен үлдірекке, иек сүйеп тұрғышқа,

(шұлығы егер тесік болса – қылмыс па?»)

Бұқа мойын буфетші әйел інжу тағып жасанды,

қартаң тартқан қабағымен ол да маған қасарды.

Перуджалық профессордың Ассизидегі үйінде,

Катуллаға қылмаң қаққан

күлән – көпес күйінде,

елестеді буфетші әйел тұрған мынау бүйірде.

Жалынышқа көштім мен де

(адам болса тумыста)

аяушылық сезім болса –

оятайын бір мысқал,

Сол шынтақты тіреп тастап

үлдірекке – тұрғышқа,

оң қолыммен бетімді ұстап

уқаладым, умаждадым –

(келді реті төзуге),

әкем солай істеуші еді

зәру болса, дәру болса –

әлденені алмай қоймас кезінде.

Мемлекеттік көп талабы –

қоя қойып маңызды ісін – сүртіп тұрған фужерін,

Жардай дене жанарымен жалт қарады,

әлдекімге ұқсады ма бір жерім.

– Тоқта! – деді, – Атыңды айтшы?

Абдырады, асыққанын білдірді,

–Женя!.. – дедім тәлімси қап,

тесік шұлық үлдіректің тасасына

тығылып та үлгірді.

«Шешеңді айтшы – шешең атын?»

«Зина…» – дедім қиқаң етіп иығым,

Сауалының бажайламай түйінін.

«Александр Рудольфыч… –

әкең аты солай ма?»

бет-әлпеті тез өзгерді,

бір ой түртті-ау бүйірін,

өңі сәл-пәл қуқыл тартты,

Қызыл шырай көпес бет

көру қиын болғанымен бозарғаны қиынын.

– Иә, тап солай,

солай! – дедім сезік шықты түріме,

ал ол болса фужері мен рюмкасын

соғып бірін-біріне,

үлдірекке таяу келіп, еңсеріле бұрылып,

күбірледі құлағыма: «Сашенька-жан тірі ме?»

«Тірі», – дедім күбіріне сыбыр қосып мен таяу,

сұрап тұрып, жылап күліп шіркініңде ес қалмады-ау,

бүгіжіктеп, кібіжіктеп әбігер боп айтқаны:

«Жүрсеңдерші, не тұрыс бар…

ал жүріңдер тамға анау…»

Тоқал тамда үстел үсті

балық, жеміс ырғын-ақ,

«Ақ боз» виски буфетіне

қайдан келген құлдырап,

баяғы бір отбасында шешем түскен фотоға,

о, тоба! –

Тәккаппарлау шешемменен тағатсыздау әкемнің

дәнекер боп хатын тасып,

қалдырмапты қапаға,

(аспаз екен сол кездері… соларсыз ас бата ма?)

Бір күрсініп, бір жылайды: «Тірі екен ғой Сашажан,

бастысы сол, бастысы сол… болғаны ғой бас аман!»

Күрсінгенін түсіндім мен.

(Түсінеміз кеш әмән.)

«Мені қайдан таныдыңыз туды-бітті көрмеген?»

Күлді ол сонда: «Танымастай

ауышпын ба мен деген,

Зәру болса, дәру болса – әлденені

алмай қоймас кезінде,

қолы ербеңдеп, бет уқалап,

Сашенька да жоқ еді ғой төзімге».

 

Мен бұл жайды шешеме айтпай,

сабыр сақтап қымсынып,

Әкеме айттым, әкем сонда

жанын жаншып күрсініп:

«Груша ғой ол!» – деді-дағы басқадай сыр ашпады,

Күреңітіп кетті бірақ, бетті уқалай бастады.

Соңғы әйелі айтты маған әкемнің,

алдын алып ажал деген қатердің,

«Жедел жәрдем» ауруханаға әкелсе,

ауажастық табылмаған қапелім,

(ауа жетпей қысылғанын қапелім)

ажал алдында

дәлізде оның жатқанын

аузында жатқандай боп қақпаның.

Ол кезекші дәрігерден сұраған:

«Жел соғып тұр…

басқа орын болмас па екен мынадан?»

Ал дәрігер жыландайын жиырылып:

«қайда жатса бәрібір ғой – үмітсіз,

екі-ақ сағат ғұмыры бар бұл адам».

Және де айтты

Дәрігердің естіді деп сол сөзін,

естіген сәт сығырайтып ашқан екен сәл көзін.

Әкем өлді.

Бір айдан соң сол кезекші дәрігермен жолықтым,

– Сіз бе? – дедім, – Яснихин?

– Иә, мен… – деді.. – Жайшылық па?..

Ал мен оның жайбарақат жауабынан қорықтым.

«Жай әншейін, жай әншейін…

көзіңізді көрсем деп ем көзбе-көз».

Көретұғын түгі де жоқ – көздері

жансыз екен, ойсыз екен көздеріндей өліктің,

Кешір, әке!

Су каналын жобалайтын жердегі

қызметтес достарыңмен табытыңды көтерем,

Кешір, әке!

Табылмаған табам – ауажастығын,

Соған қадап өзің алған – өзіңе лайық ордендеріңді әкелем.

Кеш жеттім-ау, кеш түсіндім –

өксимін де опынамын,

Қабіріңе салам міне,

қара жердің жалғыз уыс топырағын.

Әке деймін, егердәки нейтрондық бомба

быт-шыт жарылса,

тек сені ойлап қабіріңе келетұғын жанын сап,

Комсомолдық жарғақ куртка,

ескі куртка болады,

Жалғыз ғана,

Жалғыз дара,

шешем ұқсап барын сап,

Жең салбырап,

құр долбырап,

келер менің пиджагым,

қалтасында жартылығы

алар қол жоқ,

ашар жан жоқ,

көрсең мүмкін қимауың…

Грушаның мойнындағы жалған моншақ мың құрақ,

келер мүмкін

қабірің тасын қоңыраулатар

шын асылдай сыңғырап.

Әке деймін,

мен бейкүнә жапон қызы секілді

Исикава Такубоку өлеңінен сақталған,

Груша тасып, шешем жазған сол аяулы хаттардан,

«Гурвицтің – Гангнустың» геометрия кітабынан оқулық

тырна жасап ұшырамын

бомбаларға кеудесімен қарсы ұшатын қапталдан.

Әке деймін,

менің ісім – Россия,

Америка,

Йошкар-Ола,

Никарагуа,

Италия,

Сенегалға пайдалы,

Соның бәрі Райнисті құрайтынын білмейтін –

Сан пендеге, сан адамға пайдалы,

Әке деймін,

бір кездегі атам сынды –

Латвияға арналмақ бар жұмысым,

Атасына тартпағандар құрысын!

 

11

 

Евтушенко Наумович Ермолай –

екінші атам болған менің белорус.

Екі ромб тағып жүрді балғадай

екінші әлем ғазауаты қарсаңында сол арыс.

Сол кезеңде түн қатқан да, түс қашқан

кешті бастан атой менен аттанды

бірінші әлем ғазауаты тұсында –

георгиев кавалерін

толық, түгел таққан-ды.

Әр жексенбі «эмкасымен» келді атам,

Дербес еді машинасы – елге таң.

Әлі балаң секпіл бетті шофері

қызыләскер, қимылы бар ерге тән.

Қорап конфет қояды атам столға,

шие сепкен құс таңдайлы, құс таңба.

Чекушкасы асығындай киіктің,

баса ма әлде, аша ма әлде күйікті

соны ішкен соң белорусша ән шырқап,

жүрелеп кеп, түрегеп кеп,

биін билеп сүйікті

айызы қанып, шаршап барып тынғанда

атамды әкеп жатқызатын диванға.

 

Дүйсенбіде келеді «эмка» қалт етпей,

бас жазады атам

шие конфетпен,

ал бір жолы сол конфетін «соғыстырып» менімен

күрсінді де, ал жылады, ол тектен…

Келесі жол келді басқа машина

«эмкасы» келмей қалды… келмепті.

Сол машина алып кетті атамды,

атам содан… сол кеткеннен мол кетті.

Шешем менің Полесьеде болмаған,

(бірақ ылғи әлденеге болды алаң).

Екі бірдей қарындасы атамның

қалды сонда,

қанымызды жалғаған,

Бірі Ганна отызыншы жылдары

келіп кеткен қонақ болып, ол маған

башмақ әкеп – белорустың сырмағын,

кәрзеңкесі әлі есімде тоқыма

ал ішінде жүз жұмыртқа тұрғаны.

 

Ауылының атын ұмытып әкемнің

шешем талай тіл ұшына әкелді…

ал бір жолы біздер бір топ жанкүйер,

(әр жанкүйер өзінікін заңды дер)

өткен футбол даңқын айтып – опындық,

Хомич деп, Бобров деп

таңдай қағып отырдық,

Шешем сол сәт ұшып тұрды теңселе:

– Хомич қой, Хомич қой – ол село!

Минскіден бір жарымдай сағат ұшып,

қонғаннан соң вертолет,

енді әскери «газикпенен» ентелеп,

Келе жаттық Полесье жолында –

драмашы Макаенок Андрей мен

Белоруссия әскери округының

ВВС генералы жанымда.

 

Жолымыз – сүрлеу, тіптен,

Құлап-өрлеп не сайға, не қияға,

ұқсар кейде гүлден тіккен көк түсті тақияға.

Жол шетінде шал тұрды бір керемет,

кереметі – сұрасаңыз неде деп:

Киіп апты эсэс унтер-офицері мундирін,

салпыншақ қып Георгиев кресін

омырауына көрсеңіз ғой, күрмеуін

бір жағында жарқырайды

партизанның медалі,

аяқтағы жаңа жөке шабатаның арасы –

даланың көк шөбі менен көгалы.

«Хомичке бармайсыз ба, ақсақал?»

«Басқа қайда барушы едім?»

Жауап дәл, сөз санаулы.

Мінген бетте-ақ «газикке» шал

қолдан үккен қалампырдай

темекі иісі жыбырлатты танауды.

Жаймен ғана сұрадым мен:

«Евтушенко әулетінен бар ма қария, тірі ұрпақ?»

«Тірі болмай не болыпты, Хомичтің тең жарымы –

Явтушенко, бүгін тап»…

«Ал Ганна ше,

білесіз бе, тірі ме?»

«Не шара бар ондай жаны сіріге –

анау күні артық жұтып жіберіп кеп

үйіп қала жаздағаны… сол жетпесе түбіне…»

«Қарындасы бар еді ғой?» –

«Евга ма?..

Сол тұқымда сырқат бейбақ сол ғана,

құяң дей ме, Құдай ұрған бірдеңе,

табылмайтын көрінеді ем-дауа,

самогоннан сормақта бас деп едім

бір кесапат –

көндіре алмай келемін»…

«Ермолайды білетұғын шығарсыз?»

«Оны білмей жын ұрып па?»

таңғала:

 

«Жіңішке ауру жүдеу еді жасынан,

талағында биті бар ед, сонда да,

шошқа бағып,

он бесінші жылғы қыс

қашып шығып тұтқынынан германның

бір мезгілде онымен

Георгиев кресін де алғанмын.

Одан кейін қызыл командирлердің

құдіретіне құлаған,

Москваға барып бағын сынаған,

ізім-қайым жоқ боп кетті ақыры,

үйде отырған өзіндейлер жүр аман…» —

«Өзі былай қалай еді?» –

«Қыз-қырқынға өліп-өшіп қалатын

сенің мұрның секілді анау

айрауықтай айыр мұрын болатын…»

Хомичке кірдік біздер шал сөзінің шырмауында,

есіктері ашық-тесік,

тірі жан жоқ күллі ауылда.

«Құлыптаусыз неге есіктер?» – дедім қартқа сауал тастап

«Алатыны жоқ болған соң –

әдірамды ұрғаның ба?» –

«Адамдары қайда кеткен?»

«Жүрген шығар қыр жағында».

Қырға шықтық.

Қыр төсінде жыбырлап,

картоп қазып – жүр адамдар қыбырлап,

әйел, бала – тайлы-таяқ қалмаған,

ең қызығы кереметі, ал маған:

ең ақыры еңбектеген сәби де,

картоп түбін түрткілейді,

әрине,

ана сүтпен жатыр дағды жұқтырып

Жер қасиетін қадірлеуге фәниде.

 

Тап сол кезде бір тылсым күш ырқымды ап,

Бір кемпірге таяу келдім тым қунақ,

әлгі кемпір жарты қанар картопты

мас еркекті сілкігендей тұрды ырғап.

«Сіз бе Ганна?»

«Иә, мен болсам не болмақ?»

Алжапқышқа сүртіп қолын көнетоз,

сауалымды сәл аңдап:

«Өзің кімсің?»

«Немеремін мен сізге –

Женямын ғой…» деп үлгердім хабарлап.

«Женя дейді,

Женясың сен қайдағы?»

Басыр көңіл, сірә, суып, бастыққан,

кеудедегі сұрағы ғой тас бұққан:

«Москвада соғыста сен өлген жоқ па ең аштықтан?

«Өлген жоқпын, өлмегенмін, өлмегем»,

Сол екен, жан дауысымен ол деген

айқай салды: «Жинал, жұртым, тезірек,

туыс қаным – тапты міне, өзі кеп,

өзекті жан осы екен ғой, өлмеген!»

Өкпелерін қолына алып

барлық әйел, бар бала

маған қарай жүгіреді таңырқай да, таңғала,

бәрінің де көк көздері – Явтушенко көздері,

ал сәбилер қол басындай картоптарын қолға ала

Жетті бәрі,

тап сол кезде Макаенок Андрей мен

ВВС генералы да

көздің жасын шылап алды,

жылап алды сәл ғана.

Бір бөлмеде алпыс шақты Явтушенко улыған да шулыған,

Ганна әжеміз тартты дейсің

қызылшаның қымыранындай

стаканмен қырлыдан,

Сосын айтты: «анау жылы Ярмола оралғанда

азаматтық соғыстан

ой, ауышқан, ауышқан,

күллі иконды осы ауылда отқа жағып тауысқан,

әрең-әрең, әрең-әрең сақтап қалдым біреуін,

қақты білем шын «Құдай»,

Көрдіңдер ме ілулі тұр – бір ауылға бір Құдай.

Одан кейін отыз жеті басталардың

бас жағында келген ол,

иконды өртеп кеткені үшін

кірер тесік таба алмаған жерден ол.

Ел жағалап, жұртты «ағалап» ашып жүріп есігін,

сауға, сауап сұрағандай сұрады елден кешірім,

Москваға кетіп еді сол беті,

одан кейін ұшты-күйлі естімедік есімін…»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

толтырып ап екіншісін екпіндете қылғыған,

Содан кейін сұрақ қойды:

«Кәсібің не, қарағым?»

«Өлең жазам».

Айтқан сөзім басына оның қонбады,

«Ол не нәрсе?»

«Ән секілді ол дағы»

«Әнді айтпай ма тарқататын шер үшін,

ол не кәсіп,

ол не нәсіп болғаны»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

үшіншісін шөпілдете, лекілдете қылғыған.

«Көп болмай ма?» – деп қалдым мен,

«Шошыма,

Полесье полячкасы – мен деген,

Құдай берген,

берген саған немерем,

адамдармыз мейірбандық жебеген,

Сақта Құдай уласовшыл секілді

туыстарың сатқын болса,

болса алаяқ не дер ең?»

Ганна әжеміз омырауын алды ашып,

төс сүйекке қорытқандай қорғасын

Жара жатты,

омырауға жезтемірдей жалғасып:

«Көр, қарағым, партизан деп діні берік, тіс жармас

Фашист – иттің салған маған таңбасын»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

төртіншісін төгіп алмай меймілдете қылғыған.

«Жат жұрттарда болдың ба, сен?»

«Болдым, көрдім талайын».

«Явтушенко зәу-затынан көрмедің бе, ағайын?»

«Жоқ, жоқ, – дедім, – көре алмадым».

Мына сауал қыпылдатты сәл мені,

«Евтушенко әулетінен эмигрант бар ма еді?»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

бесіншісін бүлк етпестен, қыңқ етпестен қылғыған.

«Бірге туған кіндіктесі кіммен бірге жүреді,

Жаны ізгі жандарды айтам, тоқайласса тілегі,

Америца, Африцанда жоқ дейсің бе, жақсы адам

ал солардың бәрі маған –

Явтушенко әулетіне кіреді.

Жарық дүние жер бетінен қандас іздеп болма зар,

жаны туыс жақын ізде –

ең жақының сол болар,

сонда сенің туысың көп, тынысың да кең болар,

біздерді іздеп тапқаныңа – мың рахмет, ал балам»…

Ганна әжей де,

Евга әжей де селк-селк етіп иығы,

алпыс бірдей Явтушенко көз жасымен иіді.

Ярмола атамыздан әжей әрең сақтаған

Құдай – сурет тұрды жылап, түсіп кеткен иіні.

Некрасовтың «Темір жолы» түсті есіме,

сондағы

белорустың бейқұб шалы, бейшара шал бұйығы…

Аяулы әже, Ганна әжеміз,

қабіріңді гүл көмкерер көгеріп,

Көкшіл көзді немерелер, шөберелер ықыласына кенеліп.

Бәйбішесі белорустың –

қарапайым белорустың әжесі,

Күллі әлемнің әжесіне аруағыңмен жатасың сен теңеліп.

Кешегі өткен қан майданда

белорустың төрт ұлының бірі өлді,

ертең соғыс болар болса…

тірі қалмақ кім енді,

Аяулы әже, сен тіріңде шекара асып,

шетке шығып көрмедің,

аттап көрші ал, шекараның шеңберін.

Шекарадан өткізіңдер партизандық

тар кешудің, жан кешудің

Қара шаруа – Коллонтайын жігерлі.

Өткізіңдер Ганна әжейді,

иіліңдер, қалпағыңды ал басыңа,

бойтұмары – қолхаты бар

кеудесінде

фашистердің тозағында

шыжғырылып басылған!

 

Э П И Л О Г

 

Әміршінің өз тебені

тесіп таңба түсірген,

Сарыуызы дауыстарын жібітуге ішілген,

Көзге қораш мәйітханада

фашизмнің ақ кебіні секілденіп анығы,

діндарлықпен сақтаулы тұр

Жүз отыз екі жұмыртқаның қабығы.

Әміршінің тас пішіні –

қашаулы тұр қасындағы жартаста,

тас пішінді қырнай-қырнай

танауына таңба түскен марғасқа.

Жұмыртқаның қабығынан қабырғаға

жыландайын ирелеңдеп, бұраңдап,

Фашизмнің жазулары шығып жатыр ұрандап.

«Ұлымызға Бенито деп ат қойдық…

бұны жазған Пизадағы

Джузеппе мен Тереза деп танырсың».

Он жетіге жаңа толған Марчелло:

«Жаса, жаса, – деп жазыпты, – әміршім!»

«Ұлы адамның заманында өмір сүрдік,

күресіне бас тіктік,

Мақтанамыз біз сол үшін,

тәуекел деп тас жұттық.

Неаполдық ардагерлер» қол қойыпты,

о не деген ессіздік,

Жалған дақпырт ұлылыққа бас айналған бассыздық,

Қарғыс атқыр қараңғылық!

Қармалатқан көзсіздік.

Қылышынан қан тамғанның

Ышқырынан заң тамғанның

болған емес, болмақ емес – ұлысы,

туған жердің тасын қашап, мүсін жасап

ондайларға тәрк етпеңдер, дұрысы!

Мен айтамын ұлы адам деп

Ганна әжейді – белорустық әжемді,

Әмірін тек тауық-қазға албарында кезенді.

Әне, әне, көрдіңдер ме,

Перуджаның-Ассизидің

қасқа жолы үстімен

бұлтты ысырып, бір сәуле ұшып – бір керемет түсті рең,

бірақ та ол періште емес,

шалығы емес, солығы емес әсердің

өңірі тесік МОПР значогынан,

ескі жарғақ курткасы ғой

келеді ұшып шешемнің

Бейбітшілік шеруіне шыққандардың қолында.

Сенер еді –

Құдай ана – ағаш ана десең кім?

Есесіне партизандық Полесье кемпірі

Ганна әжейді төбеге жұрт

ұрандайды көтеріп,

төбемізден қарайды ол

кәрі шемен кеудедегі жарақаты өтеліп.

Құймақтайын конфет құйған

мүсіншідей мың түрлі

Перуджиндік фабриканың жігіттері сиқырлы

Ганна әжейді тік көтеріп, төбесіне тік ұстап,

Ганна кемпір байыз таппай қояды әлсін дыбыстап:

«Сендер мүмкін берерсіңдер,

немеремнің бәріне

қызыл айдар конфет жасап,

бір тамсансын дәміне…»

Жердің шарын жүз орардай

алтын қамыр илеген

«Понтидағы» жұмысшылар Ганна әжейді кимелеп

төбесіне көтереді,

ол нұсқайды қамырды:

«Хомичте көрмеген нан…

біз дағы нан илеп ек…»

Перуджалық университет шәкірттері зиялы

(зиялылар құшағына әжелері сияды).

Кафканы оқып ой мен өре

молайған да отыққан,

молекула құрылымдарын айыратын тотықтан

Зиялылар Ганна әжейді

тік көтерген бүгінгі.

Ал Ганна әжей Кафкаңызды естімеген ешқашан

Тотық демей, қатық десең,

Қызық демей, шыжық десең –

оған сондай ұғымды.

Бұл кемпірді көтереді

Толстой да,

Ганди да,

қарсы келмей жұрттың бәрі –

құрақ ұшар алдында.

Көтереді Исус та жара-жара

шегенделген қолыменен, қарашы,

Полесье әдетімен

үшкіреді ол Исустың жарасын,

адамдар мен ғасырлардың арасында – бұл кемпір,

Эйнштейн, Нильс Бордың қолы менен санасында –

бұл кемпір,

тербеледі, теңселеді,

әлдиленер бұл кемпір,

Саңырауқұлақ – атом лаулап

мынау дүние қалмауы үшін мүлдем тұл.

Ал соңында қаптап өріп –

ақ пен қара,

қоңыр, сары немере мен шөбере,

Қолдарында бір-бір түйнек – бір түп көде…

несібе ме, немене?..

«Қара жерде қаптаған жан Явтушенко зәу-заты

Ал әйтпесе, мені бекер көтере ме төбеге?»

 

Перуджа мен Ассизидің қасқа жолы

қалт бұрылған бұрышта

Риганың вокзалының киоскісін менің шешем тұр ұстап.

Сатып тұр арғы күнгі –

алғы күнгі газеттерді алыңдар,

енді соғыс болмайтынын,

мәңгі соғыс болмайтынын –

оқыңыздар дұрыстап.

 

4

 

Болды шешем белсенді актив бір кезде

Құдайсыздар Одағында,

ереуілшіл топта да.

Қазір де бар көрінеді бұл ұйым

салқын сабыр сақтайды екен тек қана.

Күрес бұрын ашық болған

бетке айтқан ғой бұғынбай,

басқаша айтсақ, бақырайтып көздерін –

Құдайсыздай «құдайлардың» қолтығына тығылмай.

Әжем мені шоқындырды жасырын,

Жалтылдаған крест тұмар – қосағым

жатты бірақ жез қорапша ішінде,

николайлық сөлкебайға соғылып

сыртындағы Георгийден әулиенің әлпетін

боп-боз етіп бедерін ап,

кеткен бе уақыт кеміріп.

МОПР деген төрт әрпі бар ескі значок солармен

бірге жатты жалтылдаған бояуы аздау көрініп.

Қырық бесте ашты шешем

тұтқыр тұтқа қорабын,

Қорабынан ашқан кезде орауын –

Ұлы Отан соғысының медальдары сау етті,

Арасынан тағылмаған кресі де шыға келді баланың.

Біздің мұра-мүлкіміз де бір қорапқа жиылған

бауырластар қабіріндей, бір топырақ бұйырған,

бейіттегі белгідегі жазудайын жалғыз кез

қорапшаның қақпағында: «Ландрин» жалғыз сөз,

фамилия секілді ортасынан қиылған.

Ұлы Отан соғысында

жетті шешем жеңіске,

Жүк машина қорабында жадағай,

«Катюшаның» зуылына қарамай –

тігіп басты кепілге,

ән шырқады қанды майдан өтінде,

ал танкілер айқасқа,

ала кетті алаңсыз,

концерттерге киетін –

көйлегінің сәулелерін оқалы,

кетті бірге сезім толы мақамы

сол соғыста ұшты-күйлі хабарсыз,

Соғыстан соң «Форум» кинотеатрының

фойесінде

ән шырқады ол

дауысының сездірместен қырылын,

қатардағы буфетпенен қапталдаса отырып,

Гитлерді жеңіп келген жігіттер

Сыраларын сапырып,

Дина Дурбина үлгісімен шашын қиған

қызды көрсе «аһ» ұрып,

қуқыл өңді, көркі бәсең әншінің

дауысына құлақ аспай оншама,

сыйламайтын,

өздеріндей жеңімпазын соғыстың,

шын жеңімпаз екенінде күдігі жоқ болса да…

Біз «Форумнан»

Мещанский төрттегі

үйімізге қайттық үнсіз –

қайтқандаймыз өкпелі

Танкілерге тарап кеткен

кестелі оқа сәулелердің өтеуі,

концерттерге киетұғын шешемнің

көйлегінің сыбдыр етті етегі,

асфальттағы көзден таса

лейтенант погоны оған іліккен,

Үш жұлдыз тұр әрең-әрең жылтырап… әрең-әрең біріккен,

Басқа жарық жоқ маңайда.

Басқа жарық үміттен…

Шешем үйге келісімен басынан

сыпыратын сәбіз түстес

жасама шаш – жабуын,

Сүзектен соң қызыл шақа құйқасы –

қиын еді тануың.

Ербеңдеткен секілденер бала солдат –

қалтылдаған жас басын

шешіп алса қорғаны жоқ, қолапайсыз каскасын.

Өз-өзімнен күштеніп

Жарылардай намыстан,

жасты жұтып деміммен,

күбірледім тістеніп:

«Ендігәрі, анашым, ән айтпашы!» дедім мен.

Солқылдады, жылады.

Тыңдап мені құтылды.

Ұлы Отан соғысында ұтты шешем ұтырлы,

ал дауысын өзінің жоғалтты да,

ұтылды.

 

5

 

Шешем жаңа қызмет бастап кеткен,

Мосэстраданың балалар бөлімінде –

әкімшілік жұмысын жандырғалы.

Өгей әкем біздерге тастап кеткен

қарындасым екеумізді

көз таса, көңілден шет қалдырмады…

Қарындасым –

маңдайы ашық, бұйра шаш баяншы еді,

Жарты әлемді құрайтын жарым жетім

Жолбике баланы кім аяушы еді?

Шешем үйге көлденең жұмыс әкеп,

көшіргенде

концерттер рапортын,

Әні айтылған авторлар кассасына

тиын тамып жататын біртін-біртін.

Жинақ касса жалғыз-ақ шешемдегі –

сол баяғы «Ландрин» қорапшасы.

Соғыста алған әртүрлі медалына

араласып жататын бар ақшасы.

Консервінің қалбырын тебе-тебе

табаны да қақырап сөгілетін,

жырым тұмсық ботинкам танауымен

тербеп

қарындасымның кереуетін

тыңдайтынмын жанымның алауымен,

қарлығыңқы қапылған әуенімен

тым тұманды Альбион жағасынан

Вадим Синявский әнінің құбылысын,

Қақпасына «Челсидің» аласұрған

Бұзып-жарған Бобров ұмтылысын.

Үшбу хаттай рапорт толтырудан

көрмеді құрғап қолым.

Блантер де, Соловьев-Седой да көз алдымда,

Фатьяновтың, Солодарь Цезарьдың да

Әр күн сайын өсірдім жинақ қорын.

Дунаевский дейтұғын фамилия

Қанша рапорт кездессе – сонша жолда,

«И. Дун». деп қысқартып жазушы едім

Көз бұлдырап, бас зеңіп шаршағанда.

Түк шықпайды көп жазған құр әріптен

(Көп бүлінді қолтаңбам туа біткен)

Шостакович есімі кездессе егер

Жазғым келіп тұратын ірі әріппен.

Фамилия, топанын есімдердің

көшкініне

көміліп көшіргенмін.

«Құрауов» пен «Сұрауов» арасына

басым зеңіп,

белгісіз өз атымды

Ағатайым, шығардым жазатынды,

Жазып болып,

түсінбей тесілгенмін,

байқап қалсам – байызсыз өшіргенмін.

 

Арша-шырша аңқытып

Аязата қонақтар

көп келетін шешеме.

Қызыл тоннан суырып

қошқар тұмсық арақты

құятұғын еселеп.

Қартаң тартқан ішінде Қар қыздары болатын,

ал біреуі солардың –

(ұмытқан шығар ел атын)

Вадим Шершеневич –

имажинист ақынның,

әлде екінші, үшінші

заңды жары болатын.

Рапортта ол есім –

көрсетпейтін елесін.

Жыландайын жиырылып,

жиырылып, жазылған,

Сахнадан мезі әйел шаршап біткен, қажыған,

ұйпа-тұйпа бір сәтке үй мысығы секілді

кресло үстінде малдас құрып бұйығып,

әлденені иіріп, жіп суыртпақ шиырып,

қарындасыма арнап башмақ тоқып отырды.

Зәрлі, кәрі Горыныч –

сүйген «құлы» ортаның

сызып жатыр пулькасын преферанс-картаның,

құмар менің шешемнен ұтылуға ұтылап,

Жалақысын біледі…

қанша екені қауқарын.

Қызыл Телпек аянып

соғыс салған жарасынан қорынып,

қасындағы құмар әйел – қырықта

қолбаладай желігіп,

қипалақтап пеш жанында –

әдетімен төселген,

Жым білдірмей жасырады шешемнен,

сабақтан соң «Красносельскийде»,

кіршігі жоқ періште үйде –

аумайтұғын айнадан,

шыдам кетіп шарасынан, жастық тысы арасынан

суретін көрсететін

полк баласы рөлінде ойнаған,

махаббаттан маған қызық үйрететін «оңбаған».

Мен осынау – дақпырты жоқ, даңқы жоқ

кішігірім артистердің кісілігін сүйген едім,

сүйемін!

Атақтыны қақтыратын тәлтірек,

Өнердегі туыстықты

біледі олар шын өнердің нарқы деп

біледі олар не екенін киенің.

Беу, әттең-ай!

Мещанский төртіншіде

менің шешем қолынан

берілгенде Христостың соңғы асы,

анық еді Құдайды алдар жайттардың болмасы.

Соңғы ас емес,

болар ма еді ол,

болар ма еді – дәм басы.

Сұр Қасқыры алып келген

турамшылап сұр етті,

Шешем сібір пельменіне қолы қандай

тым епті.

Мыстан кемпір тұздық үшін жаңғақ үгіп қарық қып,

Василиса ару фарш жасап

қармасынан балықтың,

қолға іс алса келтіреді шын нәшін,

фаршқа орап жіберіпті бір жолы –

құлақтағы көкшіл ақық сырғасын.

Ал бір артист-жонглёрше –

қытай еді нәтінде,

тамақ жасап білемін бір қойғанын,

Жеуге бірден бара бермес дәтің де,

неден, қалай жасалғаны беймәлім,

бірақ бәрі – ортақ дәм боп ықыласпен қойылып,

гүл жайнатып жіберетін дастарқанды сәтінде.

Пролетариат елкасы секілді еді –

жақсылардың басын қосқан жаны ізгі

Әлемдегі жарым жетім, жартылардың құрылтайы тәрізді.

Сол бір, сол бір Қар қыздары

талма менен қабынбадан кетті өліп,

ал балаға, ал ұрпаққа махаббаты…

Өлмейді олар шектеліп.

Ол жақта да Мосэстрада

құрметті грамотасын көрсетіп,

балалардың бөлімінде Көктегі,

қызметке қолдары анық жеткені.

Өліп кеткен Қар қыздары,

өлген Аязаталар,

маған бейне басқа әлемде

махаббатқа қаталап,

Жаңа жылдық жаңа арша,

жаңа шырша жайнатып,

Жүрген сынды өлі сәби –

балаларды ойнатып.

 

6

 

Жан анашым,

әлі күнге егілем де, езілем

Ленинградтың қу сүйекті, құр сүлдерлі –

балаларын сезінем.

мен бүгінгі газеттерді оқимын

күллі әлемдік ёлкаға келген –

өлген балалардың көзінен.

Пискарев зиратынан солып қалған тарамыс қол сіңірлі,

шыршадағы сарғыш фонарь мандаринге ілінді,

бала қолы жұлып алды, жұлып алды, не істейді?

Өлі бала – өлі дене, білмейді ғой түгіңді.

Освенцим балалары беті қисық, торғайдайын көкала,

қақалады, шашалады улы газға қамала.

«Аязата, аяй гөр» деп зарығады бәрі де,

Сыйлыққа емес,

жалғыз жұтым… жалғыз жұтым ауаға.

Шешесінің жатырынан жарып алған

сонгмилік сәбилер,

Ырылдаған Сұр Қасқырға қолын жайып зар илер,

Белфаст, Бейрут балалары көрген бомба талқанын

Парша-парша, арса-арса қаңқалы,

Қызыл Телпек сол қаңқаны

құрамақ боп байқады…

Сальвадордың балалары әмір-темір танкілердің

табанында жаншылған,

Зәресі ұшып жалт береді қуыршақтар

елесінен қаусырған.

Азынаған осы әлемдік ёлканы айналып,

Аза бойың қаза болар

өлген сәби дауысынан

Бұл дегенің бер жағы ғой…

ал жарылса, шын нейтрон бомбасы,

белгілі онда бала атаулы жұрнағы да болмасы.

балабақша базарлары –

мазар болып қаңырап

Қол ойыншық қонжық біткен зар еңіреп жамырап

Үрлемелі қуыршақ пілдер

дабыл қағар

«әттеген-ай», соңыра-ақ…

Рахмет саған, Сэмюэл Коэн

басқа ойшылдар – ойланатын, ойлайтын…

Жаңа ойыншық жасапсыңдар «американ ойыншығы» –

қаншеңгелге тоймайтын.

Рахмет айтамыз ба?..

«Балалардың әлемінде» сап тынды деп

ырғын-қырғын кезектер,

Қат боп кеткен қағаз жөргек

іздемейтін болдық-ау деп безектеп,

енді ешкім ештеңені сындырмайды,

шығармайды шып-шырға,

бұрымымыз кесілер деп қуыршақ та қорықпайды бозөкпе.

Терезенің әйнектері сынбайды әңгі доптардан,

карусельде жегулі аттар

кеуек-дүние кеңістікте солықтайды…

міндеттері мәңгілікке тоқталған.

Балалардың шалбарлары

кермелерден жиналмаған жаюы,

Жасырынбақ ойнағаннан сөгілмейді қаюы,

керісінше басталады –

жаһаннамның жасырынбақ ойыны.

Балалар жоқ.

Үлкендер жоқ.

Құлаққа ұрған танадай,

Тылсым дүние түнекте –

қирамаған көше жатар,

бұзылмаған сағат жатар білекте.

Нобайы бар, жаны жоқ қол –

сұлбасы әлі сақталған,

білезік-бау ол да бүтін,

ағытылмай таққаннан,

неке қияр сақиналар саусақтардан сусыған

көкшіл ақық… көп сырғалар

құлақтардан ыршыған.

Іші қуыс құрым қолғап сықырлайды бүп-бүтін,

автомобиль рульдерін сығымдайды бүп-бүтін.

Перуджада халықаралық балтырлардың

көрмесінде сықасқан,

күллі балтыр буға айналып тұтасқан,

алтын өрнек ұлтарақтар –

бір уыс күл болады,

саудыраған туфлилер иесіз тұл қалады.

Міне, осынау шегіренмен шекетулі…

арасында қоқыстың

өзгелерден оқыс тым,

перуанканың қызыласық тобығында –

сәл балқыған кісені

табандарды тіміскілеп,

өкше-іздерге түседі.

Шешем-дағы болмайды онда –

қаңыраған киоскілер

тұрмайды онда сауда ғып,

Оңып кеткен көне мүлік-басылымдар

ат-көпір боп бауланып,

«Футбол-хоккей» апталығын,

«Америка», «Денсаулық» журналын

азынаған атом желі парақтайды аударып.

Шешем елес,

сол шешеме буға айналған

қасапшы боп бір елес,

мұздақ тауық қалдырады,

баяғы әдет… түк емес,

қатқан тауық Мопассанның отандасы (осы жаққа

алмасқан),

Отанында тұр сөреде Мопассан,

тағдырын-ай,

жан жуымай, шаң басқан,

маңайында қолға ұстайтын отандас –

жанды қара қалмастан.

Фирби деген жаңа майор

Хиросима кнопкасын басып әмір бергенде,

Европа жантәсілім

Евросимаға айналғанын көргенде

естен танып, ақылы ауып үлгірмей-ақ әп-сәтте

елес болып кетті өзі де ербеңдеп.

 

Менің шешем саясатқа жоқ адам,

Бірақ бірде асқан жайға қанадан

өз көзімен қараған:

«Жұлдыздының» бульварының жанындағы дүкенге

Жанталасты ел,

білмейміз ғой, тойымды.

ГДР-дің қабырғалық қағаздары оюлы

түсіп жатты дожыналап ораған.

Сол кезекке тұрған шешем кеп тосын,

Таласқан жұрт сығыпты-ай кеп өкпесін,

бытырлатып түймелерін тонаған.

Сонда шешем:

«Қайда бармақ халық мына қалпында,

Дүние – боқтан басқаменен жоқ ісі –

қан толған ба көзіне?

Өзін алар, дүние қалар артында

Нейтронды тапқан ба ойлап… сол үшін

өз обалы, – депті, – мейлі өзіне?!»

Мың-миллион дүкендерін ғаламның

елестеттім,

алдына әкеп жанардың.

Қабырғалық оюларын әр елдің,

бұлғын тонын, құндыз тонын әйелдің,

Жауһарлар мен итальян етігі,

Жапон мүлкі – жұмбағындай сананың,

дат сырасы банкадағы, бос тұрған,

сырақор жоқ… нарқын білер бағаңның

бәрі де бар! –

болмағаны болмаса сатып алып, тұтынатын Адамның.

Жастық біткен сүйенсін деп музейлерден ұрлай бастар

бас сүйек,

көйлек біткен киілсем деп

тас мүсін мен қаңқаларға артады өзі қос білек,

дәрігерлік оқу орны дәрілеген спиртпен

Сәбилерді бесік-арба әлдилейді төс тіреп.

Ұсталмаған ұстаралар жалғыздықтан қорынып

бұдандағы отқа түсіп

кетсем дейді орылып.

Галстуктар қаптап шығып

қалың ағаш қапталына тағылып,

ал кітаптар өртке өздері жағылып,

адамдардың бетімізге тамбады-ау деп көз майы

сарғаяды парақтайтын саусақтарды сағынып.

Дүние-мүлік, зат екеш зат та бейімделер жағдайға,

Дүкендерге өз аяғы – өз еркімен бармай ма?

Бір дүкенге шет жақтағы

«адам түсіпті» десе,

күллі әлемдік қоқыстарын сол жерге әкеп салмай ма?

Зат екеш зат – заңды түрде саясатты сапырып

дауласады,

саясат боп қызыл өңеш тақырып.

Қайтер едің, ащы ызадан аласұрған

тоңазытқыш бойынан

Жаңа нейтрон бомбасы –

шыға келсе атылып,

және де өзі жаудай тиіп заттарға,

адамдарды сау сақтаса қапылып…

Қайдам… қайдам… қалмаса адам —

Қалған дүние қандай опа таптырар,

Атом – апат атойласа,

қандай заман, қандай сауал, қандай зауал қаптырар?!»

 

7

 

Балықтан ада Тибрде түнгі жағада

шарқ ұрған елес, әскерлер емес сарала.

Апиын – удан ақжем боп кеткен түр-өңі,

апиын құйып, шұрық-тесік болған білегі,

нашақорлардың көлеңкесі еді ол, қалтылдап

қос үрейлері соңынан қалмас бір елі.

Москвадағы ескі әдетіммен таңертең,

Тибр жағалап жүгіріп –

таратушы едім құрысты.

табанымның астынан сонда естуші ем

созылған сіңір сытырындай бір дыбысты.

Қалт тоқтап бірде, дір етті денем.

Самсаған,

шашылған, сынған сауытын көріп дәрінің,

бір егіп барып тастаған ине қаншама…

Солармен тұстас,

қапталдарында бәрінің

итальян қалақайлары қымтаған

тапталған адам тәнінің –

таныдым әлпет-әдібін.

Әдіп-әлпеті орыстың жүзі кәдімгі –

шаруаның беті шытынап барып жарылған,

қып-қызыл қыштай жұмыс пен күнге қарылған,

маңдайға түскен жұқалтаң бозғылт әжімнің,

астындағы анау

жесірдің көзі қорынған.

Жесірдің көзін ақ орамалы қалқалап,

айналасында қара қалақай анталап

ақ орамалды күйеге аунатып алғандай

соғыстың күлі –

мәңгілік дақ боп қалғандай.

Жесірдің көзі, жесірдің көзі бұл неге?

Себебін тауып айта алмас едім бірдеңе,

Солдаттың орған бауына жетіп құлапты

Оранғанындай сол әйел үлде-бүлдеге,

бір буда бауға

жасап жан сауға құлаған,

Құлаған әйел – құшақтағандай тірі адам,

Сұрамай, соғыс суырып алған қойнынан

Құшқандай ерін

құшырмен бауды бұраған.

Сан түрлі бояу пейзаж фотолар түбінде,

ұйпа да тұйпа, түте де түте

түтілген,

аэрофлоттың жарнамасына жамала,

әлдебіреулер қалдырып кеткен жағада

Жесір – суреті жатыр, мінеки, Римде.

Ақ қайыңдар суреті-ай

ақ балтырдай қырқылған,

Беу, Василий Блаженный бейнесі –

умаждалып, жапсырылып, жыртылған.

Әлдебіреу табанының балшығымен бес батпан,

алға қарай аттаған ғой шегінбей,

(көрдің бе, ісін кесірдің…)

Маңдайына із салыпты жесірдің –

өткен күнді ұмытудың

өткен күнді құрытудың мөріндей,

Нашақор сорлы – көлеңке дүние-дүрмек

ғайыптан тайып өкшесі тиген бұл бетке,

сол жеңін түріп оң қолыменен демеуі,

тамырға тағы тәнті уын салу себебі

ойламау үшін –

болашақ атом азасын,

өткен соғыстың ғазауаттарын, қазасын,

мүмкін болса егер,

ұмытайын деп салады,

өзіне-өзі қасақы,

жазасын өзі алады.

 

Тарихтың өткен сабақтары мен тәлімін

Ұмытса егер,

сол емес пе айтсақ, әділін –

нашақордан да намысы төмен кәрібің.

Айырма бар ма құмарпаздыққа құл болса,

апиын ішіп,

аяқ астында былғанса,

Футболдың әңгі жанкүйері одан несі артық,

бір жартыны ішіп ессіз де түссіз жынданса.

Теледидардың құмарпаз құлы көп тіпті,

телемұнара төбесі биік шоқтықты

дәрі егетұғын ине секілді оларға –

Ұмыттыратын уайым-қайғы, жоқтықты.

Басқадай у мен басқадай зәһәр жоқ болса,

тіс жуар ұнтақ қараптан-қарап жатқанша,

Уландыруға ол-дағы бір сәт жетеді,

тазарған тіс пен тілдің астында сақталса!

Машина,

мебель, сервиздер –

талайдың қиял түсінде

Апиын у ғой олар да –

тек, әттең, заттық пішінде,

Иленген тондар кездессе,

егер де сұйық күйінде,

дүниеқоңыз талай құл ілмей-ақ оны иінге,

жұтуға бар ғой, ішуге.

Ақша мен тақтың, биліктің

құлдары-ай кепкен ындыны!

Құмарпаз құлы атомның ойламайды олар,

бір күні

бетіндей шаруа – жесірдің аймандай етіп әлемді,

қапия бір сәт – қапыл күн

табаныменен атомның

басады мөрін баттитып

түнектей заманақырдың.

«Құмарлықтың қылшылбырына қылғыну –

Жазылмайтұғын болды ғой бұл дерт, бұл бір у…»

итальяндық егделеу кісі –

сыртымнан ауыр күрсініп,

іш көйлегін қозы қарнына көтеріп,

малшынған терін бір сығып,

дәрі – сауыттың сынықтарына үйкелеп тұрып табанын

шіреніп, кеды бауын байлады,

сілкілеп қақты балағын.

«Мүмкін, – деп барып миығын тартты ол, –

Сіз бенен бізде нәтінде,

Құмарпаз – дерттен құр емеспіз ғой…

жүрген шығармыз шетінде,

әйтпесе неге ақ тер, көк тер боп

жүгіреміз кеп таңертең,

өзіңнен биік секіріп болмас,

өзіңнен озып кетуге…»

Дегенде өзі,

жүгіргенде өзі

жүгірмейді екен тым жаман,

аяқ киімнің арасынан тек құяңы аздап сыздаған,

балтыры бірақ бабында екен жас жіліктейін серпіліп,

дәрі сауытқа, қалақай, құмға тамшылар тамып,

танауы аздап мұздаған.

Сол кезде мен де жүгірдім дейсің,

қарғыдым бір-ақ Тибрден

Мәскеуден шығып, шешемнің құйттай –

киоскісінде тұрдым мен,

ойыншы сынды ереже-еппен тартатын ойын картасын

Жаймалап жатты газетті шешем

түр-түріменен бір-бірден.

Сыбырладым мен:

«Бір «Ақшам» газет…

тұтығып үнім қалғандай,

«Арғы күнгісі дейсіз бе?» – деп

сұрады шешем аңғармай,

сұрады шешем салыңқы қабақ,

солыңқы тартқан жақтары

дауысымды менің

айырып бірақ жатпады.

Асығыппын мен абыржыппын мен бекерге.

Ертеңгі шығар кезекті

редакциялар беретін маған газетті,

бүрсігүні шығар, арғы күні шығар нөмірі

түспейді қолға, тимейді қолға өмірі.

Өзімнен-өзім қорландым бекер: «Болмаса…

кешегі санын тауып беріңіз амалдап».

Ащы да ауыр күрсінді шешем: «Далбаса –

арғы күнгіні алмайды ешкім алаңдап…»

Қайтадан қорқып

қайтадан қаштым шешемнен,

Италия жолдарын тартты төселген.

Арғы күндердің, алғы күндердің газетін

көрсем деп, Рим,

асығып едім көшеңнен,

көшеңде көрген әрбір әйелдің жүзінен

Жалғыздық көрем,

жесірлік деген кеселмен.

Болашақ жесір күңгірлі күмбез ішінде

өліктерменен неке суларын ішуде.

Болашақ жесір –

өліктер туып болашақ

Ішінен ылғи шарана, түсік түсуде.

Соларға жалғыз бұйырған шырша

таймапты түгі, қылшасы,

өлі перзенттер… өлі сәбилер –

әлемдік ортақ шыршасы.

Сол кезде маған газет таратқан,

мұрнының боғы газетке қатқан бір бала:

«Синьор мырза, газет алыңыз,

бүрсігүнгісі, арғы күнгісі – су жаңа!

Сіз де алмайсыз ба,

о, Құдай, сақта!»

«…айтыңыз, мырза,

пенделер біткен, су жүрек тіптен…

нендей күн туған басына?»

 

Арғы күн түгіл ертеңгі күннің қорқынышы зіл батпандай,

Арғы күнді ойлап арқама аяз батқандай

жетімі де жоқ, жесірі де жоқ,

ақырында тұтас жер жесір,

ар жағында оның мұз мұхит жатса –

қайтесің егер көл-көсір?..

Тек қана, әне, Христос жалғыз иіні түскен құр кебін,

алақанынан шегемен қағып іліп кеткендей сүлдерін,

есінен танған нашақорлардың білекке бізін сұққылап,

істеген ғой, білгенін…

Суретке салмай Құдайдың өзін

сүлдерін салып қаузаған,

Ұлы өрлеу деген ұмытылмас дәуір

қақпа ашқанында сол заман

суретшісі пайғамбар көзбен

бүгінді қалай болжаған?

Жарылар бомба

жоқ кезі онда атымен,

Нейтрон – сайқал,

түске енбес кезі затымен,

ал бірақ, егер нейтрон бомба болмаса,

кім мынау онда, суретте тұрған далбаса,

бүгінгі күннің адамы сынды, дәл міне,

Құдайдың өзін құрытып барып, мәңгіге

сыпырып алып терісі менен түгін де

сақтаған, сірә,

освенцимдік болашақ

шеберханада әмиян, етік, қол сумка

секілді дүние тігуге…

Самолеттердің гүрілдерінен дауысымды көкке асырып,

Айқай салдым мен Құдайға

жасасам-дағы асылық:

«Христиандар бомбалы –

діннен әртін кетіңдер!

Адам өлтірушілер – Құдайды өлтіретіндер!»

Құдайым-ай!

Тілекті кім беріпті?

Кебін мүсін – керулісің!

Айттың… айттың не бітті?!

Неге айттың сен, бүкіл адам бірге туған бауыр деп.

Дар ағашқа Құдайды асқан

қырға неге шығамыз,

Неге құлдық ұрамыз,

атом дейтін дар қамыты арқылы

құритыны күллі әлемнің

болмаса егер шүбәміз?!»

Блок – жырдың үйіргендей құйыны,

бүрсігүнгі, арғы күнгі газет біткен үйіліп,

Шешем сонда

жайлап қана келді алдына Құдайдың,

ал үстінде көне куртка – құдайсыздың киімі,

салбыраған суреттің сүлдеріне тұрды қарап

оянғандай ой сала,

Бір уһілеп, деді кенет:

«Беу, қайтсін-ай, бейшара!»

 

 

 

8

 

Кедейлік те, кемдік те жоқ,

болмақ емес бейшара,

Соның бәрін шонжар байлар жасап жатса – не шара?

Кедей болып көзін сатпай,

байлық деген сестердің

шекесінен қарауына, селт етпестен өскенмін.

Кедеймін бе, баймын ба деп бас қатырып толғанбай,

өскенмін мен қорғалақсыз –

қатарымнан кем болмай.

Соғыстан соң Москвада әлі жүдеу, күйкі рас,

бай балалар шыға келді бұлғалақтап шикі мас,

ал мұндайда ойланбасқа жоқ лаж…

Сол кездегі экранның тағылымын, тәлімін

тәнті еткендей биін билеп –

кубань казактарының,

жап-жас кезі Любимовтың

епті есепшіні ойнаған,

сеңсең бөрік сері жігіт – бір ойы бар ойлаған;

Таганканы жаулап алып

танытпақшы дарынын.

Шикі мастар, сәнқой жастар осылардың бәрінің

көлеңкесі секілді еді

көлегейлер жарығын.

Колонналы залдағы өткен бір кеште

Көргенім бар – әуейліктің,

әсіренің асқанын,

Далап – маймен бір-ақ елі маңдайға

желімдепті жалбыраған шаштарын,

тоты құстың қауырсыны тәрізді

галстугы желпуішке ұқсаған.

Пиджагы ұзын – қысқы пальто секілді

мақтаменен иық сырып, тыстаған.

Аяғында шие қызыл туфли

биік өкше, құс тұмсық қып ұштаған.

Жұрттан ерек,

елден бөлек,

магазиннен шыққандарға киініп

қарайды олар танауларын шүйіріп.

Ал мен болсам -—

иінімде «Мосторгтың» пиджағы бар құнтиған,

сұрғылт қоңыр көйлегім бар жуа-жуа тылтиған.

Гардеробтың бар қолымда нөмірі,

(нөмірімді жоғалтпастай сығымдаймын өмірі).

пальто орнына киіп жүрген шешемнің

ескі жарғақ курткасының белгісі тесік еді өңірі –

ол баяғы МОПР деген значоктың орыны

МОПР жоқ-ты.

Орны қалған.

Мода қуған шикі мас

шықты алғашқы диссиденттер – киімде бар ықылас.

Би алаңның ең алғашқы бүліктері осылар

дүние десе, мүлік десе – ниеттері қосылар,

дүниеқоңыз, дүниеге құл келе жатқан заманның

батырлары, бастаушысы осылар еді –

бас ұрар.

Жасақшылар күреспек боп жұрт сөзіне толғанды,

қайшыларын қолға алды.

Талай-талай желпілдеген желке шаштар қиылды.

Тігіншілік өлшеуіштің тік мінезі көрінді,

талай-талай тар балақтар – қайта-қайта сөгілді.

Коллоналы зал сәнқойлары –

ең әсіре, ең әлем,

Жасақшылар білді оларды… «қаш, машайық пәледен!»

Катафалк қара «Зимдер»

көзге ұшырай бермеген

қайқаң қағып тұрды күтіп,

ал оларды көлденең.

«Кокқа тарт» деп шофёрына бота тірсек бозбала

сөзін тістен сыздықтатты тәкаппарсып қозғала,

(«кок» дегені – коктейль-холл,

солай дейтін сол уақыт).

Сарала көз «ЗИМ» қозғалды,

лай-құмын жолға атып,

жаңа туған қырық тоғыздың жылбысқы ми батпағы,

курткама кеп былш еткенде,

көңілде қап дақтары,

МОПР значогын сонда курткама емес,

денеме,

сүйегіме, болмысыма сездім бұрап таққанын.

Біреулердің әлгілерге «Академик ұлы…» деп

көрдім таңдай қаққанын…

Эйзенштейн фильмінде

«Броненосец Потемкиннен»

доңғалақтай лақтырған

шикі мастар, сәнқой жастар

дәліздердің баспалдағын

сықыр-сықыр қақтырған.

Жылдар өтті арада.

«Өңез» деген шықты өткір фельетон,

маңызы бар тарихи іс табылды –

коктейль-холл тұтас жаппай жабылды.

Бұл коктейль буржуазия елінің

ушықтырар уы болып танылды.

Бос пепсидің бөтелкесін шыны-июльмен орнына

қайда апарып тапсырарын білмеген жұрт аңырды.

Уақыт деген тез өзгерді алқынып

Жасақшылар сөзін тыңдап жалпының:

Қайшысымен қырқып жатты бұл кезде

Далақтаған балақтардың артығын.

Лёва деген академик ұлы

үсті-басы әлем-жәлем

кері адамның қалпынан,

Орта қолдай суретші боп өтіп еді талқыдан.

Бұл кездері ол киінетін өзі тапқан ақшаға,

Әке ақшасы ағып кетті әдіра боп шалқыған.

Тек тектілер киетұғын

шым-шытырық шүберекке шетелдік

бірте-бірте бүкіл жұрттың сұранысын көтердік.

Тектілердің тізімінде –

қасапшының,

көшетшінің,

сүт сатушы әйелдің

баласы бар… толып жатқан басқасы да жетерлік.

Ең қиыны болды міндет – «бұқарадан бөліну»,

барлық жұртта бір-ақ індет –

бір жалт етіп көріну.

Сәнқой жастар, шикі мастар кешегі,

өзгелерден өзгеше боп, жібермеске есені,

Ұзын сирақ, үзілме бел

манекенші әйелдерге үйленіп,

тұрмыс құрып азғана күн,

ал бірақ та баянсыз боп төсегі,

Китшілерден одессалық

сатып алған галстуктай суыртпақ

уәде-уәжді байлайды да шешеді…

Жаңа буын жас бикештер бұлғақтайды мәскеулік,

Болгария шырынынан сөл сораптап өскендік

көрінеді,

қаздаң-қаздаң қайшылаған балтырдан,

балтырлары көз ілеспей тез өседі, антұрған,

Қатып қалған қалып дене –

қалың халық құп алды,

Манекенші ақсаусақтар осы қалып ішінде

бозарды да қуарды.

Ал Лёва бұл қалыпты өзгертуге бет алды.

Израилға аттанды ол тездетіп.

Бірақ, бірақ

Тель-Авивте қойылмады суреті,

Парижде де ілінбеді көзге түк.

Жетпіс мыңдай суретшінің

сайысатын сойылы

бұл қалада көзге түсу қияметтің қайымы…

Мен Лёвамен Нью-Йоркта

миллионер Питер Спрэйг үйінде

Жолығыстым,

күтпегендеу, кездейсоқтау күйінде.

Сол үйдегі сарай-әнші –

(бұл қызметке белгілі ғой таныстықпен келгені)

Луизианға кеткен кеше шешесіне өлмелі,

бас әншінің – мулатканың көлеңкесі, ербеңі.

Эдик деген дәл кәзіргі құлдық ұрған –

қызметшісі тәртіптің

бір кездегі ақыны еді Харьковтың.

Эмигранттар айтса егер ашығын,

тегін емес бұл Эдик,

Чехов шығармасының сүйкімсіз баласындай

жүргенімен түнеріп,

қонаққа жай капиталист шаңырағында

шалқи берсін бұл мейлі,

сол шаңырақты шайқалтатын

қолтығында шаласы да жүр дейді,

Эмигранттың бастан кешкен жазып жатты ол жан сырын,

Жанұшырған өз басының жаназасы екенін тек білмейді.

Бөлмесінде тұрды қатар – Че Гевара мен

полковник Каддаффидің суреті,

Басқаларын көзіне де ілмейді.

Бұл ортада миллионер болмады –

сапыратын көлдер менен көлшікті,

Ол өйткені «Остин Мартин» автомобиль

фабрикасын меншікті аралауға,

Англияға «конкордымен» кетті ұшып.

Эдик болса –

өзі туған 1935 жылғы

«Шато Мутон Ротшильдті» іше-іше қызулы

басыртқыға айызы бір қанғаны…

«Лексингтон авенюде» эмигранттар ләпкесінен

сатып алған поляктық

капустаның қышқылтымын

қышырлатып талмады.

Одессалық бір пианист баяғы

сәл қысылып, қымтырыла қымтынып,

«Жұмыс бабы білуші едім шешеңді»… –

деді-дағы көзден жасын сүртініп,

«Тілей ме, орыстар соғысты?»

әуенін

Бехштейн мәнерімен ойнап кетті

әлденеге ынтығып.

Шарт, шарасыз,

Ешбір заңсыз

иеленіп «орыс өнері отауын»,

қолдан жасап галерея қатарын,

бір кездері грузин мен әзербайжан ақындарын аударып,

аудармашы –

ала алмаған ақындықтың атағын

бір алаяқ,

бір сұмаяқ,

сұмаяғы – сұқ ит сынды дүниені шарлаған,

бір кездері Мәскеудегі сайқалдарды

соңына ертіп жалдаған,

жалғандықтың жалғыз өзі білетұғын

қоржынбасы қорымен

«ЦДЛ» атты роман құрап, өзін-өзі қорлаған –

екі сатқын «КГБ»-ның қайсымыз деп агенті

бірін-бірі жұлмаласып,

ғайбаттасып ғаламат,

ақылды алған «астаналық» шөлмектері

терезені сындырды да сағалап,

Курт Вальдхайм ауласына

ұшып кетті домалап.

Лёва бейбақ. Тұрды ойлап.

Келді мұнда тағдыр айдап –

тасқынымен жоғалып,

Келді мұнда «түбіт туша» деп атайтын Эдиктің

бұрынғы бір әйелінің шылауына оралып,

ал ол әйел кетті кәзір итальян графының

жары болып жамалып,

Лёва бейбақ. Тұрды ойлап…

Жаңа жеген майшабақтан

майын сүртті қолының –

Умаждалған «Нью-Йорк таймспен»

алмастырар «Ақшам» газеті орнын.

Қартаң тартқан Лёва кәзір,

салқы қабақ, саркідір

Ескі киім – ескі көздей боп басында әлі жүр.

Нью-Йорк таңғалмайды киімге,

Тыр жалаңаш жүрсеңіз де бәрібір…

Лёва қазір мүсінші екен,

дәнекерші, лекерші – мүсінші,

Жара-жара күйген қолы, жазымы көп, түсінші!

Ол газетке әлденені сызды сызық-шытырман –

Өмір жолы емес пе екен өзінің,

опық жеген – опа таппай ұтылған?

Кірпік қақты –

көздерінен өзге өмірдің, кезбе өмірдің

мұң-тозаңы қағылды,

Сұрақ қойды сосын барып

Горький көшесі тұрғынындай

Мәскеудегі кәдімгі.

«Айтшы, бауырым, шыныңды айтшы,

мені қорқып, үркетінге санама,

Сұм жүрегің не сезеді –

енді соғыс бола ма?»

 

9

 

Итальяндық профессор

жүзінде иман бар ізгі,

боламын деп бола алмаған карбонарий тәрізді,

Ассизиде еркек қосын – баспанасын, бас мүлкін

көрсетуге шақырған-ды астыртын.

Есі кетті ұялғаннан –

айқара ашып жібергенде есігін,

Ұлтарақтай ұйысқан шаң,

соған бола сұрап бізден кешірім

үй күтуші алтыннан – қат, тұрмайтынын сынаптай

айтып жатып, тот құлыптың кілт салатын тесігін

әрең тауып, әбдірадай ашты есігін әйтеуір,

орта ғасыр жезіменен қаптаған –

ең ақыры тұтқасымен көсігін.

Көкжал бөрі Көк сақалдың көрем деп ем апанын,

Бөлме көрдім – екі бөлме.

Қалың кітап қайыстырған қапталы мен қатарын.

Сүрленген шаң бармақ бассаң –

із қалдырар құралдай,

жабысып тұр сүңгідейін, үзіле алмай, сына алмай,

Флоренция сыбызғысы тұр әнеки, шаңытып,

жартылай жанған индиялық хош иісті таяқша

сынық сүйем мұнардай.

Жансыз бейне көпес әйел –

көпес әйелі орыстың

Тас мрамор Катуллаға қылымсиды ұнардай.

Жолбарыстың табанындай жазба үстелі жез табан –

жансыз екен тұрысы.

Сиясауыт – венеция хрусталы дірілдеп

үнсіздіктен үгіледі шынысы.

Кепкен сия, өлген шыбын ішінде

шаңға бөгіп… білінбейді дыбысы.

«Осы жерде отырып мен жазамын…»

деді маған профессор қысыла,

Рюмканың кеберсіген ернеуін

тигізеді ерінінің ұшына.

«Осы жердің сүйем, – деді, – азабын!»

Сенімді айтты, сендіре айтты тұшына.

Қалғандайын көкірегін тот басып,

Бір күрсінді отағасы – от басы.

Сонда ғана аңғардым асыл мүлкін осы үйдің

Профессордың жайдақ төсек –

жатар орын тахтасын.

Тахта-төсек жиналыпты бір бөлек,

шашыңқылау, көрінеді мүлде ерек.

Серек ешкі – сеңсеңдерге, жастықты

жүрекшелеп, жинастырған жүлгелеп.

Сол төсектің бір шетінде, байқаусызда қалғаны,

Қара қолғап,

қалған әйел қолғабы.

Әтір иісі сезілмейді, жанында

Жастық жатыр,

иленбеген жондары,

бұл төсекке – ыстық аунап-қунаудың

сол айтады – естеліктей болғанын.

Тахта үстінде сурет тұр ілінген:

Әміршісі бір орманның гүж-гүж еткен гүрілмен,

сарыуыздай сыбызғылы су перісін ойнатып

Қалың орман жынысында

сол періге ойы бары білінген.

Тым биязы, шын зиялы профессор еппенен,

қабырғадан суретті алып, көзі ешкімнің жетпеген

Сол суреттің қасындағы

сейфпенен астарлас

есік ашты ілгешектен кілт сылдырлап көптеген.

Есік ашты әлі жетпей,

тілшелеген бауыр еттей төрт перзенттің –

төрт бұрымын сақтаған

альбомды алды сейфтен –

шынжыр ілгек, қызыл барқыт қаптаған.

Қолында альбом тұрды өлшеніп, тұр теңселіп,

тұрды мойып, мойындап:

«Мен сүйгеннің бәрі осында!

Ғашықтардың бәрі осында – тек маған»…

Түк шынтақпен түртіп қалып,

су перісін бір аунатып түсіріп,

Қожайыны орманның күжірейді ісініп.

Профессор шыдамады, кетті білем ышқынып:

«Бар ма, – деді, – сізде-дағы,

өзекке ұрған – өзімшілдік, астамсыған кісілік?»

«Жан ауыртпан»…

дей салдым мен жайбарақат жөніме,

«Ал мен, – деді профессор, – бұл мәселе жөнінде

жеймін жанды жегідей.

Құдай болса көрер көзі, қайда өзімді салмадым,

соларменен салғыласып,

түк шығара алмадым,

Білесіз бе, мен өзімді таңғажайып өзге адамдай сезінем,

өзгелігімді өзім байқап,

аңғармаймын өзгелердің көзінен,

кейде содан өз-өзімнен безінем,

Бұл сейфті, бұл альбомды сақтайтыным сондықтан.

Дон Жуандай тізімдері деп қалмаңыз – молдықтан.

Махаббатты кәсіп көріп, ал немесе таңсық көріп

айналысқан мен емен.

Мен сүйгенмін!

Сүйсем бітті – қорықпаймын қорлықтан!

Альбомына қатты қапты

қайдан тапты демеңіз!

Өзім солай сезінемін, сіз де мені бір альбомға теңеңіз!

Астарында – сирек-сирек естеліктер сақталған,

сырты бірақ –

сұрқай қатты қатырмамен қапталған.

Мен де жұрттай қылымсимын, қуланамын

қитұрқысын көріп тұрып өзгенің,

ақылдымсып тұлданамын –

ақымақтың тындап тұрып сөздерін,

біліп тұрып, күліп тұрып ішімнен,

мен оларды сыңай берем түсінген,

тіл қырқылып айта алмаймын –

тең емесін сезбеуін.

Мен өлген күн – мына сейф ашылар,

мына альбомның ақтарылар беттері,

сонда ғана білер олар дүниеден

өзгелерге ұқсамайтын –

өзгеше жан өткенін…»

Профессорды түзедім мен:

«батылырақ, сенімдірек,

сеніңіз,

сәл ауытқып кеткен жоқ па сөзіңіз?

«өзгелерге ұқсамайтын – өзгешемін» дедіңіз,

«Бәріміз де өзгелерге ұқсамаймыз – өзіміз»…

Профессор дірілдеді,

күбірледі жай ғана:

«Өзгелерге ұқсамайтын – өзі болса» бүкіл жұрт,

«өзгелерге ұқсамайтын – өзгеше жан» болғаны ғой

бүкіл қырт…

Есіңде ме,

муниципалитет галереясы ішінде

Тақау тұрған кезімізде сурет Құдай – мүсінге,

терезеден көріп ек қой,

екі бала – бозбала

лып-лып етіп ұстараның жүзіменен қозғала,

плакатты жапсырғаны есіңде ме бүктеулі:

«Тоқтатыңдар,

нейтрондық бомбаны,

Құртыңдар бомба біткенді!»

Соны көріп, білесіз бе, не ойладым сонда мен,

өз ойымды салыстырдым, нейтрондық бомбамен.

Егер бомба ойлана алса,

дүние-мүлік аман қалса,

менің задым зат-мүліктен кем болса,

не болады деп ойладым сонда әлем?..

Қатты сүйем мен өзімді,

Жасырмаймын мінезімді,

жанымды жеп жегідей.

Жақсы делік, қалар альбом, қалар сейф, қалар мүлік,

Дүние ғой – темір ғой.

Масқарасы, сұмдығы сол – альбомымды ұстайтын қол –

қайтем егер, жанды қарға қалмаса,

ешкім мені салыстырып, салғастыра алмаса,

онда менің «өзгелерге ұқсамайтын – өзгеше жан»

болғаным,

кімге керек, кімге керек – далбаса!

Ассизиде әрі еркек қос, әрі астыртын

тар бөлмеде сор қайнап,

перуджалық профессор альбом жиды, ал…

кімге керек ол бейбақ,

егер Лев Толстойды еске алар жан қалмаса,

іздеу түгіл маңдай ұрып,

іздеу түгіл ойбайлап».

Ерік беріп енді өзіме

профессорға құлақ қағыс етіп ем:

«Саусақпенен санап алған, шертіп алған

таңдаулылар шетінен,

Жан сақтайтын бункерлерде болады деп естіп ек,

табынатын оқушыңыз табылар бір естірек…»

Профессор ашуының жеткен екен толғағы:

«Таңдап алған кім оларды? Таңдаттырған не оларды?

Кімдер оны қолдады?

Буда-буда ақшасы ма, өкілет пе, өкімет пе –

сатып алған қолдағы,

граф болған, жарлы емес қой Толстойды білесіз,

елге қыспақ,

өзіне ұшпақ,

жан сақтайтын жәннат ұстап,

мүмкін бе еді ол өзін-өзі қорлауы?

Жанын жалдап,

жанын сақтап қалса жұрттың жұртында,

Әне солар, ар-ұжданның нағыз жұрдай қорлары.

Одан кейін таңдаулылар шемендеулі ін-үңгірін лақтырып,

қарғып шығар қуанғаннан –

бұттарына жібергендей шаптырып,

бас-басына түйе айдап

Луврды, Сикстиндік капелланы иемденіп, иелеп,

мәнсіз, мәңгүрт салтанатпен сол маңайға

үймелейді үйелеп,

сұрауы жоқ ақшаларды судай шашып сап қылып

түк көрмеген тағы адамдай

Фридрих Барбаросстың тәжіне

он отырып, он тұрады – мінетіндей ат қылып.

Егер өзі сол бункерде болмаса –

соңғы папа бас киімін

ойнар ма еді доп қылып.

Елеп-екшеп ең әдемі, ең таңдаулы әйелдерді

«жәукемдеуге» жасырын

кіріседі арсы-гүрсі

азаң тартқан адамзаттың

көбейтпек боп нәсілін.

Сап тынады сосын бірақ

әлгі әңгілік, есерлік,

Қуыс кеуде, кеуек қызыл пыш еткен жел сияқты,

«Осы әлемнің әлеметі, кереметі!», – деп жүргендер

о, сұмдық!

Ағзасынан азғындаған,

еркектікке екен тегіс ұятты.

Індеріне – үңгіріне

шаруаларды ала кетсе соңынан

түйме үзіп мундирінен, медаль жұлып тонынан,

темір егіп, темір үгіп, нан жер ме еді қалбырдан,

қалай екен қалбыр тауық

қыт-қыттап ес тандырған?..

Індеріне-үңгіріне

пролетариатты ала кіру –

ол да түспепті есіне,

автомобиль моторларын

тамақ жейтін шанышқымен

шұқылайды тесіле,

Отын жарып араменен,

ағаш кесіп балтамен,

құбырлары қақ жарылса тазармаған нәжістен,

таңдаулылар қарар екен

оған қандай намыспен.

Әлеметтер, кереметтер бұл жарылыс,

болмай тұрып бұл үңгір,

телефон мен кнопкалар арқылы,

шалқақтады, шалқыды,

құрамалы әлеммен құрмаласып бұлыңғыр.

Телефон мен кнопкасыз билігіңе болайын –

билігіңе болайын, көктігілгір!

Жанып кеткен телефоншы, хатшы қыздар –

бикеш қыздар баяғы,

Сақ-сақ күліп әрекетсіз,

әл-дәрменсіз бастықтарын аяды.

Әлеметтер, кереметтер

бойын суық, денесін мұз билеген,

Жылынады отқа жағып,

Данте, Достоевскийменен,

классика біткен кезде

жағады отқа альбомымды менің де,

Менің сүйген бар дүниемді…

болмысымды билеген.

Күлге айналып күллі дүние күл-топанға көмілер,

Осы әлемдік соңғы құдірет –

ақ тышқанның терісінен

Людвик тонын киіп көрінер.

Көрінер де айқайлар ол:

«Дүние деген – менмін!» деп,

аппақ дүние мұзға айналып, көгіс тартып, теңбілдеп,

Нотр-Дамды сындыратын айсберг астына

сықыр-сықыр сіңе берер… кенереден жел гулеп»…

«Сандырақ па? Сіздікі не, профессор, дем алғын,

ыстығыңыз бар ғой деймін!

«Демалшы!» деп қадалдым.

Қарқ-қарқ күлді ол:

– Шүкір, тоба! Ыстығым бар әзірге

Өз жанымның, өз тәнімнің ыстығы әзір, адамның»…

Өлу, өшу үрейлі емес, жан ана,

Менің атым ұмыт болса – садаға!

Қан дегенің суша ағылып,

қорқамын,

Қаның – тегің қалмайды-ау деп санада.

Сала-сала құйылысы бас-басы,

Қаным менің – жеті қанның қоспасы:

Орыс қаны – Непрядва секілді

білмейтұғын жалтақ-бұлтақ етуді,

қирап жатқан шлемдерді аралап

қамыс-қауды жағалайтын не түрлі,

Күйіп-жанған,

күйік шалған Хатынның

күліндей боп күйдіргі

белорустың қаны маған бекінді.

Запорождың сарбаздары жарасына сепкенінде

дәрмен болған, күш болған

Украин қаны менде – оқ-дәрімен ысталған.

Костюшканың күнжітінің аппақ борық тініндей

поляк қаны бойымдағы,

қалмас көзге ілінбей,

Ригадағы қабірлерге мінәжат етер шырағданнан таматын

латыш қаны бойымдағы –

балауыздың бір тамшысы болатын,

Татардікі – Моабиттік қиянатпен жанын езген Жәлелдің

соңғы тамшы сиясы боп жаныма енді дегенмін,

менде және дәл бір жарым литрдей

грузиннің қаны бар,

Тбилиси емханасы құйып берген қарыма,

күретамырын қиып берген құн сұрамай қанына

ризамын, бір таксистің жарына,

ал сол әйел, алып-қашпа ел сөзіне илансақ,

Ұлы әмірші Моуравидің қарға тамыр қарындасы

көрінеді тағы да.

Анна Васильевна Плотникова –

(бағымызға жолықты),

өз әкемнің анасы екен бір әулетті сүйреген.

Өзі фельдшер, тұқымында романшы да болыпты –

Данилевский деген,

Жетімдерді тәрбиелеп, жетесіне сөз құйған

бәлкім, Саша Матросовты сол кісіге кез қылған

себеп шығар –

халықшылдың қайрымдылау қартаң қолын

маңдайына оздырған.

Рудольф Вильгельмович Гангнус,

өз әкемнің әкесі екен,

математик – латыш,

Зиялы адам бопты дейді мінезі жоқ бір оқыс.

Оқулығы «Гурвиц – Гангнустың» –

еңбегі еді ең елеулі еншіде,

таққанымен ылғи алтын пенсне,

Қаталырақ қайталайтын: есептеме иініңнің жыртығын,

нағыз оқу қонуға үйір –

қара бақыр, қара суға,

қара нанға бір тілім.

Ұяң адам, зиялы адам – атамыз

Дауысын әсте көтеруді білмеген.

Жекіп оған отыз жетінші жылы

Жер жемірлеп, жер тепкілеп тілдеген,

жауап берді деседі жұрт, мысы басым ділменен,

дауыс жыртқан даңғазаны қаперіне ілмеген:

– «Иә, иә, мен Латвия кәдесіне жарасам деп,

тырысам,

қылмыс па сол, латыш үшін құрысам…

Латвиямен байланысым?

Райнис қой…

жақыным да, жанашырым,

сертте тұрар, сене алар,

Ал жазыңыз, жеке әріппен:

Россия,

Америка,

Йошкар-Ола,

Никарагуа,

Италия,

Сенегал»…

Жалғыз дәрмен

шешем маған күбірлеп:

«Атаң, қалқам, Сібірге, жер түбіне

сабақ бере кетті», – деді шамамен,

Мен сұрадым:

«Бұғы жегіп бармаймыз ба, шанамен?»

Соғыс жаңа басталған кез.

Фамилиям Гангнус,

Менің тұрған станциям – аты, заты қарлы Қыс.

Қасы керік, бойда желік ойсыз-қамсыз қабағы,

Жарқ-жұрқ еткен маңдайында спортшының жанары

Физкультура мұғалімі

жан дүниесі сәл қуыс,

томп-томп етіп торай сынды тойғанына мардамсып

парталасым Карякинге тектен-текке салды ұрыс:

«Гангнуспен қалай ғана дос боласың, желігіп,

Жексұрынның Ганстері қан ішкелі емініп,

Әкең өліп жатқан жоқ па, оқ астында көміліп…»

Өксіп-өксіп жеттім үйге қылғынғандай деміммен,

– «Айтшы, әжетай, өлтірсең де, неміспін бе?» – дедім мен.

Байков панның әулетінің қызы емес пе сіңірлі,

Әуелі әжем «жоқ» деген,

табан асты зар илеген

Пельменіне нан илеген

оқтауды ала жүгірді.

Кейін білдім,

физкультура бөлмесінде – мұғалімнің құр шәңкілі

әжеміздің саңқылынан сүрінді:

– «Иттің қызы,

ал несі бар болса, немістерді етіп пе едік біз талақ?

Бетховен кім – неміс емей,

өзбек пе екен, қызталақ?!»

Содан бастап менің туу кітапшамда қазіргі –

Белорустан тарайтұғын атам аты жазылды.

Ал өз әкем –

Александр Рудольфович Гангнус,

ешқандай да комсомолдық жарғақ куртка кимепті.

Есесіне елге ерсілеу,

ебедейсіз бір галстук сүйрепті,

бұл галстук буржуазия жыртындысы секілді

көзге шыққан сүйелдей –

көптің көзін үйретті,

үйретті деп –

геология-барлау оқу орнынан

шыға жаздап, шыға жаздап… ақырында тимепті.

Бір кездері галстукті таққаны үшін

таяқ жеген тіл алмай,

Қайран әкем кейін маған

күліп айтты жылардай,

ортасында тап кешегі жетпісінші жылдардың

(Деп қалмаңыз, әзіл ме, бұл ойын ба?)

«буржуазия жыртындысын» тақпағаннан мойынға

«Советтік» деп аталатын ресторанға

қор болыпты кіре алмай.

«Братск ГЭС-і» атты поэмамның

қолжазбасын көргенде

Жас үйіріліп көзіне,

«Ландрин» қорапшасын ашты шешем сол демде,

болсын деген шығар бәлкім қуаныштың өтеуі –

алып шықты сарғыш тартқан фотоны.

Суретте –

шешем отыр

жауыр атта жайсыздау,

маса тұтар тұт дәкесін ашып тастап қамсыздау,

Жас жиһанкез –

жас геолог бейқам отыр,

ойнақылау, ойсыздау.

Жап-жас шешем лап-лап етіп лекілдеп,

ат үстінен қазір… қазір

отбасына секірмек.

Әкем болса комсомолдық тәртіпке

ыңғайы жоқ тыраштанып, тырыспақ, –

Сондадағы, үзеңгісін шешемнің

сырбазсынып, сүйемелдеп тұр ұстап.

Шешем енді сыртындағы суреттің

аударғанда солғын жазу-сызуды

Қолтаңбасын тани кеттім әкемнің:

«Барлау орны Братск ГЭС-інің

мың тоғыз жүз отыз екінші жылғы».

Суретке сипай қарап сұқтанып,

аңғарғанмен алыс қалған жоқты анық

Кенет шешем қолын тартып селк етті,

суреттен алғандайын шоқ қарып,

Сосын маған қарады да оқталып

Тіл күрмеліп,

тұтыққандай тоқталып:

«Бітіп едің… бойыма… осы отбасында…»

қызарақтап қыз баладай қысылған,

айтатынын айтып қалып,

деп қалып.

Мен білмеймін, ажырасты неге олар

(мен емеспін табыстырар оларды,

ал немесе шатыстырар, табалар).

Жанған оттың бәрі жалын болмайды,

отасқандар – оты қанша шамалар,

суреттегі от әлі күнге жүректі

шым еткізсе… нарқын өзі бағалар.

Бұйрық жазып, дәм жарасып реті кеп –

одан кейін үйленді әкем екі рет.

Әкем сүйген әйелдерді –

ішім жылып жақсы көрдім мен-дағы,

Қандай жақсы, арасында өз шешемнің болғаны.

Ал әкемді өзі сүйген,

өзге әйелдің барлығын

Жақсы көрдім одан бетер –

жасамай іш тарлығын.

Әсіресе бір әйелге ілтипатым жоғары

Су каналын жобалайтын одақтағы

жобалы

мекемеде бөлім бастық –

жас шамасы елуде еді, шынында,

екі бірдей кандидатты тәрбиелеп –

үлес қосқан ғылымға,

қара шляпа киюші еді,

қызғылт оқа көмкеріп,

«Ассолың» деп атайды өзін хатында,

астарында – ойнақтаған еркелік.

Отасқан да, отаспаған әйелдерін әкемнің

ішім жылып, іштей ұғып төбеме іштей көтердім.

Әйелжанды мінезіме күйіп шешем іштен көп,

Ұрысатын: «Ұқсамаса тумағыр,

әкесінің ауызынан түскен» деп.

Әкем менің қолын сілтеп,

кінәға жоқ кісімен,

«Кім де болсаң шықтың, – дейтін, – сол әйелдің ішінен».

О, ағайын, мен ғайыптан кетсем егер ұлы боп,

Маған ешбір қола мүсін – қоймаңыздар құдірет.

Өз әкем мен өз шешемді жасаңыздар қаз-қалпы,

Сол дегенің мен боламын,

қараңыздар бір рет…

 

Шешем менің аяғы ауыр кезінде,

Әкем менің өлең жазған өзінше,

Жаман өлең секілді емес меніңше,

Оқыған жан, жан күйімен сезінсе:

«Жағаға жаққан отымнан

Көк түтін тарқай шұбалсын.

Жылуы қалған ізіммен,

Тұңғышым, жолға шығарсың.

 

Ауыздықпен ат суарып

Алдыңда – сапар көш сонар.

Қозғалған қимыл – қолыңнан

Танып жұрт мені еске алар».

Ал осыдан қырық жылдан кейін мен,

Үш досыммен зәрезап боп

екі күнгі Байкалдағы сілкілеген сейілден,

Лимнология катерінен тәуекелмен

қарғығанбыз шалқалай,

Жер сияқты бірдеңеге ұшып түстік жаңқадай.

Балшық, батпақ – айналамыз, мұнартқан

Кафе көрдік, біз жете алмай құмартқан,

Хрусталь сарай сынды көзге оттай басылды,

билеп жатыр сылаң қағып, анау жерде бір аттам.

Саудыраған саусақтарын тесік башпақ лыпалап

қара жылтыр қаптал киген балтырға,

батпақ-батпақ рәзеңке етіктер

шыға беріс тұр фойеде, салқында,

батпақтары сол баттасқан қалпында.

Швейцары Наполеонша айқастырып қос білек,

шыны ішінде теңселеді, қол жеткізбей төс тіреп,

Хрусталь табыттағы сақалды ханша секілді:

«Нелерің бар – етіктеріңнен басқа?»

Бізге қарап жекірді.

Ал біз болсақ – кигеніміз болғанымен аяқта,

Жалаңаяқ екенбіз ғой,

қамықтық та кетілдік.

Ал музыка ойнап берді «Асықпа» деп аталатын әуенді,

арзанқолдау даңқым сол сәт «бағы» жана жөнелді,

асып-сасып, дегбір қашып, әрең айттық демде біз:

«пролетарлық аяққапты әлсіздік дей көрмеңіз,

тарихи ән мынанікі, – деді досым, – шарлап жүрген

әлемді,

рәзеңке етік кигеніміз –

халықпен бір жүргеніміз,

бізді ерекше бөлмеңіз!»

Дүдәмалдау дүңк етті швейцар,

тез шығатын қалпыменен лаңнан,

«Жалаңаяқ жыршымын де…

жазатайым «Бухенвальдты» сен емес пе шығарған?»

Қолбаладай қылп-қылп етіп

шұлықпенен залға өттік те жылысып,

көстеңдеген кір аяқты көрсетпеуге тырысып,

ас мәзірін сұрап қалдық, жасқаншақтап, жалтақтап,

қаупіміз бар даяшымыз қала ма деп ұрысып.

Шұрық-тесік шұлығымыз жасырынған столдан

дастарқанды жұлып алды

ашулы әйел құрысын!

Сыңғыр сарай сарт жабылды біз үшін.

Жылыстым мен үлдірекке, иек сүйеп тұрғышқа,

(шұлығы егер тесік болса – қылмыс па?»)

Бұқа мойын буфетші әйел інжу тағып жасанды,

қартаң тартқан қабағымен ол да маған қасарды.

Перуджалық профессордың Ассизидегі үйінде,

Катуллаға қылмаң қаққан

күлән – көпес күйінде,

елестеді буфетші әйел тұрған мынау бүйірде.

Жалынышқа көштім мен де

(адам болса тумыста)

аяушылық сезім болса –

оятайын бір мысқал,

Сол шынтақты тіреп тастап

үлдірекке – тұрғышқа,

оң қолыммен бетімді ұстап

уқаладым, умаждадым –

(келді реті төзуге),

әкем солай істеуші еді

зәру болса, дәру болса –

әлденені алмай қоймас кезінде.

Мемлекеттік көп талабы –

қоя қойып маңызды ісін – сүртіп тұрған фужерін,

Жардай дене жанарымен жалт қарады,

әлдекімге ұқсады ма бір жерім.

– Тоқта! – деді, – Атыңды айтшы?

Абдырады, асыққанын білдірді,

–Женя!.. – дедім тәлімси қап,

тесік шұлық үлдіректің тасасына

тығылып та үлгірді.

«Шешеңді айтшы – шешең атын?»

«Зина…» – дедім қиқаң етіп иығым,

Сауалының бажайламай түйінін.

«Александр Рудольфыч… –

әкең аты солай ма?»

бет-әлпеті тез өзгерді,

бір ой түртті-ау бүйірін,

өңі сәл-пәл қуқыл тартты,

Қызыл шырай көпес бет

көру қиын болғанымен бозарғаны қиынын.

– Иә, тап солай,

солай! – дедім сезік шықты түріме,

ал ол болса фужері мен рюмкасын

соғып бірін-біріне,

үлдірекке таяу келіп, еңсеріле бұрылып,

күбірледі құлағыма: «Сашенька-жан тірі ме?»

«Тірі», – дедім күбіріне сыбыр қосып мен таяу,

сұрап тұрып, жылап күліп шіркініңде ес қалмады-ау,

бүгіжіктеп, кібіжіктеп әбігер боп айтқаны:

«Жүрсеңдерші, не тұрыс бар…

ал жүріңдер тамға анау…»

Тоқал тамда үстел үсті

балық, жеміс ырғын-ақ,

«Ақ боз» виски буфетіне

қайдан келген құлдырап,

баяғы бір отбасында шешем түскен фотоға,

о, тоба! –

Тәккаппарлау шешемменен тағатсыздау әкемнің

дәнекер боп хатын тасып,

қалдырмапты қапаға,

(аспаз екен сол кездері… соларсыз ас бата ма?)

Бір күрсініп, бір жылайды: «Тірі екен ғой Сашажан,

бастысы сол, бастысы сол… болғаны ғой бас аман!»

Күрсінгенін түсіндім мен.

(Түсінеміз кеш әмән.)

«Мені қайдан таныдыңыз туды-бітті көрмеген?»

Күлді ол сонда: «Танымастай

ауышпын ба мен деген,

Зәру болса, дәру болса – әлденені

алмай қоймас кезінде,

қолы ербеңдеп, бет уқалап,

Сашенька да жоқ еді ғой төзімге».

 

Мен бұл жайды шешеме айтпай,

сабыр сақтап қымсынып,

Әкеме айттым, әкем сонда

жанын жаншып күрсініп:

«Груша ғой ол!» – деді-дағы басқадай сыр ашпады,

Күреңітіп кетті бірақ, бетті уқалай бастады.

Соңғы әйелі айтты маған әкемнің,

алдын алып ажал деген қатердің,

«Жедел жәрдем» ауруханаға әкелсе,

ауажастық табылмаған қапелім,

(ауа жетпей қысылғанын қапелім)

ажал алдында

дәлізде оның жатқанын

аузында жатқандай боп қақпаның.

Ол кезекші дәрігерден сұраған:

«Жел соғып тұр…

басқа орын болмас па екен мынадан?»

Ал дәрігер жыландайын жиырылып:

«қайда жатса бәрібір ғой – үмітсіз,

екі-ақ сағат ғұмыры бар бұл адам».

Және де айтты

Дәрігердің естіді деп сол сөзін,

естіген сәт сығырайтып ашқан екен сәл көзін.

Әкем өлді.

Бір айдан соң сол кезекші дәрігермен жолықтым,

– Сіз бе? – дедім, – Яснихин?

– Иә, мен… – деді.. – Жайшылық па?..

Ал мен оның жайбарақат жауабынан қорықтым.

«Жай әншейін, жай әншейін…

көзіңізді көрсем деп ем көзбе-көз».

Көретұғын түгі де жоқ – көздері

жансыз екен, ойсыз екен көздеріндей өліктің,

Кешір, әке!

Су каналын жобалайтын жердегі

қызметтес достарыңмен табытыңды көтерем,

Кешір, әке!

Табылмаған табам – ауажастығын,

Соған қадап өзің алған – өзіңе лайық ордендеріңді әкелем.

Кеш жеттім-ау, кеш түсіндім –

өксимін де опынамын,

Қабіріңе салам міне,

қара жердің жалғыз уыс топырағын.

Әке деймін, егердәки нейтрондық бомба

быт-шыт жарылса,

тек сені ойлап қабіріңе келетұғын жанын сап,

Комсомолдық жарғақ куртка,

ескі куртка болады,

Жалғыз ғана,

Жалғыз дара,

шешем ұқсап барын сап,

Жең салбырап,

құр долбырап,

келер менің пиджагым,

қалтасында жартылығы

алар қол жоқ,

ашар жан жоқ,

көрсең мүмкін қимауың…

Грушаның мойнындағы жалған моншақ мың құрақ,

келер мүмкін

қабірің тасын қоңыраулатар

шын асылдай сыңғырап.

Әке деймін,

мен бейкүнә жапон қызы секілді

Исикава Такубоку өлеңінен сақталған,

Груша тасып, шешем жазған сол аяулы хаттардан,

«Гурвицтің – Гангнустың» геометрия кітабынан оқулық

тырна жасап ұшырамын

бомбаларға кеудесімен қарсы ұшатын қапталдан.

Әке деймін,

менің ісім – Россия,

Америка,

Йошкар-Ола,

Никарагуа,

Италия,

Сенегалға пайдалы,

Соның бәрі Райнисті құрайтынын білмейтін –

Сан пендеге, сан адамға пайдалы,

Әке деймін,

бір кездегі атам сынды –

Латвияға арналмақ бар жұмысым,

Атасына тартпағандар құрысын!

 

11

 

Евтушенко Наумович Ермолай –

екінші атам болған менің белорус.

Екі ромб тағып жүрді балғадай

екінші әлем ғазауаты қарсаңында сол арыс.

Сол кезеңде түн қатқан да, түс қашқан

кешті бастан атой менен аттанды

бірінші әлем ғазауаты тұсында –

георгиев кавалерін

толық, түгел таққан-ды.

Әр жексенбі «эмкасымен» келді атам,

Дербес еді машинасы – елге таң.

Әлі балаң секпіл бетті шофері

қызыләскер, қимылы бар ерге тән.

Қорап конфет қояды атам столға,

шие сепкен құс таңдайлы, құс таңба.

Чекушкасы асығындай киіктің,

баса ма әлде, аша ма әлде күйікті

соны ішкен соң белорусша ән шырқап,

жүрелеп кеп, түрегеп кеп,

биін билеп сүйікті

айызы қанып, шаршап барып тынғанда

атамды әкеп жатқызатын диванға.

 

Дүйсенбіде келеді «эмка» қалт етпей,

бас жазады атам

шие конфетпен,

ал бір жолы сол конфетін «соғыстырып» менімен

күрсінді де, ал жылады, ол тектен…

Келесі жол келді басқа машина

«эмкасы» келмей қалды… келмепті.

Сол машина алып кетті атамды,

атам содан… сол кеткеннен мол кетті.

Шешем менің Полесьеде болмаған,

(бірақ ылғи әлденеге болды алаң).

Екі бірдей қарындасы атамның

қалды сонда,

қанымызды жалғаған,

Бірі Ганна отызыншы жылдары

келіп кеткен қонақ болып, ол маған

башмақ әкеп – белорустың сырмағын,

кәрзеңкесі әлі есімде тоқыма

ал ішінде жүз жұмыртқа тұрғаны.

 

Ауылының атын ұмытып әкемнің

шешем талай тіл ұшына әкелді…

ал бір жолы біздер бір топ жанкүйер,

(әр жанкүйер өзінікін заңды дер)

өткен футбол даңқын айтып – опындық,

Хомич деп, Бобров деп

таңдай қағып отырдық,

Шешем сол сәт ұшып тұрды теңселе:

– Хомич қой, Хомич қой – ол село!

Минскіден бір жарымдай сағат ұшып,

қонғаннан соң вертолет,

енді әскери «газикпенен» ентелеп,

Келе жаттық Полесье жолында –

драмашы Макаенок Андрей мен

Белоруссия әскери округының

ВВС генералы жанымда.

 

Жолымыз – сүрлеу, тіптен,

Құлап-өрлеп не сайға, не қияға,

ұқсар кейде гүлден тіккен көк түсті тақияға.

Жол шетінде шал тұрды бір керемет,

кереметі – сұрасаңыз неде деп:

Киіп апты эсэс унтер-офицері мундирін,

салпыншақ қып Георгиев кресін

омырауына көрсеңіз ғой, күрмеуін

бір жағында жарқырайды

партизанның медалі,

аяқтағы жаңа жөке шабатаның арасы –

даланың көк шөбі менен көгалы.

«Хомичке бармайсыз ба, ақсақал?»

«Басқа қайда барушы едім?»

Жауап дәл, сөз санаулы.

Мінген бетте-ақ «газикке» шал

қолдан үккен қалампырдай

темекі иісі жыбырлатты танауды.

Жаймен ғана сұрадым мен:

«Евтушенко әулетінен бар ма қария, тірі ұрпақ?»

«Тірі болмай не болыпты, Хомичтің тең жарымы –

Явтушенко, бүгін тап»…

«Ал Ганна ше,

білесіз бе, тірі ме?»

«Не шара бар ондай жаны сіріге –

анау күні артық жұтып жіберіп кеп

үйіп қала жаздағаны… сол жетпесе түбіне…»

«Қарындасы бар еді ғой?» –

«Евга ма?..

Сол тұқымда сырқат бейбақ сол ғана,

құяң дей ме, Құдай ұрған бірдеңе,

табылмайтын көрінеді ем-дауа,

самогоннан сормақта бас деп едім

бір кесапат –

көндіре алмай келемін»…

«Ермолайды білетұғын шығарсыз?»

«Оны білмей жын ұрып па?»

таңғала:

 

«Жіңішке ауру жүдеу еді жасынан,

талағында биті бар ед, сонда да,

шошқа бағып,

он бесінші жылғы қыс

қашып шығып тұтқынынан германның

бір мезгілде онымен

Георгиев кресін де алғанмын.

Одан кейін қызыл командирлердің

құдіретіне құлаған,

Москваға барып бағын сынаған,

ізім-қайым жоқ боп кетті ақыры,

үйде отырған өзіндейлер жүр аман…» —

«Өзі былай қалай еді?» –

«Қыз-қырқынға өліп-өшіп қалатын

сенің мұрның секілді анау

айрауықтай айыр мұрын болатын…»

Хомичке кірдік біздер шал сөзінің шырмауында,

есіктері ашық-тесік,

тірі жан жоқ күллі ауылда.

«Құлыптаусыз неге есіктер?» – дедім қартқа сауал тастап

«Алатыны жоқ болған соң –

әдірамды ұрғаның ба?» –

«Адамдары қайда кеткен?»

«Жүрген шығар қыр жағында».

Қырға шықтық.

Қыр төсінде жыбырлап,

картоп қазып – жүр адамдар қыбырлап,

әйел, бала – тайлы-таяқ қалмаған,

ең қызығы кереметі, ал маған:

ең ақыры еңбектеген сәби де,

картоп түбін түрткілейді,

әрине,

ана сүтпен жатыр дағды жұқтырып

Жер қасиетін қадірлеуге фәниде.

 

Тап сол кезде бір тылсым күш ырқымды ап,

Бір кемпірге таяу келдім тым қунақ,

әлгі кемпір жарты қанар картопты

мас еркекті сілкігендей тұрды ырғап.

«Сіз бе Ганна?»

«Иә, мен болсам не болмақ?»

Алжапқышқа сүртіп қолын көнетоз,

сауалымды сәл аңдап:

«Өзің кімсің?»

«Немеремін мен сізге –

Женямын ғой…» деп үлгердім хабарлап.

«Женя дейді,

Женясың сен қайдағы?»

Басыр көңіл, сірә, суып, бастыққан,

кеудедегі сұрағы ғой тас бұққан:

«Москвада соғыста сен өлген жоқ па ең аштықтан?

«Өлген жоқпын, өлмегенмін, өлмегем»,

Сол екен, жан дауысымен ол деген

айқай салды: «Жинал, жұртым, тезірек,

туыс қаным – тапты міне, өзі кеп,

өзекті жан осы екен ғой, өлмеген!»

Өкпелерін қолына алып

барлық әйел, бар бала

маған қарай жүгіреді таңырқай да, таңғала,

бәрінің де көк көздері – Явтушенко көздері,

ал сәбилер қол басындай картоптарын қолға ала

Жетті бәрі,

тап сол кезде Макаенок Андрей мен

ВВС генералы да

көздің жасын шылап алды,

жылап алды сәл ғана.

Бір бөлмеде алпыс шақты Явтушенко улыған да шулыған,

Ганна әжеміз тартты дейсің

қызылшаның қымыранындай

стаканмен қырлыдан,

Сосын айтты: «анау жылы Ярмола оралғанда

азаматтық соғыстан

ой, ауышқан, ауышқан,

күллі иконды осы ауылда отқа жағып тауысқан,

әрең-әрең, әрең-әрең сақтап қалдым біреуін,

қақты білем шын «Құдай»,

Көрдіңдер ме ілулі тұр – бір ауылға бір Құдай.

Одан кейін отыз жеті басталардың

бас жағында келген ол,

иконды өртеп кеткені үшін

кірер тесік таба алмаған жерден ол.

Ел жағалап, жұртты «ағалап» ашып жүріп есігін,

сауға, сауап сұрағандай сұрады елден кешірім,

Москваға кетіп еді сол беті,

одан кейін ұшты-күйлі естімедік есімін…»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

толтырып ап екіншісін екпіндете қылғыған,

Содан кейін сұрақ қойды:

«Кәсібің не, қарағым?»

«Өлең жазам».

Айтқан сөзім басына оның қонбады,

«Ол не нәрсе?»

«Ән секілді ол дағы»

«Әнді айтпай ма тарқататын шер үшін,

ол не кәсіп,

ол не нәсіп болғаны»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

үшіншісін шөпілдете, лекілдете қылғыған.

«Көп болмай ма?» – деп қалдым мен,

«Шошыма,

Полесье полячкасы – мен деген,

Құдай берген,

берген саған немерем,

адамдармыз мейірбандық жебеген,

Сақта Құдай уласовшыл секілді

туыстарың сатқын болса,

болса алаяқ не дер ең?»

Ганна әжеміз омырауын алды ашып,

төс сүйекке қорытқандай қорғасын

Жара жатты,

омырауға жезтемірдей жалғасып:

«Көр, қарағым, партизан деп діні берік, тіс жармас

Фашист – иттің салған маған таңбасын»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

төртіншісін төгіп алмай меймілдете қылғыған.

«Жат жұрттарда болдың ба, сен?»

«Болдым, көрдім талайын».

«Явтушенко зәу-затынан көрмедің бе, ағайын?»

«Жоқ, жоқ, – дедім, – көре алмадым».

Мына сауал қыпылдатты сәл мені,

«Евтушенко әулетінен эмигрант бар ма еді?»

Ганна әжеміз қызылшаның қымыранындай қырлыдан

бесіншісін бүлк етпестен, қыңқ етпестен қылғыған.

«Бірге туған кіндіктесі кіммен бірге жүреді,

Жаны ізгі жандарды айтам, тоқайласса тілегі,

Америца, Африцанда жоқ дейсің бе, жақсы адам

ал солардың бәрі маған –

Явтушенко әулетіне кіреді.

Жарық дүние жер бетінен қандас іздеп болма зар,

жаны туыс жақын ізде –

ең жақының сол болар,

сонда сенің туысың көп, тынысың да кең болар,

біздерді іздеп тапқаныңа – мың рахмет, ал балам»…

Ганна әжей де,

Евга әжей де селк-селк етіп иығы,

алпыс бірдей Явтушенко көз жасымен иіді.

Ярмола атамыздан әжей әрең сақтаған

Құдай – сурет тұрды жылап, түсіп кеткен иіні.

Некрасовтың «Темір жолы» түсті есіме,

сондағы

белорустың бейқұб шалы, бейшара шал бұйығы…

Аяулы әже, Ганна әжеміз,

қабіріңді гүл көмкерер көгеріп,

Көкшіл көзді немерелер, шөберелер ықыласына кенеліп.

Бәйбішесі белорустың –

қарапайым белорустың әжесі,

Күллі әлемнің әжесіне аруағыңмен жатасың сен теңеліп.

Кешегі өткен қан майданда

белорустың төрт ұлының бірі өлді,

ертең соғыс болар болса…

тірі қалмақ кім енді,

Аяулы әже, сен тіріңде шекара асып,

шетке шығып көрмедің,

аттап көрші ал, шекараның шеңберін.

Шекарадан өткізіңдер партизандық

тар кешудің, жан кешудің

Қара шаруа – Коллонтайын жігерлі.

Өткізіңдер Ганна әжейді,

иіліңдер, қалпағыңды ал басыңа,

бойтұмары – қолхаты бар

кеудесінде

фашистердің тозағында

шыжғырылып басылған!

 

Э П И Л О Г

 

Әміршінің өз тебені

тесіп таңба түсірген,

Сарыуызы дауыстарын жібітуге ішілген,

Көзге қораш мәйітханада

фашизмнің ақ кебіні секілденіп анығы,

діндарлықпен сақтаулы тұр

Жүз отыз екі жұмыртқаның қабығы.

Әміршінің тас пішіні –

қашаулы тұр қасындағы жартаста,

тас пішінді қырнай-қырнай

танауына таңба түскен марғасқа.

Жұмыртқаның қабығынан қабырғаға

жыландайын ирелеңдеп, бұраңдап,

Фашизмнің жазулары шығып жатыр ұрандап.

«Ұлымызға Бенито деп ат қойдық…

бұны жазған Пизадағы

Джузеппе мен Тереза деп танырсың».

Он жетіге жаңа толған Марчелло:

«Жаса, жаса, – деп жазыпты, – әміршім!»

«Ұлы адамның заманында өмір сүрдік,

күресіне бас тіктік,

Мақтанамыз біз сол үшін,

тәуекел деп тас жұттық.

Неаполдық ардагерлер» қол қойыпты,

о не деген ессіздік,

Жалған дақпырт ұлылыққа бас айналған бассыздық,

Қарғыс атқыр қараңғылық!

Қармалатқан көзсіздік.

Қылышынан қан тамғанның

Ышқырынан заң тамғанның

болған емес, болмақ емес – ұлысы,

туған жердің тасын қашап, мүсін жасап

ондайларға тәрк етпеңдер, дұрысы!

Мен айтамын ұлы адам деп

Ганна әжейді – белорустық әжемді,

Әмірін тек тауық-қазға албарында кезенді.

Әне, әне, көрдіңдер ме,

Перуджаның-Ассизидің

қасқа жолы үстімен

бұлтты ысырып, бір сәуле ұшып – бір керемет түсті рең,

бірақ та ол періште емес,

шалығы емес, солығы емес әсердің

өңірі тесік МОПР значогынан,

ескі жарғақ курткасы ғой

келеді ұшып шешемнің

Бейбітшілік шеруіне шыққандардың қолында.

Сенер еді –

Құдай ана – ағаш ана десең кім?

Есесіне партизандық Полесье кемпірі

Ганна әжейді төбеге жұрт

ұрандайды көтеріп,

төбемізден қарайды ол

кәрі шемен кеудедегі жарақаты өтеліп.

Құймақтайын конфет құйған

мүсіншідей мың түрлі

Перуджиндік фабриканың жігіттері сиқырлы

Ганна әжейді тік көтеріп, төбесіне тік ұстап,

Ганна кемпір байыз таппай қояды әлсін дыбыстап:

«Сендер мүмкін берерсіңдер,

немеремнің бәріне

қызыл айдар конфет жасап,

бір тамсансын дәміне…»

Жердің шарын жүз орардай

алтын қамыр илеген

«Понтидағы» жұмысшылар Ганна әжейді кимелеп

төбесіне көтереді,

ол нұсқайды қамырды:

«Хомичте көрмеген нан…

біз дағы нан илеп ек…»

Перуджалық университет шәкірттері зиялы

(зиялылар құшағына әжелері сияды).

Кафканы оқып ой мен өре

молайған да отыққан,

молекула құрылымдарын айыратын тотықтан

Зиялылар Ганна әжейді

тік көтерген бүгінгі.

Ал Ганна әжей Кафкаңызды естімеген ешқашан

Тотық демей, қатық десең,

Қызық демей, шыжық десең –

оған сондай ұғымды.

Бұл кемпірді көтереді

Толстой да,

Ганди да,

қарсы келмей жұрттың бәрі –

құрақ ұшар алдында.

Көтереді Исус та жара-жара

шегенделген қолыменен, қарашы,

Полесье әдетімен

үшкіреді ол Исустың жарасын,

адамдар мен ғасырлардың арасында – бұл кемпір,

Эйнштейн, Нильс Бордың қолы менен санасында –

бұл кемпір,

тербеледі, теңселеді,

әлдиленер бұл кемпір,

Саңырауқұлақ – атом лаулап

мынау дүние қалмауы үшін мүлдем тұл.

Ал соңында қаптап өріп –

ақ пен қара,

қоңыр, сары немере мен шөбере,

Қолдарында бір-бір түйнек – бір түп көде…

несібе ме, немене?..

«Қара жерде қаптаған жан Явтушенко зәу-заты

Ал әйтпесе, мені бекер көтере ме төбеге?»

 

Перуджа мен Ассизидің қасқа жолы

қалт бұрылған бұрышта

Риганың вокзалының киоскісін менің шешем тұр ұстап.

Сатып тұр арғы күнгі –

алғы күнгі газеттерді алыңдар,

енді соғыс болмайтынын,

мәңгі соғыс болмайтынын –

оқыңыздар дұрыстап.

 

Аударған Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Сіз пікір жазу үшін кіруіңіз қажет.